Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны

Күлтегін БЕК

06.06.2023, 09:46

2781

Еліндегі жердің асты-үстіндегі ен байлыққа иелік ете алмай, есесі кетіп, еңсесі түскен жұрттың бірі бізбіз. Кейде «Қазақстан 500 миллионнан 1миллиард халықты асырауға әлеуетті, 10-15 триллион доллар болатын байлыққа ие» деген желбуаз әңгіме айтылып қалады. Бірақ осыншама ырғын байлыққа мелдектеп жатқан мемлекет небәрі 20 миллионға жетер-жетпес халықты қалт-құлт етіп, әрең асырап отырғанын көргенде, әлгі әңгіменің түбі шикі екенін сезгендей боламыз.

Қазақстанда табиғи байлық жетеді. Бірақ халық сол аста-төк дүниенің несібесін көріп, аузы аққа жарып отыр ма? Мәселе, сонда. Тілге тиек еткіміз келгені, мыс-мыс көк қағаз әкеліп жатқан мұнай-газ саласы емес, бүгінгі әңгіме уран туралы болмақ. Осы бір өнімді өндіріп, дұрыс саудалай білсек, шаш-етектен пайда әкеліп, халықтың әл-ауқатын көтеруге септігі тиер еді. Бірақ бізде бәрі керісінше. Мемлекеттің қарауында болып, халыққа тиселі дүниенің бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында болып, талан-таражға түсіп кеткені белгілі. Соның бірі – еліміздегі уран саласы. Адамзат қоршаған ортаға зиянсыз атом қуатына иек артып жатқанын ескерсек, уранға деген сұраныс жыл өткен сайын көбейе берері хақ. Әлемде уран қоры жағынан Қазақстан екінші орында болғанмен, өндіру, экспорттау жағынан бірінші орында. АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Ресей, Үндістан секілді елдерге барымызды базарлатып отырған жайымыз бар. Еліміздің алты облысында уран өндіріледі. Бірақ қорының көптігі жағынан Түркістан және Қызылорда облыстары алда тұр. Өткен жылы еліміз 16 мың тонна уран өндірген. Бұл шамамен әлемдегі уран өндірісінің 40 пайызға жуығы.

Қазақстанның уран саласында түсініксіз, даулы мәселелер көп. Соның бірі осы уран өндірісіне иелік етіп отырған кімдер деген әңгіме. Әсіресе соңғы уақытта уран қорының көптігі жағынан әлемде екінші орын алатын Созақ ауданында орналасқан «Буденовское» кенішінің 49 пайыз үлесі Ресейдің «Росатом» меншігіне өтіп кетуі. Жыл сайын өндіріс қуаты 6 мың тоннаны құрауы тиіс бұл кен орнының ың-шыңсыз Ресейге сатылып кетуі әлеуметтік желі беттерінде үлкен дау туғызды. Бірақ үкімет те, «Самұрық-қазына» да, «Қазатомөнеркәсіп» мекемесі де жарытып жақ ашпады. Неге? Әлде бұл жерде «сен – маған, мен – саған» деген бір құпия бұғып жатыр ма?

«Нақты айтатын болсақ, бұл кеніш орны өткен жылдың желтоқсан айында ресейлік «Росатом» корпорациясының құрамына кіретін «Uranium One Grou» АҚ-ға(бұл компания «Степногорск тау-кен химия комбинатының» (ТМКК) жарғылық капиталының 99,99%-ын ие) 1,5 млрд долларға (кей жерде 1,2 млрд долларға деп жазылып жүр) сатылып кеткен. Мұны ешкім білмей қалды. Мұндағы пайдалы қазбалардың көлемі шамамен 120,1 мың тонна. Егер долларға шақсақ, 12 млрд Аз қаржы емес. Бірақ біз соны ескермей, су тегін 1,2 млрд долларға сата салдық. Ұтқанымыз қайда? Бұл жерде бір шикілік жатқаны айқын. Нақты зерттеуді, тексеруді қажет етеді», – дейді «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Айтпақшы, бұл кен орнының сатылып кетуіне байланысты «Казатомөнеркәсібінің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев: «Кенішті сатқаннан Қазақстанның қоржынына ештеңе түскен жоқ. Неге? Өйткені үкімет келісім бергенмен, оны ресейлік олигарх Василий Анисимов және қазақстандық кәсіпкер Александр Клебановпен бірлесе сатып отыр. Яғни сатқаннан түскен пайда осы екеуінің қалтасына кетті деуге болады» дегенді айтады. Еске сала кететін бір жайт, 2022 жылдың 14 желтоқсанына дейін «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ағылшынның GANBERG UK LTD және GEXIOR UK LTD атты компанияларына тиесілі екендігі, оған Василий Анисимов пен Александр Клебановтың ұлы Яков иелік еткені білгілі. Демек Мұхтар Жәкішевтің айтып отырғанының жаны бар.

