Желтоқсанның себебі мен салдары

Көпжасар НӘРІБАЕВ

23.11.2021, 14:20

1220

   Желтоқсан көтерілісі күндері таяған сайын еріксіз толқып, көңілімізді мұң торлайды. Өйткені ол – көкірегінде қаны бар, намысқой әр қазақ үшін қайғы мен қасіретке толы және әлемдік мәнге ие үлкен оқиға.

Содан бері отыз бес жыл өтіпті. Желтоқсан ақиқаты ашылып, нақты саяси бағасы берілмегенімен, соған негіз боларлық материалдар газет-журналдарда үнемі жазылып келеді. Мәселен, мен мемлекеттің көмегінсіз-ақ аз таралыммен болса да, «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 14 томын оқырмандар қолына тигізіп, ғылыми айналымға қостым. Мына төмендегі, бір кездері Қазақстан жоғары және арнаулы білім министрі болған, биыл ғана тәжтажалдан көз жұмған Көпжасар Нәрібаевтың мақаласы 2016 жылы жарық көрген 9-томнан алынып, ұсынылып отыр.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

айғақ-кітаптардың құрастырушы және жауапты шығарушысы,

«Тоғанай Т» баспасының директоры

      Желтоқсан тақырыбы жөнінде аз жазылған жоқ. Ондаған кітап жарық көрді, жүздеген-мыңдаған мақала жазылды.

Мен де осы тақырыпқа арнап бір-екі мақала жаздым, олар «Жас Алаш», «Түркістан» газеттерінде басылып шықты. Әлі де көптеген материалдар шығатынына күмән жоқ. Дегенмен ең негізгі мәселенің сыры әлі ашыла қоймады. Атап айтқанда, Желтоқсан оқиғасына ресми түрде саяси және құқықтық тұрғыдан толық баға берілмеді. 1986 жылғы Желтоқсан құбылысын оқиға деңгейінде қараймыз ба, әлде Желтоқсан қозғалысы немесе Желтоқсан көтерілісі деп бағалаймыз ба – бұған да әлі нақты жауап берілген жоқ. 

Мен ол жылдары Қазақстан жоғары және арнаулы орта білім министрі қызметінде едім. 1986 жылы ақпанда Қазақстан коммунистік партиясының ХVI съезі өтті. Сол съезде сөйлеген сөзінде ҚКП ОК идеология жөніндегі хатшысы республикамыздың жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ балалары шектен тыс көп, сондықтан басқа ұлттың өкілдері, әсіресе орыс халқының балалары зиян шегуде деп, бұрын-соңды болмаған мәселені көтереді. Бұған дейін біздің негізгі мақсатымыз осы қазақтың ұл-қыздарын оқыту, тәрбиелеу, көп салаларда жетіспей жатқан ұлттық кадрларды даярлау болды емес пе?! Сондықтан мына әңгіме бәрімізді дүр сілкіндірді.

Съезд жұмысы аяқталысымен ҚКП ОК бірінші хатшысы болып қайта сайланған Димаш Ахметұлы Қонаев ағамыз мені өзіне шақырды. Жартылай мұңлы, жартылай күдікті күлкімен қарсы алған Димекең тіке сұрақтан бастады.

 – Көпжасар, мына біздің хатшымыз қазақтарды көп оқытып қойдыңдар деп екеумізді айыптап отыр ғой, оған не айтасың? – деді.

– Димеке, қай жағынан алсаңыз да, бұл орынсыз айыптау. Біріншіден, Қазақстанда қазақтар оқымағанда кім оқу керек? Екіншіден, қазақ студенттерінің үлесі әлі шектен шығып кете қойған жоқ, шегіне жетпеуі мүмкін, бірақ асқан жоқ, – дедім мен.

– Оған дәлелдерің бар ма?  Мен саған бір ай уақыт берем. Осы мерзім ішінде әрбір оқу орны, әр облыс және бүкіл республика бойынша  мәліметтеріңді жинақтап, жүйелеп маған  әкеліп көрсет, – деді.

