Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.04.2021, 14:24

3097

«Әйелдің қырық жаны бар» деген сөз қапы айтылмаған. Нәзік жаратылыс иесі қаласа, табиғатына қарсы тұрып  қара күшті бағындырады. Темір тұлпармен тау-тасты кезіп, ер-азаматтың еңсесін езетін шаруаны нардай көтеріп, меңіреу далада асауға тұсау салып, Қамбар ата түлігінен төл өргізіп, өрелі іс тындырып жүрген  қос әже Жаңаарқа ауданының  шалғай ауылында тұрады.

Жылқышы әйел

Ақату ауылындағылар Алтын Мамыраеваны «жылқышы әйел» деп атап кеткен. Ел оны ерінен ерен құрметтейді. Ол отбасында әйелге тән тірлігін тындырысымен, ат әбзелдерін  алып, тұлпарын сапарға қамдап,  үйірлі жылқының жайылымына аттанады.

— Отағасына қолғабыс етуді қадетке айналдырғаныма 45 жыл болды. Жаздың нөсер жауынында, ат құлағы көрінбейтін боранды  күндерде бағытымнан адасып яки аттан құлап  көрген емеспін.  Ауылда өстім.  Он жасымда атқа отырдым. Әкем  аймақтағы абыройлы шопан болды. Ол кісіден   бір елі қалмай,  мал баптау әдісіне машықтандым. Жасымның ұлғайғанына қарамастан, қазір де түздегі  жұмысқа белді бекем буып  араласып жүрмін. Балаларым кейде намыстанып, «үйде отыр» деп қолқа салады. Маған салса ғұмырымның соңына дейін атакәсіппен айналысар едім. Ат  үстінде  дархан даланы кезіп, Қамбар ата түлігін баптау бала кездегі арманым болатын. Міне, сол мақсатыма қол жеткіздім.  Олай болса өмірімнің бөлшегіне айналған жүрек қалауымнан неге жиренуім керек? – дейді жылқышы әйел.

                       «Мал баққанға бітеді»

  Алтын өмірлік серігі Нұрланмен тоқайласып, былтыр мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында асылтұқымды ақбас сиырлар сатып алған.  Әйткенмен ол «аз оттап, көп жусайтын кірпияз жылқы малын бағудан жаным  рақат алады» дейді. Төрт түліктің төресін өргізген нәзік жанды  Жаратқан Ие де жарылқаған. Алтын құрсақты ана 10 балаға жарық дүние сыйлаған. Балаларының  алды денсаулық сақтау және білім беру саласында жемісті еңбек етуде. Үш ұлы әлемдік сайыста  еліміздің атын абырой биігіне шығарған айбынды спортшылар. Әрқайсысы қазақ күресінен, самбодан және дзюдодан  чемпион.   Мықты әулеттің балаларына мәрттік пен тектілік аналарынан ауса, палуандық әке қанымен дарыған. Атына заты сай бірегей ана Алтын Мамыраева ұлттық брендіміз іспетті. Сыртқы келбеті көз сүйсіндіреді. Күзде үстінен оқалы шапанын, қыста оюлы тоны мен түлкі тымағын тастамайды. Талғамында талас жоқ.  Мұнысы ұрпаққа өнеге. Жылқышы әже бүгінде  18 немере сүйіп отыр.  Десе де,  батыл жүректі  қайсар ана: «Сексеннің сеңгіріне  келгенше аттан түспеймін деп өзіме  серт бердім. Бойжеткен кезімде  шабандоз бозбалаларға ілесіп, қыз қууға қатысып, бәйгеде  алда келетін едім. Қазір де «мен мықтымын» деген ерлер болса, сайысқа қатысуға әзірмін», – дейді батыл ана.

                               Мобильді әже

Бүгінгінің ерге бергісіз әйелдерін  іздесеңіз, қияндағы елді мекендерден  қиналмай  табасыз.  Осындай заманына лайық 63 жастағы  мобильді кейуана облыс орталығынан  400 шақырымға жуық қашықтағы Түгіскен ауылында тұрады. Мал шаруашылығымен айналысатын қарт ана  бұлан даланың сан қатпарын заманауи техникамен шарлайды. Бұл өңірге қыста қар қалың түсіп,  көктем кеш келеді. Мұндайда омбы  қарда желмаядай жүйткитін,  қарда жүретін мотоцикл  нағыз қара нар. Әжеміз дәл осы көлікті тізгіндейді.

    – Бұл көлікті балаларым сыйға тартты. Тұлпардан ешқандай айырмасы жоқ. Алысқа ұзап кетсем, үйдегілермен  смартфонмен байланысқа шығамын. Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ, – дейді Гүлнәр Қылышбаева. Әмбебап әженің рухына  сүйсінбеске лаж жоқ.  Кейуананың келбетіне қарап зейнет жасындағы қарт демесең, бойынан күш-қуаты  әлі арылмаған. Қысы-жазы  сай-саланы темір тұлпарымен кезіп, төрт түлігін бағып  жүр. Бұл кәсіпті жасынан жанына  серік еткен. Гүлнәр Ләтиқызы әулеттегі  10 қыздың ортаншысы болған.  Мал шаруашылығындағы  әкесіне буыны қатпай жәрдемдескен.  Он үш жасында атқа қонып, әкесіне еріп, кеңшардың 700 қойын бағуға сеп тигізген.

— 16 жасымда тұрмысқа шықтым. «Жеңіс» кеңшарындағы жылқышы жігітпен отау тіктім.  Ауыл тұрмысы ауыр. Бірақ сол мехнатты қаршадайымнан көріп өскен маған бәрі  үйреншікті болды.  Себебі нәзік жаратылыс иесі болсам да, дала жұмысына аңсарым ауып тұратын, – дейді бақытын еңбектен тапқан жан.

       Гүлнәр апа алты баланы өмірге әкелді. Бірақ тағдыр жарымен ұзақ ғұмыр кешуді жазбады. Бақиға ерте аттанған жарының міндетін өзгеге артпай,  өз мойнына алып,  қос міндетті қатар атқарды. Тырбанып  жүріп  толайым табысқа жетті.  Ошағының отын маздатып, жапан дала-жайлаудағы шаруашылығын бір өзі еңсерді. Кеңшардың 45 жылқысын жалғыз өзі бағып, маңайдағы халықты қымызбен қамтамасыз етті.

— Күрпілдетіп сиыр сауып, бие байладым. Құрт жайып, қатық жасадым. Күрек саптап, тоқ жөндеуді кәсіп қылдым. Түнде теміржол саласында от жағушы болып істедім.  Осының бәрін балаларымды ел қатарынан қалдырмайын деген ниетпен жасадым, – дейді даңқты әже.

        Балалары есейіп, таудай міндетті еңсерсе де,  әзиз әже қашанғы қадетін тастаған емес. Қолына кетпен-күрегін алып қар аршиды, қи ойып, малдың азығын әзірлейді. Гүлнәр апаның  19 немереден тараған үш шөбересі бар. Балалары құрметке лайық аяулы аналарына заманауи жеңіл көлік сатып әперуге сайланып отыр.  Ұлы ананың ұрпақтары «механикалық машинаны ырқына көндірген, алпыстан асқан анамыз  техниканың  қандай түрін болсын қиындықсыз меңгеріп алады» дейді. Қолданыстан шығып қалған «Еңбек етсең емерсің» деген көне мақалдың  көнермейтініне осындайда  көз жеткізесің.

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06