Жалақорға жауап

Несіпбек АЙТҰЛЫ

06.05.2021, 09:09

6796

Сәбетбек, мен сенің кім екеніңді білмеймін, білгім де келмейді. Дегенмен «Жас Алаштың» 9 сәуір күнгі санында Қонаевқа неге соқтыға береміз? деген балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ мақалаңды оқығаннан кейін су жұқпас суайт екеніңді тани қойдым. Қалай таныды дейсің ғой? Қасым Аманжоловтың Александр Пушкиннен тәржімалаған жолбарыс  пен есекті меңзейтін мынандай өлең жолдары болушы еді:

«… Ол да мені тырнағымнан таныды,

Мен де оны құлағынан таныдым», – деген.

Мен де сені ұзын құлағыңнан тани қойдым. Бұлай деп айтуыма маған таққан ауыр айыптауларың мен жөн-жосықсыз жапқан жалаң түрткі болды. Өзің шикі картоп бола тұрып, мені «дүмбілез ақын» деп кекетесің. Онымен қоймай, «Өлеңнен өсек сапырды...» деп өзеурейсің. «Қонаевты қорлады, алып тұлғаға күйе жақты, Хрущевтың қасында көк тиындық құны жоқ деп айтты», – деп, аузы-мұрның қисаймай, көпе-көрінеу жала жабасың. Ол аз болғандай, Айтұлы поэмасында жазған«Қайратты қалың шаштысы кім?.. Тазы кім?.. Бұл шешуі қиын жұмбақ емес, Қонаев пен Хрущевты меңзеп отырғаны ғой, ақындық дүмбілездігіне салып, образды түрде кекесінмен, мысқылмен шендестіргенін айтсайшы. Қала берді, Қонаевтай алып тұлғаның Хрущевтың қасында «көк тиындық құны жоқ» деп аруақты қорлағаны қалай?» дейсің. Өсекті мен емес, өзендей ағызып отырған өзің. Қонаевқа кейіндеу келерміз. Алдымен сенің маған таққан айыптарың мен жапқан жалаңа жауап берейін:

Сенің жерден жеті қоян тапқандай желпініп отырғаның мына шумақ:

Өз еркің болмаған соң өз басыңда,

Қайнайды ашу-ызаң көз жасыңда.

Қайратты қалың шашың тік тұрса да,

Құның жоқ көк тиындық таз қасында.

Мен сенің мақалаңды оқып отырып, «Хрущевтың қасында Қонаевтың көк тиындық құны жоқ» деп айтты дегеніңе аң-таңғалдым. Сөйтсем, сен қасқа осы шумақты айтып отыр екенсің ғой. Бұл шумақтың Димекеңе еш қатысы жоқ. Қонаев туралы сөз поэманың орта тұсында «Пенде ғой, ол да бірақ періште емес» деген жолмен түйінделген. Мына шумақта айтылып отырған ой мүлде басқа. Сен контексті түсінбегенсің. Түсіне де алмайтын шығарсың. Өйткені ойға шолақ, жазуға олақ екенің көрініп тұр. Артық айтсам айыпқа бұйырма, сен осы мақаланы өзің жазбаған да сияқтысың. Дәндүріс біреу жазып әкеп, саған қол қойдырды ма деген де ойым бар. Зады поэзияны түсіну үшін зейін, зерде керек. Сен сияқты отқа май құйып, ел арасын ірітіп жүргендердің миына кірмейді. Одан да айраныңды ұрттап, қойыңды құрттап, бейпіл аузыңды құлыптап жайыңа жүргенің жөн еді. Амал қанша?! Сен «Қайратты қалың шашың тік тұрса да, Құның жоқ көк тиындық таз қасында» деген екі жолға таскенедей жабысасың. Осы екі жолды Қонаев пен Хрущевқа теліп, мені арандатқың келеді. Бұның енді барып тұрған арсыздық немесе надандық. Бұл екі жолда сөз жалпыға қаратылып айтылып отыр. Димекеңді Хрущевтың қанжығасына байлап беретін мен жынды емеспін. Әзірге есім дұрыс. Сені білмеймін...