– Димеке, бұған бір айдың қажеті жоқ, мәліметтер дайын, бұл біздің  күнделікті атқарып отырған жұмысымыз ғой, – дедім шыдамай. 

– Жоқ, Көпжасар, сен асықпа, мәселенің саяси мәні бар екенін түсініп отырсың ғой, бізден ұлтшылдық іздеп отыр. Сондықтан сен асықпай  дұрыстап дайындал, – деп мені  шығарып салды Димекең.

 Барлық қажетті материалдар жиналды, жинақталды, жүйеленді. Олар жан-жақты сарапталды, ғылыми түрде негізделген түсініктеме жазылды. Бас-аяғы  10 күнде барлық жұмыс бітті, бір ай күтуге төзімім жетпеді. Димекеңе  бардым.

Алғаш «ерте емес пе» деп күдіктеніп бір қарап алды да, мені қасына отырғызып, жуан қызыл қарындашын қолына алып, материалдармен таныса бастады. Біраз жолдың астын сызды. Мен әрбір кестеге, әрбір дерекке түсінік беріп отырдым. Сосын барып өзінің атына жазған көлемі үш беттік ресми  түсініктеме хатыммен танысты. Өте риза болды.

– Хатшыңа бердің бе бұл деректеріңді? Бермесең апарып бер, танысқан кезінде қалай әсер  етер екен, соны мұқият  байқа, – деді Димаш Ахметович.

– Жоқ, Димеке, маған тапсырма берген сіз, сондықтан ең алдымен мен өзіңізге келдім. Сіз қарсы болмасаңыз, бұл материалды хатшымызға да, ОК бөліміне, республика үкіметіне, сонымен қатар Мәскеуге – одақтық министрлікке және КОКП ОК бөліміндегі біздің кураторларымызға ресми түрде  жолдамақпын. Съезд мінберінен ресми айтылған орынсыз сынға ресми түрде жауап бергеніміз дұрыс шығар. Оның үстіне негізгі  кінәлі «ұлтшыл» мен болып отырмын ғой, Димеке. Сондықтан өзім ақталайын, өз «кінәмді» өзім жуайын, – дедім.

– Мұның дұрыс екен, – деп Димекең рахаттанып күліп алды. Мен ол кісінің көңілі орнына түскеніне қуандым, демек, шындықты дәлелдедік, оған үлкен кісінің көзі жетті. Бірақ әңгіменің соңында Димекең маған мынаны  ескертті: – Бұл әңгіме жайдан-жай көтеріліп отырған жоқ, мұның артында тұрған адамдар бар. Жақын уақыттың ішінде Мәскеуден комиссия келуі де мүмкін, олар айтылған сынның дұрыстығын, бізде «ұлтшылдықтың» барын дәлелдеуге тырысып бағады. Солармен жұмыс істеуге, олардың көзін  шындыққа жеткізуге  тырысыңдар, – деп Димекең орнынан тұрды. Бұл жолы мені есікке дейін шығарып салып тұрып, Димекең мынандай бір аталы сөз айтты:

 – Көпжасар, қазақтарды оқыта бер, оларды мен оқытпасам, сен оқытпасаң, кім оқытады? Қайда барып оқиды олар, өз елінде оқымай?! Бірақ мұны ешкімге дауыстап, жариялап айтпа.

Мені ол кісінің соңғы сөйлемі қатты ойландырды. Бұл кісі Қазақстанның бірінші басшысы, саяси бюроның мүшесі неден қорқады, кімнен қорқады,  мұнысы несі деймін ойланып. Сөйтсем, ол кез Кремльде бықсыған  әңгімелердің, тұрақсыз тірліктердің басталған шағы екен. Оны біз қайдан білейік, болашақты болжап пішіп отырған  Димекең пайғамбардың өзі екен.

Біраз уақыт өткен соң Димекеңнің айтқаны келіп, Мәскеуден үлкен комиссия сау ете қалды. Алғашқы шақырғандардың бірі мен болдым. Комиссия төрағасы КОКП ОК қызметкері, экономика ғылымының кандидаты Суслов  деген азамат екен. Үлкен хатшы  М.Сусловпен туыстық  қатысы жоқ, аттасы ғана болып шықты.

Көре сала зіркілдеп қоя берді. Маған қойған көптеген «айыптарының» ең маңыздылары мынау болды: неге қазақтар шектен тыс көп оқып кеткен, неге оңтүстік аймақтың, атап айтқанда Шымкент облысының балалары көп оқиды? ҚазМУ-ға арнайы барып, оның ректоры Ө.Жолдасбековтің орнынан алынуын хабарлағанда неге оның кінәларын, кемістіктерін жасырып, оны университет ұжымына естіртіп айтпадыңыз?

Ең алдымен Сусловтың ғалым, экономист екенін, сондықтан оның экономикалық статистика, демография ғылымдарынан терең білімі болу керектігін басыңқырап айтып, студенттердің ұлттық құрамын анықтау үшін сол оқу жасындағы топтарды есепке алу керектігін мойындатып алдым. Содан кейін барып барлық дайындалған материалдарды алдына жайып салып, түсініктеме бере бастадым. Бар мәліметтермен танысып, мені тыңдап болған соң ол қатты састы, бір қызарып, бір бозарды. «Мәліметтер жалған емес пе, оған жауап бересіз бе?» дегенге көшті. Мен оған «әрбір цифрға, әрбір құжатқа, керек болса, қол қойып беріп, басыммен жауап берем» дедім.

Республика бойынша жалпы мәліметтерден ештеңе таба алмаған ол жеке институттарға көшті. Алматыдағы ЖенПИ, Зоовет, Ауыл шаруашылығы институты, консерватория, сосын Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан институттарын тілге тиек етті. Мен Алматыдағы аталған жоғары оқу орындарының ерекшеліктерін, олардың ұлттық кадрлар даярлау үшін құрылғанын, ал Оңтүстік және Батыс Қазақстан болса, олардың тұрғындары  негізінен  қазақтар  екенін  дәлелдеп бақтым.

Сөзім деректі болу үшін мен Орталық және Солтүстік Қазақстан вуздарын мысалға келтірдім. Рудный қаласындағы индустриалдық институттың, Теміртаудағы завод – ВТУЗ-дың, Целиноград, Павлодар, Петропавл институттарының студенттері ішінде қазақтардың үлесі үштен бірге әрең жететін. Осы жағдайды дәлелдейтін мәліметтерді алдына жайып салғанда шыдай алмай, «сіз түк түсінбейсіз, ұлтшылдықтың шырмауынан шыға алмай отырсыз, болашақта сізбен жұмыс істеу қиын болар» деп қорқытты. Мен оған «сіз мына фактілерді мойындаңыз, ал болашақта көре  жатармыз, оның үстіне мен сіздің қызметкеріңіз емеспін ғой, мен Қазақстанда жұмыс істеймін» деп отырып алдым.

 Комиссия жұмысын аяқтағанша бірнеше рет шақырып, анықтама алып отырды. Мен өз бағытымнан таймадым. Айтқан ойларымды дәлелдеп отырдым. Комиссия жұмысы түгел аяқталып болған соң, оның қорытындысын Суслов ҚКП ОК бюро мәжілісінде баяндайды. Идеология жұмыстары саласында, әдебиет, мәдениет, сот және құқық қорғау органдарында қазақтар көп деп бөседі! Сонда, сол шіркіннің Қазақстанда бұл салаларда қазақтар істемей, кім істейтінін түсінбегені ме? Бір кезде баяндамашы жоғары оқу орындарында қазақтар шектен тыс көп оқып кетті деп, бұрынғы әуеніне басады. Сол кезде Димекең оны қағып тастап: «Жолдас Суслов, менің алдымда республикамыздың жоғары және арнаулы орта білім министрі берген ресми мәліметтер жатыр, ол мәліметтер сізде де бар, менің естуімше, бірнеше дүркін сол министрмен сөйлескен жоқсыз ба?» – дегенде, Суслов жым болды деседі бюро мәжілісіне қатынасып отырғандар. 

