Жалған мейрамдардан жалықтық

Рәтбек АРЫНҰЛЫ

27.04.2022, 15:05

4441

Бізде не көп мейрам көп. Жыл он-екі ай түгел мейрам болып кетті. Қағанамыз қарық, сағанағымыз сарық. Несін айтасың, бар шаруамызды бітіріп қойдық, мейрамнан басқа тірлігіміз қалмапты. Төрт түлігіміз бағулы, егініміз салулы, уайым да, қайғы да жоқ. Кеңестік дәуірде мейрам көбейіп кетті деп зар еңіреуші едік, мынау оны он орап әкетті. Және мейрам сайын үш-төрт күн демалыс, кейде демалысымыз бір жетіге кетіп қалады. Ра-а-ха-т!

Тіпті, Өскеменнен шығатын «Менің өлкем» газеті (12 сәуір 2022 ж) халық танауынан шаншылып, жұмыстан қажып жүргендей-ақ: «Қазақстандықтар мамыр айында 12 күн демалады» – деп, айды аспанға бірақ шығарыпты. Сонда халыққа керегі демалыс емес, ақша екенін газеттің білмегені ме?!

Ол мейрамдар бізге керек па, жоқ па, оған қарап жатқан біз жоқ, дараңдап шаба береміз. Құдай-ау, мынау көршіге неге көз салмаймыз, мына өзбек ағайындарға деймін. Оларда жыл он-екі айда бірақ мейрам – тәуелсіздік күндері ғана тойланады екен. Басқа уақыттары түгелге дерлік жұмыс, жұмыс, тағы да жұмыс, қолдарынан кетпендері түспейді. Ал біз байғұстарда жұмыс та жоқ. Сол көп мейрамның біреуі – 9 мамыр Жеңіс күні. Ол қайдағы жеңіс, неткен мейрам, несіне қуанып мәз боламыз. Қане, есімізді жиып, еске түсірейікші!

Соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталды. Сол кезде біздің Смағұл әулетінің адамдары Ақсуат ауданының Ақжайлау колхозында тұратын еді. Бір атаның ұрпақтары осында тұрып, еңбек ететін. Осы әулеттің үлкені менің әкем Арын еді. Оның ең тұңғышы Әукіш, одан кейінгілері Қапай, Қосан, кенжесі мен, бір жарым жаста едім. Әукіштің үлкені Сіләмғазы ағатайым, одан кейінгісі Нұрыш апай, Сіләмбек, кенжесі Абай үш-ақ айлық болатын. Әкемнің бірге туған інісі Нұрекеш. Нұрекештен төрт ұл – Қошыман, Бақтығажы, Шәйкен, Задан, кенжесі Қанаткүл деген қыз бір жасқа да толмаған. Соғыстың аты соғыс. Отан қорғау керек. Смағұл әулетінен танауларынан тізіп отырып Әукішті, Қапайды, Қосанды, Сіләмғазыны, әкемнің інісі Нұрекешті, оның екі баласы Қошыман мен Бақтығажыны, жиені жеті адамды қидай сыпырып соғысқа алып кетті. Сол кезде Нұрыш  апай, мен, менімен бірге туысқан апайым Шәйзат, Сіләмбек, Абай, Рая, Райгүл, Задан, Қанаткүл, жиені тоғыз бала жетім қалдық. Сол кезде алпыс жастағы әкем: «Жал-құйрығымнан айырылдым-ау, мына жылбысқыларды қайтып асыраймын» – деп зарлап қалды. Сөйтіп жүріп құсадан, күйіктен жылға жетпей қайтыс болып кетті. Шындығында менің әкем де соғыстың құрбаны.

Біз сол кезде Ақжайлау қолхозындағы Бурыл қорасындамыз. Көп ұзамай алғашқы соғыс құрбандарынан «қара қағаз» да келіп жетті. Әуелгі қаралы хабар Әукіштен келді. Оны естірткенде аналарымыз Қайша апам, Нұрғатипа тәтем, Кәман бірін-бірі құшақтап көріскенде Бурылдың желкесіндегі Көкшыбық тауы күңіреніп тұрды. Өз басым ес білгенде далаға  киіп шығатын аяғымда аяқ киімім болмады. Қыстың күні қардың үстімен зыр жүгіріп шығып, үйге қайта кіргенше аяғым домбығып ісіп кететін, қолымды уқалап, үрлеп үйге әрең кіретінмін. Аналарымыз күндіз-түні жұмыста, біз өңкей  балалар үйде қараусыз қаламыз. Естияр ересектеріміз Нұрыш, Рая апайларымыз, соларға жаутаңдап қарап қалдық. Аналарымыз кешке қас қарая үйге әрең келетін. Келе бізді кезек аймалап, құшағына алып, пешке от жағып, бізді жылытып әлек-шәлектері шығатын. Қайнаған суға бір қасық сүт қосып, бір-бір уыс қуырылған бидай беретін.