Қазақ шашы қайратты жігітті – қуатты жігіт, жүректі жігіт, білекті жігіт, батыр жігіт дейді. Мен, кім болсаң ол бол, тіпті қайратты шашты қаһарман болсаң да, бостандықсыз көрген күнің таздан төмен, көк тиындық құның жоқ деген ойды айтып отырмын. Ал сен не айтып отырсың? Егер ұятың болса, әдеби сауатың болса, мұны сезуге тиіссің. Бұдан артық саған қалай түсіндіремін? Миыңа езіп құймасам...

Бұл шумақта империямен жер үшін жалғыз өзі арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлқысқан Жұмабектің тағдыры жатыр. Тек Жұмабек қана емес, ұлт үшін басын берген талай боздақтардың да тағдыры тұр. Тіпті Қонаевтың да… Азуы алты қарыс Тәшеновті доптай домалатқан, орнынан жұлып алып төменге құлдыратқан империя ешкімді де аяған жоқ. Қайран баһадүр Жұмабек мынау опасыз жалғаннан жапа шегіп, өмірден өксіп өткенін сен де жақсы білесің. 1986 жылғы Желтоқсанда Димекеңді де қандай күйге түсіргенін көзімізбен көрдік қой. Бұл шумақтағы әңгіме, міне, осы. Ал сен болсаң, Айтұлы жұрттың арасына жік салды деп, мені жазғырасың. Қонаев пен Тәшеновті бір-біріне қарсы қойды деп, бүйректен сирақ шығарасың. Онымен қоймай, «Халықтың Қонаевқа өкпесі бар» деп айтты» деп, тағы мардымсисың. Ел арасына жік салып отырған – мен емес, сенсің! Мен поэманың қай жерінде екі ұлы тұлғаны бір-біріне қарсы қойыппын? Поэмада Димекеңе қатысты екі-ақ ой айтылады. Оның бірі – Тәшеновтің ішкі толғанысын бейнелейтін шумақтағы «Қонаев неге сонша абайлады» деген жол. Екіншісі – «Түгендеп қайтып алса кеткен жерді, Кім қақты Қонаевтың қолын сонда?» және «Халықтың өкпесі көп Қонаевқа» деген жолдар. Бүкіл поэмада Қонаевтың атына айтылған пікір осы ғана. Халық басшысына өкпелесе жақсы көргендіктен, сенгендіктен, сүйенгендіктен өкпелейді. Үміт артатын, наз айтатын тұлғасы болғандықтан өкпелейді. Сен осы сөзге шамданасың. Біле білсең, бұл жерде Димекеңнің абыройы әдемі көтеріліп тұр емес пе? Сондықтан біреуге жала жаппас бұрын, өзіңнің шама-шарқыңа қарап, жан-жағыңа көз салып, артыңа да үңіліп қойғаның абзал. Сондықтан да бұл жерде шабыңа шоқ түскендей тулайтын жөнің жоқ. Сөздің мәнін түсінбесең, қолыңа қалам алып нең бар? Мынауың масқара ғой… Егер, шынында да, сөз ұқпайтын бітеубас болсаң, сөз танитын біреулерге жүгін болмаса Жазушылар одағына апарып талқыға сал. Сонда өзіңді-өзің тани түсесің.

Елінің тағдыры тартысқа түскенде ел басқарып отырған азаматтар тартынып қалмауы керек. Үлкен саясаткер, салмақты сабыр иесі Қонаевтың сол сәтте тартынып қалғаны тарихтан белгілі. Әйтпесе Димекең Хрущевтың кабинетінен шыға сала, «Жұмабек, жүрек жұтқан жан екенсің», – деп айтпас еді ғой. Бұл сөзді мен жанымнан шығарып отырған жоқпын. Осы оқиға туралы бұрынырақта жазылған дерек көздерінен, оқыған кітаптарымнан алдым. Көбінесе жазушы, тарихшы, ұлтжанды азамат Кәрішал Асан Атаның «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабына сүйендім. Осы кітаптың 53-бетінде марқұм Кәрішал аға былай дейді:

«… Хрущев Мәскеуге әй-шайға қарамастан, Қазақстан ЦК-сының бюро мүшелерін түгел шақырып алады.  

Тағы да мәселе қазақ жерін өлкелерге бөліп, берекесін кетіріп, ақыры тың игеруші бес облысты түгелдей бір орталыққа бағындыру сылтауымен Ресейге өткізіп жіберу айласы маңында өрбиді.