Әрине, ол азамат бұл жерде қынжыла, іштей шындықты мойындағанымен, жалпы, алған бетінен, дәлірек айтқанда Мәскеу арнайы жүктеген тапсырма мен бағыт-бағдарынан таймай кетті. Комиссия Мәскеуге оралған соң, берген есептері осы тұрғыда болыпты.

Бұл әңгіменің бәрі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына дейін болған жағдайлар. Бүгінгі күннің тұрғысынан өткен уақытқа сын көзімен қарасақ, Желтоқсан көтерілісі бостан-бос болмаған екен. Оған осы сияқты оқиғалар, көзқарастар, теке-тірестер, орталықтың шектен шыққан қысымы әкеліп соқтырды. Ел төзімінің соңғы тамшысы – халқы пайғамбардай сыйлаған, аруақ тұтқан Димекеңнің қызметтен кетуі.

 Бұл оқиғаларды жүйелі түрде баяндап отырғаным – Желтоқсан көтерілісі мен оның салдары көпшілікке кеңінен таныс болғанымен, оның себептері  мен пісіп-жетілуі жөнінде көп мәлімет жоқ. Ал 17-18-19 желтоқсанда болған оқиғалар баспасөз бетінде жеткілікті түрде жазылды, тіпті сағаттарына  дейін  тіркеліп, хроника ретінде баяндалды.

– Алаңға шыққан жастарды ұрып-соғып жазалап, қан-жоса қылғаны аздай, енді  сол жазаны үзбей үдету үшін  Мәскеуден Соломенцев бастаған үлкен жетекші топ келді. Олар болған оқиғаны сараптап, ақыл айтып басудың орнына жан алатын жендеттердей от ала келді. Онсыз да айқай-шу болып жатқан республика өмірін одан әрі дүрліктірді. Соғыс уақытында ғана болатын тәртіп орнатып, түні бойы жиналыс өткізумен болды.

1987 жылы қаңтардың 7-сі күні орталық комитетте Желтоқсан оқиғасына арналған жиналыс болды. Оған барлық министрліктер мен басқару органдарының жетекшілері шақырылды. Оны бастан-аяқ Колбиннің өзі жүргізіп отырды. Алғашқы тиіскендері мен болдым. «Неге бұзақы студенттерді жазаламайсыңдар? Олардың көбісі әлі оқып жатыр, жеке істері қаралмаған. Министр бұл мәселені әдейі созып, бұзақыларға жанашырлық көрсетіп отыр, осыған жауап беріңіз», – деп мені көтерді.

– Алаңға шықты екен деп бәрін жазалай береміз бе, егер кінәлі болса, біреулердің басын жарып, көзін шығарса, заң бұзып қолға түссе, онда олардың ісін қарауға негіз бар, ал әйтпесе бәрін бірдей қалай жазалай береміз, біздің ұстаным осылай. Содан кейін, Геннадий Васильевич, сіздер неге студенттерге шүйіле бересіздер, алаңға шыққандардың, қолға түсіп қамалғандардың 40 пайызға жуығы ғана студенттер екен, ал қалғандарын не істейсіздер? Мен жауапкершіліктен қашпаймын, бірақ неге бәрін менің бір басыма үйіп-төгесіздер? – дедім ашынып.

– Нәрібаевтың айтып отырғаны дұрыс. Бар айыпты тек студенттерге салудың қисыны келмейді. Ресми мәліметтерге қарағанда, осындағы бірнеше зауыттың және құрылыс мекемелерінің жұмысшылары да алаңға шыққан. Араларында қызметкерлер де, интеллигенттер де бар. Ал оларды кім ұйымдастырды? – деп, Колбин ашу шақырған түрімен залға сұқтана қарады. Біраз министрді орнынан көтерді, бірақ олардың да жауабына қанағаттанбағаны талаурап тұлданған сұрынан көрініп тұрды.

Орталық комитетте өткен жиналыстан соң, студенттерді жазалау жаңа қарқынмен жүргізіле бастады.

