11 жыл бойы бос салпақтау: Тегін мектеп пен ақылы қосымша

Еңлік АРЫҚБАЙ

14.10.2021, 14:25

821

«Бұл тақырыпты түстен кейінгі қосымшада кеңінен біле аласыңдар» деді мұғалім.

Барлық ата-ана өз баласының армандаған мамандығын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүргенін қалайды. Сол үшін баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзгеден кем етпей өсіргісі келеді. Мектепте баласының төмен баға алғанын қаламайтындықтан, репетитор жалдайды, соған сай орталықтарды таңдайды. Оның үстіне елімізде қашықтан оқу басталғалы баласын ақылы қосымшаға оқуға беретін ата-ана саны екі есе көбейген. Мектепте тегін білім беріліп жатқанда, ата-ана неліктен баласын қосымшаға береді?

Бұл әңгіме бір танысымның: «Балам бірінші сыныпқа барды. Қалам ұстап, дұрыс жаза алмайды. Апайы балаларды сабақтан соң бір сағат дайындайды. Ақшасын төлейміз», – дегенінен басталды. «Сол баланы үйде неге өзіңіз дайындамайсыз?» – десем уақыт жоқтығын сылтауратты. Бірақ өзі үнемі әлеужеліде отыруға уақыт табады...

Ал ай сайын баласын ақылы қосымша сабаққа беретін Айжан Сәкенова да жұмыстан қолы босамайтындығын айтады. «Балам тоғысыншы сыныпта оқиды. Түске дейін мектепке барса, түстен кейін ағылшын тілі, алгебра, физика, одан басқа домбырадан репетиторға барады. Әр сабақтан аптасына екі рет дайындалады. Айына шамамен 60-70 мың теңге кетеді. Тегін, мемлекеттік мектеп пен ақылы, жеке білім ошақтарын салыстырсаң, екіншісінде білім жоғары сияқты», – дейді ол.

Осы орайда мектеп білімінің сапалылығына қатысты сұрақ туындары заңды. Осыдан 10-15 жыл бұрын әр оқушы ақылы қосымшасыз-ақ ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грантқа өз күштерімен түсті емес пе? Қазір ақылы қосымшаға әуес болып алғандаймыз. Әлде білікті де білімді ұстаздар аз ба? Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ мектепте сабақ беретін мұғалімдердің көбі тек дипломдарының болуына байланысты ғана жұмысқа алынғандай. Сондықтан барлығын бірдей өз қызметіне компетентті педагог ретінде санау қиынға соғады. Алайда мектеп тәжірибесі – ең мықты тәжірибе. Ең мықты деген ұстаздар да мектептен шығады. Балалар да әртүрлі болады. Бұл жерде екіжақты еңбек пен ынтаның қосындысы – нәтижеге тең екенін естен шығармаған абзал.

Десек те, білім сапасының жылдан жылға регресске ұшырап жатқанын көргенде бұл ойға күмәнмен қарай бастайсың. Бұл сөзімізді баласы енді ғана мектеп табалдырығын аттаған Ардагүл Әскербек те құптады. Оның айтуынша, қызы Жансаяның жазуы нашар, сабаққа деген ынтасы төмен. Енді қызын осы бастан қосымшаға бермекші. Соның өзінде өзі оқыған жылдарды салыстырып бір күрсінгендей болды. Себебін: «Мен мектепте оқып жүрген уақытта ұстаздар сабақтан кейін алып қалып, түсінбеген жерлеріңді түсіндіріп беретін. Аптасына 2-3 уақыт тегін қосымшаға баратынбыз мектепке. Қазір не, барлығы ақылы, одан қалса, қосымшалардан баламның ойнауға да уақыты болмайтынын ойласам, жылағым келеді. Баламның балалығын ұрлағандай боламын. Бермейін десең, үлгерімін ойлаймын», – деп түсіндірді.

«Неге тегін білімнен пайда жоқ, біздің білім беру шаңырақтарында жағдай соншалықты сорақы ма?» деген сұрағымызға білікті ұстаз Гаухар Ордағұлова маман мұғалімдердің алдында отырған 20-30 балаға бірдей көңіл бөліп үлгермеуі әсер етеді деп жауап берді. «Бір сыныпта кемінде жиырма бала оқиды. Олардың ақпаратты қабылдау деңгейі жиырма түрлі. Қырық минуттық сабақтың он минуты ұйымдастыруға кетеді. Арғы жағын ойлай беріңіз. Барлық балаға бірдей көңіл аудару физикалық тұрғыда мүмкін емес. Ал балалардың барлығы бірдей өздері алып кетуге, ақпаратты ә дегеннен қағып алуға қабілетті емес. Бұрын қалай еді? Біз мектептен келе сала ата-анамыз қара жұмыстан қолдары тимей жүрсе де, біздің сабақты тексеретін, үйде қадағалайтын. Қазір олай баланы қадағалап отыратын ата-ана азайды. Тіпті жоқтың қасы. Бәрі қосымша сабаққа бере салғанға асығады. Бір шетінен бұл – ата-ананың қалтасына түсіп жатқан салмақ. Бірі бере алса, екіншісі жоқ. Бірақ балам оқысын, білсін деп емес, қатарынан қалмасын деп қосымшаға жіберетіндер бар. Бала да соған үйреніп алған. «Қосымшада жасаймын» деп шығады», – дейді ұстаз.

