Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

09.04.2021, 08:40

1970

фото akikat01.com

«Жас Алаш» газетіндегі (№5, №19 қаңтар 2021 ж.) Әділ Ақылбайдың «Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек» атты мақаласына байланысты өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Бүгінде жемқорлық жайлаған, адамдардың едәуір бөлігін сенімсіздік пен үрей билеген, әділдік пен қиянаттың шегі көрінбей, жалғаншылық пен екіжүзділік белең алған, қымбатшылық қысқан кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дәл осындай алмағайып заманда сөзі мен ісі үйлескен, халыққа тірек болатын, елін ойлар ерлер керек. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда сөзіне де, ісіне де, атына да, адамгершілігіне де адал, берік азаматтар сирек. Есесіне досын сатып кететін не арзанға алданып, өз жолынан тайып кететін жағымпаздықпен ғана жүретіндердің қарасы көбейіп тұр. Жағымпаздықтың асқынғаны сонша – аталмыш мақалада айтылғандай, бұл анти-қасиеттер қазір ұлтымыздың төл мәдениетіне айналып барады.

         Қазір халық алдында жағымпаз бейнесі бар мемлекеттік қызметкерлер де, депутаттар да жетерлік. «Мен мандат-қызмет, басқа да бірдеңеге жету үшін мақтап отырған жоқпын» деп тұрып жағымпазданатындар да жетеді және өздерін қоғамға үлкен пайдамды тигізіп жатырмын деп санайды. Ондай деңгейге түскен адамдардан елге жақсылық күту бекер-ау. Мұндай пиғылдағы адамдар халыққа ешқандай әлеуметтік өзгеріс, жақсылық әкелмейді. Оларға әділет, шындық аударылып түсіп жатса да мейлі, әйтеуір, жоғары жақта отырған тәуелді адамдардың қолтығына кіріп, көңілінен шығып, өз мансабының жолын түзесе болды. Олардың өмірлік саяси мақсатының ең ірісі де, ең негізгісі де – жоғары жаққа ұнау, жоғары жаққа жағыну.

         Билеуші тап өз мақсатына орай жағымпаз, бейімделгіш, принципсіз жандарды өсіріп, қолдау көрсету жүйесін жасап алған сияқты. Өзін-өзі жарнама жасағанды жақсы көретін билік үшін өз позициясын білдіре алмайтын, қарсылық танытпайтын жалтақ жағымпаздар керек-ақ. Осы орайда еріксіз еске түседі, қайсыбір жылдары президент сайлауы кезінде сайлау барысын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрылып, оның құрамында халыққа танымал тұлғалар болды. Сайлау алдында олардың заңбұзушылыққа жол бермеу туралы айтқан сөздері мен сайлаудан кейінгі осы олқылықтарға көз жұма қарауы олардың билікке қолайлы бағытпен жүріп, биліктің оң жамбасына келетін әрекеттерге барып отырғанын айғақтайды. Халықаралық бақылаушылар мен оппозиция мойындамаған сайлауды негізінен әділ өтті, «ондай-ондай ханның қызында да болады» деген сарында баспасөз мәслихатын өткізгенін әлі ұмыта қойған жоқпыз.

         Осы қоғамдық комиссия белді белсенділерінің бірімен әңгімелескен газет тілшісі осындай «сайқымазақ» дүниеге қалай кіріп кеттіңіз деп сұрағанымызда, «ұйымға тендер ала алмай қалдым, соны тездету үшін комиссияға кірдім» деп жауап қатты («Жас Алаш», 12 сәуір 2011 ж.). Бұл нені білдіреді? Бұл бізде ең бірінші кезекте қара басының қамы үшін қандай тірлікке болсын бару тұр да, ал ар-намыс, ел алдындағы абырой дегеніміздің барлығы соңғы кезекте қалғанын көрсетеді. Сөйте тұра, өздерін халыққа қызмет етуші, сол халықтың ар-ұятымыз деп санайтынын қайтерсің. Бетке шығар танымал тұлғалардың көпшілігі бұған дейін де жалтақтығымен, екіжүзділігімен, жағымпаздығымен көзге түсіп, жұртшылықты жерге аз қаратқан жоқ. Жаңаөзендегі 2011 жылдың желтоқсанындағы қанды оқиға кімнің кім екенін анықтаған нағыз детектор болды. Шын зиялы мен зияндының аражігін ашып берді. Бетке шығар танымал тұлғалардың өз талап-тілегін білдіріп шеруге шыққан жұртшылықты кінәлап, жерге тығып сөйлегенін де білеміз. Олардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін, ниетін білмейтіндей, олардан соншалықты алыстап кетті деп айта алмайсың. Біледі, білгенде қандай! Бірақ сол баяғы етінен өтіп, сүйегіне сіңген жағымпаздық. Билікке ұнамай қаламын ба деген жалтаңкөздік.

