25.10.2022, 06:36
2108
Алматының маңайында жылдан-жылға көбейіп, барған сайын үлкейіп жатқан мыңдаған ауылдар ертең мәселе тудырмай ма?
Мәселен, қала шекарасынан 6-7 шақырымдағы Іле ауданына жататын Ащыбұлақ ауылдық округінде қазірден-ақ апат болып жатыр. Кәдімгі әлеуметтік апат. Әкім біткен жер сатумен айналысқан соң, бұл округте де ауыл деген шөп сияқты қаулап өсіп кетті. Әлі де өседі. Қазақ амалсыз ауылдағы жерін босатып, болашағын қаламен байланыстыруда. Сөйтіп, Алматының маңайына жиналып жатқанына осымен отыз жылдай болып қалды-ау.
Мұхаметжан Түймебаев ауылының айналасы түгел ауыл. Қоныстанған халықта есеп жоқ. Қалаға шығатын жалғыз жолда күндіз-түні қатқан көлік кептелісі. Кәдімгі қырғын боп жатыр. Жұрттың күнде жұмысқа, оқуға не басқаға баратын жері – Алматы. Таңғы алтыға дейін жолға шықпасаң, екі-үш сағаттық кептеліске қадаласың. Шамалған стансасы жақтағы ауылдың адамдары үйінен таңға шығады екен. Сұмдық қой бұл. Ауылдың онсыз да ығы-жығы халқы күнде жанталасып, қала мен ауыл ортасында жөңкуде. Қайда барса да кезекке таласып, таксиге таласып, төбелесіп, жаға жыртысады. Қиын. Ит тірлік боп барады.
Билік неге түк істемейді? Неге көрмегендей болады-ей?
Өзі жүргізген саясат салдарынан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен бір жерге ағылып кеп жатқан адамның жайына қарайтын, мына сұмдық құбылыстың арты не болады екен деп ойланатын түрі жоқ қой?
Алматының маңайында бірдеңе жарылса, әлгі ауылдар жарылатын сияқты. Құтының ішіндегі қысым деген шегіне жетіп қалды. Қайда барамыз, қалай күн көреміз, ертеңіміз не болады, деген сауалға жауап жоқ. Не бір жоспар жоқ. Не «мына түрімен мынау ертең жарылып кетер ме екен», деген уайым да жоқ.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР