Журналист киллерге кешірім берді

Сот кісі өліміне тапсырыс берген шенеуніктің ісі бойынша үкім шығарды

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

29.11.2022, 09:30

2572

Түркістан облысында журналист Амангелді Батырбековты өлтіруге тапсырыс берген шенеунікке және тапсырысты орындаушыларға сот үкімі шықты.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот кісі өліміне тапсырыс берген Сарыағаш аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметін атқарған Бауыржан Майриховты 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Шенеунік өзі туралы ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде сыни мақалалар жазып жүрген Амангелді Батырбековтың көзін жоюды алдымен қарамағындағы қызметкері Сабырходжа Молдаходжаевқа жүктеген. Молдаходжаев бұл жұмысты атқару үшін Әбдіхамит Қуандықовты, Мейіржан Досболовты және Нұрғали Қыдырәлиевті жалдаған. Олардың бірі отты қару тапқан. Қалған екеуі түн ішінде көлікпен Батырбековтың үйіне барған. Алайда үйіне барған киллер Н.Қыдырәлиев қателесіп, журналистің ұлын отты қарумен жарақаттаған. Сот үкімімен С.Молдаходжаев – 11 жылға, Ә.Қуандықов – 13 жылға, М.Досболов пен Н.Қыдырәлиев 12 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына кесілді. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Жәбірленуші Амангелді Батырбеков сот үкімінен кейін «Жас Алаштың» тілшісіне оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Оның айтуынша, келеңсіз жағдай 3 қаңтар күні түнгі сағат 11-лерден кейін болған.

– Мен сол күні Сарыағаш ауданы Көктерек ауылындағы үйімде болдым. Үйдің ауласында құрылыс материалдарын сататын дүкеніміз бар. Менің дүкеннің қосалқы бөлмесін кеңсе ретінде пайдаланамын. Осы жерде газетімізді беттейміз, материалдарымызды жазамыз. Кешкісін кеңсемде отырып «Сарыағаш информ» газетінің алдағы нөміріне шығатын мақалаларды қарап отырған болатынмын. Бір кезде жолдастарымен бірге болған ұлым оралып, менің қасыма келіп отырды. Бәрі осыдан кейін басталды. Киллер есік алдында ешқандай көліктің болмағанына қарап мені үйде емес деп ойлап, аулақтау жерде күтіп отырған (менің алты жылдан бері рөлге отырмайтынымды ол қайдан білсін?!). Аздан соң телефоныма әйелім қоңырау шалып, бір жігіттің көліктің доңғалағын іздеп жүргенін айтты. Менің түсінгенім, қараңғыда бейтаныс жігіт келіп, үйдің терезесін тақылдатыпты. Терезені ашқан қызыма ол өзін Абылай деп таныстырады, мені сұрайды, «Тойота» көлігінің дөңгелегі керек еді» дейді. Кейін оның жергілікті жерден еместігін осыдан-ақ байқадық. Себебі біздің үйдегі дүкенде көлік бөлшектері емес, құрылыс материалдары сатылатынын жергілікті тұрғындардың бәрі біледі ғой. Шамасы, киллер Батырбековты есік алдына шақырамын, шыққан кезде атамын да кетемін деп жоспарлаған. Әйелімнің қоңырауынан кейін ойымда ештеңе жоқ мен «ол жігітті дүкен жаққа жібер» дедім. Осыдан кейін ұлымды әлгі жігітпен жолығуға жұмсадым. Артынша қатарынан екі мәрте атылған мылтық даусы шықты...  Ұлымның айтуынша, ол есікті ашқан кезде арғы жақтағы жігіттің сұлбасын көргеннен-ақ әлденеден секем алған. Қараңғыда бетіне маска таққан жігіттің дұрыс ниетпен келмегенін сезген ол есікті қайта жауып жатқан кезде киллер қойнынан қос ауызды шолақ мылтықты шығара бастайды. Ұлым кері шегініп, артқа қарай қашады. Алғашқы оқ оның оң жақ бүйірінен тиген, – деді Батырбеков. Осыдан кейін екінші оқ атылады. Екі оқтан ауыр жарақат алған журналистің ұлы жерге отырып қалған. Ал киллер бой тасалаған.

