Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы

Үкімет аналарды қашанға дейін емексітеді?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

13.04.2021, 10:47

2011

фото ашық ақпарат көздерінен алынды

        Өткен аптада үкімет мәжіліс депутаттарының бала күтіміне байланысты жәрдемақыны көтеруге және декреттік демалысты екі жылға дейін ұзартуға қатысты сауалдарына жауап берді.  Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша,  нақ біздегідей балаға төленетін жәрдемақы  АҚШ пен Үндістанда мүлдем қарастырылмаған. Ал бізде соңғы 10 жылда мемлекеттік жәрдемақы алатын отбасылардың саны жарты миллион адамға артқан.

     

                           Тоғжановтың есебі түзу ме?

       Тоғжановтың есебінше, біздің үкімет ана мен балаға барынша жағдай жасап, қолдап-қолпаштап отыр. Тіпті осыған байланысты бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де жыл сайын өседі.  «Мәселен, 2011 жылы 160,9 млрд теңге жұмсалса, 2020 жылы жәрдемақының жалпы сомасы 635,3 млрд теңгеге дейін өскен.  Бұдан бөлек, бала күтіміне байланысты қосымша 530,2 млрд теңге бөлінген. Егер осы бағытта тағы қаражат бөлінер болса, ондай сценариймен 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығы бұзылады», – дейді Ералы Тоғжанов.

       Премьер-министрдің орынбасары сөзінің мәйегін келтіру үшін тіпті  әлемдік тәжірибені де атап өтті. Оған сәйкес, Италияда бала күтіміне арналған жәрдемақы алты ай төленеді және ол табыстың 30 пайызын құрайды. Ұлыбританияда тоғыз ай, Германияда бір жыл, ал Ресейде 1,5 жыл төленеді. АҚШ пен Үндістанда ондай жәрдемақылар қарастырылмаған. Міне, депутаттардың жәрдемақыны көбейтуге қатысты сауалына үкімет мүшесі осылай деп жауап берді. Бірақ осы саланы зерттеп жүрген мамандардың пайымынша, Тоғжановтың бұл есебі түзу емес.

                  Болмашы теңге мәселені шеше ала ма?

        Тақырыпқа қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген «Аналитик» талдау-сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:

    – Негізінде, бізді Үндістан  және АҚШ-пен салыстыруға болмайды. Бұл елдерде округтік, федералдық және жергілікті әкімдік бюджетінен ана мен балаға айтарлықтай қаражат бөлініп отырады. Сонда олардың балалары үш бірдей бюджеттен жәрдемақы алады. Ал бізде қайда барсаң да, алдыңнан көпбалалы аналардың мәселесі шығады. Төрт-бес баласы бар аналар қазір бала күтімімен не үйде отыра алмайды, не емін-еркін жұмысқа шыға алмайды. Себебі баласына қарайтын ешкім жоқ. Баласын қамап кетіп, жұмыс істейін десе, ол өте қауіпті. Өз басым біздегі бала күтіміне байланысты декреттік жәрдемақыны 3-4 жасқа дейін ұзарту керек деп есептеймін. Бала анасының күтімінде болса ғана қауіпсіз болады. Үкімет осы жайды ескеруі керек. Бала үш жасқа толғанша декреттік жәрдемақы есептеліп, айлығының 40 пайызы анасына төленіп отыратын болса, ешқандай мәселе болмайды.

       Маманның айтуынша, Голландияда бала күтіміне байланысты жәрдемақы үш жасқа дейін 250 евро көлемінде төленеді. Іргеміздегі Ресейдің өзінде бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді.  Ұлыбританияда алты жасқа дейін 105 евро төленеді. Эстонияда да тура осылай. «Ал біз бір жасқа дейін берілетін болмашы жәрдемақы мен «2020 жылдан бастап әр балаға  10 мың теңге төленеді» деп, аналарды емексітеміз. Бұл болмашы теңгелер аналар проблемасын шеше алмайтынын атқарушы билік білмейді емес, біледі ғой. Бірақ біле тұра, соны сезінгісі келмейтіні қоғамға қауіпті», – дейді экономист-сарапшы.

           Баладан гөрі сотталғандарға қаражат көп бөлінеді

      «Қоғамға қауіпті» дегеннен шығады, негізінде, біздің елде балаға бөлінетін жәрдемақыдан гөрі қоғамға залалын тигізіп, сотталған әр қылмыскерге кететін шығын қомақтылау екен. Мысалы, заң бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші баласы үшін ай сайын 16 801 теңге, екінші баласы үшін 25 962 теңге төленеді. Ал бір сотталған адамды түрмеде ұстауға бюджеттен ай сайын шамамен 88,5 мың теңге бөлінеді екен. Бұл ретте мәжіліс депутаты Айжан Ысқақова былай дейді: 

    – Сонда бес есеге артық болып тұр. Түзеу мекемесінде отырған қылмыскерді күзетпен, тамақпен, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етеді.  Мемлекет үшін кім қымбат?! Дәрігер, мұғалім не ғалым болатын бала ма, әлде түрмеде отырған ұры, жәбірлеуші немесе пара алған шенеунік пе? 

         Міне, осындай сауал тастаған депутаттар «жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін  жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни  34 302 теңгеге дейін көтеру қажет» деп санайды. Бірақ үкіметтің әзірге бұған құлақ асар түрі көрінбейді. Үкімет мүшелерінің пайымынша, жәрдемақыға қатысты қазіргі ұстанып отырған бағыт   таптырмас тиімді тәсіл.

Тақырыпқа тұздық

  

              «Үкімет бізді қашанға дейін алдайды?»

      Ал нақ осы жәрдемақыны алып, күн көріп отырған аналардың  айтуынша, бізде үкіметтік деңгейде заңдар қабылданып жатқанымен, оның орындалуы өте қиын. Алматыдағы «Көпбалалы аналар» одағының мүшесі Рабиға Ақанованың айтуынша,  аналар қазір үкіметтің сылдыр сөзіне сенуден қалған. Бұл ретте «Жас Алаштың» сауалына жауап берген Рабиға Ақанова:

     – Үкімет түрлі заңдарды айтады. «Үй аласыңдар, жер алуға болады» деп алдайды. Онысын қанша жыл кезекте тұрсақ та ала алмаймыз. Көпбалалы ана атанып, «Алтын алқаны» омырауыма тақтым. Кейде жаным қысылғанда сол алқаны ломбардқа өткізіп жібергім келеді. Бірақ оны ломбардтар да алмайды. Себебі таза алтын емес. «Алтын алқалы» аналарға берілетін бар-жоғы 17 мың теңге жәрдемақыны рәсімдеу үшін қаншама құжат жинауың керек. Өзім бала күтімімен жұмысқа шыға алмаймын. 2001 жылдан бері үйдің кезегіндеміз. Күйеуім үшінші топтағы мүгедек. Мүгедек болса да, балаларды асырау үшін жалданып жұмыс істейді. Үкіметтің бергені шындап келгенде жыртыққа жамау да болмайды. Мен кейде «әдемі креслоларда отырып алып, қисынсыз дүниелерді қолданысқа енгізетін шенеуніктердің өздері анадан тумады ма» деп те ойлаймын. Құр емексітіп, алдарқатып қойғаннан дәнеңе шықпайды. Нақты іске кіріскені жөн. Егер ұлтқа, жалпы, елге жаны ашыса, бірінші кезекте үкімет аналардың, балалардың жағдайын жасауға неге кіріспейді? –  деген ой тастады.   

Тегтер: жәрдемақы зейнетақы әлеуметтік төлем ана мен бала

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06