Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

01.12.2021, 09:20

1322

                                                                 «Дәнсіз масақ көкке бой ұрады».

                                                                                              Лев Толстой

      Жауапкершілік – адамзат өркениетін алға сүйреп келе жатқан адамзат мәдениетінің бір стратегиялық саласы. Жауапкершілігі мол жақсы кісі болу көбіне табиғатынан емес, тәрбие арқылы келеді. Ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершіліктің үлгісін жануарлар мен құстардан да көруге болады: төл өрбітіп, балапан баптайды. Хан болсын, қара болсын өз жауапкершілік міндеттерін мүлтіксіз орындап, салғырт, енжар қарамаса, қоғам дидарындағы  көп қойыртпақтар азаяр еді.  Қазақтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деуінің себебі осында жатыр. Тарихта жауапкершілік мәдениетінің маңдайы жарқырап, мерейі үстем болған тұстарынан көптеп мысал келтіруге болады.  Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағы халықтарының Отан алдындағы жанқиярлық ерлігі мен теңдессіз жауапкершілігі жеңісті жолға жетеледі.

      Адамгершілік мәдениеті сияқты жауапкершілік те өте кең көлемдегі  ұғым, өйткені оған адамға деген, досқа, ата-анаға, Отанға, үлкенге, іні-бауырға, тағы басқалармен бірге табиғат та жатады. Әңгімемізді осы Табиғат-ана төңірегінен тарқатып бастайық.

      Жаратушы адам баласына үлкен жауапкершілік жүктеп, қоршаған ортаға иелік етуді тапсырған. Сол иелік етуге жаралған адамдарымыз табиғатпен келісімде өмір сүрудің орнына қайта оның басына қара бұлт үйіріп, тас-талқанын шығарып жатыр. Қазіргі замандағы ғылыми-техникалық прогрестің мейлінше жетілуіне орай, табиғатқа деген қамқорлық та ерекше болуға тиіс еді. Бірақ адам табиғаттың ең ұлы жанашыры болудың орнына ең жауыз қиратушысына айналып барады. Табиғат ерекше төзімді де бейнетқор ана сияқты көрінгенімен, қажет болса, орнымен қатал да бола алады екен. Болмашы қателіктеріңді елеусіз қалдырмастан, лайықты жазасын көлденең тартып отыратын қасиет тек табиғатқа тән. Әлемнің көптеген елдерінде табиғи апаттар орын алып жатыр: алапат өрт, жойқын су тасқыны, жер сілкінісі, тұзды топырақтың көтерілуі, климаттың өзгеруі т.б. Яғни өркениетпен ере келген техникалық жаңалық табиғи болмыстың быт-шытын шығарды. Адамзаттың астамшылығы мен қанағатсыздығынан табиғат орасан зор қиянат шегіп жатыр. Осыдан кейін Жер шары тұрғындарының жауапкершілік мәдениеті  піскен астың күйігіндей көрінеді. Табиғаттың тепе-теңдігін бұзып, ластап жатқандар жауапқа тартылып, жазаланып жатқан жоқ. Мұның бәрі планеталық аспектіде әрекет ету керектігін түсінбегендіктен, басты қауіп қай жерден келетінімен ісі жоқ, өзімен-өзі жүре береді.

      Табиғат жанашырлары – экологтар Қазақстанның қоқыс қоймасына айналып бара жатқанын айтып дабыл қағуда.  Ауыл мен қала төңірегінде тау-тау болып үйіліп жатқан өндірістік қоқыс, тұрмыстық қалдықтар мен биік мұржалардан будақтап шығып жатқан қою қара түтіңді көріп жағаңды ұстайсың. Ақжағалылардың айтатын уәжі: инвестиция тартамыз; зауыт саламыз; пәлен миллион түп ағаш отырғызамыз; тонна-тонна қоқысты өндейміз; табиғатты ластауға жол бермейміз деп патриоттық «сезіммен» бәрін сөз жүзінде қатырып қояды. Табиғатты ластаушылар қатаң жазаланбағандықтан, жауапкершіліктен жалтарып, «баяғы жартас – сол жартас»  күйін жалғастыра береді.

