«Жайымды айтсам жасырмай, жағдайым менің осындай...»

Батыр ЖАСҰЛАН

17.08.2022, 08:20

1050

Ашығын айтайық, қазіргі уақытта еңбек нарығында жағдай өте қиын болып тұр. Қымбатшылық. Бұл бір. Екіншіден, баға аспандап барады. Үшіншіден, жалақы аз. Ал халықтың жағдайын жақсарту үшін біздің билік не істеп жатыр? Қазір республиканың түкпір-түкпірінде кездесу өткізіп жатқан министрлер қалыптасқан жағдайды халыққа жеткілікті түсіндіруде ме? Еңбек нарығындағы жағдайдың ауырлығын ашық айта ма?

Ал ақиқаты, жағдай оңып тұрған жоқ. Халықтың алатын жалақысының 70-80 пайызы несиесін өтеу мен базардан азық-түлік өнімдерін жұмсауға кетіп жатыр. Елдің ішінде қыдырып, турист болып серуендеп, демалып жүргендер көп емес. Бар-жоғы халықтың 1  пайызы ғана шығар. Бір ғана мысал, қаңтар-маусым айының аралығындағы көрсеткіштерге назар аударсақ, көп нәрсені бағамдауға болады. Осы аралықты халық базарлар мен дүкеннен әртүрлі заттар сатып алуға 6,1  триллион теңге жұмсаған. Демек, жалақының басым бөлігі тамаққа кетіп жатыр. Сарапшылардың бағалауына қарағанда, бұл өткен жылдарға қарағанда 13,8 пайызға көп. Халықтың тұрмысы ауырлап,  кедейленіп барады. Ұлттық статистика бюросының  дерегінше, сәуір-маусым аралығында ел бойынша 452 мың жұмыссыз адам тіркелген. Бірақ бұл дерек қаншалықты рас? Ал сарапшы Мақсат Халықтың есебі бойынша, «бүгінгі күні елімізде 2 миллионнан астам кедей бар. Бұл деректі үкімет жасырып отыр». Бірақ кедейді жасырғанмен, тұрмыс түзелмейді ғой. Бұл ғана емес, биліктің кейбір мекемелерінің дерегі де кейде адам баласын таңғалдырып жатады. Мысалы, өткен аптада Ұлттық статистика бюросы мынандай мәліметті жарыққа шығарды. Қазақстанда бос жүрген, жұмыс істеуге құлықсыз 51,5 мың адам бар екен. Бұл сәуір-маусым айларының қорытындысы бойынша мәлім болған. Жалпы Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметті қайдан алды? Олардың жұмыс істеуге құлықсыздығы қандай критерийлер бойынша анықталды? Сол жұмыс істеуге құлықсыз болып жүрген 51,5 мың адамның әрқайсысына барып, сұралды ма? Негізі, жұмыссыз адамның сыртынан осылай «тон пішуге» бола ма?

«2022 жылдың екінші тоқсанында экономиканың түрлі салалары бойынша 8,8 млн адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 6,7 млн жалдамалы қызметкер, ал 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда 23,1 мың адамға көп. Жұмыссыз жүрсе де, қызмет іздемеген немесе жұмыс істеуге дайын емес адамдар биылғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 18,4 пайызға азайды, нақты 51,5 мың адам. Оның ішінде 15-28 жастағылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,8 пайыз. Ал NEET санатындағы жастар арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,5 пайыз», дейді Ұлттық статистика бюросының дерегі.

Бірақ бір нәрсе ақиқат. Билік елде жұмыссыздықтың барын, кедейлердің көбейіп бара жатқанын аз да болса мойындап отыр. Тағы бір дерек, дәл қазір 

Қазақстанда 55 жастан асқан әйелдердің 24 пайызының табысы жоқ.

–Мәселен, елдегі 55-60 жас аралығындағы әйелдер саны 634,5 мың, олардың 24 пайызының табысы жоқ. Мұндай санаттағы адамдар Алматы, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында көп. Айта кету керек, бұл көрсеткіш әйелдердің осы санаты арасында кедейлікті көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар олардың болашақ зейнетақысының мөлшеріне әсер ететін жағымсыз салдары бар, – дейді министрлік таратқан ақпаратта.

Рас, қазіргі уақытта адам баласы 60 жасқа жақындаған сайын зейнетақысының жайын ойлайды. Алайда, зейнеткердің зейнетақысы бүгінгі күнде өмір сүруге толыққанды жетпейді. Билік өкілдерінің таратып отырған ақпаратына сенсек, үкімет бұл қадамға халық үшін жеңілдік жасай қоймайтын секілді. Қазір зейнетақы мәселесі талқыға салынып жатқаны мәлім. Осы жылдың аяғына қарай елімізде әлеуметтік пакет қабылданады. Ал бұл заңда әйелдердің зейнетақы жасы туралы мәселе қозғала ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазір мына бір дәйектерді көбірек алға тартып жүр.

–Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнетке ерте шығу құқығы беріледі. Осылайша зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады (зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан төлем алу құқығы). Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ал енді  зейнетақы аннуитетіне ие болу үшін зейнетақы қорындағы шекті мөлшер қанша болуы керек? 2022 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша ерлер үшін жедел зейнетақы аннуитетінің құны – 7,1 млн теңге, әйелдер үшін – 9,5 млн теңге, ерлер үшін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің құны – 6,5 млн теңге, әйелдер үшін – 8,1 млн теңге болуы қажет екен. Мәселе мынада: біздің әйелдер ертерек зейнеткерлікке шығу үшін осы аталған шекті мөлшерді осы уақытқа дейін жинай алды ма? Ер болсын, әйел болсын, «жалақысы аз адам мұндай көлемде зейнетақы қорында ақша жинады» деу күмәнді. Сондықтан жыл соңында қабылданатын әлеуметтік пакет кодексі зейнетке жақындап қалғандар үшін  тиімді деп айта алмаймыз.

Қалай айтқанда да, алдағы уақытта жұмыссыздар саны артпаса, кемімейді. Оған себеп, Қазақстанда алдағы он жылда жаңадан 239 жаңа мамандық пайда болады. Жаңа технологиялар адамды нарықтан ығыстырып шығарады. Нақты мысал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған кешенді жоспарда алдағы 5-10 жылға жасалған болжамдар бар. Оған сәйкес,

еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болады. Алдын ала сараптама бойынша, Қазақстанда алдағы 5-10 жылда экономиканың 9 саласы бойынша 239 жаңа мамандық пайда болады. Ал бүгінде бар 95 мамандықтың жұмыс форматы мен бағыты өзгереді. Сондай-ақ елдегі жұмыс орындарының 52 пайызы автоматтандырылады.

Ал мұндай жағдайда нарықтан ығыстырылған жұмыссыз адамның жалақысы мен зейнетақысы қалай жоғары болмақ? «Жайымды айтсам жасырмай, Жағдайым менің осындай», деген МузАРТ тобының халыққа танымал бір әні бар еді. Шын мәнінде Қазақстанның нарықтағы қазіргі жағдайы осындай болып тұр...

Тегтер: жұмыссыздық еңбек нарығы кәсіп нәсіп

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41