Жауғашты көз жастың мекені екен...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

05.07.2022, 15:42

2873

Түрме деген сөздің өзі қаншалықты суық, жат, қорқынышты естілсе, тағдырдың жазуымен сол жерге түсу, өмірінің белгілі бір жылдарын сол жерде өткізу кез келген адамға оңай тимесі анық. Соның ішінде жаны нәзік, табиғаты сезімге берілгіш әйел қауымына темір тор тіпті ауыр тиері сөзсіз. Ойымыздың дұрыстығына Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіне барғанда көзіміз жете түсті.

Әлемді жайлаған пандемияға орай үш жылдан бері ашық есік күнін өткізбеген Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЛА-155/4 мекемесі биыл ашық есік күнін ұйымдастырып жатқанын естіп, арнайы бардық. Біз барғанда сотталғандардың сырттан іздеп келген туған-туыстары енді бастап кіргізіліп жатыр екен. Есік алдында кірмей жатып егіліп тұрған бірнеше үлкен кісілерді байқадық. Кеудені сыздатқан сағыныштың шыдатпай тұрғаны ма, жоқ әлде «темір тор көрем деген есігім бе еді» деген намыс па, әйтеуір көз жасына ие бола алмай тұрған ақ жаулықты аналардың түрі тым жабырқаулы көрінді. Туыстары алып келген сусындардың әлі аузы ашылмағанын көрсе де, әрқайсысын жеке-жеке ашып иіскеп, туған туыстарын да тінтіп, жіті тексеру нәтижесінде олардың кіргізілуінің өзі біршама уақыт алды. Бас бостандығынан айырылғандар бірдей киінсе де  соншама көп адамның ортасынан жақынын адаспай тауып, тұра ұмтылып келіп құшақтаса көрісіп жатқан олардың барлығынан көз жасын байқадық. Иә, темір тор әйел баласының көз жасын еселей түсетін мекен екен...

«Жанарымды жасаурата бермеңдер,

Мен өмірге жылау үшін келгем жоқ»

Ашық есік күніне орай ұйымдастырылған концерттегі бас бостандығынан айырылғандардың бірінің қарлығыңқы дауыспен салған әні денемді түршіктіріп жіберді. «Жанарымды жасаурата бермеңдер, мен өмірге жылау үшін келгем жоқ»… Бұрын-соңды естімеген ән осында дүниеге келген болар деп топшыладым. Бір жылап, бір күліп, бірі билеп, енді бірі сырттан келген туысымен шүйіркелесіп қалуға тырысып отырғандарды сырттай бақылап аралап шықтым. Алыстан бақылап тұрғанымен бірлі жарым сәл шетке шығып туысымен серуендеп жүргісі келгендерді сақшылардың қақпайлап, жөн сұрап бәрібір сырттан болсын әрекеттерін аңдып тұрғанын байқадым.

Соңғы рет мұндай кездесу 2019 жылы ұйымдастырылған екен. Негізінен жылына 1-2 рет ұйымдастырылатын шараға бірнеше жылдан бері пандемия тұсау болыпты. ЛА-155/4 мекемесінің орынбасары Жәмилә Орынбасарқызымен әңгімемізді сотталушылардың бірі жылап келіп үзді. Түсінгенім туыстары белгіленген уақыттан кешігіп келіпті. Мекеме алдындағы күзетшілер сырттан іздеп келген туғандарын межелі уақыттың өткенін айтып, кіргізбей қойған көрінеді. Жәмилә Орынбасарқызы «уақыт алдын ала ескертілді ғой. Мен енді не істей аламын. Күзетшілерге де солай тапсырма берілген» дегені сол көз жасы тіпті үдей түсті. Мекеменің қатаң тәртібі мен көз жасының ортасында не істерін білмеген мекеме басшысының шарасыздығын байқадық. Сәл әріректе жұбайларын іздеп келген бірнеше ер адам жарларымен қауышып, өзара мәре-сәре. Бірі осында жұбайымен бірге өмір сүріп жатқан бөбегін құшып сүйіп жатса, енді бірі келіншектерін құшақтап мауқын басуда. Жәмилә Орынбасарқызы «Міне, осы ер адамдарға ескерткіш қою керек. Көбісі мұндайға шыдамайды. Әйелі қандай іспен түскеніне қарамастан, көп уақыт өтпей-ақ, хош айтысатын еркектер көп. Аманаты етіп алса да, артынан іздеп келуге жарамайтын ер адамдар бар» деді.

Расында да мекемеде 572 әйел отырса да, бүгінгі кездесуге жұбайларын іздеп 4 ер адамның келгенін байқадық. Соларды сырттай бақылап тұрғанымды байқап, өзім қатарлы бір келіншек жаныма жақындады. Үстіндегі киімінен осындағы жазасын өтеушілердің бірі екенін таныдым. «Менің де екі ұлым, жолдасым бар. Бірақ мына жерге келтіргім келмейді» деді. Күтпеген жерден әңгімені өзі бастап кеткен соң, не дерімді білмей қалдым. Сәлден соң «жақында ғана келіп кеткен, сосын бүгін келмей-ақ қойыңдар дедім» деді тағы. Бірнеше минуттың ішінде аузынан шыққан екі пікірі бір-біріне қарама қайшы болғанына қарап-ақ, ішінде әлемтапырақ болып, сан түрлі сезім тайталасып жатқанын байқадым. Көздерінен бәрібір күйеуі келген келіншектерге қызығушылықты көрдім. Сосын жақын жерде орындықта шүйіркелесіп отырғандарға қарап «анасына не деп таныстырады екен сол қызық болып тұр» деді тағы. Мен тіпті түсінбей қалдым. «Кім ол, неге олай дейсіз» дедім қатарынан бірнеше сұрақ қойып. «Бұл жер өзі бір әлем. Екеуі де әйел болса да жұптасып алатындар да бар. Анау қысқа шаштысы жігіті, ал қасында отырған қызы. Бүгін «қыздың» анасы мен сіңлісі келген, «жігітін» таныстырам» деп ертіп алыпты қасына. Соларды айтам кіммін деп таныстырып жатыр екен» деді. Сосын барып зер салып қарай бастадым. Шашы қысқасы шашының желке тұсын қырып алдырыпты. Отырысы, жан-жағына қарауы, киімі, бір аяғын екінші аяғының үстіне айқастырып қоюы ер адамдардың әрекетін еске салғанымен, жалпы әйел адам екенін оңай ажыратуға болады екен. Басқалар халаттарының алдын мұқият жамылып, бастарына орамалдарын тағып алса, бұл ішенен шалбар мен кофта киіп, ал жалпыға ортақ осы жердің киімін сыртынан желбегей жамыла салыпты. Сол әрекетінен-ақ осы жердің тәртібіне, жалпы қоғамға қарсылығын ұқтырғандай болды. Қасымдағы сұхбаттасым жайып салмаса, сыртынан қарағанда төрт әйел сөздері жарасып, әңгімелесіп отыр деп ойлар ем...

«Сыйақыға қызығып, сатып жіберетіндер көп»...

«Мұндайлар көп бұл жерде. Түсініксіз бір өзінше әлем» деді тағы сұхбаттасым сөз бастап. Сөйлескісі келіп тұрғанын байқап «көп болды ма бұл жердің тұрғыны болғаныңызға» дедім. Үшінші жыл отыр екен. Әлі жеті жылдай уақыты бар көрінеді. Мерзімінің ұзақтығына қарап секемденіп қалғанымды байқап, «жоға адам өлтірмедім, бірақ бұл жерге кіру оңай, шығу қиын екен, қанша ізденсек те жазамызды жеңілдету оңай болмай тұр. Бұл жерде әкімнің орынбасары да, адвокат та, банк қызметкері де бар. Бірі құқықтық сауатсыздығынан, енді бірі сенгіштігінен, енді бірі өз ісінің қаншалықты заңсыз екенін ұқпағандықтан, осы жерде отыр. Ең бірінші түскен кезде өз-өзіммен қатты арпалыстым. Жанымды қоярға жер таппадым. Түсім болса екен оянып кетейінші деп жарды ұрғылайтынмын. Түндерді жылаумен өткізетінмін. Бірақ адам еріксіз көндігеді екен. Қазір бұл қорқынышты түстен ояна алмайтынымды мойындағанмын. Өзімді-өзім алдаусыратып әр нәрсемен айналысып күнім өтіп жатыр» деп жылап қалды. Өтініші бойынша не іс бойынша отырғанын жазбауға уәде бердім. Өйткені істі қайта қарау туралы жан-жаққа жазған өтініші құқық қорғау орындарының назарын аудара ма деген үміті бар екен. «Бірақ мына жанайқайымды жеткізші. Қазір түрмеде пара алғаны үшін отырғандар көп. Параны алайын деп алмайды, оған итермелеушілер көп. Мәселен, жемқорлық дерегі жайлы хабарлағандарға қомақты сыйақы уәде етеді. Ал олар арнайы аңдып жүріп, кімді болсын сата салудан тайынбайды. Мәселен, осында пара үшін ұсталған бірнеше әйелдің хабарлаушысы бір адам. Оны осында  сұрастыра келіп біліп отырмыз. Пара алушыны әшкерелеу біреулердің жеке бас пайдасына айналмаса екен, бар айтарым осы» деді. Сөзінің соңын жұтып қойды. Көзіне келген жасты да ірікпей, төгіп жіберді. Одан ары сұрақ қоя алмадым.  

Дегенмен жұмысқа келе сала мәселені зерттей отырып көзімнің жеткені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыс туралы ақпарат бергендерге 12 720 000 теңгеге дейін сыйақы береді екен.Жемқорлық туралы хабарлаған азаматтың аты-жөні жария етілмейді. Агенттік мәліметінше, төлемді жемқорлық туралы, пара алып, іздеуде жүрген азамат туралы, қылмысты ашуда көмегін тигізетін ақпараттарды ұсынғандар ала алатын көрінеді. Жемқорлыққа қатысты қылмыс туралы шынайы ақпарат үшін  30–4 000 АЕК (95 400 теңгеден 12 720 000 теңгеге дейін) көлемінде бір реттік төлем төленеді екен. Ал төлем мөлшерін белгілеудің де өзіндік талаптары бар екен. Мысалы, агенттікке хабарланған пара немесе қылмыстың шығын көлемі 1 000 АЕК-тен аспайтын болса, төлем келесідей болады:

  • Әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК (95 400 теңге);
  • Қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (127 200 теңге);
  • Ауырлығы орта деңгейдегі қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (159 000 теңге);
  • Ауыр қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (222 600 теңге);
  • Аса ауыр қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (318 000 теңге).

Егер параның немесе келтірілген шығын көлемі 1 000 АЕК-тен көп болса, сыйақы ретінде 10 пайызын алу да қарастырылған. Ал ең жоғары төлем мөлшері 4 000 АЕК немесе 12 720 000 теңге екен.

Ештеңе демей ақ қояйын, бірақ түрмедегі сұхбаттасымның сөзінің жаны бар секілді. Мекеме басшысының орынбасары Жәмила Орынбасарқызы да «бұл жерде отырғандардың басым бөлігі экономикалық қылмыс бойынша түскендер мен алаяқтар, содан кейінгі орында есірткі тасымалдаушылар және адам қанын мойнына жүктегендер» деді. Әсіресе алаяқтық қылмысы бойынша отырғандардың соңғы кездері күрт көбейіп бара жатқанына алаңдаушылығын білдірді.

«Туыстарым мұнда отырғанымды білмейді»

Пайдалануға берілгеніне 100 жылдан асқан мекемеде сотталғандар жеті жасаққа бөлінген. Әр жасақта 64 әйел бар. Бірге ұйықтап, бірге тұрады, бірге ас ішеді. Таңертең 7-де тұрып, 7:30-да таңғы ас ішіп, одан соң 8:30-да жұмыспен қамтылғандары мекеме аумағындағы өндіріс орындарына аттанады. Кешке жұмыстан келіп ас ішіп алған соң 19:00-ден бастап өздерінің жеке ісімен айналысуға бос уақыт берілген. Кешкісін 22:00-де ұйқыға жатады екен.

Бұл күні туған-туыстарына олардың жатын орындарымен, ас ішетін асханаларының ішін аралап шығу мүмкіндігі де берілді. Барлық жерде артық зат жоқ, керуеттері де мұқият жиналған. Теледидар көретін демалыс бөлмесі де жып жинақы. Өзімізбен бірге сырттан кіріп, ескі барак ішін аралап жүрген үлкен кісіден «қалай көңіліңізден шықты ма» дедік. «Маған қызым аман-есен шықса болды» деген ер адам кемсеңдей жөнелді. Ашық есік күніне орай екі немересін қызына алып келіпті. Қазақи өңді, жауабы да қазақ тілді, әкесі де, өзі де жуас адамдар екені сыртынан ақ көрініп тұрған оларға қарап, қандай тағдыр айдап келді екен деп ішім алай-дүлей болды. Аузынан түскендей ұқсап тұрған қызы әкесін жұбатып жатты. Іштей ата тілегін қайталай бердім «Алла аман есен қауыштырса екен».

Барактарды аралатып жүрген орта жастағы әйел әріптесіме видеоны монтаждағанда бетін бүркемелеуді өтініп жатты. «Жақында шығамын. Құда құдағи бар, кейбір туыстар мұнда отырғанымды білмейді. Сондықтан біздің де шығып, қалыпты күнімізге оралатын күн туады деп сенеміз. Сондықтан бұл жердегі суреттерімнің таралғанын қаламаймын» деді. «Әрине, видеоны монтаждағанда беттеріңізді көлегейлеуге тырысамыз» дестік.

Мекеменің кәсіби-техникалық колледжінде бүгінде 69 сотталған әйел білім алып, біліктілігін шыңдап жатса, 38 сотталушы кешкі мектепте оқиды екен. Ашық есік күні 90 адам келсе, оның ішінде 30 шақтысы сырттан аналарын іздеп келген балалары болыпты.

Оларды көз жасы құтқарып тұрғандай көрінді

Мекемеге кіргеннен туысымен қауышса да, қоштасса да, сөзге тартсаң да, сырттағы туысы кіре алмай қалса да көз жасы дайын тұратын оларға қарап, бар өшін көз жасынан алатындай көрінді. Ең қиыны екі сағаттан соң туған-туыстарымен қоштасу кезі болды. Сырттан аналарын іздеп келген балалардың аналарын қимай, азан-қазан болғанына жай қарап тұру мүмкін емес еді. Мекеменің есігін жапқызбай, анасына ұмтылып, табалдырықты құшақтап алып жылаған балаларға қарап, өзіміздің де ішкі жан дүниеміз қопарылып кеткендей болды. Алла баласы мен анасын ажыратпаса екен… Ешқашан...