      Кедейшілік біткен жерден тойымсыздық бастау алатыны сияқты  жауапкершілік жоғалған жерден ашкөздік атой салып алға шыға келеді. Мемлекет қаржысын талан-тараж етуді ақжағалылар алдын ала  ойластырып отыратын секілді. Түркістан облысында миллиардтаған қаржыға тоғыз  индустриалдық аймақ құрылған екен. Бүгінде солардың 70 пайызы «өлі» объектіге айналып,  өнім бермей қаңырап қалған. «Іс бітті, қу кеттінің»  кебін киіп, қайтарымы жоқ халық қаржысы құмға сіңген судай жоғалған. Жауап беріп, жазаланып жатқан тағы ешкім жоқ. Мұншалықты бейбастықты ешбір елден іздеп таба алмайсың.

      Елдегі кадрлық саясаттың сиқын, қойыртпақ тұстарын мына бір әпсана  әдемі көрсетіп тұрғандай. Бір топ үйрек көлді тастап, екінші көлге қарай  ұшып барады екен. Алдарынан сұңқар кезігіп сұрапты: «Қайда бет алдыңдар?» – деп. Сонда үйректердің басшысы: «Құрысын, мына көл сасып кетті, ана көл таза екен, соған барамыз», – депті.  Сұңқар айтыпты: «Мына көтендерің аман болса, оны да сасытарсыңдар», – деп. Сол айтпақшы, билік бұтақтарында ұшып-қонып жүретін шенеуніктер, сиынғанынан сүйенгені күшті, «зымырантасығышы» мықты қызметкерлер абыройынан жұрдай болғанына қарамастан, иненің көзінен өтіп, бір жылы орнынан жылжып, келесі бір жайлы креслоға қонжия кетеді. Оны Құдай емес, бір кездегі дорбалап тасыған дүниесі кәдеге асып, жауапкершіліктен құтқарып жібереді. Жауапкершілікті жанына жалау етпеген, адалдығы күмән тудыратын, қабілеті төмен қайдағы бір можантопайды қайдан ғана тауып ала қоятындарына қайран қаласың. Астарын ақтарып қарасаңыз, рулық, жақын-жұрағаттық жағы мен адам жетектеген адамдарды көресің.

       Кеңес өкіметі кадрлық саясатқа қырағылық танытып, тазалық принциптерін сақтап аса зор мән берген еді.  Жүз сүзгіден өткізіп барып қана жауапты қызметке тағайындайтын. «Өзі болған қыз төркінін танымас» дегендей, тәуелсіздік тұсында кадрларды іріктеу, таңдау мен орналастыру әбден былығып кетті. Бәрінен бұрын, жауапкершілік мәдениеті төмен  қуыршақ кадрлардың қатары көбейді.  Өкінішті-ақ.

      Биліктің көзбояушылықты, асыра сілтеуді, жағымпаздықты өрістетіп отырған мақтаншақтық идеологиясының қарқыны қатты, бәсеңдейтін түрі көрінбейді. Айталық, Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы ел дегенді екпін түсіріп айтудан танбай келеді. Бірақ жақсыны айтып, жаманды таяп қояр болсақ: «Өзің дуанасың, кімге пір боласың?!» деген сөз тамағымызға тіреліп тұра қалады. Қазақстанның сыртқы қарызы 170 млрд долларға жетіпті.  Жалпақ тілмен айтқанда, иттен бір сүйек қарыз ел екенбіз. АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания т.б. жағасы жайлау, бауыры бүтін елдерден алған қарыз ақша бойымызға сіңетін шығар-ау, ал маңдайының бес елі соры бар Сирияға, Ауғанстанға алақан жайғанымыз қазақ баласының сүйегіне түскен таңбадай көрінеді. Ұят-ай. Экономикасы дамыған бай елміз деп мақтанғанымыз бар болсын. Осыдан кейін «Өлімнен ұят күшті» деген сөз бекер ме деп қаласың. Қарызға алған ақшаның тағдырына алаңдап, жауап іздеп жүрген жан көрінбейді. Мұны қазақтың ең ақылды деген баласы да түсіндіріп бере алмайды. Қарыздың күліп кіріп, жылап қайтатынын билік білмей отырған жоқ. Әншейінде сын көтермейтін билік беті бүлк етпей, ел алдындағы жауапкершіліктен жалтарып, осындай «спектакльдер» қоюға еті үйреніп кеткен.