Министр ретінде маған да ректорлар ағылып келіп-кетіп жатты. Менің оларға айтарым: жазалау үшін отырған жоқсыңдар, жастарды оқытып-тәрбиелеу үшін тағайындалғансыздар, осыны ұмытпаңыздар. Студенттердің тағдырына тиянақты қараңдар, алаңда ұсталды екен деп, бәрін жазалай бермеңдер. Олардың кінәсі дәлелденсе ғана, яғни біреуді ұрып-соғып таяққа жықса немесе бірдеңелерді бүлдіріп-сындырып қиратып жатса, онда заң бойынша жауап берсін. Ал алаңға шықты екен деп, олардың бәрін айыптау орынсыз, бұл мәселеге заңнан басқа, ар-ұят пен адамгершілік тұрғысынан қараңдар.

Бұл әңгіме, әрине, орталық комитетке жетіп жатады. Бір күні маған ОК-тің екінші хатшысы О.Мирошхин телефон соғып: «Сіз неге партияның шешіміне қарсы шығасыз, басыңыз екеу ме, әлде партбилетіңіз екеу ме, неге басбұзар бұзақыларды қорғайсыз?» – деп өктем-өктем сөйлеп, сөге бастады.

– Кешіріңіз, Олег Семенович, менің басым да – біреу, билетім де – біреу, бірақ сонымен қатар бізде шындық та біреу болмай ма? Студенттерді жазалаудан бұрын, мәселенің ақ-қарасын анықтап алмаймыз ба, олардың бәріне күйе жаққанмен сіздер не ұтасыздар? – дедім мен де сіресіп.

– Сіз философияны қойыңыз, мен не айтып тұрмын, орындаңыз соны, әлде осы мәселе бойынша алған ескерту-сөгісіңіз аз ба? – деді де, трубканы тастай салды.

Жазалау үдей бастады, әдейі жасалған нәрсе ме, әйтеуір, айқай-шу, айыптау, кінәлау, қудалау басталды да кетті. Студенттер кінәлі ме, кінәсіз бе – комсомол қатарынан, оқудан шығып жатты, кейбіреулері жазықсыз сотталып та кетті. Олармен қатар, мұғалімдер партиядан шығарылып, қызметтен қуыла бастады. Кезек ректорларға келді. Олардың біразы Желтоқсан оқиғасына дейін де қудаланып, орнынан босаған болатын. Босағандардың ішінде ҚазМУ қалашығын тұрғызып, университеттің дамуына ерекше зор үлес қосқан көрнекті қайраткер, ғұлама ғалым Ө.Жолдасбеков те бар. Желтоқсан көтерілісінен кейін ректорлар корпусын «орыстандыру» басталды. Н.Мамыровтың орнына Украинадан Найденов, Т.Мұхаметқалиевтің орнына Ресейден Миллер, С.Байболовтың орнына Атрушкевич тағайындалды. Ректорларды ауыстыру жалғаса берді. Көрнекті ғалым, белгілі басшылар Р.Әміров, М.Арынов, С.Дорженов, М.Өтелбаев, А.Өтешев бірінен кейін  бірі  ректорлық  қызметінен босап жатты.

  Кезек маған да келді. 1987 жыл. Ақпан айының 17-сі күні орталық комитеттің бюросына шақырылдым. Бюро мәжілісінде бөлім меңгерушісі Асанбаев мәлімдеме жасап, еліміздегі оқу жүйесін түгелдей қаралап, осы жүйедегі барлық кемістіктерді менің бір басыма үйіп-төкті. Интернационалдық тәрбие жоқтың қасы (бұрын күнде айтылып жүретін «Қазақстан – көп ұлттар достығының лабораториясы» деген қағида сыртта қалды), «ұлтшылдық» өршіп кеткен, соның нәтижесінде барлық жоғары оқу орындарын қазақтар басып кеткен, республикада тұратын басқа ұлттардың күні қараң, жағдайы нашар, тағы сол сияқты айыптаулар.

   Біраз уақыттан соң Колбин басын көтеріп: «Жолдас Нәрібаев, сіз не айтасыз?» – деді. Мен осы әңгіменің болатынын көптен болжағанмын, дұрыстап дайындалып барғанмын.