Тағы да Қонаев бастаған ЦК-ның бюро мүшелері Хрущевтың ұсынысымен келісетін болып шығады. Тек жалғыз батыр Жұмабек Тәшенов бұл шешіммен келісе алмайтынын ашып айтады».

55-бетте тағы былай дейді:«… Хрущев Қонаевқа Тәшеновті қызметінен алып, бір облыстық атқару комитетіне төраға етіп жібер деп тапсырма береді. Сылтау үшін оның үстінен арыздар көбейіп кеткенін айтады… Ал шындыққа келсек, арызды Хрущевтың айтағымен оны ұйымдастырушы Қонаевтың өзі болатын».

59-бетте:«Как вспоминал один из инспекторов орготдела ЦК КПСС Хрущева поразили даже не слова Ташенева о том, что, «передачи края России не бывать» (Турасын айтсақ, дәл осы бір «сәуегейлік» нағыз данышпандық болып шықты емес пе?! Дәлірек айтсақ, кәдімгі Наполеонның аз күшпен дұшпанның үлкен қолын күйрететін әдісі дерлік іс болды. Айтты-айтпады, дәл солай болып шықты. Жұмекеңнің айтқаны келді де қойды – К.А.), а то, как предсовмина пригрозил Соколову высылки из Казахстан несколько недель первый секретарь ЦК КПСС и поручил Кунаеву удалить с должности Ташенова. Спустя 30 лет Динмухаммед Ахмедович в мемуарах обошел молчанием несостояшиеся переподчинения Целинного Края РСФСР. Как не упомянул и о стычке Жумабека Ахматовича с Соколовым. (Өйткені бұл Қонаев үшін өзін-өзі әшкерелеу болар еді. Себебі сын сағатта Қонаев тек Тәшеновті сатып кеткен жоқ, бүкіл қазақтың Сарыарқасын түгелдей Ресейге беруге келіскен болатын. Міне, осындай сатқындықтары үшін «данышпан» Димекең әрі ұлтын жасырып, политбюроға мүшелікке өтті».

Міне, Сәбетбек, мәселе осылай. Осы фактілерді көріп-біліп отырып, Қонаев Хрущевпен жер үшін айқасқа түсті деп, мен қалай жазамын? Бір сәт ойланшы! Мықты болсаң, бетің бүлк етпей мені қаралағанша, о дүниедегі Кәрішал ағаңның құлағын кесіп ал. Ал поэмада Қонаев туралы айтылған шумақтарға келейік:    

Қазақтың жоқ десек те шын дұшпаны,

Бүйірлеп жан-­жағынан кім қыспады?

Айырылған ұлан-­асыр сол аймақтан,

Қайтқаны – ұлтарақтай бір пұшпағы.

Сұғанақ көзін сатпай отыра ма,

Азуын басынбаса батыра ма?

Көп жерін алып қалды кең даланың,

Әйтеуір, қайтты деген аты ғана.

Жолыңнан адал жүріп жаңылсаң да,

Халқыңа қызмет ет не қылсаң да.

Түгендеп қайтып алса кеткен жерді,

Кім қақты Қонаевтың қолын сонда?

Бұйырмас ашық айтсақ ел айыпқа,

Сүттен ақ, судан таза болайық та.

Әулие тұтқанменен айналасы,

Халықтың өкпесі көп Қонаевқа.

Өтірік өрге басып өрістемес,

Көпшілік тура сөзді теріс демес.

Еңбегін ешкім жоққа шығармайды,

Пенде ғой,бірақ ол да періште емес.

Қайталап айтамын, осы шумақтардың қай жерінде Қонаевты қорлайтын, күйе жағатын сөз бар? Көріп отырсың, жоқ қой. «Пенде ғой, бірақ ол да періште емес» деген жол болмаса. Қонаев та қатардағы пенде. Кемшіліксіз Құдай ғана. Қонаев қазаққа ортақ, советтік заманның саяси көсемі. Шуақты жағы да мол. Көлеңкелі жағы да бар. Абайдың өзі «Ат көтермес мінім бар» деп мойындап кетті емес пе? Қонаевқа пікір айтпайтындай пайғамбар емес қой. Сондықтан қанша жанталассақ та, Дінмұхамедтен шын Мұхаммед жасай алмаймыз. Әркімнің тарихта өз орны бар. ХХ ғасырда мансаптың заңғар биігіне шыққан Қонаевтай ірі тұлға жоқ. Оның халыққа жасаған ұшан-теңіз еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Ізін ешкім өшіре алмайды, тарихтан да көшіре алмайды.

