Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті

Күлтегін БЕК

04.03.2021, 09:33

2786

      Айырқалпақтылардың   «айрықша»  президенті  Садыр Жапаров Қазақстанға  сапарлай келді.  «Айрықша»  деуіміздің  де  себебі  бар.   Садыр – түрмеден бірден президенттік  таққа   секірген  адам. Бәлкім, бағы, бәлкім,  соры… Бұл  жөнінде  соңырақ айтармыз.  Әу баста  мемлекет  тізгінін  қолға алған  Жапаров  алдымен   шетелдік  сапарын Қазақстаннан бастамақшы  болған-ды. Артынша ол  ойдан  нілдей айныды.    Ат  басын Ресейге  бұрды.  Бір  қызығы, тіпті  таңғаларлық  жайт  деуге  болатын  бір  дүние,  ол  –  Орталық  Азия  республикаларының  президенттері  үшін Кремль – Қағба тас сияқты. Ел  билігі  қолға  тиісімен  Мәскеуге  тартады. Кремль  қожайынының қолын  ұстап, пәтуасын  алады.  Өйтпесе  жолы  болмайтындай, басынан  бағы  таятындай...  Неге екенін  қайдам,  Орталық  Азия  президенттерінің  таққа  отырарда  да,  басынан дәурені кетіп,  орнынан кетерде  де Мәскеуге  баруы  жазылмаған  заң  секілді.  Бәлки,  бұл  Кремльдің  құдіреті шығар.  Жә,  бұл  басқа  әңгіме,  басқа   әуен.

       Сонымен, Мәскеу  айналып келген Жапаров Қазақстанға  ат  басын  тіреді. Ресми  кездесулерде  қақымыз  жоқ. Қатаң  шеңбер аясында  өтетіні  белгілі.    Ол  жерде  не айтылады  дейсің.   Екі  ел  арасындағы қатынас, саяси-экономикалық  байланыстар  дегендей.  Тілге  тиек  етуге  тұрмайтын сұрғылттау  дүние. Бір  қызығы,  Қырғыздың қай  президенті  де  Қазақстанға  келсе қазақты  аға  көріп, жарамсақтанып құшаққа кіргісі келіп  тұрады.     Бұл  тірліктері  қаншалықты шынайы екені, қайдам...  Еліне  барып, айтқандарының  өңін теріс айналдырып, Қазақстан  жайында көңірсітіп,   жайсыз  әңгіме қоздатқан президенттері  де  болған. 

       Бұл  жолы   Жапаровтың  шабыты  тасыды  ма,  Алаш баласының аяулы ақыны  Жұбан  Молдағалиевтің   поэмасынан  үзінді  де  оқып  жіберді.  «Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным...»  деп,  ырлап барып  тоқтады. Мейлі  ғой,  қазақ-қырғыз – тамыры  бір  түркі  бәйтерегінің  қос бұтағы, құдайы  көрші.  Бауырлас елдердің  құшағы ажырамағаны жақсы  да.  «Үрерге  иті,  сығарға биті»  жоқ  демей-ақ  қоялық, алайда қырғыз  кембағал  ел.  Табиғи  байлығы кем. Сыртқы инвестицияға тәуелді. Оның үстіне бұл  елде  дүркін-дүркін  болатын мемлекеттік төңкерістер  ел  дамуын  тежеді.  Экономика  90-жылдардың  деңгейінде  қалды.  Алайда «тышқақ  лағы»  болмаса да,  бұл  айырқалпақтылар  ырғын  байлықтың үстінде  «шат-шадыман» тірлік кешіп  жатқан қазаққа  мүсіркей  қарайды.  «Маңқа  қазақ»  деп кемсітерін қайтерсің.  Кедейдің  кербездігі  деген осы,  енді...  

      Әңгімеміздің  басындағы  «түрмеден таққа  секірген»  дегенге  оралсақ,   «Жапаров   кім?»  деген  сауал  туындайды.   Расында,  Садыр  Жапаров жұртты  соңына  ертіп,  қырғыз  мүддесі  үшін елді  ұйыта алатын  алып  тұлға  ма,  әлде Қазан төңкерісі арқасында   билікке  келген,  алайда  ол  орында ұзақ  отыра алмайтын   бейсауыт  президент пе?   Суыртпақтап көрелік.   Ол  2010 жылдан  бері   саясаттың  көрігін  қыздырып  жүргендердің  бірі.    Депутат та  болды,  сотты да  болды.  «Құмтөр» алтын кенішін ұлттандырайық»  деп   шеру де  ұйымдастырды.   Жазадан  қашып, шетел  асты.  Тіпті «Саясаттағы  10 жыл»  деген кітап та  жазып  тастады.  Елге  оралды.  11 жылға  сотталды.  Дегенмен   бағы жанып, былтыр қазандағы   парламент  сайлауынан   кейінгі дүрбелеңде түрмеден босап шықты. Жай  шыққан  жоқ,  көшедегі шеруші  жақтастарының  арқасында   сол  кездегі президент   Сооранбай  Жээнбековті   сырып  тастап,  оның  орнына  уақытша  қонжиды.   Артынша қаңтарда  өткен  президент  сайлауында  жеңіске  жетіп, қырғыз  халқының  заңды  президенті  болды.

      Адамға бақ  қонайын десе,  оңай екен.  Сол  Жапаров   түрме нарында   жатып, президент  боламын  деп  ойлады  ма  екен?  Қайдам.   Айтпақшы,  ол  төңкерістен кейін билікті  қолға алған соң,  экономикалық  амнистия жариялаған.  «Барлық  шенеуніктерге  ескертемін, ел  қазынасынан  ұрлаған  қаржыны   30 күн  ішінде кері  қайтарыңдар, әйтпесе  қатаң  жазаланасыңдар»  деп, видеоүндеу  жариялағаны  бар.  Дегенмен  оның   бұл айтқандары  жайына  қалған  сияқты. Қырғыздың  қазына-қамбасына  жемқор-парақор шенеуніктер  тарапынан   қаржы миллиондап  құйылыпты  дегенді естімедік.  Осыдан-ақ  оның айтқандарына бас  шұлғи  қоятындар жоқ екені  көрініп  қалды.

        Тіпті көптеген  сарапшылар  «Жапаров  көктемде жалпасынан  түсуі мүмкін. Өйткені жаулары   көп,  қарсыластары мол.  Анау  түрмеде  отырған   бұрынғы президент  Алмазбек Атамбаев та,  Түркия  асқан Сооранбай  Жээнбеков те  тыныш  жатпасы  кәміл.  Олардың да  жақтастары   қарақұрым.  Сондықтан тағы бір  «қызғалдақ» көтерілісі   болып  қалуы ықтимал.  Тіпті ары  кеткенде,  ол бір-екі  жыл  ғана   ел  тізгінін  ұстауы мүмкін.  Одан көп  емес. Оның  басты   себептерінің  бірі  – Жапаров  Қытай  бағытына  көбірек көңіл  бөлетін  һәм  бетін  Қағбаға  қарап  емес, Бейжіңге  қарап сипайтын  жан.  Садыр  Жапаровтың  Қытайға  қарай  тым бет  бұруына ішкі  және сыртқы   күштер де  қарсы. Демек,  осы  жерде  бір  кілтипан  тууы мүмкін»,  – деседі   сарапшылар.  Бұған біздің алып-қосарымыз  жоқ.  Не де  болса Қырғыз  елінде  тыныштық  болғанын,  тәуелсіздігінің   баяндылығын  қалаймыз.

Тегтер: саяси элита саясат. пікір. пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24