– Жолдас бюро мүшелері, мен арыз беріп, өзім сұранып министр болғаным жоқ. Өздеріңіз шақырып, осы қызметті маған жүктедіңіздер. Мен сіздермен ақылдасып жұмыс істедім, орталық комитеттің бағытын қолдап, шешімдерін іске асыруға тырыстым. Өздеріңізге белгілі, ешбір министр өз бетінше жеке саяси шешім қабылдай алмайды. Сондықтан Асанбаевтың маған артқан саяси айыптауларын қабылдамаймын. Кемістіктер жоқ емес, бар, оны мойындаймын, бірақ біткен игілікті істер де аз емес. Маған соларды айтуға мүмкіндік беріңіздер, – деп бастадым сөзімді.

Шынында да, жүйе бойынша қол жеткен табыстар аз емес еді, оны одақтық министрлік те мойындап, бізді мақтап, басқа республикаларға үлгі етіп ұсынып жүретін. Мен әр саладағы табыстарымызды талдап баяндап бердім.

–Ал енді «ұлтшылдыққа» келетін болсақ, – деп жалғастырдым сөзімді, – осы күнге дейін біздің министрлік Одаққа да, сіздерге де ұлттық кадрлар дайындау жөнінде есеп беріп келді. Бізге берген тапсырмаларыңыз – білім мен ғылымның, өндірістің барлық салалары бойынша өз кадрларымызды дайындауды қамтамасыз ету болатын. Осыны орындауға тырыстық, өзімізде жоқ мамандықтар бойынша жастарды Ресей, Украина, Белоруссия сияқты елдердің белгілі жоғары оқу орындарында оқыттық, әлі де оқытып жатырмыз. Біз жыл сайын жұмыс жөнінде есеп бергенде осы көрсеткішке – ұлттық кадрлар даярлау мәселесіне өздеріңіз де, Мәскеу де ерекше көңіл бөлетін. Енді қалайша біз бір күнде «ұлтшыл» болып шыға келдік? Ал «жоғары оқу орындарында қазақтар көп оқып кетті» деген мәселеге келсек, оның жаңсақ екенін мен кезінде дәлелдеп айтқанмын. Әзір де менің қолымда сол материалдар бар, керек болып жатса тағы баяндайын, бірақ босқа уақыттарыңызды алғым келмейді. Ендігі шешім өздеріңізде. Мені қинап отырған – қызметтің мәселесі емес, жалған айыптаулар, оларды мен қабылдай алмаймын, – дедім де, орныма келіп отырдым.

Біраз үнсіздіктен кейін талқылауды Меңдібаев бастады. Бөлімнің ұсынысын қолдайтынын, мені орнымнан босату керек екенін айтып, «мына заманда оның ағымын түсінетін және бүгінгі уақытқа қызмет істейтін министр керек» деп қорытты өз сөзін. Оны бюроның тағы 2-3 мүшесі қолдап сөйледі. Олардың ойынша, мен өз қатемді әлі де толық түсінбеген екенмін, сол жерде жаздым-жаңылдым, қателестім, кешіріңіздер деп, аяқтарына жығылуым керек екен. Оның орнына мен менменсіп тұрып алыппын, ол – ол ма, өз қателерімді (саяси шешімдер жөнінде) солардың мойнына артпақ болыппын.

Тағы біраз үнсіздік. Колбин қызарып-бозарып отыр. Бюро мүшесі, министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев орнынан тұрды. Сөзін сұрақтан бастады.

– Нәрібаев жолдас біздің республиканың үкімет мүшесі, оны орнынан босату туралы мәселе менімен келісілген жоқ, бұл – бір.

Екінші – Нәрібаев жолдас ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Заң бойынша депутатты қызметтен босату үшін Жоғарғы Кеңестің шешімі керек. Саламат Мұқашевич, сіздер осы мәселе бойынша келісім бердіңіздер ме? – деп, қарсы алдында отырған Жоғарғы Кеңес президиумының төрағасы С.Мұқашевқа қарады.

