Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз

Болат ШАРАХЫМБАЙ

12.05.2021, 08:16

2558

      Мың өліп, мың тірілген халқымызды бұлғаққа салып, қасірет шектірген саяси репрессиялардың зобалаңы тарихтың ақтаңдақ беттері ретінде көңілден көшпей, жүректен өшпей келе жатқанын жасыру ендігі жерде мүмкін емес. Осы ретте 2020 жылы 24 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Көптен күткен бұл өзекті шара қоғамда үлкен серпіліс тудырды десек, артық айтпаймыз. Енді кеңестік кезеңде орын алған заңсыздықтар мен асыра сілтеулердің құпиясы ашылатын болды, қудалауға ұшырағандар толық ақталатын болды деп қуанған сонда жұртшылық. Қуанғаннан бөркін аспанға лақтырғандардың бірі біз едік. Бірақ көп кешікпей алып-ұшқан көңіліміз сап басылды. Сөйтсек, мемлекеттік комиссия жұмысына тек 1920-50 жылдар аралығында орын алған саяси репрессия құрбандарын ақтау міндеті  жүктеліп, одан бергі кезең туралы сөз қозғалмаған болып шықты. Құдды бір 50-жылдардан кейін қазақ халқы ешқандай қудалауға ұшырамағандай, заңсыздықтар мен асыра сілтеулерге жол берілмегендей, геноцид болмағандай! Кеңестік режимге қарсы бағытталған басқа кішігірім қарсылықтар мен толқуларды айтпағанда, атағы айдай әлемге жайылған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі репрессиялық қудалауларды қалайша ұмыттық? Қызыл коммунистердің қолымен жасалған сол мезгілдегі қылмыстар, заңсыздықтар, зорлық-зомбылықтар неліктен есепке алынбаған? Қалайша жылы жауып, түк білмеген, естімеген болып отырамыз?! Келіссеңіз де, келіспесеңіз де, бір нәрсе анық – Желтоқсан-86 оқиғасы өзінің ұстанымы мен спецификасы жағынан саяси көтеріліске жатады.

       1986 жылғы Желтоқсан мәселесі президент пәрменімен құрылған саяси репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемкомиссияның алға қойған жұмыс міндетіне кірмесе де, біз Желтоқсанды Қазақ елінің орыс отаршыларына қарсы көтерілген ұлт-азаттық көтерілістерінің құрамдас бір бөлігі екенін еске тағы бір сала отырып, бастапқы талабымыздан бас тартпай, өз ой-пікірімізді комиссия қарауына ұсынғанды жөн санадық.

       Ескеретін нәрсе, бұл Қазақстандағы саяси науқан құрбандарын ақтау жөнінде жасақталған алғашқы комиссия емес, бұған дейін де жоғары деңгейде бірнеше рет арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасаған. Алайда күрмеуі көп мәселенің түйіні шешілмеген күйі комиссия жұмысы аяғына жетпей, орта жолда жабылып қалып жатты. Осы ретте тағы бір мәселе. «Желтоқсанды күшпен басқаны үшін Ресей кінәлі емес, ол Кеңестер Одағының қатесі» деп шындықты көпе-көрінеу бұрмалап жүргендер бар. Ол шіркіндер сонда бүгінгі Ресей кешегі қан уыстаған КСРО империясының жалғыз және бірден-бір мұрагері екенін білмегені ме? Әлде әлдекімдердің адамдарды жолдан адастыру үшін жасап жүрген айласы ма?! Өткен ғасырдың аяғында өзін КСРО-ның бірден-бір мұрагері ретінде жариялаған Ресейдің өзі болатын. Онымен ешкім таласқан да, жаға жыртысқан да жоқ. Бұл нені білдіреді? Басқа одақтастармен бірге қазақты да отаршылдық пен бодандықта ұстаған мемлекеттің аты өзгергенімен, заты мен империялық амбициясы өзгермегенін білдіреді. Олай болса, бұл жерде ұлы шовинистік орыс идеясының қоламтасын қоздырып отырған Ресей мемлекетінің зұлымдығы мен тоңмойындығын ақтау кім үшін, не үшін және қаншалықты қажет?

