Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

16.11.2021, 09:03

1918

        Расы осы. Біздің Қазақстанда баланы дамыту, жетілдіру, жан-жақты өркендету ата-аналар үшін өте қымбатқа түседі. Ата-ана өзінің тапқан табысынан жырғыштап, үнемдеп жүріп баласын биге сүйрейді, әнге апарады, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Әйтеуір, жұмысынан кейін баласын жетектеп, ұрпағын ХХІ ғасырға сай жетілдіруге жанын салады. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды мемлекет қаржыландыратынын айтты. Тіпті бұған қатысты балалар омбудсмені Аружан Саинның мұрындық болуымен арнайы заң да қабылданды. Сол кезде бұл бастамаға ішіміз жылып, «балаларымыздың дамуына мемлекеттің үлесі күшейетін болды» деп үміттенгенбіз. Содан бері бір жылдың жүзі болса да, оң нәтижесін көре қоймадық.

                             Елді қашанғы алдаймыз?

        Бұл жоба қолға алынғалы бері ArtSport.edu.kz порталында 4000-нан астам қызмет көрсетуші, яғни үйірмелерді жүргізушілер саны тіркеліп, 5000-нан астам өтініш мақұлданыпты. Ата-аналарға балаларын спорт секцияларына және  басқа үйірмелерге апаруға 280 мыңнан астам жолдама да берілген. Алайда бюджеттен бөлінген қаражатқа «кәсіпқой спорт клубтары, кәсіби деңгейде мамандандырылған шығармашылық үйірмелері ашылды» десек, тағы қателесеміз. Бұл арада елдің көзін алдау үшін талай әрекеттің жасалып жатқанын ашып айтқан жөн. «Баласын ойлаған ата-анаға әрбір тиын үшін күресуге тура келеді», – дейді «Жас Алашқа» шағымданған оқырманымыздың бірі.  

        Қолымызда бар деректерге сүйенсек, балаларын спорт секцияларына, шығармашылық үйірмелерге тегін бергісі келетін ата-аналар түрлі жағдайларға кезіккен. Тіпті бұған қатысты прокуратура мен антикорға, мәдениет және спорт министрі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне де жүгінуге  мәжбүр болғандар да бар.

                         «Бармақ басты, көз қысты...»

        Мысалы, ол қандай қитұрқылықтар дегенге келсек, қыркүйек айында шығармашылық мемлекеттік тапсырыс операторлары (Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы) ArtSport.edu.kz порталында балаларға үйірмелерге қатысуға жолдама беруді «оператор шегі таусылды», яғни «жаңа балалар енді үйірмелерге жазыла алмайды» деп жауып тастаған. Артынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның пікіріне сүйенсек, жүйеден көргендей, бұл арада елордада бюджетті мәдениет басқармасының шенеуніктері өздігімен жауып тастағаны белгілі болған. Ең қызығы, ол жүйе белгілі бір үйірме орталықтарына балаларды жинау қажет болғанда ашылған.  Мәселен, 3 қарашада мемлекеттік тапсырыс операторы қысқа мерзімге (шамамен 1 сағат) шектеуді алып тастаған. Осы уақыт ішінде көптеген балалар шығармашылық үйірмелерінің біріне, атап айтқанда: «Айсұлтан арт» ЖШС-не («Қарақат» мектеп студиясы) бекітілген. Бұл туралы ата-аналарға WhatsApp чатында бірден хабарлай бастады. Растау ретінде жоғарыда аталған студиядан хабарламалардың скриншоттары да жіберілген. Онда балалардың ата-аналарына ArtSport.edu.kz порталындағы жазба 3 қараша күні таңғы сағат 9-да ашылатыны туралы алдын ала хабарланған.

