22.09.2022, 08:41
2495
Даниал Ахметовтің ақыл-есін алып,
Шығыстың идеологиясын ұстап отырған кім?
Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Үлкен ойыншық» деген атпен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қызметін асыра пайдаланып, кәсіпкерлерді қалай қысып отырғаны, кімдерді арқаланатыны туралы материал жариялағанбыз. Іле-шала редакцияға хаттар жаңбырдай жаусын. «Бір қызым бір қызымнан сорақы» дегендей, бір хаттың мазмұны екіншісінен асып түседі. Д.Кенжетайұлы Шығысты қалай дара билейді, мемлекет қаражатын қалай оңды-солды шашып отыр, ұлының осы аймаққа қатысты қандай бизнестері бар? Біздің қолға осындай тың мәліметтер түсті. Бұған алдағы уақытта толығырақ тоқталатын боламыз...
Ал бүгін «Ұлылардың ұясы болған Шығыстың идеологиясын кім ұстап, кім басқарып отыр?» деген тақырыпты қаузап көрдік. Біздің қолымызға келіп түскен ақпарат көздерінің хабарлауынша, ШҚО-ның идеологиясын ішкі саясат басқармасы немесе Ахметовтің орынбасарлары жасамайды екен. Барлық идеология бір әйелдің қолында көрінеді.
Ол кім, білдей Даниал Ахметовты билеп-төстеп алған қандай сылқым болуы мүмкін дейтін шығарсыздар? Бұл сұрақ бізге де қызық болды. Әрине, идеологияны білімі мен білігі толысқан, мемлекеттік қызметтің әртүрлі сатысынан өткен, әбден ысылған, тәжірибелі адамның басқаруы заңдылық. Біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, ойымыздағыдай болмады.
Ахметовтің ақыл-есін алған, Шығыс идологиясын шыр айналдырып отырған адам – Ирина Якунина есімді әйел екен. Әкімге айтқанын істететіндей, Ирина қандай адам деген қызығушылықпен іздеп көрдік. Былай қарасаң, дөкейдің қызы немесе бір шенеуніктің қарындасы да емес. Көп журналистің бірі. «Астана» телеарнасының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі. Бары сол ғана. Алып бара жатқан ай маңдай, асыл текті де емес. Бірақ ол қалай Ахметовке айтқанын істетіп отыр? ШҚО-ның әкіміне бес бересі, алты аласы жоқ әдеттегі журналист қалай бір облыстың идеологиясын ұстайды?
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Даниал Ахметовтің барлық идеологиялық жұмыстары осы әйелдің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында. Әкімнің күнделікті қызметтік сапарлары мен кездесулеріне мемлекеттік статусы бар БАҚ-тан бір журналист ермейді екен. Қайда жүрсе де, Ирина Якунинаны операторымен бірге салақтатып алып жүреді. Қай жерге бару керек, нені түсіріп, нені көрсету қажет – бәрін Якунина шешеді.
Негізі, кез келген әкімнің қызметтік сапарларында, ең алдымен, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасының тілшілері, газеттерден «Егемен Қазақстан» мен облыстық газеттердің журналистері болуы керек қой. Бірақ Ахметовтің идеологиясын жасап отырған әлгі орыс әйел бір қазақты ертпей, бәріне өзі барады. Қандай ақпарат беру керек, қалай беру, нені жариялау, нені жарияламау керек деген сұрақтардың бәрін сол шешеді. Шығыстағы қазақ журналистердің бәрі Иринадан асып, ешнәрсе жасай алмай, ішқұса болып жүргендері. Ахметов оған сондай құқық, сондай мүмкіндіктің бәрін беріп қойыпты.
Одан бөлек, Ирина Якунинаның тіркелген-тіркелмегені белгісіз, ақпараттық орталығы бар көрінеді. Шығыстың баспасөзге бөлінген тендерлерінің майлы басын алдымен сол алады. Қалғанын облыстық басылымдар бөліседі. «Дидар» газетіндегі тілшілер айлықтарын екі-үш айлап кешігіп алатындарын да айтып жүр.
Айтпақшы, Шығыстың идеологиясын ұстаған Ирина «Қаңтар оқиғасы» кезінде әкімді ұятқа қалдырыпты. Әртістік қабілеті аз Даниал Ахметовты құдды алаңда жүргендей, халықтың арасында болғандай, постонова жасаған. Өтірік өрге бассын ба? Қазір шығыстағы жұрт соны күлкіге айналдырып, Даниал Ахметовты «Қаңтар қаһарманы» дейтін болған. Ал бір қатынның қырсығынан қара орман қазаққа мазақ болған әкім оны қайдан түсінсін?
Естеріңізде болса, бұдан бұрын да Кенжетайұлы өзінің идеологиясы бойынша кеңесшілігіне қосмекенді – жартылай Қазақстан, жартылай Украина азаматы Игорь Загородный дегенді ұзақ жыл ұстаған болатын-ды. Ол да Ахметовты майлы ішекше айналдырып, айналасына бір қазақты жақындатпады.
Үржар ауданының әуежайын салуға мемлекеттік бюджеттен 4 млрд теңге бөлінгені туралы әңгіме айтылады. Алайда құрылыс жұмысы әлі аяқталмай жатыр. Бізге жеткен ақпарат көздерінің айтуынша, әкімнің «шоталынан» кейін жұмыс қарқыны бәсеңдеген.
«Үлкен ойыншық» деген мақаламызда жазғанымыздай, «Ахметовтің артында тұрған адам – Ресей президенті Путин болуы мүмкін» деген болжамымыз – осыдан кейін өздігінен басы ашыла түссе керек. Кім білсін, Ирина Якунина – Путиннің көзі, құлағы һәм тілі шығар? Қазақта «қатын билеген» деген қисық сөз бар, б3ра0 біз материалды «әйел билеген әкім» деген атпен шамалы жұмсартып бергенді жөн көрдік.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР