Әкім тойып секіреді

Ал тоңған халық не істейді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

18.10.2021, 09:00

1082

Молодежный кентінің тұрғындары қыстың көзі қырауда қалтырап шығады. Биыл да қазанның қара суығы келгелі елдің берекесі кетіп бүрсең қағып отыр. Жұрт жадырап жаз шыққанша, үйлерінде үсіп-жаурап жүретінін айтады. Жылу беру маусымына дайындық нашар. Кенттегі қазандық  қыркүйектің 27-сінде қыздырыла бастаған. Содан болар, мұндағы тұрғын үйлерге жылу мардымсыз келіп тұр.

– Пәтердегі жылу температурасы 10 градусқа жетер-жетпес бағананы көрсетуде. Түнде пәтеріміз тіпті азынап кетеді.  Электр пешін ұзақ уақыт қоса алмаймыз. Шалымыз екеуміз ең төменгі шектегі зейнетақы аламыз. Үйде қымтанып киініп, суықтан қорғанамыз. Шалым  жатса да, тұрса да, үстіндегі күпісін шешпейді, – дейді амалсыздың күйін кешкен  зейнеткер Жазира Ахметова.

– Біздің орамда жылу айтуға ғана бар. Қыста бойымыз бір жылынбайды. Былтыр үйдің температурасы 10 градустан аспады. Өткен жылы пәтеріміздегі жылу 8 градус болды. Соған қарамастан, қызмет көрсетушілер жылуға толық төлемақы алады. Жылу болмаған күндердің ақысы шегертілмеді. Мұнда электр жарығының тарифі ерекше қымбат. Былтыр әр  киловатқа 14 теңгеден аса төледік, биыл 19 теңге болып өсіп кетті, – дейді кент тұрғыны Жұмабике Оспанова.

         Облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан кенттегі  100-ден астам көпқабатты үйді екі бөлек қазандық жылытады. Сәтбаев атындағы каналға тиесілі қазандық 93 үй мен мемлекеттік мекемелерге, әлеуметтік нысандарға жылу таратады. Ал өзге 17 көпқабатты үйді,  коттедждерді, мектеп пен балабақшаны жекеменшіктегі қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Бірақ тірлігі тұралап тұрған қазандықтың қызметіне  тұтынушылар сын айтудан әбден  қажыған. Солай бола тұра, жергілікті әкім ауылдастарын сабырға шақырып отыр.  

– Қазандықтағы жылу қалыпты айналымға келгенше пәтер бірден жылымайды. Қазандықтың қысымын біртіндеп көтеріп жатырмыз. Жұрт айтқан жылу тарифін қайта есептейтін боламыз. Былтыр жарық сөнген кезде  ыстық су  айналымнан шығып қалғаны жасырын емес. Орын алған олқылық енді қайталанбайды, – деп ақталды Молодежный кентінің әкімі Бейімбет Бейсембеков.

Ауыл басшысы халыққа қазандық басына дизельмен жұмыс істейтін генератор, оған қоса, күл шығаратын конвейер орнатылатынын мәлімдей келе, «былтырғы жағдай қайталанбайды» деп ағынан жарылып уәде берді.  Алайда нарықтағы тапшылықтан бейхабар кент әкімінің дегені бола ма?   Кент әкімі өткен демалыс күндері Қарағандыда дизельмен жүретін қоғамдық көліктер сұйық отынның қаттығынан сапарға шықпай қалғанын енді естісе керек. Аймақтағы жанар-жағармай құю станцияларында керосин мен солярканың таусылуы қыс ішінде тағы қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал кентке жылу тарататын қазандық дизель отынына тәуелді болса, саршұнақ аязда  6500-ге жуық тұрғыны бар Молодежныйдағы қарашаның халі не болмақ?

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14