Аталмыш мекемде бүгінгі таңда 572 сотталған әйелдер жазаларын өтеп жатса, солардың ішінде, мекеменің балалар үйінде жазаларын өтеп жатқан 38 ана мен бала бар екен. Бұл Қазақстан бойынша сотталған әйелдердің баласымен бірге болуына рұқсат етілген жалғыз түрме. Балалар үш жасқа толған соң сырттағы туыстарына жөнелтіледі. Егер туыстары алудан бас тартса, аналары шыққанша сәбилер балалар үйіне жіберіледі екен. Балалар жылында тумай жатып темір торға қамалған бөбектердің жағдайын көруге ниет еттік. Мекеме қызметкерлері ойымызды құп көріп, мекеме аумағында орналасқан ғимаратқа алып келді. Әріптестерімнің бірі анасының қолында тұрған бөбекті еркелетіп, бетіне қарап сөйлей бергені сол, шар ете қалды.  Мекемеге тек колония қызметкерлері мен балалардың аналары ғана кіріп-шыға алатындықтан, бөтен адам келсе, сырттан келген қонақтарға таңырқай, әрі жатырқай қарайтын бөбектің әрекеті түсінікті еді. Аналардың бірі «бала шағаңды асырау қаншалықты қиын болса да, заңсыз әрекетке барма, деп барша қыз-келіншектерден жалынып сұраймын. Жолдасым тастап кеткен соң осы баламды қалай жетілдірем деп жүріп, құрсағымдағы баланы да құрдымға қалай бірге тартқанымды білмей қалдым. Жақында балам үш жасқа толады. Менен бөліп әкетеді. Бәрінен сол қиын болайын деп тұр. Қазір әйтеуір балама алданып жүрмін ғой. Осы балама бар жақсы өмірді көрсетем деп жүріп, барынан айырғанымды түсінгенде өкініштен бармағымды шайнап тастай жаздаймын. Бұл жер аналар отыратын жер емес» деді еңіреп отырып. Қайырымдылық ретінде ала барған жеміс-жидектерімізді осы балаларға қалдыруға ұйғардық. Анасы үшін тумай жатып тағдыры темір тормен байланысқан балаларға бар қолдан келгені сол болды. Балалар жылы бостандықтағы балаларды жарылқай алмай жатқанда бұл жерде не артықшылық болсын, қоңырқай тірлік, төрт қабырға еңсемізді езе түскендей болды.

Туыстарынан айрылғысы келмей ұзақ қоштасып жатқандарға мекеме күзетшілері «енді қысқа кездесуге рұқсат бермейміз, сырттан сәлемдеме алдыру кезінде осы әрекетің ескеріледі» деп айқайлап жатты. Мекеменің келесі бұрышындағы әріптестеріме қарай бара жатқанымды байқап күзетшілердің бірі «Стоп» деп айқайлады, маған емес шығар деп жүре бергенім сол, «тоқта дедім Сізге» деп екінші қайтара тағы айқайлады. Сонда ғана байқадым, топтасып, әрқайсысы өз жасақтарына қарай кетіп бара жатқан сотталушылардың арасынан өтуге болмайды екен. Мекеме басшысы «Бұл қауіпсіздік шарасы үшін қажет. Жүйкесі жұқарған әйелдер аяқ асты кез келген әрекетке баруы мүмкін. Олар кімді кінәларын білмей арпалыспен жүреді. Емін еркін жүріп тұра алатын сіздің бостандығыңыздың өзі оны ызаландыруы мүмкін. Сондықтан сақтық керек» деді.

Қалаға жеткен соң аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрып, су ішіп тұрған біреуге қарап қана қатты шөлдеп тұрғанымды байқадым. Енді неге су ішпеймін деп ойлағаным сол, мекемеде алған бір ескертуімнің, қақпайлап тыйым салудың әсерінен айыға алмай тұрғанымды ұқтым. Дереу салқын су алып, рахаттана жұттым. Кешке үйге келе сала үш баламды рахаттана құшып еркелеттім. Бостандықтың, еркіндіктің қадірін ұқпай сәл нәрсеге ренжіп, күйзеліске түсіп кететін әрекетіміздің әшейін екенін тағы бір мәрте жете ұққандай болдым.

Түрмеде сұхбаттасқан бір жазасын өтеуші «үнемі күйзеліс пен торығудан қазір жадым ескере бастады. Тіпті бостандықтағы күндерімнің кейбір күндері менде болып па еді деп ойланам» деген еді. Қит етсе күйзеліске түсуге дайын тұратын әйел қауымының бұл жерден құр сүлдесі шығары анық. Жаратушы ием нәзік жараталыс иелерін адастырмаса екен...

Тегтер: қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41