Ал әлемдегі кенінің қоры жағынан екінші орынға шығып тұрған кеніш неге сатылды? Әлде «Казатомөнеркәсібі» мекемесі уран өндіруге қауқарсыз ба? Әлде үкімет құлықты емес пе? Түсініксіз. Бір белгілі жайт, «Росатомның» алдағы уақытта жүргізетін монополиясына наразылық танытты ма, «Казатомөнеркәсібінің» біраз менеджерлері өз еріктерімен жұмыстан кеткен. Қысқасы, еліміздегі уран кеніштеріне байланысты осындай даулы әрі түсініксіз жағдаяттар бар.

Әлбетте, уран атом электр стансаларына, ядролық қару жасауға таптырмайтын өнім. Әлемде 192 атом электр станса бар. Яғни онда 438 энергоблок жұмыс істеп тұр деген сөз. Демек Қазақстандағы уран өндірісінің болашағы бар. Өндірумен, шикізат күйінде экспорттаудан бірінші орындамыз. Уран қоры жер бетінде 6 миллион тонна болса, соның шамамен 906 800 тоннасы біздің елде. Бұл деген әлемдік уран қорының 15%-ы. Тек бізге әлемдегі атом стансаларына дайын өнім даярлап беру жетіспейді. Даярласақ та өте аз мөлшерде. Мамандар жеткіліксіз, заманауи технология жоқ. Ресей әлемдегі атом отынының 40 пайыздан астамын ұстап отыр. Тағы бір мәселе, биыл еліміз Ресейге уран экспортын арттырған. Нақтыласақ, ол елге қаңтарда 2 228,6 млн долларға 1,8 мың тоннаға жуық табиғи уран сатылған. Бұл нені білдіреді? Әрине, ураннан Ресей де кенде емес. Бірақ қазақстандық уранның сапасы тым жоғары екені мойындалған дүние. Демек соғыс жағдайында отырған Ресей ядролық қуатын күшейту, ядролық оқтұмсықтардың санын артыру үшін алып жатуы мүмкін. Әсіресе «Посейдон» ядролық торпедаларға жоғары сапалы уран қажет екені айтпасада түсінікті. Осы жерде, Қазақстан үлкен тәуекелге барып отырғанын ұмытпаған жөн. Өйткені Батыс ресейлік «Росатом» компаниясына санкция салуы ықтимал. Олай болса, Ресейге уран сатып отырған қазақтың «Қазатомөнеркәсібі» де құрсаудан құр қалмайтыны анық. Бұл жағын біздің үкімет ойлап отырма екен? Керісінше, Қазақстан Ресейге салынған санкцияны пайдалана отырып, уранды өзге мемлекеттерге сатуды көбейтсе, ұтылмас еді. Әзірге, әлемде уранның бағасы 50-60 доллардың шамасында болғанмен, Батыс Ресейді саудадан қағатын болса, бірнеше есеге өсіп шыға келері хақ. Бұл Қазақстанға тиімді. Ең басты мәселе, уран мемлекет үшін, стратегиялық маңызы бар қазба байлық. Өкініштісі – сондай кеніштердің жеке тұлғалардың қолына өтіп кетуін қалай түсінеміз. Одан мемлекетке де, халыққа да көк тиындық пайда жоғы анық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бейбіт Сарыбай 16.09.2023, 10:55
Біздің қоғам шындықтан қорқады
Т.Раушанұлы 15.09.2023, 16:24
Мектеп директоры соққыға жығылған ауыл жұрты әнді харам санайды, тіл білмейді – Айгүл Орынбекпен сұхбат
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 14:20
Алаяқтар екі электромобильді ұрлап, иесінен ақша талап еткен
Қарлығаш Зарыққанқызы 15.09.2023, 09:55
Киікке күйек байлаймыз ба?
Сағатбек Медеубекұлы 14.09.2023, 12:50
«Ешқашан менің атым өлмек емес...»
Нұрболат Әлдибек 13.09.2023, 18:12
Ұлы дала әкімдері. Орынбеков қана емес, Қарашөкеев те көшу керек

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55