     Ең бастысы, сол бір ызғарлы күнде қазақты сапер күрегімен ұрды ма? Ұрды. Итке талатты ма? Талатты. Қыздарымыздың шашынан алып сүйреді ме? Сүйреді. Жігіттерімізді жерге жатқызып тепті ме? Тепті. Жала жапты ма? Жапты. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қара таңба басты ма? Басты. Қазақ ұлтын нәсілдік тұрғыдан жаппай жазаға тартып, қудалады ма? Қудалады. Жазықсыз соттады ма? Соттады. Яғни қазаққа геноцид жасалды ма? Жасалды. Осы геноцидтік жазалаудың басында кім тұрды? Ресейлік Мәскеу. Бұл опасыздық пен оспадарлыққа кім кінәлі? Кремль көсемдері. Мұндай іске кім жауап беру керек? Дұрыс айтасыз, Ресей, Мәскеу, Кремль!

        Олай болса, қазақ билігі осы бір қарапайым ұғымды неге сан-саққа жүгіртуге әуес болып отыр? Мәскеу тарапынан геноцид болғанын неге мойындамайды? Желтоқсанның лайықты саяси бағасын беруден неге тартынады? Батылдық жетпей ме, әділдік жетпей ме?! Біздіңше, Желтоқсанға саяси сипат берілсе, екі елдің арасы ушығып кетеді деп қауіптенетін сияқты. Қазақ билігінің «Қазақстандағы қуғын-сүргіннен саясат іздемеңдер, тек ғылыми тұрғыдан зерттеп, таразыласаңдар жетеді» деп шыр-пыр болып жатқаны сондықтан. Ал Желтоқсанды қанға бөктіріп, қарулы күшпен аяусыз басып-жаншыған, кейін «қазақ ұлтшылдығы» дегенді ойлап тауып, қазақ халқын Одақтағы басқа халықтардың қас жауы ретінде қарсы қойып жала жапқан, сөйтіп, адамның ойына келмейтін жазалау науқанын ұйымдастырған. Шын мәнінде бұл – Ресей саяси элитасының қателігі. Сол себептен де олар Желтоқсан құрбандары үшін қазақ халқының алдында жауап беруі тиіс.

        Біздің ойымызша, осы уақытқа дейін 1986 жылғы Қазақ көтерілісінің қайғы-қасіретін, жаласы мен наласын ғана сөз етіп келдік, ендігі жерде оның шынайы келбетін, яғни қоғамдық-әлеуметтік мәні мен тарихи орны, көтерілістің отансүйгіштік және қаһармандық өнегесі жайында шыншылдықпен ашық айтатын кез жетті. Желтоқсанға бүгінгі тәуелсіз ел мүддесі биігінен, саяси бағыттағы жаңа көзқарас және ғылымдағы өзгеріс тұрғысынан қараған жөн. Себебі Желтоқсан-86 қоғамдағы әртүрлі буыннан өз бағасы мен тұжырымын талап ететін тарихи құбылыстар қатарына жатады. Осы орайда, келмеске кеткен Кеңес өкіметінің шешімдері мен тұжырымдарына сын көзбен қарап, оның жасаған қуғын-сүргіндері мен құрбандарына бүгінгі ұлттық мүдде тұрғысынан түпкілікті саяси бағасын беретін уақыт жетті деп есептейміз. Бұл – бір.

