Ахметовтің кадр саясаты ақсай бастады

Сайт әкімшілігі

21.09.2020, 21:08

3386

    Облыс басшысы Даниал Ахметов қазір өзін Шығыс өңірдің қожасы іспетті сезінеді. Әкім болып тағайындалғанына қарашада 6 жыл толатын Ахметов алғашында басқарма басшыларын, аудан, қала әкімдерін салмағына, тәжірибесіне қарай таңдап қойып, ел ойынан шығып жүрген сияқты көрінетін. Қазір 2015 жылы Семей қаласын басқаруға әкелген Ермак Сәлімовтен басқасының бәрінің мансаптық мандаты екі-үш жылдан аспайтын болды. Оның өзінде орнынан босап, абайсызда түсіп қалмайды, әрине. Даниал Кенжетайұлының көңілін аулап, қабақ шытқызбай құрақ ұшатындар, бюджет қаржысына қатысты айтқандарын қапысыз ұғатындар облысқа қарай өрлеп, я болмаса, өздері өтініш еткен аудандарына «ат ауыстырып» кетіп жатады.

    Ал, Ахметовтің биылғы тағайындаулары тым жиілеп кеткендіктен бе, қазір жұрт кімнің қай қызметтен қайда ауысқанын байқап үлгере алмай қалатын болды. Онысы өз алдына, тағайындауларының не төмендеткенін, не жоғарылатқанын түсіне алмайтын халге жетті. Былайша айтқанда, Ахметовтің кадр саясатындағы шенеуніктер тентек баланың қолындағы «сүйікті ойыншығына» айналып кетті деуге болады.  

    Ахметов барда Аймұқашев жерде қалмайды

    Мәселен, осыдан төрт ай бұрын ғана облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымынан Глубокое ауданының әкімі болып аттанған Ерлан Аймұқашев таяуда облыс әкімінің аппарат басшысы болып қайта «шауып келді». Сонда аудан әкімінің орынтағы деген үш-төрт айға ақысыз демалысқа шығып, «ауылға барып келетіндердің» мекеніне айналып кеткені ме?.. Айтпақшы, осы Аймұқашев Ахметовтің не ойға, не қырға сыймай жүретін қызық кадры. Павлодар қаласының тумасы екенін айтсақ, оның Ахметовтің қасынан қалдырмайтын жөні бар екенін сұрамай-ақ пайымдай беруге болады. Өмірбаян жолдарына көз жүгіртіп өтсеңіз, ол дүние жаралғалы Ахметовпен бірге туғандай көрінетіні құпия болғалы қашан?! Қараңыз: 1998-2000 жылдары Павлодар облысы әкімі істері басқармасының бас маманы

2000-2001 жылдары Павлодар облысы әкімінің істер басқармасының хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз ету бөлімінің бастығы.

2001-2002 жылдары Павлодар облыстық туризм және спорт департаментінің бастығы.

2003-2007 жылдары Қазақстан премьер-министрінің көмекшісі болған.

2012-2012 жылдары Мәскеуде Энергетика және инфрақұрылым бойынша Коллегия мүшесі (Министрінің) хатшылығының басшысы міндетін атқарушы.

2012-2014 жылдары Энергетика және инфрақұрылым бойынша Коллегия мүшесі (Министрінің) хатшылығының басшысы, (Мәскеу қаласы).(Бұл деректер  Уикипедия анықтамалығынан алынып отыр)

Ердің жасы – елуге енді келген оның әр жерде бір, бір жарым жылдан артыққа тұрақтамайтындығы «Ахметов қайда болса, Аймұқашев сонда» екендігін аңғартып тұр. Егер Ерлан Қапарұлы ел ішінен жиі табылып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп жүрген басшы болса, әңгіме басқа. Қайбір жылы Өскемен қаласының әкімі қызметін бір жыл ғана басқарып, 2017 жылы отбасылық жағдайына байланысты өз өтінішімен кеткен оның жыл бойы қайда жүргені белгісіз болып қалған. 2018 жылдың мамыр айында облыстық әкімдікке жоғарылап оралғанда, «облыс орталығының қыр-сырын түсіне алмаған Аймұқашев облыс әкімінің орынбасары қызметін қалай атқармақ?» деп өскемендіктер шу ете түскен. Бірақ, Ахметов бар жерде айы оңынан туып тұратын Аймұқашев оған қысылған жоқ. Көп алдына шықпайтын «көлеңкедегі көк атты» қалпында отыра берді. Енді, міне, облыс әкімі аппаратының басшысы болып оралған Аймұқашевтің ең қысқа карьерасы Глубокое ауданының әкімі болғанын жоғарыда айттық. Оның көп отыра алмайтындығын ескерсек, облысты алты жыл басқарып келе жатқан  66 жастағы Д. Ахметовке де көп қалмаған сияқты ма қалай?!  

