Жалғыз өзі сотталды - 2

Президент те, жоғарғы сот та, бас прокурор да үнсіз

Аян КІШКЕНБАЕВ

21.01.2021, 17:34

3506

Құрметті редакция! Қазақстандағы ең беделді газет «Жас Алаш» екені белгілі. Шындықты жазасыздар, әділеттікті ту етесіздер, әркімнің жанайқайын түсінесіздер. Мен де отбасымыз көрген жәбірді осы газет арқылы халыққа, жоғарыға жеткізгім келеді.

     Өткен жылдың шілде айындағы газет санында «Жалғыз өзі сотталды» деген тақырыппен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы білім бөлімінде жымқырылған қаржыны (37 млн) қолында электронды цифрлы қолдың (ЭЦҚ) кілті болмаған, қаржы аударуға мүмкіндігі жоқ, колледжді жаңадан бітіріп жұмысқа орналасқан қатардағы есепші Д.Ерсұлтаннан көріп, аудандық соттың судьясы Б.Әбуев тергеу кезінде жіберілген кемшіліктерді  көрмей, оның жалғыз өзін ғана айыпты деп танып, бес жылға соттағаны және 22 миллион теңгені төлеуді мойнына артқаны туралы анамыз Б.Төлегенова  президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов пен бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке ашық хат жазған еді. Алайда олар немесе олардың көмекшілері газетті (сайтқа да жарияланған) оқымады ма, еш хабар болмады. Көпбалалы ананың жанайқайына ешкім құлақ аспады. Газетте аты аталған прокуратура, сот қызметкерлерінің әрекетіне де  баға берілмеді. Газетте Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Қордай аймағы бойынша тергеушісі Н.Байтанаевтың тергеу кезінде жіберген кемшіліктері, атап айтқанда:

а) функционалды міндеттері бойынша мемлекеттік қаржының дұрыс жұмсалуын қадағалаулары тиіс бас есепші А.Наушабекованың, сектор меңгерушісі Ш.Смағұлованың «жұмысымыз көп болғандықтан, есепті тексере алмадық» деп айтқан  уәждерін қабылдап, оларды  күдікті деп танымағаны, ең болмаса салғырттығы немесе әрекетсіздігі бойынша жауапқа тартпағаны;

       ә) заңсыз аударымды кім жасағанын анықтау үшін бөлім              басшысының, бас есепшінің және сектор меңгерушісінің арнайы                                   бағдарлама орнатылған компьютерлерін тексермегені, егер тексерсе, ЭЦҚ кілті арқылы кімнің, қай күні, кімге, қанша заңсыз аударым жасағаны анықталатыны;

б) Д.Ерсұлтан тергеуде берген жауабында «маған сектор меңгерушісі Ш.Смағұлова мен қызмет көрсетіп отырған үш мектептің 10 мұғалімінің аты-жөндерін айтып, оларға артық ақша кетіп қалғанын, соны бас есепшінің тапсырмасы бойынша жинап, өзіне беріп отыруды тапсырды. Мен олардың тапсырмасын орындадым» деген жауабын ескермегені;

 в)  үш рет жасалған сот сараптамасында (соңғысы 24.01.2020 жыл) эксперт «Д.Ерсұлтан жасаған есептеулер дұрыс, ұзақ уақыт бойы заңсыз аударымдар бас есепшісіз жүргізілуі мүмкін емес, заңсыз аударымдар қосымша қаржыландыру көздерінен болған» деп көрсетсе де, оған көпе-көрінеу мән бермеуі, қатардағы есепшінің қаржы аудара алмайтыны, қосымша қаржыландыруды шеше алмайтыны, оны тек білім бөлімінің басшысы аудан әкімі, аудандық мәслихат арқылы шешілетінін есепке алмауы;

г) Д.Ерсұлтанға қатысты істі тексеру барысында білім бөлімінің бас есепшісі А.Наушабекованың жалған құжат жасау арқылы 1,5 миллионға жуық іссапар шығындарына қаралған қаржыны иемденіп, бас пайдасына жаратқаны белгілі болып, қылмыстық іс қозғалып, оны төлегеннен кейін  ҚР ҚПК-нің 68-бабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты (!) қылмыстық іс қысқартылғаны (бағдарлама әкімшісі жәбірленуші білім бөлімі болса, А.Наушабекова өз бөлімімен өзі қалай татуласады?);

д) тергеуге ұсынған бұйрықтарының жалған екенін, ол бұйрықтармен қызметшілердің таныспағанын және заң жүзінде тіркеуге алынбағанын дәлелдеп көрсеткенбіз.

Осы әрекеті үшін ғана Ж.Жазықбаевты, А.Наушабекованы қызметтік «подлог» үшін жауапқа тартуға болатын еді. Тізе берсең көп.

Ал Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев болса тергеуші Н.Байтанаевтың тергеу жұмысында ешқандай кемшілік жоқ деп, оны қызғыштай қорып жүр.