       Екіншіден, саяси зардабына әділ бағасы берілмеген бойда Кеңес өкіметі келмеске кетті. Ол енді ешқашан кері оралмайды. Бірақ кеңес жүйесі қалдырған саяси ұғымдар мен мәтіндер, ұрандар мен терминдер біздің тәуелсіз еліміздің құжаттарында сол мұрты бұзылмаған күйі сіресіп тұрғаны ойландырады. Мысалы, жас қазақтардың бұл көтерілуін отаршылар кезінде «оқиға» деп бағалап, бекітті. Ресми билік әлі күнге дейін осы мәтінмен шектеліп келеді. Бірақ халық мұнымен келіспейді. «Оқиға – еркіндік сүйгіш қазақ халқының қоғамдық жарылысын төмендетіп көрсету үшін отаршылар ойлап тапқан қитұрқы таңба, шын мәнісінде Желтоқсан – орталықтан өзінің теңдігін талап еткен, еркіндік аңсаған жұрттың ұлт-азаттық көтерілісі болатын» дейді. Бұл мәселе де әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Желтоқсан құбылысын саралаған небір симпозиум, конференцияларда бұл мәселеге арнайы тоқталған отандық және шетелдік ғалымдар Желтоқсандағы бас көтеруді «оқиға» емес, қазақ халқының КСРО-дағы тоталитарлық жүйеге қарсы көтерілген алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі болғанын жан-жақты дәлелдеп, айтудайын айтып келеді (осы жерде сонау 1996 жылы Желтоқсанның 10 жылдығына орай өткізілген халықаралық конференцияда бас баяндаманы жасаған мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайдың Желтоқсанға көтеріліс деп баға бергені есіме түсіп отыр). Тіпті бұл ұлт-азаттық бас көтеру 1905-07 жылдарда жеңіліске ұшыраған Ресейдегі төңкеріс сияқты азаттық алуымыздың «ұлы репетициясы», ақыр соңы кеңестік жүйенің ыдырауына әкелген жалпыұлттық, бүкілодақтық, дүниежүзілік саяси сипат алған төңкерістің бастамашысы болғанын көпшілік қоғамтанушылар мен саясаттанушылар мойындайды да. Олай болса, жас қазақтардың бастамасымен көтерілген Желтоқсан құбылысын «оқиға» деп қалдырамыз ба, әлде «көтеріліс» деп жазамыз ба – мәселенің осы тұсын қайта қарау өте маңызды. Ал, біздіңше, Қазақ елінің орыс отаршыларына қарсы көтерілген ұлт-азаттық қозғалыстардың құрамдас бір бөлігі ретінде Желтоқсан көтерілісі – аса қасіретті оқиғалардың қатарына жатады. Сондықтан мұны ұлт мүддесімен байланысты тәуелсіздік үшін күрескен күрделі де трагедиялы дата ретінде тарихи санада қалыптастыру жөн деп санаймыз.

        Одан кейінгі бір мәселе – Желтоқсан көтерілісіне қатысты құжаттардың түгелі табылды, оның бәрі қолымызда десек, қателесер едік. Кез келген тарихи оқиға процестерін қайта қарап, талдап, таразыға салу үшін осы уақытқа дейінгі ғылыми айналымда жүрген құжатты фактілерді тағы бір сүзгіден өткізу өз алдына, сондай-ақ осы тарихи процеске қатысы бар жаңа деректік материалдарды, оның ішінде мүмкіндігінше жабық түрдегі құпия құжаттарды қолға түсіріп, жаңа тәуелсіз көзқарас тұрғысынан қорытып жазып шығу өте маңызды. Дәлірек түсіндірсек, сол оқиғаға қатысы  бар айғақты деректердің мүмкін болғанша толық фактісі ғана ғалымдарға әділ тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Содан кейін ғана тарихи процесс егжей-тегжейлі зерттеледі, зерделенеді, қорытылып, тұжырымдалады. Сондықтан бұл көтеріліске қатысы бар құжатты фактілердің бас-аяғын бір ортаға жинастырып, жүйелеп, таразылап, оларды жеке жинақ етіп шығарды қолға алса, нұр үстіне нұр.