      Елдегі жаппай жекешелендіру революциясы орын алған тұста байшыкештердің қатары күрт көбейіп кетті. Халықтың тірнектеп жиған мүлік-мүкәмәлін қолы ұзындар қарпып қалды. Тістегеннің аузында кетті. Енді сол қолдан өсірген байшыкештеріміз тапқанын ініне таситын тышқан құрлы болмады-ау. Қазынаға қол салып ұрлап, тапқандарын шетел асырып жатыр. Оларға «қой» дейтін қожа жоқ. Бұлай түңіліп отыруымыздың себебі: қазақтың қазынасын қаптап, алтын бұйымдарын арқалап, мүлік-мүкәмәлін ұшаққа тиеп алып, көз алдарында шетел асып кеткен Храпуновқа «тәйт» демеген биліктен не үміт, не қайыр. Елдегі сыбайлас ашкөздіктің тегін тарқатып, тамырын қопарсаң, жіптің бір ұшы «бетонбет» билікке барып тіреледі.

      Қазақстанда халықты ірілі-ұсақты банктер бағып-қағып отырған сияқты. Несиені онды-солды таратып, өзін де, өзгені де қарық қылып жатыр.  Сорақысы сол – банк алдындағы жауапкершілігін ұмытып, қарыз ақшаны уақтылы қайтара алмай, зар еңіреп жүргендердің қатары қалың. Халық та әбден қу болып алған: үкіметті аса кешірімді Алла сияқты көреді. Бәрін кешіп жібереді деп ойлайды. Кешірім жасаған кездері де болған. Бұлай жалғаса берсе, шөптің басын сындырмайтын, несие ақшаға күліп-ойнап жүре беретін,  жатыпішер жалқау, арамтамақтар еліне айналатын шығармыз.

      Біздің айтайын дегеніміз, ғибраты мол ғұлама Ғабит Мүсіреповтің «Туған елін ең жақсы көретін адам елінің ең бір болымсыз кемшілігіне де қатал сын айту керек. Әттең, соны біз істемей отырмыз» деп өкінішпен айтқан өсиетіне құлақ асуға құлықсызбыз. Жауапкершілік міндетінің үдесінен шыға алмағандарға сын айту аздық етеді, қатаң жазалап та отыру керек сияқты. Өйтпеген күнде қоғам дидарындағы қою қара дақтардан құтыла алмаймыз.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш Әбілдәқызы 09:15
Қазақстан тастанды ел ме!
Нұрай Рахым 25.01.2022, 09:38
Сенат пен Ассамблеяны тарату керек пе?
Қуаныш Әбілдәқызы 24.01.2022, 19:12
Қазыбек Иса «Құқық қорғау органдары жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатыр»
Сайт әкімшілігі 24.01.2022, 14:23
Жазықсыз жандар жазаланып жатыр – жазушы Думан Рамазан Ерлан Қаринге ашық хат жазды
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 21.01.2022, 16:04
Қасірет
Сайт әкімшілігі 21.01.2022, 08:36
Елімізді содырлардан қорғауға шамамыз неге жетпеді?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48