«Жас Алашым» – жастық шағым

Мүсірепхан МЫҢБАЙ

15.01.2021, 10:07

1864

       Артыма қарайласам, «Жас Алаш» газетімен етене жақын болғаныма аттай  66 жыл болыпты. Зымыраған уақыт-ай дейсің, 80 жасқа да келіп қалыппыз. Өкінішім жоқ, Аллаға ризамын. Осы жылдарда ғасыр жасаған «Жас Алаштың» бетінен талай құнды мақалалар, әңгімелер мен жыр жауһарларымен танысып, көңіліміз марқайып отырды. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Мұқағалидың, Қадыр Мырза Әлінің, Тұманбайдың, Фаризаның, қос Мұхтардың т.б. көптеген шығармашылық өкілдерінің туындыларымен танысқан кездері өзімнің де жазуға деген құштарлығым оянып мазалайтын. Соның әсері болса керек, аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жаза бастадым.

       «Лениншіл жаста» ең алғашқы мақалам «Ризамын саған, Бағдагүл!» деген атпен жарық көргенде мендегі қуаныштың аспанға алып ұшқанын түсіндірудің оңай еместігін, жазуға ынталылардың сезінетіні белгілі ғой деймін. Осы алғашқы шағын мақалам мені қазіргі «Жас Алашқа» мықтап «байлап» тастады десем болады. Содан бастап әртүрлі тақырыптарда  мақалаларым әр жылдарда жарияланып тұрды. Жастық шағымызда қатарластарымыздың елең еткізер жетістіктеріне, жаңалықтарына өзіміз жеткендей алақайлап қуанып қалатынбыз. Әнші бола ма, жазушы-ақын немесе журналист, не композитор ма, бәрібір біз солардың әрбір қадамынан хабар алып, қуана қол соғатын едік. Күншілдік деген атымен жоқ еді. Қатарластарымыздың руына, тегіне, жерлестігіне шатағымыз жоқ, баспасөз арқылы олардың оң қадамдарына тілектестігімізді  білдіретін едік.

       Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында сонау «Шығыс Пруссияда»  (қазіргі Ресейдің Калининград облысы) әскери  борышымды өтеп жүріп, 10 күндік демалыс алып, ауылға келдім. Келсем, бүкіл Қазақстан аспанында Шәмшінің әндері қалықтап жүр. Орындаушылар: Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев дуэті. Қайда барсам да, күндіз-түні осы екеуінің салған әндеріне тамсанып, өз-өзіне риза болып отырған қариялар мен жастарды көремін. Он күн демалысым лезде өте шықты. Ауылдан көтеріңкі көңілмен шықтым. Әскердегі міндетіме оралып келдім де, жауынгер достарыма ауылдан алған әсерімді айтып тауыса алмадым, Шәмшінің әндері бұрыннан барлық жастардың жүрегін жаулап алғаны белгілі еді. Бірақ мынау Нұрғали мен Ескендірдің орындауларында «түлеген құстай» құлпырып шығады екен. Бұл кезде осы екі жас әншіні Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынып, халық таңдауына талқыланып жатқан кез еді. Осыған үн қосу ниетімен қолдауымды білдіріп, «Түлеген құстай құлпырып» деген атпен «Лениншіл жасқа» мақала жаздым. Осы газетте менің қойған тақырыбыммен топтама жарияланды. Менің қуанышымда шек жоқ. Өйткені мен Нұрғали мен Ескендірдің жастар сыйлығын алуына өз үлесімді қосқаныма риза едім.

      Баспасөзге араласып тұру бұл өзінше қызығы мен шыжығы мол болып тұратын өте күрделі, жауапкершілігі де жеткілікті әдетке айналады екен. Бірде ауыл клубының қараусыз қалып, малдың  «демалатын» мекеніне айналғанын «Ара» журналына жазамын деп, колхоз басқармасынан қуғынға ұшырадым. Бұл туралы кезінде «Лениншіл жас» газеті «Үш тілші, үш оқиға» деген мақала шығарды (мен және екі кісі, аттарын ұмыттым).

     1956 жылдан бастап «Лениншіл жас» газетінен қол үзген емеспін. 1963-66  жылдарда әскер қатарында жүріп те, сол жаққа пошта арқылы жаздырып алып жүрдім. Сол жылдары әскер өмірінен де мақалалар жазып тұрдым. «Егіз алма» деген әдеби шығармам сол кезде жарияланды. Сол алғашқы шығармам туралы «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жағымды пікірлер жазылды. Мен мұның бәрін мақтану үшін еске алып отырған жоқпын, «Лениншіл жастың» маған көңіл бөліп, менің жазуға, оқуға деген құштарлығымды еселеп арттырғанына ризашылығымды білдіріп отырмын.

      Газетте жарияланған әртүрі мақалалар, әдеби шығармалар кімді болсын  өзіне тартады. Кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде меншікті тілші болған, қазіргі әлем әдебиетінде өзіндік орны бар Мұхтар Шахановтың қазақ мақтасының отаны  Мақтааралдан жазған  «Мақта арасындағы гүлдер» деген очерктер топтамасы да лирикалық әсемдігімен адамды өзіне тартар еді. Айта берсек, қазіргі «Жас Алаштың» құндылығында, тартымдылығында, шыншылдығында, әсерлілігінде шек жоқ. Ғасыр жасап отырған газеттің екі-үш жылдан бергі тиражының төмендеп кеткеніне өкінемін, амал қанша...

       Бұл газеттің менен 20 жас үлкендігі бар. Біз қатарлылар әлі де жыл сайын жаздырып аламыз. Ауылда менен үлкен ағаларымыз, қатарларымыз «Жас Алашты» оқиды. Өйткені «Жас Алаш» біздің жастығымызды еске салып тұрады. Сөз соңында айтарым: сағың сынбасын, «Жас Алаш!» Ғасырдан-ғасырларға дейін өмірің ұзара берсін деп тілеймін. Мұқалма, шаршама, шыншылдығыңмен, әділдігіңмен кедергілерден сүрінбей, жасай бер демекпін. Оқырманың көбейсін!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Елеусіз МҰРАТ 05.03.2021, 09:19
Қауқары жоқ қадағалау органы қажет пе?
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ 03.03.2021, 13:35
Инновациялық ғасыр дерті
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.03.2021, 09:20
Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?
Мұрат ӘМІРЕНОВ 02.03.2021, 11:35
Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 26.02.2021, 09:05
Өлейін десең – жан қымбат, өлмейін десең – дәрі қымбат
Айжан БҮРКІТБАЕВА 25.02.2021, 12:37
Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44