       Желтоқсанға байланысты әлі жарияланбаған, ғылыми айналымға түспеген, әртүрлі архивтерде өте құпия деген сылтаумен том-том болып шаң басып жатқан құжаттар көп болмаса, аз емес. Мысалы, Алматыдағы орталық мұрағат, Тұңғыш президент атындағы мұрағат, облыс орталықтарындағы мұрағаттарда өз зерттеушілерін күтіп жатқан тың деректердің болуы әбден ықтимал. Кейбір зерттеушілер Желтоқсан көтерілісі кезінде зорланған қыздарға, қаза болғандарға, ауыр жарақат алғандар мен жазықсыз жала жабылып сотталғандарға қатысты құжаттардың бір тың құпиясы Мәскеуде КСРО-ның соңғы президенті М.Горбочевтің жеке қорында, Ресей МХК-нің мұрағатында жатыр деген болжам айтады. Ол да ғажап емес. Соған арнайы барып, құжаттарды тауып, жинастыру қажет-ақ.  Деректер дегенде, оның да екі түрлі болатынын естен шығармайық. Біріншісі – билік тәпсірлеп, таратқан ресми деректер. Оған көп сенуге болмайды. Өйткені ресми билік құжатты деректер мен жағдайларды өз мүддесіне бейімдеп жазады. Құжаттарда артық немесе кем етіп көрсетілуі мүмкін. Екіншісі – ресми емес деректер. Мұнда да эмоция, ішкі сенім, асыра сілтеу біршама орын алғанымен, шын мәнінде ақиқаттан ауылы тым алыс кетпейді. Дерек көздері дегенде, ең алдымен осыны ескеру керек деп есептейміз. Мүмкін болған әртүрлі ұстаным мен көзқарастағы деректі материалдарды салыстыра, шендестіре отырып талдаса, Желтоқсанның қаншалықты ауқымды, қасіретті болғаны дәлелдене түседі, 1986 жылғы қазақ көтерілісі туралы нақты ғылыми тұжырым қалыптасады.

        Саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша алға қойған міндеттерді орындау барысында жұмыс жүргізіп жатқан мемлекеттік комиссия (төраға – Сабыр Қасымов) және басқа да жауапты мекемелер аталған өзекті мәселе бойынша мынадай ұсыныстарды ескергені жөн деп есептейміз:

       Жоғарыда Желтоқсан шындығын ашу мақсатында КСРО кезінде-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы комиссиялар құрылып, оның бәрінде билікпен кескілескен күрес жүргізгенін айтқан болатынбыз. Депутат М.Шаханов төрағалық жасаған соңғы 5-ші комиссия қорытындысында 1986 жылғы Желтоқсан қасіретіне билік басындағы 44 лауазым иесін кінәлі деп тауып, жауапқа тартуды сұраған шешім шығарғаны белгілі. Алайда сол кездегі биліктің араласуымен комиссия ұсыныстары жабулы қазан күйінде аяқсыз қалды. Біздіңше, Жоғарғы Кеңес жанынан құрылған комиссияның 44 лауазымды адамды жауапқа тартуды сұраған шешімін қайта қарап, тексеріп, сүзгіден өткізіп, қорытынды шығару жаңадан жасақталған мемкомиссияның міндеті болуға тиіс. Егер кінәсі дәлелденсе, оларды қайтадан қылмыстық жауапқа тартуды сұрау жөн.

       М.Шаханов жетекшілік жасаған комиссия Желтоқсан көтерілісі барысында қаза болған адамдар туралы көптеген құпияны ашқан болатын, бірақ анық-қанығын тексеру үшін прокуратураға жолдаған ұсыныс құжаттары сол күйі іздеусіз, жабулы қазан күйінде қалған-ды. Жаңадан жасақталған комиссия сол құжаттарды қайта көтеріп, тексеріп, егер расталатын болса, құжаттарды прокуратураға қайта жіберіп, қылмыстық іс ашуды талап етуі тиіс. Мысалы, комиссия өз қорытындысында ұрыс алаңында 168 адамның өлім құшқаны туралы мәлімет келтіреді. Егер осыншама көп адам қаза болса, олардың іздеушілері, туыстары қайда? Неге іздеу салмайды? Осыншама көп адамның өлімі белгісіз болып қалуы мүмкін бе? Жаңа мемкомиссия осы фактіні анықтауды міндетіне алып, тексеру жүргізуі тиіс.