Судьялар тірлігінің  тіпті сорақы екенін жазғанбыз. Алғаш рет білім бөлімі басшыларының барлық жымқырылған қаржыны Д.Ерсұлтаннан өндіруді азаматтық іс ретінде қарап, шешіп беру жөніндегі өтініштерін судья Бағлан Дәлібаев өндіріске қабылдап, сот отырысын өткізгенін, соттың екінші отырысында Д.Ерсұлтанның қорғаушысы айқай көтеріп, мұнда қылмыс белгілері бар екенін айтқан соң ғана құжаттарды Қордай аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне тапсыруға мәжбүр болғаны, тергеуші Нұржан Байтанаев болса тергеу кезіндегі жоғарыда аталған кемшіліктер бола тұра, істі прокурорға бекіттіріп, сотқа өткізгені жазылған еді. Ал судья Бабырхан Әбуев тергеу кезіндегі жіберілген кемшіліктерді «көрмеді», оны толық зерделемей, заңсыз аударымдарды кімнің жасағанына көз жеткізбеді.

Ең ақылға сыймайтын  жағдай – бас есепші бола тұра, өзі қаржы ұрлаған А.Наушабекова сотта айыптау жағынан бас куә болды. Сот процесі толық аяқталмай жатып судья Бабырхан Әбуев барлық құжаттарды, яғни заттай айғақтарды қылмыс орын алып отырған білім бөліміне беріп жіберген, нәтижесінде, құжаттарды қайта алғызғанда, кейбір папкалардың парақтары жұлынып, цифрлар мен әйелім Д.Ерсұлтанның қолы  өзгертіліп, ішінен 40-тан астам папка жоқ болып шыққанын да жазғанбыз. Б.Әбуевтен «неге олай істедің» деп сұрағанда, «мен сақтауға бердім» деген. Мұның бәрі сот отырысының аудиожазбасында және қорғаушылар тарапынан жасалған актіде көрсетілген. Судья осы әрекеті  үшін жауап бермей ме? Судья Әбуев ештеңеге бас ауыртпай, барлық қаржыны Д.Ерсұлтан жымқырды деп, жас қыздың жалғыз өзін бес жылға соттағанын, тергеушінің де, прокуратураның да, соттың да білім бөлімі басшыларының ықпалынан шыға алмағанын айтқанбыз. Өз пікірі жоқ, жасалған айыптауға баға бере алмайтын, қызметтік құқық бұзушылық жасап отырған сот ісіне неге баға берілмейді?

  Бар үміт апелляциялық сотта болатын. Ең болмаса солар қаржыны жымқыруға мүмкіндігі барлардың ісіне баға беріп, білім бөлімінің басшысы Ж.Жазықбаев, бас есепші А.Наушабекова, сектор меңгерушісі Ш.Смағұлова бірігіп құрған қылмыстық топты табады немесе тергеудің сапасыз жүргізілгенін анықтап, істі қайта тергеуге жіберетін шығар деп үміттенгенбіз. Н.Абидов бастаған Жамбыл облысының апелляциялық соты істі қарады. Олар да тергеудің дұрыс жүргізілмегенін, тергеу кезінде жоғарыда аталған кемшіліктер кеткенін көре тұра, көз жұмып  істі толық зерделемей (немесе басқа жағдаймен), қаржының дұрыс аударылуын қадағалауға тиіс, қолдарында ЭЦП кілті бар білім бөлімінің бас есепшісі А.Наушабековаға да, сектор меңгерушісі Ш.Смагұловаға да шаң жуытпай, арнайы базамен жұмыс жасамайтын, қолында ЭЦП кілті жоқ, қарапайым есепші Д.Ерсұлтан 33 млн қаржыны өзі жымқырды деп шешті. Д.Ерсұлтанды жазаға тарту  тек А.Наушабекова мен Ш.Смағұлованың  ауызша айтқан дәлелсіз сөздерінің негізінде  ғана жүргізілді. Ал апелляциялық сотқа қорғаушылар тарапынан тергеу мен соттың бірінші инстанциясында жіберілген кемшіліктер көрсетіліп берілген өтінішхаттардың ешқайсысы қанағаттандырылмай, жабулы қазан жабулы күйде қалды.

