Жаңарған Түркістан, жасарған Нұрсұлтан

Жағымпаздар қойған ескерткіштің ендігі тағдыры не болмақ?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

05.07.2022, 08:30

2190

Қаңтар оқиғасынан кейін заман төңкеріліп түскендей, кешегі құндылықтың бәрі бүгінде құрғақ қиялға айналғандай күй кешіп тұрғанымыз рас. Әгәрәки, қаңтар қырғыны болмағанда, алдағы 6 шілде тұңғыш президенттің туған күнінде Қазақстанның тағы бір-екі қаласында Назарбаевтың ескерткіші бой көтеруі тиіс еді.

Бұған дейін Назарбаевтың ескерткіші алыс-жақын шетелде, Алматы мен елордада қойылғаны белгілі. Ал өңірлердің ішінде алғаш рет 2016 жылы Амандық Баталов әкімдік еткен Алматы облысында (Талдықорған қаласында) қойылды. Оның кейінгі қасіретті тағдыры бәрімізге белгілі.  Ал екіншісі, былтыр шілдеде Өмірзақ Шөкеев басшылық ететін Түркістан облысында (Түркістан қаласында) орнатылды.

Баталов пен Шөкеев… Мұның кездейсоқтық еместігі  сол кезде-ақ жалпақ жұртқа белгілі болған (егер жағдай күрт өзгеріп кетпегенде, бұдан кейінгі «ескерткіш қою эстафетасының» кезегі кімге бұйырар еді десеңізші).

Иә, кездейсоқ ештеңе жоқ. Ескерткіш қою операциясы алдын ала жасалған сценарий бойынша өрбіді. «Тұңғыш президентке қасиетті Түркістанның төрінен ескерткіш орнату керек», дегенді былтыр Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда «ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи деген азамат бастама етіп көтерді.

– Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның орталығында қаланың қайта жандануына себеп болған, сонымен қатар, түркі ықпалдастығы идеясын жүзеге асыруға баға жетпес үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш орнатуға шақырамын, – деді Билал Чакыджи.

Осыдан кейін көп ұзамай, әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің, осы партияның белсендісі, мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Елбасы ескерткішінің фонында түскен фотосы жарияланды. Гу-гу әңгіменің соңы шынға айнала бастады. Артынша, уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған, кейін кәсіпкерлікпен айналысып, бүгінде тасы өрге домалаған бизнесмен, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев ұдайы мақтап, өзгелерге үлгі етіп жүретін  Болатбек Әлиев әлеуметтік желіде ағынан жарылып, жазба қалдырды. Ол бау-бақша бизнесімен айналысатынын, бірнеше жыл бұрын бау-бақшасына Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, бата бергенін алға тартты. Тұңғыш президенттің моралдық қолдауының арқасында, өнімдерін экспортқа шығаруға көшкенін, бүгінде Түркістанда 400 гектар жерге өрік бауын еккенін алға тартқан ол Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістаннан ескерткіш орнату жөнінде бастама көтергенін жария етті.

– Бұл туралы талқылаулар болуы мүмкін, бірақ менің осындай ұсыныс айтуға кәсіпкер, ауыл шаруашылығының маманы ретінде қақым бар деп есептеймін. Оның осындай құрметке лайық адам екендігінде дау жоқ, бұл менің шешімім, мен бізде осындай тұлғаның бар екенін мақтан тұтамын, мырзалар батылырақ қимылдаңыздар, –деді Болатбек Әлиев.

  Алайда кейінірек Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай осыған қатысты Назарбаевтың пікірін жария етті.

 «Елбасы бұл идеяны және осыған дейін көтерілген өзге де бастамаларды қолдаған жоқ. Оған ескерткіш орнату, сәулет нысанының атауын өзгертумен байланысты мұндай «сыйлықтар», әсіресе бұл «сыйлықтарды» жергілікті шенеуніктер ұйымдастырса, мүлдем ұнамайды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай көңіл аударулардың қажет еместігін сан мәрте мәлімдеген болатын. Кейде кейбір адамдар әдейі ақпараттық шу тудырғысы келетіндей әсер қалдырады, – деді баспасөз хатшысы.

Осындай қарама-қайшы пікірлерден кейін былтыр мамырда «Жас Алашта» жарияланған мақаламызда біз:

– Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістанда еңселі ескерткіштер көп емес. Қазақ хандығының 250 жылдай астанасы болды деген қалада Абылай ханнан басқа бірде-бір ханға ескерткіш қойылмаған. Керей ханнан бастап, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Жәңгір, Ақназар, Кенесары хандарға қойылмаған ескерткіш еді. Түркістан дегенде, түркі идеясы үшін күрескен асылдарымыз ойға алдымен оралады. Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, кешегі Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы… Ер Түріктің бесігі туралы екі ауыз өлеңі үшін Мағжанға да Түркістаннан еңселі ескерткіш қойса жарасар еді. Өздерін кешегі Алаш арыстарының жоқтаушысымыз деп санайтын ақжолдықтарда бұл туралы идея жоқ па? Батылырақ болыңыздар, мырзалар! Елбасының пікірінен кейін ескерткіш қою бастамасы іске аса ма? Бұл енді 6 шілдеге қарай белгілі болатын сияқты, – деп жазған едік.

Қателескен жоқпыз, былтыр 6 шілде қарсаңында Назарбаевтың ескерткіші Түркістанның төрінде, дәлірегі, қаланың жаңа орталығында, облыстық әкімдіктің алдында еңсе көтерді. «Ұлы дала ұлы» деп аталатын композициялық туындыда Нұрсұлтан Назарбаевты автор жасарған кейіпте, қасиетті Қаратаудың фонында бейнеледі. Айтпақшы, туынды авторы, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашқа осы ескерткіш қойылғаннан кейін көп ұзамай, Түркістан облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Осыменен улап-шулаған жағымпаздар жаңарған Түркістанда жасарған Назарбаевтың ескерткішін қою операциясын тәмамдады. «Өте құнды» идеяны іске асырушылар Назарбаевтың қарсылығына қарамастан, оны, алдымен, шетелдік азаматтың аузымен айтқызды, ескерткішті қою ісіне әкімдікті, «Нұр Отанды» араластырмай, кәсіпкерлердің қолымен жасады, бірақ мұның бәрі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен жүзеге асырылды десек, қателеспеуіміз әбден мүмкін.

Неге десеңіз, Түркістан облыс орталығы болған алғашқы үш жылдың ішінде Назарбаевтың атымен аталатын немесе оның шашбауын көтеретін нысандар жалғыз бұл ескерткішпен бітпейді. 2020 жылы Түркістанда Атырау облыстық әкімдігі сыйға тартқан «Ұлы дала елі» деп аталатын орталық пайдалануға берілді. Бұл орталық Елбасының қара басын және оның жазған мақалаларын насихаттаумен айналысады. Нысан құрылысына бюджеттен және демеушілер арқылы бөлінген қаражаттың көлемі 9 миллиард теңгеден асады. Оның құрылысын мемлекеттік тапсырыстарды тендерсіз ұтып ала беретін, атышулы BI Group компаниясы жүргізді. Осындай айрықша артықшылықтарды иеленген «Базис» компаниясы Түркістанда Тұңғыш президент саябағының құрылысын 13 миллиард теңгеге жуық қаражатқа салды. 2019 жылдың наурызында қала орталығындағы үлкен көшелердің біріне Назарбаевтың есімі берілген-ді. Байқағандарыңыздай, Шөкеев бастаған шенеуніктер бас-аяғы үш жылдың ішінде көзі тірі бір адамның басына осыншама «сыйлықты» үйіп-төге салды. Атқамінерлер әр нәрсенің өз уақытымен құнды екендігін ұмытты. Енді осының бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қала бермек пе?

Әрине, Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанға, қайта түлеген Түркістанға сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Мынандай алмағайып, ескінің бәріне күйе жағуға бейім көңіл күй билеп тұрған заманда Елбасыға баға беретін кез емес. Бәріне уақыт өз төрелігін айтады. Біздің айтпағымыз, бір адамның жеке басын асыра дәріптеуді шенеуніктер, сол адамның қарсылығына қарамастан, «Жаңа Қазақстанда» да жалғастыра бере ме?

Кеше Назарбаевпен мақтанатындар енді бүгін не дер екен?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41