24.11.2022, 06:56
1604
Сонымен көптен күткен Президент сайлауы аяқталды. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі 26 қарашада, сенбі күні өтетін болды. Халық президентін сайлап алды. Енді көкейде ең басты сұрақ түр: Ұлықтау шарасынан соң ұлттың жағдайы өзгере ме? Жеңіс салтанатында сөйлеген сөзінде президент: «Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе. Сондықтан халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне, 21 қарашадан бастап, бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет», – деді.
Біз әдеттегідей жұмысқа кірісіп те кеттік. Енді халық мемлекет басшысының инагурациясын, қазақшалап айтқанда, ұлықтау шарасын күтіп отыр. Ертеңгі күнді күту. Үмітпен өткен өмір. Бір сарынды күн осылай жалғаса бере ме? Расы керек, ұлықтау шарасында сөйлейтін сөзінде мемлекет басшысы алда жасалатын біраз шаруалардың басын қайыруы керек. Солай болуы заңды да. Өйткені халық сенген президент сенім мандатын орындауы тиіс. Орындамаса, болмайды. Сарапшылар айтқандай: «енді президентке шегінер жер жоқ». Сонымен, мемлекет басшысынан халық не күтеді? Әрине ұлықтаудан кейін ұлттың жағдайы бірден жақсарып кетпесі анық. Бірақ атап айтсақ, алдағы салтанатты жиында мемлекет басшысы бірнеше нәрсені атап өтуі мүмкін. Бірінші, Тоқаев экономикалық мәселелерге басты назар аударады. Екінші, көптен күткен министр Тамара Дүйсенова жиі айтып жүрген «әлеуметтік кодекстің» парағы ашылады. Бірақ әлеуметтік кодексте қандай жеңілдіктер жасалады? Кімдер мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шыға алады? Әрине бұл сауалға жауап беру қазір қиын шығар. Бірақ әлеуметтік кодекстің картасы жыл аяғына дейін жария болады. Үшінші мәселе, кредиттер кешіріле ме? Кешіріледі. Бірақ халықтың қай категориясындағы кредиттер кешіріледі? Ол жағы да алдағы уақытта айтылады. Төртінші, заңсыз жолмен кеткен қаржылар да белгілі бір деңгейде экономикаға қызмет етуі мүмкін. Ақиқаты, ескі жүйенің кландары жеп кеткен қаржы аз болмай тұр. Соның бәрі халыққа қайтарылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда «сенім картасына» селкеу түсуі ықтимал. «Президент болып алды, енді Тоқаевқа кері шегінер жер жоқ» деуіміздің сыры да осы.
Бесінші мәселе, Қазақстан алдағы уақытта аралас сайлау жүйесіне өтеді. Енді мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Расы керек, бұл Қазақстан халқы үшін демократиялық сайлау мен бәсекелестіктің шынайы көрінісіне айналады. Енді депутаттыққа өзін-өзі ұсынатындардың саны артады. Сондай-ақ аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. «Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы» деп жағымды сөзбен жалғастыра беруге болар. Бірақ нәтиже қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді. Алтыншы мәселе, осы уақытқа дейін елдің назарын аударып келген біраз іске нүкте қойылады.
Бірнеше айдан соң, «Мәсімов ісі» аяқталады. Бірақ мемлекетке опасыздық жасаған адам қаңтарда қалай әрекетке көшті? Мұның артында кім тұр? Бұл сауалдың бәрі халыққа жария етіле ме? Әлде тергеу амалдарына сәйкес, бәрі жария етілмей, құпия күйінде қала ма? Өйткені бұған дейін отанына опасыздық жасаған «Майлыбаев ісі» «Сыроежкин ісі» де мәлімсіз күйінде қалғаны белгілі. Олардың бірі қазір бостандықта, екіншісі тар қапаста жатыр. Ал осылардың заңды жалғасындай, «Мәсімов ісі» де мәлімсіз күйінде қалса, онда бүгінгі жүйеге сенім тіпті азаяды. Біз «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп жүрміз ғой.
Ал әділетті дамудың даңғыл жолы қандай болуы керек? Президент халыққа қызмет ететін жеті жылда жетістікке жете аламыз ба? Отыз жылғы жүйенің сарқыншақтары толыққанды жойыла ма?
– Отыз жыл секілді, жеті жыл да өтеді. Президент артында қандай саяси жүйе, нендей қоғам қалыптастырады, қай деңгейде экономика жасайды, тарихта сонысымен қалады. Алғыс па, қарғыс па, оны уақыт көрсетеді. Билік балансын, заң үстемдігін, сөз бостандығы мен адам құқығын қамтамасыз ететін дұрыс жүйе құра алмаса, әдемі сөздер мемлекеттің ең биік мінберінен айтылып, уәде берілсе де, нәтижелі бола бермейді. Себебі, толықтай жүйе жұмыс істемесе, бір адамның бүкіл мемлекеттік мекемені қадағалауы мүмкін емес. Нәтижесінде, ескілер кетсе де, орнына жаңа жемқорлар мен олигархтар тобы қайта пайда болады. Бұл жол тұтас елдің отыз жылын ұрлаған, мемлекетті тығырыққа тіреген тайғақ жол. Жүйе өзгермесе, уәде етілген «әділетті Қазақстан» орнамайды, – дейді кейінгі кезде батыл ойларын айтып жүрген дінтанушы, қоғамға белгілі қайраткер азамат Қайрат Жолдыбайұлы.
Жазушы Нұрлан Оразалин «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұхбатында «Тоқаевтың бойында үлкен бекзаттық мінез бар. Тазалық бар. Бұл кез келген қайраткерлердің бойында сирек болатын нәрсе. Ол шын мағынасындағы қоғамшыл, халықшыл, қоғамның ішкі-сыртқы жағдайын көкірегіне түйген адам. Ол әлемде қордаланып жатқан түйткілдерге жауабын беріп келе жатқан тұлға» дегені белгілі. Бұл шын мәнінде асыра мақтау ма, жоқ әлде президентке деген сенім бе? Сенім шығар. Сондықтан біздің де сенуден басқа ләжіміз жоқ.
«Президент – жалдамалы менеджер. Халық онымен белгілі бір мерзімге ғана келісімшарт жасайды». Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзі. Жақсы сөз. Ал «жалдамалы менеджер» жағдайды жақсарта ала ма? Біз жақсарса дейміз. Халықтың күтетіні де – осы.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР