«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...

Үкімет «батпаққа батқан» елге қашан мойын бұрады?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

16.09.2022, 08:42

2417

Күні кеше еліміздің Ұлттық статистика бюросы ауылдан қалаға көшу динамикасы артып келе жатқанын мәлімдеді. Аталмыш бюроның дәйектері «қазақстандықтардың 12 млн-нан астамы қалада шоғырланған. 7 млн 500 мыңы ауылда тұрады», дейді.

  

Сөйтіп, ауылдан қалаға көшкендердің саны артып келеді делік. Бірақ ауылдан қазақ көшкенмен – қалаға келіп өсе ме?! Мәселе осында. Үкімет тоқсаныншы жылдары «екі қолға бір күрек» таба алмай, нәпақа іздеп, ауылдан үдере көшкендерге жағдай жасай алмаған. Ал қазір бұл түйткіл оңынан шешілді ме?!

Бүгінде ауылдан қалаға  көшіп келіп, өз күшімен қаланың сыртынан жер алып, ол жерге қаншама жылдап табан ақы маңдай терімен баспана тұрғызған халықтың мұңы көп. Қаладан 500 қадам ғана қашықтықта тұрса да өркениеттен ада қалғандықтарын айтып, наразылық білдіретін елдің қарасы жетіп артылады. Алайда инфрақұрылымға жарымаған, заманауи жаңашылдықтан тыс қалған жұрттың зарын еститін үкімет  жоқ.  Мәселен,  біз алып мегаполис санайтын Алматы қаласының іргесінде тек қана су алу үшін таңғы бестен бұлаққа барып, кезек күтетін ел бар. Өткенде ғана Алматы облысына қарасты Төңкеріс ауылының тұрғындары ауыз суды осылай ішетіндерін айтып ашынды. Төңкерістен әрі 10 шақырымда орналасқан бұлақтан бүкіл ауыл су алады, сондықтан кезек те үлкен. Ауылда жолдың  жағдайды да қиын. Тұрғындар он жылдан бері су, газ және жол салып беруді сұрап келеді. Осы уақыттың ішінде әкімдікке де бірнеше рет шағым айтылған. Бір бұл емес, өркениеттен ада болған елді мекендердің саны тізе берсек, жетіп артылады. Алматы облысына қарасты, Қарасай ауданы, Іле ауданының тұрғындары да қаншама жылдан бері сапалы инфрақұрылымға қол жеткізе алмай жүр. Бұл ретте, «Жас Алашқа» шағымданған ауыл тұрғындары «Жаңа Қазақстанда емес, тас дәуірінде өмір сүріп жатырмыз», деп ашынады.

 Мысалы,  Іле ауданы, Қоянқұс ауылының тұрғыны Фарида Жақсылықованың айтуынша, осы ауылға көшіп келгеніне он жылға жуықтаған. Соның жеті жылында Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың қабылдауына жеті мәрте кірген. Ондағы мақсаты – «Алматы қаласынан бес жүз метр ғана қашықтықта тұратын Қоянқұс ауылындағы жолдардың ойдым- ойдым сапасыздығы, су мәселесінің шешілмейтіндігі шешімін тапса», дейді. «Өкінішке қарай, уәде біреледі, бірақ орындалмайды. Жолдарымыз мүлде жасалмаған. Батпаққа батып жатамыз. Үнімізді еститін адам жоқ. Тіпті, осы ауылдың ішінде 20-30 жылдап жасалмаған көшелер бар. Бейнебір тас дәуірінде өмір сүріп жатқандаймыз», – дейді ауыл тұрғыны.

   Тас дәуірі дегеннен шығады, ақиқатында, біздің үкімет 2016 жылы  дамуы кенжелеген, инфрақұрылымы жетілмей жатқан осындай елді мекендерді дамыту мақсатында «Өңірлік даму – 2020» бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама арқылы елді мекендерге инвесторлар тарту, бизнесті дамыту, туризмді өркендету, халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға кадрлық саясатты жүйелеу тәрізді «тамаша» жоспарлар орындалуы керек-тін. Бірақ  өкінішке қарай, осы бағдарламаның аяғы сиырқұйымшақтанып барып, жоқ болды. Бұл ретте, бізге пікір білдірген экономист-ғалым Оразгелді Ақаевтың айтуынша, бізде «Жұмыспен қамту – 2020»,  «Өңірлерді дамыту – 2020», «Моноқалаларды дамыту – 2020» бағдарламалары бар еді. Осы  бағдарламалар сауатты жұмыс істегенде – ауыл халқын жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу, елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешілер еді. Бірақ бұл бағдарламалар үмітті ақтамады.

«Үкімет болашақта осы бағдарламалардың неге нәтиже көрсетпегеніне қатысты халыққа толық есеп беруі тиіс деп ойлаймын», – дейді маман.

Рас, 2012 жылы  елде «Моно-қалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы қабылданғанын біз де білеміз. Бұл бағдарлама бойынша да дамуы артта қалған шағын қалаларды, ауылдарды дамыту, олардың инфрақұрылымын реттеу, бизнестік орта қалыптастыру көзделген еді. Бірақ бұдан да дамып кеткен шағын қалаларды көре қоймадық. Бұл бағдарламаға бөлінген қаражат та «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ме», әйтеуір, бағдарлама еш нәтижесіз құмға сіңгендей жоқ болды.

  Жалпы, мамандардың пайымдауынша, елімізде барлығы – 175 аудан болса, соның ішінде, 72 аудан дамуы жағынан кенжелеп қалған. Мұны ескерсек, болашақта Қазақстан үкіметіне өркениеттен ада қалған аймақтарды қалыпқа келтірумен мықтап айналысуға тура келеді. Ол үшін, алдымен, мына ұсыныстар ескерілуі тиіс: 

Біріншіден, жер асты суларын көбейтіп, (каналдар орнату арқылы) қуаңшылыққа ұшыраған жерлерді ылғалдандыру, елді мекендерге су құбырын тарту үрдісін бастаған жөн. 

Екіншіден, елдегі полигон аймақтарын залалсыздандыру жұмысы жүргізілуі керек. Бұл ұлттың денсаулығы үшін қажет нәрсе. Қазір еліміздегі полигон аймақтарындағы жерлерді де өрт шалу оқиғалары жиілеп кетті. Өрт шалудың көбеюі – жайылымдық жерлердің эрозияға ұшырауына бірден-бір ықпал ететін дүние. Сондықтан бұл мәселе де назардан тыс қалмауы тиіс. 

Үшіншіден, дамуы кенжелеген елді мекеннің тұрғындарын, ең алдымен, жұмыспен қамту жағын шешу керек. Ол үшін ол аймаққа инвесторлар сол жерге бейім өндіріс орындарын ашуды қолға алу қажет.

Міне, мамандар тарапынан айтылып отырған ұсыныстар легі осындай.  Негізінде, елді «Жаңа Қазақстанға» жеткіземіз, «ұлттық жобалар аясында дамимыз», деп жүрген үкіметтің жоспарында бұл ұсыныстар көрсетілген. Қағаз жүзінде бізде барлығы – тастай.  Ал шын мәнінде, осы жобалар жүзеге асса, қанекей. Онда біз әлдеқашан дамып, дәуірлеп кеткен болар едік. Үкіметтің аңызы ақиқатқа айналған болса, халық нақ қазіргідей, «тас дәуірінде өмір сүріп жатырмыз», деп ашынбас еді. Қалай десек те үкіметке «батпаққа батып» жатқан елді аршып алатын, халықтың жағдайын жасайтын сәт әлдеқашан жетті емес пе?! Бәлкім, ондай атты күн де туып қалар. Үміттенейік...

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ 30.09.2022, 14:39
«Артспорт» бағдарламасы асығыс жасалған
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.09.2022, 08:36
«Әділетті Қазақстан» әдемі ертегі
Әділ АҚЫЛБАЙ 28.09.2022, 05:59
Қазақстанды қаралау кімге қажет?
Сағындық РАХЫМЖАН 27.09.2022, 14:15
Оталған орман...
Әділ КЕМЕҢГЕР 27.09.2022, 06:25
«Путиннің ақыры»..?
Батыр ЖАСҰЛАН 26.09.2022, 07:19
Әскери әлеуеті әлсіз ұйым Қазақстанға қажет пе?

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37