Соғыстан ең әуелі мүгедек болып, екі аяғынан айырылып Бақтығажы ағатайым келді. Менің есімде қалғаны ол кісі протезбен келді. Семейде жатып протез салдырып бірақ келген сияқты. Кешке жатарда протезін шешеді. Аяғына ораған  дәкесі (марля) ащы ішекше шұбатылған ұзын орауыш. Оның орауын жазып, қайта шиыршықтауының өзі бірталай уақыт алады. Оны жатарда Қайша апам (Бақаштың анасы, біз Бақтығажыны Бақаш дейтінбіз) немесе менің шешем Нұрғайша екеуі кезек жуатын, өйткені ол кезде дәке қат, еш жерден табылмайды. Аналарымыз жуған дәке таң атқанша кеуіп қалады. Таңертең Бақаш орнынан тұрғанда аяғындағы дәкесін орауға мен көмектесемін. Дәкенің ұшын керіп созып тұрам, Бақаш оны өзі шиыршықтап бүктейді, онан соң кесілген жұп-жұмыр аяғын уқалап, сипалап ұзақ отырады. Маған ол аяқ алғаш қорқынышты боп көрінді, кейіннен үйрендім, құшақтап мен де сипап, ол кісі орағанша құшақтап отырамын аяғын. Ол кесілген аяқтың басы домалақ, кәдімгі талқан түйетін келсап сияқты. Бақашым әлгі бүктелген дәкені жазып отырып аяғын айналдыра орайды да санына жеткенде байлап тастайды. Екінші аяғын да тура солай баптап, байлайды. Сонан соң мен шәугім мен елеген әкеп Бақаштың қолына су құямын. Ол кісі жуынып болған соң сүйемелдеп әкеп дастархан басына отырғызамын. Бұл тірлік күнде осылай қайталанады.

Онан соң соғыстан бір аяғынан айырылып Қошыман ағам келді. Ол кісі Бақашымдай емес, протез киген жоқ. Кесілген бір аяғын ешкімнің көмегінсіз, біреуге салмақ салмай аяқты қолдан жасап алды. Үш бұтақты ағашты қырлап, жонып, санына киілген жеріне үш айылбас орнатып, шалбарының бос қалған балағын қайырып, олқы қалған жерлеріне киіз, немесе ескі көрпені кесіп сонымен тығыздайды да аяғын киіп алады. Сонымен өгізге қарғып мініп, секіріп түседі. Сөйтіп мал бағып кетті. Мен сол Қошыман ағаның бір жерінің ауырғанын, не ауруханаға жатқанын өмірден өткенінше бір көрмеппін. «Құдайдың берген қуаты ғой!» – деп, Қайша апам риза боп отыратын. Бақашым да, Қошыман ағам да кейіннен үйленіп отау құрды, балалы-шағалы болды. Арттарынан ерген ұрпақтары қазір әр салада еңбек етіп жүр.

Жалпы бұл соғыста біздің отбасынан Нұрекеш, Әукіш, Қосан бұлардың қатарына Майсараның әкесі Назарбаев Бөлеуді қоссақ төрт адам хабарсыз кеткен екен. Қапай ағам контузия алып келсе, Сіләмғазы ағатайым да соғыстың салдарынан ұзақ жасай алмады. Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, миллиондаған қазақстандықтардың басынан кешкендері. Ал біз соғыс балалары аналарымыздың арқасында аман-есен жеттік, отбасын құрып, ұрпақ  өсірдік. Соғыс балалары демекші, Ресейде соғыс балаларына соғыс біте салысымен өтемақы төленді. Біздегі сияқты тиын-тебен емес, қомақты қаржы. Ал бізде 1938 жылы туғандар ғана соғыс балалары мәртебесін алды. Ал сол кезде туып, қиыншылықты солармен бірдей көрген біздер одан шет қалдық. Жалаң аяқ, жалаң бас, көз жасымыз тиылмай жылап жүрген, кейбір колхоз бригадирлерінен қақ-соқты көп көрген, солардың билішктері жон арқамызды тіліп түскен жетімдерге солардың тізесі көп батып еді. Ал Назарбаев бастаған мемлекет бір тиын да өтемақы төлемеді.

