«Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың»

Тілеубек ЫСҚАҚОВ

13.10.2021, 11:25

1279

Кино басталғанда бір ауылға жаяу сапарлап бара жатқан шал мен бала шаршаған соң «ат шалдыруға» жайғасады. Екеуі әр әңгіменің басын бір шалып отыр. Сонда әлгі баланың жұлып алғандай: «Ата, грузиндер ағылшын тілін оқиды. Ағылшындар неге грузин тілін оқымайды– демесі бар ма? Бұл атақты грузин актеры Серго Махардзенің сол баланың рөлін сомдаған фильмі болатын. Міне, қырық жылдан асып кеткен болуы керек, осы бір фильмдегі қаршадай грузин баласының сөзі көкейімнен әлі күнге кетер емес.

Осы жақында ғана теледидарда композитор Әсет Бейсеуов жөнінде хабар берді. Көз көргендер, дос-жарандары, шәкірттері Әсеттің әсем әндерінің шығу тарихы туралы естеліктер айтып жатты. Кезек бір пақырға тиді. Былжырап қазақша бастауы сол-ақ екен: «Жоқ, маған сөйлеуіме ыңғайлы әрі жеңіл орыс тілім дұрыс», – деп орысша судырлата жөнелді.

Ойды ой қуалайды. Ойды ой қозғайды. «Сіз пошему кешегі бешірге не прихадили», – дейді біреу. Осыған үй тіршілігіндегі бір әйел: «Мен ошен удевятся етем, менің дошкам өте странна билет», – деді. Ал жаңадан тілі шығып келе жатқан бір бала: «Мам, я кошу, хлеб, масю», – деп жылады.

Бұл өткен ғасырдың 40-жылдары қала қазақтарының өздерінше орысша былдырлауларының басы болатын.

Жо, жоқ! Қазіргі қазақ орысша сайрағанда ерні-ерніне жұқпайды. «Қазақтың орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай құбылуы қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық», – деп Майя Плисецкая ана жылы масқарамызды бір шығарып еді.

Ұят-ай! Көзімізбен жер шұқымасқа амалың қалмайды.

 Майданнан қысқа демалысқа келген Бауыржан Момышұлы орыс тілін «өрге сүйрей бастаған» бейшара қазақтардың сорлы тірлігін көрген соң, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Абдыхалықовқа жолдаған өзінің «Қазақ тілі туралы пікір» деген әйгілі хатында: «Қазақ тілі ешуақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?», – деп жазған еді.

Енді бірер күннен кейін қанды-қасап соғыстың ортасына қайыра аттанайын деп отырған ұлы қазақтың жан айқайы еді бұл! Туған жерінің топырағын қайтып баса ма, баспай ма? Мұнысы өзіне де белгісіз. Белгілісі –жанын өртеп жатқан дұшпанның оғы емес, қазақ тілінің мүшкіл халі еді.

Елордадағы №4 бағдардағы автобуста: «Келесі аялдама Степан Разин көшесі», – деген хабарламаны құлақ шалды. Қазақ үшін Степан Разин кім еді? Ол – жол торыған орыс қарақшысы, бандиті. Иә, рас, кешегі КСРО тарихында Емельян Пугачев, Степан Разиндерді әлпештеп-ақ бақты. Жә, ол кешегісі дейік. Бүгінгісі не жорық?

Міне, қазақтың сорлылығы! Бейшаралығы дер едім. Мемлекеттік тілдің еңсесін көтертпей, тұқыртып жатқан – басқа емес, тұп-тура қазақтың өзі.

Ұлттық құндылықтарды ашықтан-ашық мазақ етуге көшкен де – қазақ. Анау «ОРТ» телеарнасында бет-аузын бояуға аямай-ақ малып алған қазақ жастары төрт сағат бойы: «Сен маған байға ти, мен саған қатын болам» дегеннен басқа не айтып жатыр? Сөзім дөрекілеу естілсе де, шындығы осы!

Осы арада бір кілтипанның құлағы қылтиятын сияқты. Ашықтан-ашық қазақ жастарының сана-сезімін улау деген. Менің түсінуімше: бұл әдейі жасалып жатқан саясат. Әйтпесе төрт сағат бойы мәнсіз де мағынасыз әңгімені неге соншама күйіттейді? Атам заманнан екі жастың арасындағы сезім өзара құпия емес пе еді?

Тілімізді ашықтан-ашық менсінбей, қорлап жүрген көрсоқырлар осы төрт сағат уақытты ұлыларын ұлықтауға, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін жастардың құлағына құюға арнаса ғой.

Кезінде: «Қыңқылдаған, мыңқылдаған домбыра. Өлетін-өшетін пұшық домбыра», – деген сатқындар дауысы қазақ даласында самбырлап жатты. Олар: «Еуропалық мәдениетке тезірек көшейік, фортепиано, скрипканы меңгерейік» деп жарапазандаған. Дәл осы кезде, аруағыңнан айналайын, Ахмет Жұбанов домбыра ансамблін құрып, аналардың өңешіне құм құйып еді. Кейін бұл бүкіл әлемді дүрілдеткен атақты «Құрманғазы атындағы Халық аспаптар» оркестріне айналды. Оған Вена қол соқты. Оған атақты «Ла-Скала» қол соқты. Қол соқпаған әлемнің атақты мәдени ошақтары кемде-кем шығар. Ал скрипканы дәріптеп отырған оқығансымақ бейшара қазақ ол аспаптың түп атасы Қорқыт бабаның қобызы екенін білді ме екен?

Степан Разин жырдың басы болса, Елорданың іргесіндегі «Максимовка», «Семеновака» деген сыңсыған «овкаларың» солтүстікке қарай жүрген сайын алдыңыздан андыздап, самсап шыға береді. Ал Павлодар (Павелге сыйыңыз), Петр мен Павелге дегендерің: кешегі отарлаудың мызғымас ескерткіштері. Осыларды көріп отырғанда, кәрі жүрек шым етеді. Біз осы қандай тәуелсіздікті өктемелеп жүрміз деп?..

 Әйтпесе, Ельциннің кезінде Ленинград – Санкт-Петербург, Калинин –Тверь, Горький – Нижний Новгород т.б. тарихи есімдеріне ауысып жатқан шақта, бізде де тарихи атауларды қайтарып алатын сәтті кез емес пе еді? Бірақ биліктің оны ойлауға мұршасы болмай жатыр. Оның орнына билік «асап қалыңдар, қарпып қалыңдар» науқанына жанталасып кірісті. Осылайша қорқаулар, ашкөздер елді тонауға, қазақты бейшара етуге ашықтан-ашық ат қойды.

Қай жылдар екені есімде жоқ, есімдегісі: билік үш жылды қатарынан «Ауыл жылы» деп белгіледі. Оған жүздеген миллиард теңге қаржы бөлінді. Соңы не болды? Мал жайылымы азып-тозып жатқан ауыл. Мал жайылымы «олигархтардың» меншіктеріне өтіп кеткен ауыл. Ауызсуға күні бүгінге дейін жарымай отырған ауыл. Елорданың тап іргесіне тиіп тұрған Талапкер ауылының ауызсу мәселесі жылда көтеріледі. Алыстағы ауылдарды айтуға аузың бармайды. Жегіқұрттар, жылымқұрттар өңештеріне құя салған.

Өмірден өтерінен сегіз айдай бұрын Жұмабек Тәшенов  Бурабайға демалып, қайтар жолда туған қаласы Ақмолаға соғыпты деседі. Ескі базардың жанындағы үлкен ағасының үйіне түсіпті. Оны үлкен жеңгесі әрі шешесі іспеттес кейуана қарсы алған.

Тозығы жеткен, жұпыны үйдің көрінісі, әрине, қиындау еді. Мұны көрген Жұмекең қатты күйзелсе керек. Кезінде көмектесе алмағанына кеште болса қынжылды. Соны байқап қалған тоқсан жастағы жеңгесі: «Жұмабек-жан, сен халықтың баласысың ғой! Еш қынжылма. Біз сенің адалдығыңа, тазалығыңа өмір бақи тәубе деп келеміз», – деген екен.

Ұлы Далада от ауызды, орақ тілді, ғұлама, дана билердің сарқыншақтары қалмаған ба? «Тәй, жетер енді деуге де жарамай қалғаны ма? Өздерін ұлт зиялыларымыз дейтін өңкей ақын-жазушылар, ғалымдар. Әлихан Бөкейханның мінезі туралы айтқыш алаштанушы ғалымдар қайда жүр? Том-том кітап керек шығар болашаққа. Бірақ анау тажал-жемқорларға: «Халық тағдырын енді сендер шешпейсіңдер, халық шешеді. Бетімен кеткендікті дереу доғарыңдар», – деп айқайға басатын тұлғаң қайда, қазақ?!

Сәкен Сейфуллин ұсталып бара жатқанда Ғабит Мүсіреповке: «Мені жуырда әкетеді. Оған шүбәң болмасын. Әдебиеттің басында енді сендер, сендердің жасыңдағылар қалады. Ежелден-ақ әдебиет – елдіктің ең бірінші белгісі, халықтың басты қасиетін бойына дарытқан ақын-жазушылар – халықтың қамқор панасы, дауыл өтіндегі қалқаны. Біздің қазақ – қасқыр мінездес халық, бірін-бірі талаудан тайынбайды. Сендерге амантым: қазақты біріне-бірін жегізбеңдер, аман-сау алып қалыңдар», – деген екен деседі. («Қазақ әдебиеті». 18.10.2013 жыл. Жадыра Дәрібаеваның «Зиялылық әлемі» мақаласынан).

Міне, нағыз ұлт болашағын ойлаған тұлғалардың айтар сөзі осылай болса керек-ті. Өз басым ана қаршадай грузин баласының сөзін әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін. Қалай ұмытасың? Менің де жайым мәз емес. Сондықтан осыны жаздым. Сөз соңын гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының: «Қазақстанда қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекеттік тіл болып саналып, өз орнына төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары тезден қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзінде қатал төңкеріс түрінде асырылуы жөн», – деген ойымен аяқтағым келеді.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31