– Ұлымның денесінен көп қан кетті. Кездейсоқ келіп қалған көлікпен оны дереу ауруханаға жеткіздік. Ұлымның бытыра тиген қолдары әлі күнге қалпына келген жоқ, – деді А. Батырбеков.

Болған жайттан кейін киллердің үйге Амангелді Батырбековты өлтіруге келгені, алайда қателесіп, оның ұлын атқаны айтпаса да түсінікті еді. Журналист алғашқыда қылмыстың ашылатынына күмәнданғанын жасырған жоқ.

– Оқиға түн ортасында, жаңбыр жауып тұрған кезде болды. Мұндай кезде көрдім-білдім деген куәгерді табу қиын ғой. Алайда қатарынан екі рет атылған оқтан көршім оянып, терезеден қараған екен. Сол кезде біздің үй жақтан қатты жылдамдықпен шығып кеткен ақ түсті «Нексия» көлігін байқапты. Бар болғаны осы ғана. Алайда осының өзі қылмысты ашуға жеткілікті мәлімет болып шықты, – дейді Батырбеков.

Полицейлер алдымен сол түні Шымкент бағытына кетіп бара жатқан ақ түсті төрт «Нексияны» анықтап, олар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізген. Ақыр аяғында жіптің бір ұшы қылмыскерлерге барып тірелген.

– Сот отырысы кезінде прокурор іске жазаны ауырлататын мән-жайларды қосу қажеттігін айтты. Судья осы бойынша біздің пікірімізді сұрады. Мен ауырлататын мән-жайларды қосуға қарсы екендігімді білдіріп, істі алғашқы айыптаулар бойынша жалғастыра беру керектігін айттым. Осыдан кейінгі сот отырыстарында тапсырысты орындаған үш жігіт кінәларын мойындап, менен кешірім сұрады. Мен оларға кешірімімді бердім. Судья үкім шығарар кезде оларға менің кешірім бергенімді ескерді. Майрихов пен Молдаходжаев кешірім сұраса, мен оларды да кешіруге дайын едім. Бірақ олар кінәларын мойындамады, – деді Батырбеков.

Бауыржан Майрихов Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін біраз жылдар атқарған шенеунік. Естеріңізде болса, 2018 жылы Сарыағашта зорланған жеті жастағы баланың ісінен кейін (бұл мәселені сол кезде алғаш болып журналист Амангелді Батырбеков көтерген болатын) Бауыржан Майрихов қызметінен шеттетілген еді. Сол жылы Сарыағаш ауданы екіге бөлінді. Майрихов қайта құрылған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін жалғастыра берді. Былтыр оны Түркістан облыстық білім басқармасы атқарып отырған лауазымынан босатып жіберген болатын. Бірақ ол артынша сот шешімімен жұмысына қайта оралған.

Жалпы, Түркістанда қазір білім саласы әбден былыққа батты. Мұның алдында пара алды деген айып бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шадиеваның ірі көлемде айыппұл салуға сотталғанын жазғанбыз. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылған Шардара мен Төле би аудандық білім бөлімі басшыларына қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал Сарыағаш ауданының бас мұғалімінің кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен сотталып жатқаны мынау. Мұндай масқараны бұрын-соңды естіп-білген кім бар?! 

Қазір облыс әкімінің білім саласына бақылау жасайтын орынбасары Сәкен Қалқамановтың қызметінен кеткені туралы әңгіме өршіп тұр. Жаңа орынбасар білім саласын былық-шылықтан тазалай ала ма?

Тегтер: журналист киллер сот үкімі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16