Тағы да Кәрішал ағамыздың кітабына оралайық.

87-бетте: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» Брежневтың заманында Димекең өзбекке өзі берген үш ауданды қайтарып алғанда қуаныштан сасқалақтап жүріп, жартысын сонда қалдырып кетті емес пе?» дейді.

Сәбетбек, көтере алмайтын тоқпақты беліңе байлап, өтіріктің бес ешкісін бір шыбықпен айдап, менің өлеңдерімді талдамақ боласың. Поэманың басты идеясын түсінбей бос далбалақтайсың.

Сайып келгенде, поэма Тәшеновке арналып отырғанымен, ел мен жер тағдырын қозғайды. Сонау Қазтуған жыраудан бастап, Абылай, Кенесары, Жұмабек заманына дейінгі қанды айқастардың бәрі ұлтарақтай жер үшін емес пе? Егер кешегі Хрущевпен жер үшін шайқаста Жұмабекті жалғыз қалдырмай, Димекең де батыл қимыл жасағанда, кім білсін, тарих беті қалай бұрыларын? Мен поэмада соны армандағам. Өкінішке қарай, басқаша болды. Қонаев туралы сөз қозғағанда мен өткен тарихи тұлғалардың мүлт кеткен қателігінен бүгінгі ұрпақ сабақ алсын деген ниетпен жаздым. Әйтпесе Димекеңдей ұлы тұлғаны мұқату ойымда болған емес, болмайды да. Ал Өзбекстанға кеткен жерді қайтарып аларда, шынында да, Димекеңнің қолын кім қағушы еді?! Ол кезде абыройы аспандап тұрды емес пе? Мен соны айттым. Есіңде болсын, біз ұмытқанмен, ата тарих еш нәрсені ұмытпайды. Ашылмайтын құпия, айтылмайтын шындық болмайды. Бұл – өмірдің заңы. Тұлғалар тағдыры тарих үшін керек, табыну үшін емес.

Жермен ойнау – отпен ойнау емес, оқпен ойнаумен бірдей. Шынында да, жер – жаннан қымбат. Жер мәселесі қазір де күйіп тұр. Ертең де осылай бола береді. Оған күмәнің болмасын. Мен қазақтың жер туралы қасіретін толғадым. Ал сен болсаң мақалаңда мені ағаш атқа мінгізгің келіп, поэманың негізгі идеясы – жер жөнінде жұмған аузыңды ашпай, шыр айналып Қонаевтың ауласын қорғаштап айдалаға үресің. Қонаев сенің қорғауыңды қажет етпейді. Тарихтан өз орнын ойып алған тұлға. Оның тұсындағы қым-қуыт оқиғалар жайында маған дейінгі талай белгілі адамдар айтып та, жазып та кеткен. Оның несін жасырамыз? Таяуда «Жас Алашта» шыққан мақаласында Қайым-Мұнар Табеев те талай дүниені қозғапты. 

Сәбетбек, мақалаңның аяғында бауырыңды жазып барынша көсіліпсің, аузыңа не келсе соны күйсеп, көпіріпсің. Ал менің саған айтарым: Қонаев –  сенсіз де Қонаев! Бір кебісті бір кебіске сұқпай, танауыңды білмейтін жерге тықпай, өтірікті соқпай, біреуге жала жаппай жайыңа жүр.

Арды басқа тепкендей,

Арсыздықпен қылған іс.

Мысық тышып кеткендей,

Ішің неткен былғаныш?..

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 12:35
COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар режим бұзғаны үшін жазаланады
Күлтегін БЕК 03.06.2021, 09:08
Қара тасқа қашап жазған тарихын...
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 01.06.2021, 08:24
Бекзат болмысты Бекзат
Елеусіз МҰРАТ 29.05.2021, 10:12
Жалған жарнаманы насихаттағандарға жауапкершілік неге жоқ?
Батыр ЖАСҰЛАН 27.05.2021, 11:04
Қазақтың үні қашанғы қалыс қалады?
Қамысбай Бесінбергенұлы 25.05.2021, 09:08
Ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиетімізді дәріптеуге неге қарсымыз?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02