Әйтеновтің асығы тағы алшысынан түсті!

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

06.12.2022, 07:42

1262

Сайлаудың қалай өткені емес, сайлаудан кейін қандай кадрлық өзгерістердің болатыны қызықтырақ. Осы жолы сайлау науқаны кезінде «әділет», «жаңа» деген сөздерді жиі ауызға алған Қасым-Жомарт Тоқаев көп кадрлық ауыс-түйіс жасайды деп ойлаған едік. Алайда күткендегідей болмай шықты.

  Ата заңға сәйкес жаңа президент қызметіне кіріскен күннен бастап, барлық өңір әкімдері аймақ басшысының міндетін атқарушы болып қалады. Мемлекет басшысы оларды қайта тағайындайды немесе орнына жаңа әкімді отырғызады. Тоқаевтың әкімдерді тағайындау туралы жарлықтарының алды бейсенбіде шыға бастады. Алғашқылардың бірі болып, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов орнында қалды. Ал көпшілік осы жолғы ауыс-түйістерде Әйтеновты кетеді деп күткен болатын. Тіпті кейбір «сәуегейлер» оның орнына келеді-ау деген шенеуніктерді тізбектеуге көшкен еді. Жоқ, үшінші мегаполистің әкімі креслосын сақтап қалып, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді.

Жұрт Әйтеновты қызметінен кетіруге неге құмар дейсіз бе?!

Мұның себебін түсіну қиын емес. Жалпы, Әйтеновтің Шымқала билігінің тұтқасын қолына алғанына жақында үш жыл толады. Осы үш жылда мегаполистің әкімі жақсы бастамаларды іске асырды. Жолайырықтар салу, Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу сияқты бұған дейінгі әкімдердің тісі батпаған батыл жобаларды қолға алды. Елдімекендердің инфрақұрылым мәселесі де шешіле бастады. Алайда соңғы уақытта Шымкентте шу көбейіп етті. Олардың басым бөлігі сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Осы үш жылда біраз лауазымды шенеуніктер сотталып та кетті. Бірі пара алған, бірі қазынаның қаржысын жеген. Жоғарыда айтылған Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстары бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Шенеуніктер осы жұмыстарға қатысқан Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі компанияға 747 миллион теңгені су тегін ұстата салған. Ал осы іс бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалды деген шенеуніктердің қызметі өсіп жатыр.

Былтыр Әйтенов ипподромның жерін атышулы BI Group компаниясына заманауи тұрғын үй кешенін салу үшін беріп жіберіп, мұның соңы шуға ұласты. Жерге қатысты дау-дамайға әлі нүкте қойылған жоқ. Жылдың басындағы қаңтар оқиғасына кейін Әйтеновты қызметінен кетіру жөнінде петиция пайда болғаны да біраз жайтты аңғартады емес пе… Бұл жағына тереңдемей, Шымкенттегі әкім тағайындауға ойыссақ.

Өздеріңізге белгілі, Тоқаевтың енгізген жаңалығына сәйкес, мемлекет басшысы қазір әкім болуға кемінде екі кандидатты ұсынады. Депутаттар оған ашық немесе жасырын дауыс береді. Көп дауыс алған үміткерді президент әкім етіп тағайындайды.

Сонымен, 1 желтоқсанда түске дейін Шымкент қаласында қалалық мәслихат депутаттарының жиыны өтті. Күн тәртібіндегі мәселе белгілі –президенттің Шымкент қаласының әкімі лауазымына ұсынған екі кандидаттың біріне келісім беру. Президент бекіткен қағидаларға сәйкес, депутаттардың жиынын өткізу туралы хабарландыру алдын ала мәслихаттың сайтында жариялануы тиіс және жиыннан тікелей көрсетілімдер  ұйымдастырылуы керек болатын-ды. Алайда хабарландыруды, тікелей көрсетілімді Шымкент қалалық мәслихатының сайтынан да, әлеуметтік желідегі парақшаларынан да таппадық. Шымкенттік атқамінерлер президенттің жоғарыдағы қағидасын құлағына қыстырмады ма әлде «бәрі өтірік қой, ал шындыққа жанаспайтын дүниелерді жариялап не керек?» деді ме екен?!

Түстен кейін әкімдік ресми ақпарат таратты.

– Мемлекет басшысы қалалық мәслихаттың қарауына 2 қандидатты ұсынды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Мұрат Дүйсенбекұлының шаһардың дамуына сіңірген еңбегін ескере отырып, оның  қала әкімі болып қайта тағайындалуына келісімін берді, – делінген әлгі  ақпаратта.

Бұдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымына қайта тағайындалды. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалиннің әкімнің атына жылы құттықтаулар айтқан жиынның соңы Әйтеновтің Тоқаев пен депутаттарға алғыс айтуымен аяқталды. 

Қызық болғанда, әкімдік  Әйтеновке балама ретінде президенттің кімді ұсынғанын, үміткердің аты-жөнін, оның қанша дауыс алғанын жариялауды ұмыт қалдырды. Кейінірек әлеуметтік желідегі әңгімелерден екінші кандидаттың Әйтеновтің тікелей бағынышты қызметкері – Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов екендігін білдік. Әкімдік оның есімін неге жария етпеді? Әлде «бәрібір кімнің өтетіні белгілі ғой, жариялап қайтеміз», – деді ме?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 06:56
Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 21:37
ОСК төрағасы бір мандатты жүйе бойынша депутат болғандардың тізімін жариялады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 20:16
ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 16:16
Серік Күдебаевтың соты үшінші рет кейінге шегерілді
Арайлыи ЕРКЕБАЕВА 20.03.2023, 12:07
Қарағандыда өткен сайлау шумен аяқталды
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 08:27
Екінші Еxit poll нәтижесі жарияланды

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28