      – Порталдың техникалық қолдау көрсету тобына хабарласып, шынымен де 3 қарашада 564 бала «Айсұлтан арт-қа» шамамен 30 минуттың ішінде (орта есеппен 4 секундқа бір жолдама), ал 4 қарашада 2 сағат ішінде тағы 107 бала тіркелгенін білдім. Қазіргі таңда студияға 742 бала бекітілген. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: шығармашылық мемлекеттік тапсырыс операторлары (Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы) реформаны жүзеге асыруға жасанды түрде кедергілер жасайды. Сондай-ақ ақшалай қаражатты белгілі бір қызметті орындайтын тұлғалардың пайдасына бөлуге ықпал етеді, – дейді балалар омбудсмені Аружан Саин.  

        Міне, осы жағдайға байланысты ашынған балалар уәкілі қазірде мәдениет және спорт министріне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне осы істі тексеруді және құқық бұзушылықтар расталған жағдайда кінәлілерге тиісті шаралар қолдануды сұрай отырып хат жолдаған.

       Бір бұл емес, дәл осындай жағдай Ақтауда тіркеліп, «MartaArt» арт-студиясы ата-аналарға 1-2 сағаттың ішінде балаларын өздеріне тіркеп үлгерулері керек деген хабарлама жіберген.

Қаражат аз, бірақ үптеп кету көп

        Ең өкініштісі, біздің елде балалардың қажеттіліктеріне әлі де болса лайықты көзқарас қалыптаспаған. Мәселен, 375 мың бала тұратын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі биыл спорт үйірмелеріне 400 миллион теңге, шығармашылық үйірмелерге 142 миллион теңге ғана бөлген. Шындығын айтқанда, бұл қомақты сома емес. Міне, осындай азын-аулақ бюджеттің өзін манипуляциялау тек Қазақстанда ғана кездесетін жайт шығар. Бұған қатысты  әлеуметтанушы Марал Төртенова:

    – Сіз айтып отырған жүйеде 280 ұйым тіркелген. Мемлекеттік тапсырыс болғандықтан, мұнда таңдауына қарай әр баланың тәліміне жеке қаржы бөлінеді. Алайда кейбір өңірлердегі жергілікті билік әлі де жеке клубтарды қаржыландыруды тоқтатпаған. Кейбір аймақтар әлі күнге дейін кәсіби спортты қаржыландырып отыр. Енді бірі қаражатты керек емес нәрсеге жұмсап отыр. Рас, бірнеше жылдан бері балаларға тегін үйірме, тегін спорттық секциялар деген жоба мүлде қолға алынбады. Атқарушы билік әрбір баланы ата-ана өзі дамытуы тиіс деп есептеді. Ал енді келіп мемлекет қаржыландыратын кезде небір заңсыздыққа жол беруді қою керек. Баланың несібесін тамыр-таныспен бөлісуді доғару қажет, – дейді.

        Жалпы, аталмыш жоба бойынша Атырау, Алматы, Қызылорда облыстары мен Шымкент қалалары тапсырысты оңды орындамай отырған көрінеді. Бұған қатысты сала мамандары «бұл арада жергілікті әкімдіктер қаражатты бақылауды, ұқсатуды, ұйымдастыруды қолға алу керек» дейді.

     – Былтыр Қазақстандағы спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Бұған елдегі балалар омбудсмені Аружан Саинның ықпал еткенін білеміз. Енді әрі қарай да балалар уәкілі, жергілікті әкімдіктер, министрлер заңның орындалуын қатаң бақылауы керек. Осы уақытқа дейін біздің балаларымыз эксперимент сияқты мектептегі оқу бағдарламаларын әр министр келген сайын өзгертті. Қазір оқу бағдарламаларын игеру өте қиын. Ал, керісінше, баланың қиялын ұштайтын, шығармашылығын дамытатын, кәсіби мамандар жетекшілік ететін үйірмелер легі аз. Балаға бөлінген қаражатты үнемдеу біздің елде  ғана бар шығар, – дейді әлеуметтанушы Марал Төртенова.

