Зейнетақы қоры ма, әлде маңдай тердің соры ма?

          Индексацияға келгенде үкіметтің сараңдығы ұстап отыр

Қарлығаш Зарыққанқызы

17.11.2020, 09:32

2126

      Қазақстанның зейнетақы қорына қатысты қордаланған жайттарды  «Жас Алаш» бұған дейін де бірнеше мәрте қаузады. Бүгінгі айтпағымыз Ұлттық банктің осыдан екі жыл бұрын 1,5 млрд доллар қаржыны зейнетақы қорынан алып, шетелдік бес компанияға басқаруға бергені жайлы болмақ.

      «Инвестициялық кіріске қарық боламыз, пайдаға молынан кенелеміз» деп берген бұл қаржының әзірге 15 пайызы ғана кері қайтыпты. Мұны біз жуырда білдік. Ал енді осыған қатысты сәл артқа шегініс жасасақ, сол тұста экономист-сарапшылар Ұлттық банктің бұл бастамасын «сәтсіз қадам» деп бағалаған болатын. Мысалы, бұл ретте экономист-ғалым Бейсенбек Зиябекұлы: «Зейнетақы қорының қаржысын шетелдік компанияларға басқаруға беруге мүлде болмайды. Қор қаржысы отандық өндірісті дамытуға салынса сенімдірек болар еді», – деп дабыл қаққан еді. Бірақ сала мамандарының сөзін електен өткізген бас банк болмады. Тіпті Ұлттық банк жағымсыз рейтингіне қарамастан, зейнетақы қорының 71 млрд теңгесін Әзірбайжан банкіне де салып жіберді.  Енді ол қаражат ұзақ жылдар бойы қайтарылғанымен қоймай, біздің тарап Әзірбайжан жағы төлеуі тиіс сыйақы мөлшерінен де қағылып, бұл әрекет қордың инвестициялық кірісіне кері әсер етті.

            Керегі – индексация, бірақ үкімет үндемейді

      Инвестициялық кіріс дегеннен шығады, осы «зейнетақы қорының кірісін арттырамыз» деп, үкімет те, Ұлттық банк те біраз қара терге түсті. Мәселен, соңғы бес жылда зейнетақы қорындағы қаражат  теміржол саласын жаңғыртуға, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «ҚазАгроға» және  екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөліне бастады. Бірақ біздегі банктер мен өндіріс орындарының арасында айтарлықтай тығыз қарым-қатынас жоқ екенін мойындауымыз керек. Банктерде қандай да бір өндіріс орындарына барып, оның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін-өздері ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа несие ретінде беру кең орын алған. Біздегі банктерге бөлінген зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі осы ғана.

       Негізінде, ақылға салатын болсақ,  нақ қазір халықтың зейнетақы қорындағы қаражаты онсыз да құнсызданып жатыр.  Егер үкімет мұны ескеретін болса, зейнетақы қорындағы қаржыға индексация жасауы керек емес пе?! Бір ғана теңгенің құнсыздануына байланысты зейнетақы қорындағы қаржыға қаншама қауіп төнді. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:

    –  Қазір Ұлттық банк пен үкімет қол қусырып қарап отыр. Негізінде, доллар қымбаттаған сайын, зейнетақы қорындағы халықтың  қаражаты да қатар  құнсыздануда. Дамыған ел болсақ, индексация жасауды талап ететін еді. Мысалы, былтыр Франция жұртшылығы үшкүндік наразылық шарасына шығып, үкіметінен соны талап етті. Ал біздің үкімет әр жаңа жыл сайын жәрдемақы мен зейнетақыға  10 пайыз үстемақы қосады. Бұл индексацияға жатпайды. Қаржы заңдылығы бойынша бұлай болмайды. Қымбатшылық дендеді ме, үкімет салымшыларға доллар мен теңге арасындағы айырманы төлеп беруі керек. Сондықтан қазір салымшылар тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына құйып жатса, енді бұдан бөлек, инфляция, қымбатшылық, құнсыздануға байланысты үкімет мемлекеттік индексация жасап, салымшыларға мемлекет есебінен  тағы 10 пайыз құйып беруі қажет, –  дейді.

                Қажеті – 3 трлн. Бұл бюджетке салмақ емес пе?!

      Сала маманының пайымынша, бұл бастама халықтың жағдайын жақсарту үшін емес, қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін қажет. Себебі индексация дегеніміздің өзі – азаматтардың төлем қабілетін, табысын қорғау мақсатында жасалатын әрекет. «Осындай қадам жасаса мемлекет белгілі бір әлеуметтік топтағы адамдардың табысын сақтауға жұмыс істейтін еді» деседі мамандар.  

     – Наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 6,4 пайызды құрады. Бұл инфляция қаржылық қадағалаушының (Ұлттық банк) дәлізінен шығып кетті дегенді білдіреді. Статистика комитетінің мәліметінше, былтырдан бері азық-түлік тауарлары – 9,3, азық-түлік емес тауарлар – 5,5, ал қызметтер 3,5 пайызға қымбаттап кеткен. Әйтсе де үкімет республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мен зейнетақыны индекстеуді ғана реттеп отыр. Ал, жалпы, салымшылардың зейнетақысын индексация жасау үшін  деректерге жүгінсек, «БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы активтері 2020 жылдың бірінші тоқсанында 879 миллиард теңгеге ұлғайды. Осылайша азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары 11,7 триллион теңгеден асып, 2020 жылдың басынан бергі өсім 8 пайызды құрады. Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасты және соңғы 12 айда 11,4 трлн теңге болды. Егер үкімет салымшыларға  доллар мен теңгенің арасындағы айырмасын төлейтін болса, оған  3 триллион теңге қажет болады. Шындап келгенде, бұдан бюджет  кедейленіп қалмайды. Бірақ нақ қазір үкімет халықтың зейнетақысын индексациялауға барады деп айта алмаймын, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

       Қаржыгердің пікірінше, индексация қажет. Сонда адамдардың ұлттық валютаға, үкіметтің  қаржы саясатына  деген сенімі артатын еді. «Бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Сонда қарапайым халық инфляциядан зардап шекпейді. Ал зейнетақы қорын индексация жасау заңда жазылған. Бірақ оған біздің үкімет асықпайды», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

          Қорда табан ақы, маңдай тер жатқанын ұғамыз ба?  

     Жалпы, елдегі зейнетақы жүйесіне, қорда жиналған қаржыға қатысты халықтың уайымы күшті екені рас. Тіпті қарапайым халықты қойып, сала мамандарының пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс жұмыс істете алмауымыз бізді қатты алаңдатуы тиіс. Ақиқатқа тура қарасақ, бізде 2017 жылы зейнетақы қорынан және басқа да көздер арқылы бюджеттен қаражат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып, тізіп шығуға болады. Сол сияқты өз кезегінде зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендетіп жібере қойған жоқ. Тіпті президент Тоқаев биылғы жолдауында «ҚазАгро» холдингі мен «Бәйтеректі» біріктіріп, ондағы қызметкерлердің санын қысқарту керегін ашық айтты.

       Мамандардың пайымынша, зейнетақы қорындағы қаржыны инновациялық бағытты ұстанған, инфрақұрылымды дамытатын салаларға  беру  жемісті болар еді. Нанотехнология, биотехнологияны жетілдіру, ғылымға көңіл бөлу қай кезде де өзекті мәселе. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесі қазір тіптен қажет. Сондықтан қаржыны осы мәселелерге бөліп, оны нақты қадағалай алсақ ұтар едік. Ал бізде пайым, зерттеу жоқ. Қаржы ұқсату жағына келгенде салақтан олақ жаман екенін сезбейміз. Орашолақ ойлап, бөлінген қаржыны қадағалау аз. Осыдан барып болашақта халықтың маңдай терімен жиналған қаражат түкке жарамай, сорға айналмасына кім кепіл?!

     Негізінен, зейнетақы жүйесіне қатысты мамандардың пайымына жүгінсек, бізде зейнетақы санаудың тиімді әдістемесі әлі күнге қалыптаспаған. Сондай-ақ заңда ең жоғарғы және ең төменгі зейнетақы көлемін есептеудің жолдары нақты көрсетілмеген. Мысалы, есеп-қисапқа жүгінсек, қазіргі таңда біздің елімізде ең төменгі зейнетақы алатындардың дені мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығының қызметкерлері. Бұлар адам өміріндегі ең маңызды мамандық иелері бола тұра, қартайғанда алатын зейнетақыларымен өз тұрмысын дамыта алмасы тағы анық. Бұл үрдісті қазір қайсыбір мамандар «арзан еңбектің зардабы» деп те мысал етіп жүр.

       Талдап көргеніміздей, бір ғана зейнетақы қорының қаражаты алынбалы-салынбалы болып, өзіміздің банктерді қойып, шетелдің банкін де жарылқады, ұлттық компанияларымыздан бөлек, шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ бұдан  жұлдызы жанып, жарқырап кеткен бір саланы тағы көре қойғанымыз шамалы. Сондықтан алдағы уақытта үкіметтің зейнетақы қорына қатысты реформаларға келгенде сауатты ойлана алатын менеджерлер легі суырылып шықса, қанекей!

Тегтер: зейнетақы жүйесі экономика халық нарық болашақ қамсыздандыру бастама жоспар шара жинақ келешек қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15