АЭС саламыз деген далбасаны тоқтатыңдар!

Әділ АҚЫЛБАЙ

12.10.2021, 08:30

2152

Путин қазақ жеріне Ресейдің АЭС салдырғысы келіп, қысым жасап жатыр. Бейбіт атом деп қояды. «Бейбіт атом», «соғыс атомы» деген болмайды, бірақ. «Атомның аты – атом» деп пайымдайды физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА сыйлығының лауреаты Эльдар Кнар.

– Атом стансаларында катастрофалар мен апаттар сирек болады деп кім айтты? Бұл – қашан да қалыпты құбылыс. Анау Ақтаудағы БН-350 ешқандай апатсыз жұмыс істеді ғой көпіретіндер бар бізде. Шындығында олай емес еді. Ол жерде де талай оқыс жағдайлар болған. Тек тәжірибелі техникалық мамандар мен советтік инженерлердің арқасында ғана ол апаттардың соңы ауыр салдарларға әкелмеді.

АЭС атаулыдағы апаттардың бәріне қашан да адам факторы себеп болады. Адамға келіп тіреледі бәрі. Осы күнге дейін өзімізді өзіміз тәртіп пен жөнге сала алмай жүргенімізде біз ядролық энергияны қалай басқармақпыз? Сол үшін Қазақстанда АЭС саламыз деген далбасаны доғару керек! Ұмыту керек АЭС туралы әңгімені. Онсыз да басынан бәле арылмаған Қазақстанға енді жетпегені АЭС еді.

Қазақстан түгілі, Қазақстанға көрші Өзбекстанда да АЭС салынуына мен қарсымын. Алда-жалда ол АЭС-те апат болса, оның радиоактивті қалдықтары Қазақстанның жері мен суын улайды.

Меніңше, Қазақстанда АЭС салу мәселесі тек қана жалпыхалықтық референдум негізінде шешілуі керек. АЭС деген тек техникалық немесе энергетикалық мәселе емес, ол – қоғам, саясат, экономика, экология сияқты Қазақстан мемлекетінің барлық салаларына қатысты мәселе. Жалпыхалықтық, бәрімізге ортақ мәселе былайша айтқанда. Сол үшін референдум өткізбей, билікке АЭС жайында ешқандай өз бетінше шешім қабылдауына жол беруге болмайды! Халықтан сұрамай АЭС салдыруы ірі саяси қателік болады, ертең еліміздің түбіне жетуі мүмкін.

Кезінде Қазақстанда ядролық қалдықтар банкін салуды қолдаған Мұхтар Жәкішев енді АЭС-ті қолдап шығыпты. Егер ертең ядролық қалдықтар банкі немесе АЭС-те апат болса, оған Жәкішев жауап бере ме? Жоқ! Оған мыңдаған бейбіт азаматтарымыз жауап береді. Ал Жәкішев түк болмағандай апат салдарын жою үшін енді бүйту керек, сөйту керек деп тағы ақыл соққаннан басқа ештеңе істемес.

Заманауи АЭС қаншалықты қауіпсіз, жаңа технологиялары қанша жерден сенімді дегенмен, Қазақстандағы адамдардың сенімсіздігін қайда қоямыз? Қазақстанның шындығы осы. Мысалы, респираторлық масканың орнына біз тұмсығымызға марля тағып, өзгелерді де сөйтуге мәжбүрледік дейік. Немесе сынағы әлі аяқталмаған, пайда-зияны толық тексерілмеген вакцинамен жұрттың бәрін вакциналап тастадық дейік. Сосын науқастар неге көбейіп жатыр, Ковидтен неге мұнша көп адам қайтыс болып жатыр деп таңғаламыз!

Интеллектуалдық жеткіліксіздік пен жаппай біліксіздікте жатыр мәселе. Осы сиқымызбен атом индустриясына араласқалы отырмыз. «The Diplomat» деген танымал интернет-газет «Nuclear Energy in Kazakhstan? The Problem of Accountability» деген тақырыппен мақала жазған. Онда былай дейді: «Қазақстанда ашықтық пен шынайы есеп беру деген жоқ. Экологиялық апаттарға жиі жол беретін мемлекетте атом стансасын салуға келгенде, ең алдымен қауіпсіздік жағы қатты алаңдатады».

Айтпақшы, энергия тапшылығын жою үшін АЭС Қазақстанға ауадай қажет дейтін аргументтер айтылады. Бұл да – шындығында жаңсақ пікір, жалған гипотеза. Қазақстандағы энергетика мәселелерін ешқандай АЭС-сіз шешуге болады. АЭС-тен әлдеқайда тиімді, қауіпсіз және үнемді етіп. Ұлттық энергетикалық жүйемізді техникалық және технологиялық жағынан толық жаңартқанымыздың өзі энергия өндірісі мен оны сақтау тиімділігін 30-50 пайызға дейін бірақ көтере алады. Бұл 10 АЭС бере алатын энергиядан да көп.

Қазақстандағы барлық көмір және су электр стансалары – өткен ғасырдағы 50-60-шы жылдардағы жобалар. Сол кезден бастап 80-ші жылға дейін салынған. Электр сымдарымыз да сол заманнан бері тұр. Жарты энергиямыз жолда жоғалып жатыр. Міне, мәселе. Көмір стансаларымызды модернизациялау энергия құнын тағы біршама арзандата алады. Болды ғой, одан басқа не керек бізге? Сосын Күн энергиясы бар, Жел энергиясы бар. Желдің өзімен-ақ Қазақстанға қажетті электр қуатынан 10-20 есеге артық қуат өндіруге болады.

Қазақстанда АЭС-те жұмыс істей алатын кадрлар бар депті. Өйткені бізде кезінде Ақтаудағы БН-350 болған дейді. Ол кадрлар қайда қазір? Жартысы көшіп кетті, жартысы зейнеткер бүгін. Одан қалғаны: білігі мен қабілетінен айырылып қалған ендігі, – дейді ол.

Тегтер: АЭС электр станция мәселе түйін

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Олжас ҚЫЛЫШ 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Алмас НҮСІП 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?
Ақылбек КҮРІШБАЕВ 20.10.2021, 09:11
Халық кедей, квота аз – бала қайтіп оқиды?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 19.10.2021, 17:14
"Ауыл - Ел бесігі " ауылға пайда әкелді ме?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31