Ең өкініштісі, соңғы сот отырысының алдында түрмеде жатқан әйелім Д.Ерсұлтанды белгісіз жағдаймен өз қорғаушыларынан бас тартқызып, басқа қорғаушы ұсынып, ол қорғаушы Д.Ерсұлтанды барлық кінәні мойнына алуға «көндірген». Қорғаушының бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Ол өзі қорғаушы ма, әлде қорлаушы ма? Осыны күткендей, апелляциялық сот ертеңіне оның жазасын өз күшінде  қалдырды. Ата заңымыз Конституцияда «өзінің мойындауымен ешкімді жазаға тартуға болмайды» деп жазылған ғой, олай болса не тергеумен, не  сотпен нақты дәлелденбеген қылмыс бойынша неге жалғыз Д.Ерсұлтан жазалануы тиіс? Қолында ЭЦП кілті жоқ адамның ақша ұрлай алмайтынын  көшедегі кез келген қарапайым адам біледі емес пе? Облыстың заң органдарының неге бір бөлім басшысы мен бас есепшісіне шамалары келмей отырғанын түсінбеймін. Сыбайлас шығар… Басқа облыстағы  заң органдары ешкімнің шеніне қарамай, заң бұзған министр, министрдің орынбасарлары, облыс әкімдері, олардың орынбасарлары, басқа да үлкен лауазымды тұлғаларға  қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартуда. Ал Жамбыл облысының заң органдары Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшыларына келгенде неге сорлы болып отыр?

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, бас прокуратураға, облыстың барлық заң органдарына орын алып отырған заңсыздық пен әділетсіздікке бірнеше рет жанымыз күйіп шағым жазғанмен, «баяғы жартас – сол жартас» болып отыр. Олар өздері зерделемей, біздің шағымымыздың бәрін осы әділетсіздікті жасап отырған Жамбыл облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне немесе білім бөлімінің өзіне жіберіп, солардың сырғытпа жауаптарын алға тартады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс білім бөлімінің басшылары Ж.Жазықбаев, А.Наушабекова және Ш.Смагұлова мемлекеттің ірі мөлшердегі қаржысын талан-таражға салса да (2020 жылы екі балабақшаның меңгерушілері 11 млн-нан астам қаржы жымқырып сотталды, ревкомиссияның тексеру қорытындысы бойынша 441 млн қаржылық заңбұзушылық анықталды), сөгіс берілумен шектеліп отырғанын қалай түсінеміз? Заң алдында оларға неге артықшылық береді?

 Жамбыл облысының Шу ауданындағы білім бөлімінде де тура осындай жағдай орын алып, мемлекеттің 230 миллион теңгесі жымқырылған. Оны тергеген тергеуші Керімбаев тергеуді нақты дәлелдермен жүргізіп, білім бөлімінің басшысы, бас есепшісі, сектор меңгерушілері бар – барлығы 12 адамды қылмыстық жауапқа тартып, нәтижесінде білім бөлімінің басшысы  9 жыл, бас есепші 10 жыл түрмеге, қалғандары  әртүрлі шартты мерзімге сотталды. Тараз қаласының білім бөлімінде де жалғыз қарапайым есепші ғана сотталған еді, бас прокуратураның қарсылығымен сот шешімі бұзылып, іс қайта қаралып, бас есепшінің қылмысы дәлелденіп, ол сотталды.

     Ал Мойынқұм ауданындағы жағдайда бас есепші мен оның сыбайластары, бөлім басшысы мен сектор меңгерушісі ешқандай жазаға тартылмай отыр. Сонда бір мекемеде қызмет жасайтын екі  тергеуші ұқсас  жағдай үшін заңды екі түрлі қолданып, көрші екі ауданның соты екі түрлі шешім шығарып отырғанын қалай түсінуге болады? Әрине, Шу ауданының тергеуі мен сотының әрекеті дұрыс, нағыз қылмыскерлер өз жазаларын алды. Ал Мойынқұм ауданындағы жағдайда бәрі керісінше. Қайта-қайта облыстық прокуратураға жазып жатып, бухгалтерлік сот сараптамасын тағайындау  туралы  2020  жылдың қараша айының басында экономикалық тергеу департаментінің қаулысын шығартқанбыз. Алайда бүгінгі күнге дейін олар білім бөлімінен сұратқан бухгалтерлік құжаттарды әртүрлі сылтаулармен экспертизаға бермей отыр.

     Жоғарыда аталған лауазымды тұлғалардан бастап, бүкіл қазақстандықтардан араша сұраймыз. Әділдік талап етеміз.

Редакциядан: Соншама шулы науқаннан кейін ешқандай өзгеріссіз (!), бұрынғы құрамымен жұмысын қайта жалғастырып жатқан үкімет те бұл хатқа бейжай қарамайды деп сенеміз. Аудандық соттың аудандық білім бөліміне сөзі жүрмесе, бәлкім, орнында қалған мақтаулы министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзі жүрер? Тіпті болмаса өзі басқарып отырған облыста болып жатқан мұндай жайтқа ең тәжірибелі әкім Бердібек Сапарбаевтың назары түсер? Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері жайлы мұндай күдіктің тууының өзі білім және ғылым министрлігіне, облыс әкімдігіне онша жақсы ат әкелмейді. Бір жағы, «Еститін мемлекет» бастамасын ұсынған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі республикалық газет арқылы өз атына жазылған ашық хатты көрмей қалуы да онша ақылға сыймайтын жайт. Мақала авторы айтып отырғандай, «көмекшілері» (баспасөз қызметі) де ескеруге тиіс жағдай бұл.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44