   Тамараның «трамплині»

   Жә, сонымен облыс әкімінің кадрлық саясатының қожырай бастағанының көрінісі жоғарыдағы Аймұқашевтің «орнын толтыру» үшін аудан әкіміне лайықты әйелді тез тапқанынан көрінді. Яғни, бұған дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Тамара Рахимжанова осыдан екі күн бұрын Глубокое ауданының әкімі қызметіне кірісті. Ахметов оны тағайындау арқылы ауданды әйел адамға сеніп тапсыруға болатындығынан тәжірибесі бар екендігін байқатқандай болды. Анығын айтқанда, 2019 жылдың қаңтарынан Бородулиха ауданының әкімі болған Ольга Булавкина облыстағы аудан басқарып отырған жалғыз әйел әкім еді. Булавкинаның тамыз айында Сенат депутаты болып, Нұр-Сұлтандағы Парламентке аттанып кеткенін ескерсек, Рахимжанованың да бұл қызметке «эксперимент» ретінде жіберілгеніне шүба болар ма екен?! Айтпақшы, бұл екеуінің де Өскемен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарғанын айта кеткен артық болмас. Ал, Булавкина кеткелі Бородулиха ауданына әлі әкім тағайындалған жоқ.

   Алайда, Т. Рахимжанова туралы сан түрлі ақпарат күні кеше ғана БАҚ бетінде тарап кетті. Жасы қырықтан енді асқан Рахимжанованың еңбек жолын еден жуушылықтан бастағанын әйгілеп бергендер де тұс-тұстан ұлардай шулап шыға келді. (https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/byivshaya-uborschitsa-stala-akimom-414618/). Қызметтік карьерасында «Өскемен-тазалық», «Өскемен-тәртіп» сияқты мекемелерді басқарып, 2019 жылдың ақпан айында ғана қала әкімінің орынбасары қызметіне келіпті. Ал, оның аудан басқаруға қаншалықты қауқары жететінін бір жылдан кейін байқармыз. Өйткені, Ахметовтің кадрларының «отыру мерзімі» одан арыға бармайды.

    Бірінің орынына бірі барды

    Даниал Ахметовтің жұрт түсіне алмай дағдарып қалған тағы бір тағайындауы Көкпекті және Тарбағатай ауданы әкімдерінің аяқ астынан орын ауыстырғаны болды. Бұған дейін Тарбағатай ауданының әкімі қызметін атқарған Серікқазы Сәдуақасов Көкпекті ауданының әкімі қызметіне ат ауыстырса, Көкпектіні басқарған Асхат Смайылов оның орнын басты. Анығын айтқан жөн, бұл екі аудан әкімі де өз қызметтерін жақсы атқарып келе жатқан болатын. Сәдуақасов Тарбағатай ауданының әкімі қызметін 2019 жылдың сәуір айынан атқарып келе жатса, Асхат Сайдахметұлының Көкпектіні басқаруға барғанына екі жылдан асқан еді. Десек те, екеуі де бұған дейін басқарған аудандарынан абыроймен аттанғанына ешкімнің таласы жоқ. Бір қызығы, қазір бұл екі әкім ауыл-ауылдарға барған танысуларынан видеосюжет жасатып, әлеуметтік желіге салудан жарысып жүр.

    Ал, бұл екі басшының алдында ғана Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалған Сейілбек Ысқақов үшін өткен сенбі ауыр сәтімен есте қалды. Аягөз қаласының әкімі қызметіне кіріскеніне жылдан асқан Қуаныш Азыханов мердігер компаниядан 1 200 мың теңге пара алып жатқан жерінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлерінің қолына түсіп, қамауға алынды. Аудандық мәслихаттың хатшысы қызметінен аудан әкімі қызметіне кіріскеніне әлі ай толмаған Сейілбек Абиырұлы бастаған жергілікті шенеуніктер ендігі күндері қалай болары бір Құдайға мәлім.

    Хош, сонымен, айтып айтпай не керек, облыс әкімі Даниал Ахметовтің дәл биылғы әкім тағайындауы мен кадр таңдауы таң-тамаша қызықтарымен есте қалып жатыр. Бірақ, одан аудандардың жұмыс сапасы мен жұрттың тұрмысы жақсарып кеткені шамалы. Өйткені, бір әкімнің атқарып кеткен ісін оның орнына келген басшы жалғастырмайтын және өзінің алдындағы әріптесінің жұмысын жоққа шығаруға тырысатын әдет те байқала бастады. Оны егжейлі-тегжейлі баяндауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырғанымыз жөн болар. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 17:49
Байбек өрттен зардап шеккен шымкенттіктерді қоныс тойларымен құттықтады
Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 12:54
Байбек мақтааралдықтарға Елбасы Қоры салған үйлердің кілтін табыс етті
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 20.10.2020, 10:09
Имидж қалыпастыруға кеткен ақшаны әлеуметтік саланы дамытуға жұмсаса ғой ...
Батыр ЖАСҰЛАН 20.10.2020, 09:43
Қылмыстық топ Қырғызстанды басқара ала ма?
Амангелді СЕЙІТХАН 20.10.2020, 09:40
БҰҰ назар аударар еді
Думан РАМАЗАН 20.10.2020, 09:32
Ел боламыз десек...

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38