Жақында «Facebook» желісінен Айнұр есімді әлеужелі қолданушысының: «Жақында өзімнің сүйікті журналым «Жаһаннан» Қытайдың бұрынғы классикалық мектепке қайта оралып жатқанын оқыдым. Мектеп, бакалавр, магистратура, докторантура бәрін қосқанда 20 жыл оқимыз. Өміріміздің бір бөлігі кетеді. Соның өзінде сыни ойлауға, жазуға, құбылысты талдауға көбіміз шорқақ болып келеміз. Гуманитарлық сала мамандарынан есеп, формула дегенді мүлде сұрамаймыз да. Орта ғасырларда логика, алгебра, жазу, музыка және тағы 3 пән міндетті түрде оқытылған екен. 7 пәнді оқыған адам қазіргі академик дәрежесіне сай болған дейді. Біз академик болмасақ та, 20 жылда дұрыс ойлау мен жазуды, талдауды үйреніп шықсақ жақсы болар еді», – деген жазбасына көзіміз түсті. Жазба астында осы идеяны қолдаушылар да көп.

Пікір білдірушілер арасында журналист Есболат Айдабосын да бар. Ол: «ЖОО түсу үшін мектеп аттестатын талап етпейтін болса, баламды мектептен шығарып алып, арнайы курстар арқылы оқытар едім. 11 жыл бойы салпақтап жинайтын білімді 4-5 жылда игеруге болады. Әрі баланың бейіміне қарай қажетті пәндерді ғана оқытасың. Сол арқылы болашақ мамандығына бала мектеп жасынан дайын болып барады», – деген.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, ақылы білімнің дәуірі жүріп тұр. Одан қалса оқушы Назарбаев зияткерлік мектебі секілді элиталық санаттағы білім ошағына түсу үшін де қосымшаға барады. Элиталар қатарында болған күннің өзінде мектеп ішіндегі түрлі ақылы сабағы тағы бар. Сонда бала жақсы білімді ақылы курстан алса, мектеп не үшін қажет деген сұрақ қоятындай халге жеткендейміз. Ата-ана тек аттестат, баланың ортада қалыптасуы, дос табуы, ортасы болсын, аралассын деп қана мектепке беретіндей.

Иә, білім жүйесіне реформа қажет. Бірақ үшауысымды мектептер қатарын азайта алмай жатқанда, реформа, сапалы білім қайдан болсын? Соңғы уақытта ұсынылып жүрген сыныптарды әліпби бойынша емес, оқушылардың деңгейіне қарай бөліп оқытуды қолдаушылар қатары күннен күнге артып келеді. Бәлкім, деңгей бойынша оқытылса, ұстазға да, оқушыға да жеңіл болар ма еді. Қабылдауына қарай оқыту әдістемесі әзірленеді, бала да қысылмай, сабаққа ынтасы ашылар ма еді...

Есімін құпия ұстауды өтінген тағы бір ұстаз: «Сабақтан кейін бала 4-5 сағат қосымшада отырады. Демек, біздің мұғалімдер мектепте түк бітірмейді. Мектептен шыққан бала қосымшаға кіреді. Сол мұғалімнің сабағынан қосымшаға барған бала «4» алады, бармаса «4» алмайды екен. Не деген сұмдық? Мына жерде ондай ұстаз үкіметтің ақшасын бос алып жүр емей, немене? Оған қоса өткізетін қосымшасы тағы бар. Өйткені тағы ақша алады. Бірақ ол қосымшасында шынымен оқытады, түсіндіреді. Ұялмай, өзім беретін сыныптан балаларды аламын. Өзім ата-аналарына соны айтамын дейді. Бала нақты соның қосымшасына бармаса үш қояды екен. 40 минут сабағын: «Бұл тақырыпты түстен кейін өтетін қосымшада кеңінен біле аласыңдар» – деумен өткізеді», – деген ол сондай әріптестерінің «ұстаз» атына кір келтіріп жүргенін айтады.

 Бәсеке мен қажеттілік мәжбүр етсе де, оқушылардың жаппай орталық жағалауы, ата-ананың жаппай репетитор жалдауға көшуі – білім саласының құлдырауының көрінісі. Сондықтан, білім саласына жаңа көзқарас, адал бәсекелестік, шынайы біліктілік болғанда ғана бұл азаптан құтылар күн туары сөзсіз. Ал қазірше барға – қанағат демеске амал жоқ.

Тегтер: білім онлайн оқу офлайн оқу қаулы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31