  Тақырыпқа тұздық 

             «Балаға келгенде үкімет тарылмауы керек»

      Жалпы, сала мамандары балаға инвестиция салу болашақты қамсыздандыру екенін ұмытпауды нықтап отыр. Сондықтан «біздің үкімет пен жергілікті әкімдіктер бүгінгі ұрпақты қолдауда сараңдық танытпаса екен» дейді мамандар.  Осы мәселеге қатысты «Жас Алашқа» пікір білдіргендер арасында баланың шығармашылығын дамытудан бөлек, әлеуметтік ахуалын дамытуда да артта қалып жатқанымызды мысал етті. Бұл ретте психолог-педагог, әлеуметтанушы Жандос Сайлаубай былай деп ой түйіндеді:

     – Жапонияда үш баласы бар отбасына жәрдемақыдан бөлек, жеңілдіктер картасы беріледі. Ол карта арқылы балалар қоғамдық көлікте тегін жүру, бір қаладан екінші қалаға баратын көліктерге 50 пайыздық жеңілдікпен билет алу, мемлекеттік дүкендерден жеңілдікпен азық-түлік, киім-кешек алу тәрізді мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Жапондардың балаларға берілетін бір ғана жеңілдік картасының өзі аналардың өмірге құштарлығын оятады. Ал өзім білім алған Германия мен Польшада баласы бір жасқа толмай анасы жұмысқа шығатын болса, жұмыс арасында баланы емізіп келу үшін жағдай жасайды. Жас баласы бар ана жұмыс берушіге барып, «баламды емізетін уақытым болды» десе, оған арнайы көлік беріледі, сонымен үйіне барып келеді. Бала бір жасқа толғаннан кейін балабақшаға орналастыру жағы да оларда бас ауыртатын мәселе емес. Біздегі тәрізді балаңды қарататын адам таппай қалу деген жоқ. Ондай мәселемен германиялықтар бас ауыртпайды. Күтуші жалдаса да, мемлекеттен бөлінетін белгілі бір сома бар, соны жеңілдік картасы арқылы төлеп отырады.

         Негізінде, елімізде  ана мен балаға  жағдай жасай алмай отырғанымыз, бір жағынан, қарын аштырады. Екінші жағынан, біздің әлеуметтік жағдайымыздың оңала қоймағанын айқын көрсетеді. Меніңше, біз үшін болашақта құрғақ уәдені қойып, шынымен де ана мен баланың жағдайын жасауға қатысты нақты шараларға кірісетін кезең жетті. Дамытуды, жетілдіруді күтетін қаншама мүгедек балалар бар. Олар тек үкіметтен бөлінетін азын-аулақ қаражатты талғажау етіп, не дәрісіне, не тұрмысына жеткізе алмай жүр. Шындап келгенде өмірге келген әр балаға мемлекет тарапынан жәрдемақы бөлу тетігін қарастыру қажет. 2019 жылы үкімет әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы берді. Артынша бір жылға жетпей бұл жоба қолданыстан алынды. Қазір төрт баласы бар отбасындағы әр балаға 10 мың теңге көлемінде ғана жәрдемақы бөлінеді. Ал сол 10 мың теңгені отбасы баланы дамытуға жұмсай ма, әлде тамағына жеткізе ме? Қазіргі қымбатшылық дендеген заманда 10 мың теңге деген түкке де тұрмайтын қаражат емес пе?

Тегтер: ана-бала демография статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш Әбілдәқызы 09:15
Қазақстан тастанды ел ме!
Нұрай Рахым 25.01.2022, 09:38
Сенат пен Ассамблеяны тарату керек пе?
Қуаныш Әбілдәқызы 24.01.2022, 19:12
Қазыбек Иса «Құқық қорғау органдары жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатыр»
Сайт әкімшілігі 24.01.2022, 14:23
Жазықсыз жандар жазаланып жатыр – жазушы Думан Рамазан Ерлан Қаринге ашық хат жазды
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 21.01.2022, 16:04
Қасірет
Сайт әкімшілігі 21.01.2022, 08:36
Елімізді содырлардан қорғауға шамамыз неге жетпеді?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48