         Айтулы азамат Мұхтар Шаханов айтқандай, «сонда әлгілердің рухани сатқындығын, ұлт мүддесін аяққа басқан пендешілігін мүлде ескермей, өлеңмен қара сөз құраудағы шеберлігіне ғана құрметпен қарауға тиістіміз бе? Олардың сөзі басқа, ісі бөлек болғанын жасыруымыз, бүркемелеуге тырысуымыз әділеттілік пе? Солар емес пе, кезінде «жер сатылмасын, жерді сату – Отаныңды сату» деп айқайлап шығып, жеме-жемге келгенде биліктің ыңғайына көніп, соларды қолдап дауыс берген?! Солар емес пе, Мұхтар Шаханов бастаған іс-шараны қалай қолдамаймыз деп алып, артынша өз ұстанымынан өзі айнып, мемлекеттік тіл жанашырларының үндеуіне қол қойғаным жоқ деп ат-тонын ала қашқан?! Солар емес пе, сонау 37-жылдары еркін ойлап, тереземіз тең болуға қол созған алып тұлғаларды атқызып тынған?! Колбиннің тұсында да оның айтқанына көніп, қолжаулығына айналғандар аз ба еді? Колбинді мақтап, қазақ жастарының қыршын кетуі, көптеген қазақ кадрларының қызметтен қудалануы солардың қолымен жасалды. Мен білгенді басқалар білмейді дей ме екен?!

         Бүгінде биліктің ыңғайына көніп, саясаттың бел ортасында жүрген мықты ақынымыз Колбинді «ұлы идеалист» деп, көпшіліктің көзінше бас салып сүйгенін де білеміз. Ол ақынымыз сол билік басында отырғанды мақтап, биліктен кеткенде Колбинге ұнаймын деп жүргендердің бірі. Тәуелсіздік алған соң, бәрін сол заманға жауып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келгендерге не дерсің. Жарамсақ, жағымпаздар тобы үшін олардың тірегі де, сүйеніші де сол билікке деген «сенім» ғана. Бұлардың сенімі билік ауысса ғана өзгереді. Сол жаңа келген билікке ұстанымдарын қолма-қол өзгертіп, тағы да ешбір ойсыз «жаңа сенім» пайда болады. Алайда олар ақталып, жағымпаз еместігіне өзгелердің көзін жеткізіп, жақсылықты айтып, қоғамға үлкен пайдамды тигізіп жатырмын деп санайды. Тіпті өз ұлтының мүддесін сатуды, қорқақтықты, жалтақтықты, екіжүзділікті ақылдылық деп түсіндіргісі келеді, қазір халықты алдай алмайсың. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Арзан сөзге алданбайды.        Отыз жылдық тәуелсіздік кезеңі кімнің кім екенін танытып, шындықтың бетін ашып берді.

         «Қоғамдағы ұлы қасірет адамның екіжүзділігінен басталады» (Шекспир). Шындығын жоғалтып алушылардың көбеюі ұлт үшін үлкен қасірет. Жалпы, халық үшін ең қауіптісі осы ел сенім артқан адамдардың екіжүзділігі, жауапкершілікті сезінбей өскен адамдар мемлекетке үлкен қауіп төндіреді. Жағымпаздық адалдықпен сыйыспайды, күні үшін жүргендер патриот бола алмайды. Бір мәселе анық – шындықты айта алмаған адам өз елінің патриоты емес. Нағыз патриот өз елін мақтайтын адам емес, қайта кемшіліктерді көріп, ұнамсыз тұстарды жөндеуге ықпал ететін адам. Олай болса ұлттық сезімдерін жоғалтпаған, туған елінің бүгіні мен ертеңіне шынайы алаңдаған халықшыл азаматтарды жау ретінде санамай, ішке тартатын кез келген шығар. «Оған тек соқыр сенімнің құлы болған көрсоқыр жандар не өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандар ғана дау айтар» (М.Дулатов).

         Теңдессіз жалған сөз, екіжүзділік, жағымпаздықтың қоғамымызбен біте қайнасқалы көп болды. Билік тарапынан ешқандай қарсылық көрмегендіктен, ол өршіп, жағымпаздық жасарып, қайыру бермей, қоғамның дертіне айналды. Қоғамдағы келеңсіз көрініс – жағымпаздыққа көз жұмып қарамай, дер кезінде тыйып тастап отырсақ, бүгінгідей бейшара халге түспеген болар едік. Билік – халық сеніміне ие болу. Халыққа сүйеніп билік жүргізу – ол құлдық психологиямен, жағымпаздыққа, жарамсыздыққа қашанда қарама-қайшы келу. Сондықтан жағымпаздықтың тым жұқпалы дерт екенін ашық айтатын кез келді.

Тегтер: жағымпаздық парақор сыбайлас жемқорлық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06