Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

12.05.2021, 11:00

1700

Дамуды дамылсыз ұрандатып келе жатқан қазақ қашан байиды? Мұнайға малданып марғау отырмыз. Өремен ойлауға өрісіміз тар, қимылымыз жабан. Шетелдік инвесторлардың  бір шоғыры табан тіреген  өндірісті өлке-Қарағанды облысында   туризм ісі әлі тұралап тұр.

 Мәселен, көне жәдігерлерді көруге бейілдік танытушылардың көбі Жезқазған өңіріндегі Жошы хан кесенесіне келеді. Жергілікті әкімдіктің жүргізген есебінше, Жошы ұлысының негізін қалаған әйдек қолбасшының кесенесіне жыл сайын ел аумағы мен алыс –жақын шетелдерден 3 000-ға жуық турист келеді екен.  Тағылым мекенге айналған кесене сайын даланың қойнауына тұрғызылған. Ұлттық мұраны ұлықтау үшін көрерменді көптеп тарту керектігі заңдылық. Бірақ,  бұл маңайға туризмді дамыту  үшін алдымен  кесенені заманауи талағаммен жандандырып, сәулеті келіскен қонақ үй кешенін тұрғызып, қолайлы инфраструктура салыну қажет-ақ.

Жошымен таласқан «кемеңгер» кім?

Қыпшақ даласында жаңа мемлекет құрып, Алтын Орданың және Жошы ұлысының негізін қалаған Жошы Шыңғысханұлының кесенесі Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Қаракеңгір өзенінің жағасында орын тепкен. Күмбезде сақталған таңбаларға қараағанда, оны салуға Жошыға бағынған оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы тайпалары қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбезді қайтыс болған кісінің жылдық асын беруден бұрын тұрғызылған. Соған қарағанда 1227 жылы дүниеден озған Жошыға 1228 жылы күмбез тұғызылған болуы керек. / Уикипедия/  Қазір күмбез жаhандық  мұраның санатына кіреді. Дара тұлғаның даңқын асырып, өзгелерге әспеттеу  біздің еншімізге бұйырған. Бірақ, осы аманатқа дақ түсіруге жол берген жөніміз бар.

Жошынның тәні жерленген кешенге  жақын маңда сән түзеген  белгісіз мұсылманның бір мазар тұр. Іздестіре келе, ол зиратта  найманнан шыққан киікбай руының өкілі жатқанын білдік. Марқұмнының мүрдесі  бұл араға 1997 жылы жерленген. Оның қандас туысы Ғалымжан Әбдібековтың айтуынша, «мазрда жатқан адамның бабалары ол аумақты 18 ғасырда-ақ олжалап қойған деп талас тудырды. Киікбай руына тиесілі жерді ұрпақтары «қара қорым» деп атап кеткен көрінеді. Басымыз дауға қалмас үшін біз киікбай руы жайлы  іздестіріп, энциклопедиядан еш дерек таппадық. Жошы кешенімен таласып тұрған мазар жайлы әңгімені қаузап, ел назарын аударған  продюсер Нұртас Адамбайдың мәлімдемесіне еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікбаева әлеуметтік желі арқылы жауап қатты. Онда: «Хан кесенесіне жақын маңдағы мазарларды  марқұмның туыстарының келісімен немесе сот шешімі арқылы өзге жерге жерлеуге болады», -деп қайырған. Ал, жоғарыдағы мазардың иелері марқұмның сүйегін басқа жерге көшіруге үзілді- қарсы екенін жеткізді. Бұл өңірдің тарихын зердесіне түйген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Ақылбаевтан жөн сұрадық. Төл саланың майын ішкен маман :«тарихқа енген әулиердің маңына әркімді таластырып көмуге жол бермеу керек» деп жол сілтеді.

«Айласын аласапыран шақта асырған»

Жетпіс жыл жеке отау болған Жезқазған 1997 жылы май айында Қарағанды облысының құрамына енді. Осы кезде мәдениет басқармасының құрамындағы   ескерткіштерді  қорғау инсекциясы қысқартуға ұшырады. Өлара шақта   мысты өңірдің аумағындағы мәдени мұралар да қараусыз қалды. Ұлытаудағы Жошы хан кесенесі де соның зардабын тартты.

-Арада он екі жыл өткенде, 2009 жылы мәдениет және спорт министрлігі  Ұлытауда  ұлттық тарихи-мәдени мұражайын ашу жөнінде қаулы шығарды. Ал әлгі дау тудырған мазар сол аласапыран кезде салынып қойған. Киелі кесене қазір қатаң бақылауға алынды. Тағылымды тұлға жатқан маңнан 50 метрге дейінгі жерге құрылыс нысанын тұрғызуға, мәйітті жерлеуге тыйым салынған.  Бүгінде осы талаптарды сақтап отырмыз, -дейді Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов.

Туристік кешен салу ісі аяқталудың алдында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Ұлытау өңіріне барған сапарында Жошы хан есімін жоғары деңгейде ұлықтау шарасына кірісу керектігін шегелеп айтты. Сол кезде Президент былай деген еді:« Мысалы, Моңғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал ұлы ханның үлкен ұлы-Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Сондықтан Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.  Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру -өте маңызды міндет. Бұл жұмыстар Алтын Орадының 750 жылдығын мерекелеу аясында басталу қажет», деп, ұлы қаған ұрпағын ұлықтаған Тоқаев сол сапарда аймақтағы шенеуніктерге бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.

Президент пайымынан кейін Жезқазған өңірінде 2020 жылдың шілде айынан бастап жаңа тарихи-мәдени кешен салына басталды. Қарқынды жүрген  құрылыс жұмысы  қазір аяқталуға жақын қалды. Жаңа кешенің тұрпаты мен келушілерге көрсететін қызмет түрлері жайында Жезқазған қалалық баспасөз қызметі бізге мынадай хабарлама жолдады:«Кешеннің аумағы 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 1,8 мың шаршы метр аумақта көрме залы, асхана, 20 орындық қонақүй мен намазхана сияқты бөлімдер орналасқан. Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық–бүгінде мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Жошы хан кесенесіне реставрация жұмыстары жүргізілуде. Кесенеге келушілер дәлізге орнатылған монитринг арқылы кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен таныса алады. Мәдени-тарихи кешеннің ауласында тұғырда отырған биіктігі бес метр болатын «Жошы хан» ескерткіші қойылған. Тақтың алдына Кетбұқаның балауыз мүсіні мен кешен аумағында «Ақсақ құлан» шағын сәулет нысандары мен күймелер, тулар, тутұғырлар қойылады.

Өңірге келген меймандар Жезқазған қаласының ғана емес, Ұлытау ауданының да тарихи нысандарын аралауға мүмкіндік алады. Тарихи нысандарға барар жолда келушілер үшін негізгі демалыс орны Жошы хан кешені мен оның аумағында орын тебетін этноауыл болады. Сондай-ақ, туристік кластерді дамыту аясында келушілерді қызықтыру үшін туристік фирмалармен бірлескен жұмыс ұйымдастырылады».

Мұңғылдардан үйренеріміз көп

Шыңғыс ханның қайда жерленгені әлі беймәлім. Бірақ, мұңғылдар  ұлы қағанға арнап Ұлан -Батырдан 50 шақырым қашық  алаңға алып ескерткіш орнатты. Ел аузынан қалған ескі аңыз бойынша ұлы қолбасшы осы жерден алтын  қамшы тапқан деген пәлсапа бар. Биіктігі 60 метрге жететін әлемдегі еңселі тас мүсінде ат үстінде отырған жас Темучиннің бейнесі сомдалған. Жасампаз жанның тартымды тұлғасын көруге келушілер Темучиннің атының басына орнатылған балконға шығып кең жазира Мұңғыл даласын  тамашалай алады.  Мұңғыл мемлекеті бертінде осы композицияны түрлендіруді қолға алды. 212 гектар аумақты алып жатқан туристік кешеннің маңына келешекте 200 киіз үй, хауыздар, 100 мың ағаш отырғызбақ. Елдік белгіні жылына 400 мың  турист көріп кетеді. Келешекте мұңғылдар мұнда  1 млн адам келетіндей мүмкіндік туғызуды жоспарлап отыр

Ұлттық құндылығын ұқсатқандардың қазынасы қашанда ортаймайтыны хақ. Туризмнен қыруар қаржы тауып жатқан әрісі АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Жапониямен, берісі Моңғолиямен біз бәскеге түссек,  несі ерсі? Мал баққанға, қаржы қашанда  көзін тапқанға бітеді. Қарапайым қағидадан әзірге қазақтың түйегені аз боп тұр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 07.06.2021, 12:35
COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар режим бұзғаны үшін жазаланады
Күлтегін БЕК 03.06.2021, 09:08
Қара тасқа қашап жазған тарихын...
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 01.06.2021, 08:24
Бекзат болмысты Бекзат
Елеусіз МҰРАТ 29.05.2021, 10:12
Жалған жарнаманы насихаттағандарға жауапкершілік неге жоқ?
Батыр ЖАСҰЛАН 27.05.2021, 11:04
Қазақтың үні қашанғы қалыс қалады?
Қамысбай Бесінбергенұлы 25.05.2021, 09:08
Ұлттық құндылықтарды, қадір-қасиетімізді дәріптеуге неге қарсымыз?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02