Ол кісі «жоқ, бізден ешкім келісім сұраған жоқ» деп жауап берді. Нұрекең ары қарай сөзін жалғастырып: «Геннадий Васильевич, сонда қалай болғаны, бәріміз отырып заңды белінен басқанымыз ба, ал үкімет бекіткен тәртіпті неге бұзамыз? Асанбаев жолдасқа осыншама правоны кім берді?» – деді.

   Нұрсұлтан Әбішұлы жанды жерінен ұстаса керек, Колбин қып-қызыл болып жалтақ-жалтақ қарай берді. Аздан соң: «Асанбаев жолдас, бұл мәселе үкіметпен және Жоғарғы Кеңеспен келісілген жоқ па еді? Мұныңыз қалай?» – деп орнынан қозғала берді.

Асанбаев екі бүктеліп, басын салбыратып орнынан тұрды.

– Иә, мұндай кемістік болды, бұдан былай ескереміз, тәртіпті бұзбаймыз, – деп бишара қалпына түсе қалды.

Нұрекең ары қарай сөйлеп кетті:

– Министрліктің де, оны басқарып отырған Нәрібаевтың кінәсі жоқ емес, бар. Мен оны жоққа шығармаймын. Алайда бар кемшілікті бір кісінің басына үйіп-төгіп тастағанымыз қалай? Қазіргі айтылып отырған кемістіктер бір министрліктің қызметінде, тек білім беру саласындағы ғана кемістіктер емес, бүкіл қоғамда орын алған олқылықтар емес пе?! Және олар кеше ғана пайда болған жоқ қой, ондаған жылдан бері қалыптасып келді. Соның бәріне 3,5 жыл ғана министр болған жалғыз Нәрібаев жауап бере ме? Оның үстіне саяси бағыт-бағдарды ұсынатын біз емес пе, олар орындаушылар ғой. Нәрібаев жолдас өз сөзінде министр болған кезінде қол жеткізген жетістіктерді атап-атап айтып кетті. Біраз іс бітірген сияқты, ол неге ескерілмейді? Менің ұсынысым: партия жөнінен сөгіс беріп, қызметінде қалдырайық. Осында айтылған кемшіліктерді жоюға атсалыссын, –  деп барып орнына отырды.

Бәрінің аузына құм құйылғандай жым болды. Колбин екі оттың арасында қалғанын сезіп, қай жағына шығарын білмей аласұрды. Дегенмен Нұрекеңнің мысы басып кетті ғой деймін, маған қарап мәймөңкелеп сөйлей бастады:

– Нәрібаев жолдас, не істейміз? Сізді жазалап біз абыройға жете қоймаспыз, арамызда жүріп қызмет істеген азаматсыз ғой. Осы, өз еркіңізбен арыз беріп, қызметтен босасаңыз қайтеді? – деді.

– Мына әңгімеден кейін ортақ тіл тауып, қызмет істеудің маған да жөні келе қоймас. Мен ғалым адаммын, қай кезде болсын өз орнымды табамын, – дедім. Сонымен, мен өз арызым бойынша өз еркіммен босайтын болдым.

Тәңір тілеуімізді беріп, тәуелсіздікке қол жеткіздік, егемен ел болдық.

Айта кету керек, Желтоқсан көтерілісі өте күрделі құбылыс. Оған құр долбар, бос сөзбен анықтама беру жеткіліксіз. Кезінде арнайы құрылған комиссия материалдарын және Конституциялық сот жинақтаған көптомдық істерді, архивке тапсырылып, жабылып жатқан ресми құжаттарды ашып, солардың бәрін жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдап, сараптан өткізіп барып қорытынды жасаған абзал. Бұған түгел қоғам болып атсалысуымыз керек. Сонда ғана осы күнге дейін жұмбақ болып ашылмай келе жатқан оқиғаның қыры мен сыры анықталуы мүмкін.

Тегтер: желтоқсан оқиға пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 11.11.2021, 09:01
«Тоқырау әлдеқашан басталған» бірақ үкімет оны мойындағысы келмейді

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00