      Жоғарғы Кеңес комиссиясына Желтоқсан көтерілісі кезіндегі «белгісіз зират құпиясы» мәлім болып, халықты шулатқаны есімізде. Бірақ ол құпия ақырына дейін ашылмай, белгісіз себептермен жабулы күйінде қалды. Комиссия мүшелері Ташкент көшесі бойындағы (қазіргі Райымбек даңғылы) зиратта жатқан молаларды тексере келіп, «58 зираттың басында ешқандай белгі, дерек жоқ, кімдердің жерленгені белгісіз, күмәнді» деген қорытынды шығарған. Бірақ осы мәселе көкейде түрлі күмән тудырғанына қарамастан, оны тексеру сол күйі  аяқсыз қалды. Бұл фактіні анықтауды да жаңа мемкомиссия өз міндетіне алуы тиіс.

      Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков өлімінің құпиясы да сол бойда ашылмай қалды. Ол, шынында да, өзіне-өзі қол салды ма, әлде оған көмектескендер болды ма? Көмектескендер болса, оған тапсырыс бергендер кімдер? Міне, мемкомиссия осы фактіні анықтауы керек. Сол сияқты ұрыс алаңында студент Ербол Сыпатаев ажал құшса, Кенжегүл Молданазарова алаңда алған жарақаттың зардабынан ауруханаға түсіп, сол жерде жан тапсырған.  Кенжегүл секілді ұрыс алаңында алған жарақатынан сауыға алмай, кейін айықпас ауыр науқасқа ұшыраған, ақыр соңында соның кесірінен мүгедек болып қалған, ана болу бақытынан айырылған, тіпті қайтыс болған адамдар аз емес. Мемкомиссияның атқаратын бір жұмысы соларды іздеп тауып, тізімін жасау болуға тиіс. Мысалы, «Культура» газетінің бұрынғы бас редакторы Ерқайрат Дүйсембаев деген жігітті соңғы сәтке дейін ешкім білмей келген. Ол 1986 жылы 17 желтоқсан күні алаңда ұсталып, тергеуге алынған.  Басынан алған соққыдан ұзақ жыл емделген. Бірақ жарақаты жазылмайтын ауыр жараға айналып, ақыры соның зардабынан 2003 жылы қайтыс болды. Бірақ жұрт оның өлімі Желтоқсанда алған соққыдан болғанын бүгінге дейін білмейді. 17 желтоқсан күні ұсталып, тергеу изоляторына түскен желтоқсаншы қыздың бірі Бақыткүл Мырзағалина басынан қатты соққы алған. Кейін соның зардабынан ауыр науқасқа ұшырап, ақыры 1994 жылы өзі тұратын Торғай облысы (қазіргі Қостанай) Жанкелді ауданына қарасты «Еңбек» совхозында қиналып қайтыс болған. Өкінішке қарай, біз мұндай Ерқайрат пен Бақыткүлдердің қаншасы бар екенін осы күнге дейін білмейміз. Осыларды іздеу, мүмкін болғанша толық тізімін жасау да жаңа комиссияның жұмыс  міндеті болу керек.

       Алматы музыкалық училищесінің оқушысы Ләззат Асанова мен Өскемен педагогика училищесінің оқушысы Сәбира Мұхамеджанованың өлімдерінде де тапсырыстың иісі аңқиды. Өйткені екеуі де тергеудің қысымына шыдай алмай, терезеден секіріп кеткен. Бұл фактілерді анықтап, қорытынды шығару мемкомиссияның мойнына алатын міндеті болуы тиіс.

     Желтоқсан аласапыранында ізім-қайым жоғалған адамдар туралы әлі күнге ештеңе айтылмайды. Тіпті ешкім жоғалмағандай. Шын мәнінде Желтоқсан көтерілісі кезінде ізім-қайым жоғалып кеткен адамдар аз болмаған сияқты. Мысалы, режиссер Қ.Әбенов бір сұхбатында мынадай бір оқиғаны сөз етеді. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Мойынқұм ауылында туған Ұмсын деген қыз 17 желтоқсан күні алаңға кетіп, содан қайтып оралмаған, оны көрдім-білдім деген адам болмаған. Кейін хабарсыз қалған Ұмсынды іздеп Алматыға келген әпкесі қудалау, соттау сияқты науқаннан зәресі ұшып, сіңлісін одан әрі іздестіруге жүрегі дауаламапты. Желтоқсанда ізім-қайым жоғалған мұндай Ұмсындардың қаншасы болғаны бізге әлі күнге дейін жұмбақ. Олай болса, Желтоқсан көтерілісі кезінде ізім-қайым жоғалғандардың дерегін анықтап, тізімін жасау жаңа комиссияның кезек күттірмей атқаратын міндетінің бірі болғаны дұрыс.

