Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр

Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ

29.03.2023, 05:46

2304

 «Қарғыстың ең жаманы: өзің білме,

 білгеннің тілін алма!»

 Қазақ нақылы

 Қазақ о бастан күрескер халық. Кіммен күреспеген, немен күреспеген десеңізші. Әңгімені «кіммен» күрескенінен бастасақ – «Махамбет шал төгіп кетті отты өлең – Топырағымда ерлік болып көктеді ол» деп, ақын Жұмекең Нәжімеденов айтқандай, туған жер топырағының қай тұсы болсын, түртіп қалсаңыз қазақтың жауынгерлік рухы алдыңыздан атойлап шыға келеді. Қазақтың «кіммен» күрескенін бүгінгі ұрпақ бес саусағындай біледі. «Мұқабасы жұқа» болғанмен, тереңнен тамыр тартатын тарихымен мақтанады. Жан алысып, жан берісіп жүріп жауын жеңбей қоймаған. Қасқайып тұрып «Хан емессің, қасқырсың!» деп, бетіне түкірген. Қазір ғой қабырғалы қазақ баласының сол баяғы өрлік пен ерлікке, табандылық пен тектілікке толы жан дүниесі жұқарып, кесек бітімі ұсақталып – жарамсақ, жағымпаз, жалпақшешей, жасқаншақ, т.б. толып жатқан «томпақ» мінездері төбе көрсетіп келеді. Біздің айтайын дегеніміз – бұл емес еді.

 Бүгінгі биліктің «немен» күресіп жатқаны аңыз әңгімеге бергісіз. Жиі-жиі жел диірменге шабуыл жасайтын Дон Кихотты еске түсіреді. Бір таусылып бітпейтін үнді сериялдары сияқты: жемқорлықпен, «атаңнан қалған ас емес», арақпен, жұмыссыздықпен, қарашаның қалтасын қағатын қымбатшылықпен, ауаның ластануымен, табиғи апаттармен, тіл мәртебесі, т.б. толып жатқан күрес түрлерін таңдап алғанбыз. Күрестің солқылдақ, дәрменсіз, жалаң, тайғанақ тұстары көп болғандықтан ба ол шіркіндеріңіз айылын жияр емес. Қайта еркінсіп, сахнада сайран салып, сананы улап, ноқтаға басы сыймай тұр. Мемлекеттік тіл мәртебесі үшін күрес тарихының эпилогы: бір аяғымыз криллицада, екінші аяғымыз латын графикасында тұр. Қашанға дейін талтайып тұрарымызды бір Құдайым ғана біледі. Енді, естіген құлаққа ерсі болса да айтайық: түк таппағандай жыңғылмен күрес жорығын бастап жіберген әкімдер де бар. Апыр-ай, ә, дерсіз.

 Үстіміздегі жылдың басында Жетісай ауданының әкімі етіп Серік Мамытовты тағайындап, «зымырантасығыштар» жас шыбықты қадап кеткенде, қара халықтың пікірі қақ жарылған: бірі – жастарға жол бергенін құптағандай болып, жарамсақ ойдың жетегінде кеткен; екіншісі – аузынан ана сүті кеппеген, шаруашылық табиғатын түсінбейтін, «толыспаған Толстой» – стратегиялық маңызы айрықша ауданды басқаруға қабілеті жететініне күмән келтірген. Айтса айтқандай-ақ, сол екінші пікірдің жаны бар болып шықты. «Әкесін ұрғанды көріп едік, бірақ арбаға байлап қойып ұрғанды көргеніміз жоқ» демекші, әкімнің отызыңда орда бұзғанының сиқы: бас-көзге қарамай, жыңғылмен күресіп жатыр. Кәдімгі жыңғылмен! Ауданда бас қатыратын басқа мәселе құрып қалмаған шығар-ау. «Баланың ісі шала» демекші, қалай айтқанда да ақылды «баланың» тірлігі деуге келмейді. Облыс әкімінің ойынан шығып, президент әкімшілігінің батасын алып келген «баланы» тоқтататын күш әл-әзірше табылмай тұр. Аудан әкімі Серік Мамытов бастаған жаңа сипаттағы күрес түрін тәптіштеп айтуға тура келеді.

 Жыңғыл ағашы – Қзазақстанның далалы, шөлді аймақтарында кең тараған. Әсіресе қызыл жыңғыл өзен бойларында, тоғайлардың арасында, құм, саз, сортан топырақты жерлерде қаулап өседі. Мамыр айынан күрең күзге дейін гүлдеп, гүл шоғыры – қырмызы түске боялып, көздің жауын алып тұрады. Сол жыңғыл деген шіркініңіз аудан әкімінің жынына жақпай қалып, айбалтаның жүзіне түсіп, «қыршынынан» қиылып жатыр. Обал-ай! Жетісай – Шардара тас жолының оң қапталында, сарқынды су ағатын канал (сброс) мен тас жол аралығында ұзақ жылдар бойы «жайқалып» өсіп тұратын жыңғыл ағаштарын тып-типыл етті. Шаруашылыққа қажет болса, әлдеқашан игеріліп, біреудің иелігіне өтіп кетер еді. Пайдалануға жарамсыз, сор басып бос жатқан жер. Суармалы егістік жерлер үйлердің есік алдына дейін тіреліп тұратын болғандықтан, алақандай жайылымдық жерге зәру ауыл тұрғындары малдарын осы бір енсіз, тар дәлізге бағатын. Жұмыртқа тәрізді ұсақ жапырағы мен селбесін қыс мезгілінде суық ұрған соң мал біткен талғажау ететін, ал аптап ыстықта көлеңкесі сая болатын.

 «Әр кәллада бір қиял» демекші, жаңа әкім «баланың» қай сынын бұзып, қай сәнін кетіргенін кім білсін-ай, жыңғыл ағаштарын жоңғар жауынгерлеріндей жайратып салды. Әшейінде белсенді болып жүретін эколог-сымақтарымыз бен ауылшаруашылық мамандары, прокуратура қызметкерлері кеңес беріп, жас әкімге бір ауыз ақыл айтуға жарамапты. Өз көлеңкесінен өзі қорқып жүретін, жағымпаздар-ай. Әйтпесе, жыңғыл ағашының Қызыл кітапқа енгенінен бейхабар – көрсоқыр емес қой. Сонымен, әкімнің бұйрығымен ұзындығы бес шақырым, ені 5О-6О метр аумақты алып жатқан жыңғыл ағаштарының «жаназасы» шығарылды. Сонда дейміз-ау, табиғатқа келтірілген залал мен «күреске» жұмсалған қаржының сұрауы болмағаны ғой.

 Бірде Ақсақ Темір Қожанасырдың баласын сарайына шақыртып алып, «Бұ шіркін ақыл жағынан әкесіне тартты ма екен, байқайын» деп, қалтасынан бір алтын теңге шығарып, балаға ұсыныпты. Бала алмапты. «Неге алмайсың?» – дейді патша. «Шешемнен қорқып тұрмын», – дейді бала. – Ол көшеде кездескен бейтаныс адамнан, көлденең көк аттыдан ақша алушы болма деп ескерткен еді. Ақсақ Темір қаһарына мініп: «Мен көлденең көк атты емеспін, патшамын ғой», – депті. «Патша екеніңді білемін, бірақ ақшаны патшадан алғаныма шешем нанбайды», – депті бала. «Неге?» десе, бала: «Патша берсе бір теңге бере ме екен, көп етіп бере салмай ма?» дейді ғой», – деген екен. Сол айтпақшы, аудан өмірінде қордаланған проблемалар мен көптеген түйткілді мәселелерді түбегейлі шешіп, абыройын асырып, беделін көтерудің орнына, қайдағы бір жыңғылмен жағаласып жүрген «бала» әкімнің жаңашылдығын жақтырмай жүрген жұрттың жаңайқайын жеткізгіміз келіп еді. Осыдан кейін «Жасампаз әкімге жарымаған «Жетімсай» дегенге келісетін шығармыз, сірә.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:31
АХМЕТТІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ
Күлтегін БЕК 06.06.2023, 09:46
Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 12:42
Жұмыссыз ерлер Қызылордада, жұмыссыз әйелдер Маңғыстауда көп
Күлтегін БЕК 31.05.2023, 09:42
Смағұл Елубай, жазушы: Аштықта қазақ демографиялық жағынан ғана ұтылған жоқ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 31.05.2023, 04:57
Құлақтан аяққа дейін: Қазақ дәрігерлері кесуді ғана біледі
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.05.2023, 16:26
172 мың түлектің үміті желге ұшты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00