Мен өз отбасымдағы өлген адамдарды ғана жоқтап отырмын. Ал бүкіл Қазақстандағы, Кеңес Одағындағы жағдай қалай? Кейінгі деректерде Қазақстан бойынша Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың санын бір миллионға жеткізбейді. Мен олардың айтқандарына сенбеймін. Бұл соғыста өлгендер одан да көп болуы керек. Себебі бізде хабарсыз кеткендер мен өлгендерді іздеудің орнына: «Соғыста өлгендер ешуақытта ұмытылмайды» деп халықты алдарқатып, ж алған ұран таратып жіберді. Оған ешкім де сенбейді. Біздің отбасынан соғысқа кеткен сегіз адамның төртеуі қайтпай қалса, төртеуі жарты жандарымен мүгедек болып келді. Бұдан артық қандай цифр, қандай дәлел керек.

Ал Кеңес Одағы бойынша өлгендерді іздестіріп, тауып жатқандарды цифрлардың тізімінен байқауға болады. Соғыс аяқталғанда олардың саны 20 миллион еді, ал 1959 жылы өлгендердің саны 25 миллионға жеткізді. Ал өткен жылғы деректерде 47 миллионнан асырды. Бұл енді шындыққа таяу.

Орыстың әскери жазушылары Астафьев, Никулиндердің жазғандарын мен нақты деректер дер едім. Виктор Астафьевтің «Қарғыс атқандар мен қаза тапқандар» романында мынадай жай айтылады. «Бұл соғыста біз қанша адамнан айырылдық? Шынайы санды айтудың өзі қорқынышты. Ал оны атаған күннің өзінде парадтың орнына Жеңіс күні қара жамылған күйі Ресейдің ортасында жауды орыс қанына батырып, жеткен жеңіс үшін бүкіл халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрау керек» – деген.

Ал Кеңес Одағының маршалы Иван Конев: «Жеңіс дегеніміз не?  Ең алдымен, бұл – бүкілхалықтық қайғы-қасірет. Қаза болған жандарды еске алатын, аза тұту күні. Адамдардың көз жасы мен қанына толған өзендер. Бұл – миллиондаған мүгедектер мен жетімдер, қараусыз қалған қарттар, миллиондаған тағдырлардың тауқыметі, фашистік, кейіннен Кеңестік лагерьлерде запталып өлтірілген миллиондаған патриоттар».

Ал біз қазақтар, қанша жыл мерекелеп келеміз осы Жеңіс күнін? 77 жыл! Өз-өзімнен жынды кісіше күлемін. Бала кезімізде «77 әкеңнің аузы...» деп боқтағанымыз есіме түсіп. Е-ей, қазақтар? Ұзын мойындарыңды созып, алды – артыңа, оң-солыңа бір көз тігіп қарашы. Арақ ішіп, ыржалақтап, неменеңе жетісіп мерекелейсің (мерекеледің) бұл күнді. 77 жыл несіне дараңдап, еліріп, есіріп той-тойлап, би билеп келгенбіз. Әкелеріміздің соғыста қырылғаны үшін бе, өлгендерін жоқтап аналарымыз көз жастарын көлдеткені үшін бе? Ал біз жетім балалар жалаң аяқ, жалаң бас қар үстінде зыр жүгіріп жүргеніміз бен тоя тамақ іше алмай, жылы киім кие алмай еңіреп жүргеніміз үшін бе? Қасқырға да жем бола жаздадым ғой. Қараңдаршы, көздеріңді ашып, осы біз 77 жыл бойы жындыханада жүрген жоқпыз ба? Сонда біз 77 жыл бойы орыстың соғысын насихаттап жүріппіз ғой. Ал сол орыс Украинаға басып кіріп, қалаларын талқандап, бейбіт халқын қыруда. Украин халқы босқынға айналды.

Есімізді жияйықшы, қазақтар! Ол үшін Назарбаевтан қалған жалған мейрамдардың күшін жойып, құрту керек. Бәрін, барлығын. Өйткені олардың бәрі де бұрыңғы Кеңес Одағынан қалған мейрамдар. Оны Назарбаев Кеңестік жүйені сақтап қалу үшін әдейі, қасақана қулықпен қалдырды. Сол сияқты жартыкеш тәуелсіздік күнінің де бізге керегі жоқ, қазақтар, толық тәуелсіздік алған жоқ. Қазақ барлық жағынан ұтылыста – тілі де тәуелді, әл-ауқат, тұрмысы да, экономикасы да басқа ұлттарға тәуелді. Сондықтан Қазақстандағы барлық мейрамдар жойылып, олардан бас тартқан жөн. Тек қана тәуелсіздік күні ғана қалсын, оның өзі де жоғарыдағы айтқандай түзетіліп, қайта жазылсын. Ал ол мерекелерге бөлінген қаржылардың барлығы бәрі бір жемқорлардың жемсауына түседі. Одан да қаражаттар зейнеткерлердің зейнетақысы мен мүгедектердің жәрдемақыларын көбейтуге жұмсалсын. Сонда ғана халыққа пайдасы тиеді.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33