Ұлттық тіл қымбат па, қызмет қымбат па?

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына аттай 30 жыл толды

Бейбіт ОСПАН

24.09.2020, 09:40

1296

         Күні кеше, яғни 22 қыркүйекте Қазақ ССР-нің «Тіл туралы» заңы қабылданып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына аттай 30 жыл толды. Негізінен, тіл кез келген мемлекеттің күрделі құрылымы әрі  мемлекет құраушы ұлттың құндылығы, белгісі ретінде шешуші рөл атқарып қана қоймай,  рухани мәдениетінің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті де тілге деген құрмет өз биігінде болуы шарт. Содан бергі аралықта ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, тіліміздің дамуы, кең қанат жаюы, қолданыс аясының кеңеюі  тежелгеннің үстіне тежеліп, күн сайын құлдырап барады. Тіпті ресми мекемелерде іс жүргізуді қазақшаға көшіруге қатысты ондаған бағдарлама қабылданса да, титтей де өзгеріс болған жоқ. Сол баяғы бір жартас қалпында жұпыны күй кешіп, «шықпа, жаным, шықпаның» кебін киген жайы бар. Керек десеңіз, 1997 жылы президент Н.Назарбаев бекіткен «Тіл туралы» заңның 4-бабында «Үкімет мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін азаматтардың еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті» деп көрсетілсе де, қазақ тілі пұшайман қалпынан өзгерген жоқ.

      Осындайда ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыздың жыр найзағайы ойға оралады:

«Қайран қазағым,

Аңқау қазағым,

Алаңғасар қазағым,

Айтшы,  арман қайсы, жалған қайсы?

Ә-ә, еш ойланбайсың.

Арандатушың көп айнала,

Қорғанбайсың.

Өзгені бақытты етем деп жүріп,

Өзгеге малай болып бара жатқан сор маңдайсың!

Сол өзгелер атамекеніңді тонап құтырып,

Ата тіліңнің жұпарына түкіріп,

Өздері үшін алтыннан мұнара соғуда».

       Айна-қатесі жоқ, бүкпесіз шындық осы. Тәуелсіздіктің 30 жылында, тіліміздің мемлекеттік мәртебе алған 30 жылында қазақ тілінен мүлде мақұрым, мәңгүрт ұрпақ қалыптасты. Расында, өзгені бақытты етеміз деп жүріп, соры қайнаған сормаңдай ұлтқа айналдық. Білім және ғылым министрлігінің қолда бар ақпаратына сүйенсек, республика бойынша 6963 мемлекеттік мектеп бар екен. Оның 3720-сы – қазақ, 1168-і – орыс, 2052-сі аралас мектеп болса, 12 өзбек, 11 ұйғыр мектебі бар екен. Ал үй ішінен үй тігіп алған өзбек пен ұйғыр диаспорасына не жорық? 2052 аралас мектеп дегеніміз – нағыз мемлекеттік тілге, ұлтымызға, болашағымызға төніп тұрған үлкен қатер демеске лаж жоқ. Міне, «Өзгелер құтырып, Ата тіліңнің жұпарына түкіріп, Өздері үшін алтыннан мұнара соқты» деген осы болар. Егер ақиқатын айтар болсақ, қазақ мектебі деген – жай аты ғана. Білім ордасына бас сұға қалсаң, құдды бір Ресейдің мектебіне кіріп кеткендей боласың. Қазақ шаңырағында Ресейдің мемлекеттік тілінде сайрап жүрген қаракөздерді көргенде еріксіз көкірегің қарс айырылады екен.

      Өткен жылы Қ.Тоқаев президент тағына отыра  салысымен, қазақтың нар тұлғалы атжалман жігіттері: Бауыржан Омаров, Берік Уәли, Ерлан Қарин, Дәурен Абаев, Мәулен Әшімбаевтарды жанына жинай бастағанда қатты қуанып едім. Қазақы тәрбиенің қайнарынан сусындаған, білімді, білікті азаматтар билікке келді, ұлттық тіліміздің көсегесі көгеріп, сең қозғалатын шығар деп үміттеніп едім. Әзірге үміт ақталмай отыр. Президенттің қасында, биліктің қазанында жүріп, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуге, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ықпал ете алмай жүргендеріне таңмын. Мәуленнің әкесі, көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, қарымды қаламгер Сағат Әшімбаев: «Отаныңды сүй, ана тілін сақта, салт-дәстүріңді қадірле. Елдің сәні өз тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктен көрінеді; Тілге деген немқұрайдылық, айналып келгенде, болашаққа деген немқұрайдылық; Тоғышарлық басталған жерде қарақан бастың қамы күйттеліп, азаматтық мұрат мансұқ етіледі, қоғамдық сана санаттан шығады», – деп, ұлттық тіліміздің жолында шырылдап өткен жан еді. Дана халқымыз «Асыл – асылға, нәсіл – нәсілге тартады» деуші еді. Қайдам, әзірге билік креслосына жайғасқан ұлдардан ұлттық тілімізге деген күйзелісті байқап жүрген жоқпын.

      Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген тәмсілі рас екен. Билікте жүрген білімді қазақ жігіттерінде ұлтқа қызмет ететіндей  мінез жоқ-ау, шамасы. Тобықтай сөздің түйініне тағы да ақын  Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыздың жырымен топшылағым келіп тұр:

«Қас дұшпандарыңды еркелетесің,

Құшағыңнан тарс шығармай.

Ақылың ақымақтыққа құмар ма-ай!

Әлемдегі ешбір ел өзіңді түсіне алар емес,

Құдай да отыр өзіңді ұға алмай», – демекші,  батыр бердім, дана бердім, ақыл бердім, ең бай ана тіл бердім, тілінен безіп мәңгүрттенетіндей бұл қазаққа не болды деп, көктегі Тәңірім де түсіне алмай отырған шығар.  Біз де түсіне алмадық. Дөңгеленген дүние халқы да бізге қарап, дел-сал күй кешуде. Сонымен, ұлттық тіл қымбат па, лауазымды қызмет қымбат па? Сіз қалай ойлайсыз, қадірменді әлеумет?

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл қазақ тілі мемлекеттік қызмет білім ақыл ана тілі лауазым мансап әлеумет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Махамбет САПАРМҰРАТОВ 15.10.2020, 09:48
Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:32
Қазақта қайткенде баспана болады?
Сайт әкімшілігі 08.10.2020, 10:06
Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?
Жарлы БАЙҒАНИН 08.10.2020, 09:13
Домбырам басы дың, дың!
Әділбек ЖАҚЫП 06.10.2020, 09:43
Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?
Қарлығаш Зарыққанқызы 01.10.2020, 11:07
Халықтың аш құрсақ екенін Үкімет қашан сезінеді?

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33