     Желтоқсан аласапыранында зорланған-қорланған қыздар мен тергеу қысымына шыдай алмай, өзіне-өзі қол салғандардың дерегі де ойландырмай тұрмайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл тергеу барысында көптеген кемшіліктерге жол берілгенін көрсетеді. Яғни ұрып-соғу, күш көрсетулерге шыдамаған жас жігіттер мен қыздар өзіне-өзі қол салуға мәжбүр болған. Жоғарғы Кеңес комиссиясының қорытындысында мұндай фактілер аз кездеспейді. Олай болса, осы фактілерді анықтау да жаңа мемкомиссияның атқаруға тиіс, алдына қойған міндетінің бірі болғаны жөн.

      Осы жерде мынадай бір әңгімені айтпай кетсек, арымызға сын. Кезінде біреулер «Шаханов бастаған комиссия істі аяғына дейін апармады» деп айыптағаны есімізде. Бұндай айыптауларға комиссия төрағасы өз жауабын берген болатын. Ол былай деген: «Комиссияның міндеті – Желтоқсан көтерілісіне саяси баға беру, ал жоғарыдағыдай күдікті мәліметтер бойынша іс қозғау, тексеру, оның анық-қанығына көз жеткізу ІІМ, прокуратура, сот орындарының шаруасы. Бірақ заңсыздықтарды тексеріп, бір шара қолдануға тиіс құқық қорғау органдары түрлі сылтау айтып, бұл фактілерге мүлде назар аудармауға, елемеуге  тырысты».

      Төрағаның пікіріне қарағанда, комиссия жұмысына адамды сан түрлі ойларға жетелейтін Желтоқсан құрбандарына байланысты басқа да мәліметтер көптеп түскен екен. Бірақ шұғыл тергеу жүргізіп, рас-өтірігін анықтауға келгенде прокуратура әр нәрсені сылтауратып, оған аяқ баспаған. Сонда прокуратураға комиссия ұсынған мәліметтер бойынша іс қозғауға қандай күш кедергі келтіруі мүмкін? Біздіңше, жаңа комиссия бұл мәліметті де назардан тыс қалдырмай, қолға алып, тексеру жүргізіп, анықтауы тиіс.

      Еліміздің еркіндігі жолында басын бәйгеге тігіп, солақай саясаттың құрығына ілінгендер, тәуелсіздік үшін шейіт болғандар, хабарсыз кеткендердің есімдерін толықтай ақтау – сауапты іс қана емес, әрбіріміздің азаматтық борышымыз, көзі тірі ұрпақтың алдындағы міндетіміз. Олай болса, саяси репрессия құрбандарын толық ақтау ісі бойынша қызу жұмыс жасап жатқан мемлекеттік комиссия біз жоғарыда сөз еткен фактілерге тыңғылықты дәрежеде мән берсе, Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын лайықты қарсы алатынымызға еш күмәнданбаймыз.

    «Адамды аздырмайтын – үміт» дейді халық даналығы. Ендеше мемлекеттік комиссия жұмысынан халықтың күтер үміті көп.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 12:35
COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар режим бұзғаны үшін жазаланады
Күлтегін БЕК 03.06.2021, 09:08
Қара тасқа қашап жазған тарихын...
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 01.06.2021, 08:24
Бекзат болмысты Бекзат
Елеусіз МҰРАТ 29.05.2021, 10:12
Жалған жарнаманы насихаттағандарға жауапкершілік неге жоқ?
Батыр ЖАСҰЛАН 27.05.2021, 11:04
Қазақтың үні қашанғы қалыс қалады?
Қамысбай Бесінбергенұлы 25.05.2021, 09:08
Ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиетімізді дәріптеуге неге қарсымыз?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02