Жайыққа келді «Жас Алаш!»

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

28.06.2021, 09:02

4139

Ғасыр жасаған «Жас Алаштың» өңірлерге сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасты. Елдің шеті, желдің өтінде жатқан Жайық жұрты Ресейдің төрт облысымен шектесетін, мемлекетіміздің батыс қақпасы болып саналады.

Басылымның бас редакторы Қайрат Мәтіреков, бас редактордың орынбасары Сейсен Әмірбекұлы, танымал саясаттанушы Дос Көшім құрамына енген шағын топ Махамбет ақын «Айналайын Ақ Жайық...» деп жырға қосқан өлкеге көптен болмаған нөсер жауынды ала келді. Аптап ыстықтан аңқасы кеуіп отырған ағайын мұны жақсы ырымға балады. Батыста болған үш күндік сапар бойы күн көзін бұлт жасырып, оқтын-оқтын жаңбыр себелеп отырды.

Басылым басшылығы Оралда бірнеше кездесу өткізді. Қазақтың қабырғалы ақыны Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығындағы басқосуда жергілікті зиялы қауым өкілдері газеттің мазмұнды шығуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Қайрат Мәтіреков батысқа сапардың қасиетті Қызылорда, ұлт ұясы Ұлытаудан кейін үшінші екенін айтып, оқырман мен басылым арасындағы байланыстың нығаюына тілектестігін білдірді. Одан әрі қонақтар мұражайларды аралап, тарихпен танысты. Бір кездері қалың орыс қаптаған қаланың бүгінгі көшелерінде қаракөздердің көбейгеніне қуанды. Басылымның ғасыр тойына орай, БАҚ қызметкерлері арасында бильярдтан өткен турнирді тамашалады.

Сапардың қалған екі күні облыстың шалғайда жатқан төрт ауданын аралауға арналды. Бұл аудандардың таңдалуы да кездейсоқтық емес. Жаңақала – күй анасы Дина Нұрпейісованың туған жері болса, Бөкей ордасы – Бөкей мен Жәңгір секілді ағартушы хандардың мекені, Казталов – меценаттар молынан шоғырланған өңір, Ақжайық – «Мен қазақпын!» деп қасқая жырлаған Жұбан ақынның кіндік қаны тамған топырақ болатын. Аудандардағы жылы шырайлы кездесулерде тек жан сүйсінтетін жақсы жаңалықтар ғана емес, елді толғандыратын өзекті мәселелер де көтерілді. Олар: қуаңшылық салдарынан және іргедегі Ресейдің кесірлі саясатынан өзен-көлдердің құрғауы, жайылым мен шабындықтың жетіспеуі, шекарадағы елді мекендерден халықтың үдере көшуі, қатқыл табанды жолдардың аздығы, ұялы байланыс сапасының нашарлығы, ауылдарда кадр жетіспеушілігі және т.б.

Басылым басшылығы елдің мұңын тыңдап қана қоймай, екі күнде 1500 шақырым жол жүріп, жағдайды өз көздерімен көрді. Осы 1500 шақырымның тең жартысы асфальтсыз, қара жолға тура келді. Көктем мен күздің лайсаңын, қыстың қарын айтпағанда, жазғы жай жаңбырдың өзі кез келген көлікті малтықтыратын жерлерді басып өтті.

Жоғарыдағы төрт ауданның үшеуі Ресеймен шекарада орналасқан. Бұларда шынымен де ахуал күрделі. Көпшіліктің жанайқайын Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Қайырғалиева батыл жеткізді. Ұзақ жылдар аудан әкімінің орынбасары болған, елдің мәселесін жақсы білетін Лариса Тельманқызы енді біраз уақыттан кейін «Бөкей ордасы ауданында туған» сәбилер болмай қала ма деп алаңдаулы.

– Ауданымыз облыс орталығы Оралдан 600 шақырым қашықтықта жатыр. Жолдың жоқтығы, байланыстың нашарлығы, жалпы, инфрақұрылымның әлсіздігі жастардың ауылға келуіне үлкен кедергі. Содан да болар, мүмкіндігі барлар қалаға жақындауға тырысады. Сенсеңіздер, біздің ауданда осы қазір жүкті ананы босандыруға жағдай жоқ. Себебі анестезиолог маман жоқ. Көрші Жәнібек ауданына жүгіреміз. Тіпті қиын болса, Оралдан санавиация шақыртуға мәжбүрміз. Мен келешекте туу туралы куәлігінде «Бөкей ордасы» деп жазылған сәбилер мүлде болмай ма деп қорқамын. Олар болмаса, туған жерін қадірлейтін, атамекенін ардақтайтын азаматтар қайдан шығады?! – деді Л.Қайырғалиева. Орынды әңгіме. Билік басындағы атқамінерлердің күні-түні басы ауыртатын мәселесі бұл.

Хош, сапардан түйген ой көп, соған сай жазылатын мақала да көп болары анық. Бастысы, «Жас Алаштың» оқырманы елде бар. Ендігі мақсат – солардың сенімін ақтау.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 23.09.2021, 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.09.2021, 15:00
Орынбасарлары орын ауыстырса да Ахметов өзгермейді
Расул ЖҰМАЛЫ 22.09.2021, 08:35
Ауған тартысы және қазақ мүддесі
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Батыр ЖАСҰЛАН 15.09.2021, 08:16
Тілді талқыға салатын төрт топ бар

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39