Алтынбекті неге айтпаймыз?

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

13.05.2022, 15:10

2170

Алтынбекті бала кезінен білем.

          Алматы облыстық «Жетісу» газетінің тілшісімін. Нарынқол ауданына іссапармен барып, Сарыжаз ауылының төрағасы Сәрсенбай қартпен таныстым. Етек-жеңі кең, нағыз Сталин заманының «кадры», тек түзу сөз, нақты цифрмен сөйлейді. Мәдениетті айтсаң, жанып кетеді. Мәдениет бөлімінде істегесін ауыл клубтары мен автоклуб қызметін сұрасам: «Автоклуб келген күні біздің ауылда – той. Енді малшы мен егіншіге автоклубпен бірге көшпелі монша керек», деп қалды. Ел қамы қашан да оң бүйірін сыздатып тұратын сарабдал кісі әркез өткен мен бүгінді салыстырып қарайды. Көз алдыма 1928 жылы «Қызылту» деп өз ауылымның жалауын желбіреткен әкем көлеңдеп қоя берді.

          Нарынқолға бара қалсам, редакцияда бірге істейтін әріптес дос Рысбек Сәрсенбайұлы «Біздің ауылға соқпай кетпе» дейді. Әкеймен әңгіме үстінде ел ағасы Сәрсенбай қарт туған жерім – Сыр елінің кәсібін, күріш дақылының өсу тәжірибесін сұрайды, таулы жер мен айқай даланың айырмасын тереңнен толғап, көп мән береді. Алтынбек сонда мектепті енді бітіріп жатқан көкөрім еді. Кіріп-шығып жүріп, әңгімеге құлақ түріп, зерделі бала екендігін байқатып қалатын. Оның үстіне, жазу адамы жазсам деп жүрген адамға таңсық көрінеді. Өзіміз де сондай болғанбыз.

          Журналистика факультетінде оқитын алматылық жігіттердің көбі «Жетісу» газетіне тәжірибеден өтуге келетін. Соның бірі – Сағатбек Медеубекұлы, бүгінгі белгілі қаламгер, саз сиқырын зерттеуші ғалым, ғылым докторы. Менің тәжірибешім осы Сағатбек болды. Бірде Алтынбекті соның қасынан көріп қалдым. Студент екен. Кәдімгі білім қуып, кітап «кеміріп», тәлім зерделеген бейнесі көзілдірік астынан көрініп тұр. Арғы-бергінің бәрін біледі, айтқан пікірі батыл, даладан қалаға келіп, құлазып жүрген балаң жігіттің бойында екіұдай сезім емес, бір серпіліс бар.

          Сол Алтынбек айналып келіп, отыз жасында менің министрім болды, Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне бірінші басшы боп тағайындалды. Мен мерзімді басылымдар және ақпарат құралдары бас басқармасының бас редакторы едім. Министрдің есігі мен үшін айқара ашық. Келген бетте:

– Мені осы жерден құтқаршы, – дедім.

– Қуан аға, лифтіге мініп, түсіп жүре беріңіз. Сол жетеді, – деді күлімсірей қарап.

Бір күні шақырып ап:

– Сіз қырыққа толып жатыр екенсіз ғой, – деді.

– Қырыққа кім толмай жатыр...

– Сіздікі басқаша болу керек. Дереу 40 баспа табақ кітабыңызды дайындаңыз, – деді шұқшия қарап.

– Менде 40 баспа табақ жоқ. Қазір справка дайындап жүрміз ғой.

Ақтарылып бір күліп алды.

– Алтеке, бір аптадан бері лифт істемей тұр. Төртінші қабатқа жаяу шығып жүрміз. Мен енді осында шықпай-ақ қойсам қайтеді? – деп едім, шүңірейіп бір қарады да, сәл жымиып:

– Иә, лифтілер ескірді. Бәрін де жаңарту керек, – деді біртүрлі кейіп танытып.

Екі-үш күннен кейін «Жазушы» баспасынан Серік Асылбек хабарласып, «Тез қолжазбаңды дайында, кітабыңды шығарамыз, мен редакторы болам», – деді. Сөйтіп, бас-аяғы бір айда «Жігіттің Көктөбесі» деген 25 баспа табақ прозалық жинағым жарық көрді. Қырыққа толғанда, Көктөбеге осылай шықтық. Ол да Алтынбектей қаламды сыйлаған азаматтың әдебиетке деген жанашыр көңілінің ықпалы дер едім.

Ұзамай министрім тағы шақырды.

– Сізді «Жазушы» баспасына жіберсем бе деп жүр едім, араға аса беделді біреу түсіп кетті. «Қазақстан» баспасына бас редактор боп барасыз ба? Айлығы «Жазушыдан» жарты есе көп. ЦК-ның секретары сияқты жүресіз, – деді келбетін юмор бейнесі көмкеріп.

– Сіз дайындаған справкіге оқымай, қол қоюшы едім. Екеуміз де Мәскеуде оқыдық қой, – деп әзілдің де шылбырын лақтырып жіберді.

Кезінде Орталық Комитетке нұсқаушылықтан бас тартқанымды айттым да:

– Барайын, бірақ галстук таға алмаймын. Тәуелсіздікті не үшін алдық, –дедім.

Ол рахаттанып бір күліп алды.

– Директор Нұрмахан Оразбеков болады. Өзіңізді жақсы біледі. Қолдап отыр.

– Барам. Нұрекеңдей патриотпен әріптес болу әлі келгеннің ғана әрекеті...

Сөйтіп, Нұрекең екеуміз «екі жарты, бір бүтін» боп алты жыл «Қазақстан» баспасының арбасын алға сүйредік. Бір айтпағым, тоқсаныншы жылдардағы қазақ санасына қарасайшы, жыртпалы «Қазақ календары» шықпай жатып лап қояды ғой, шіркіндер. Облыстардан түсетін тапсырыс та ұшан-теңіз. Бағасы 60 тиын, Күннің шығуы мен батуын, жаңа Айдың тууын, некен-саяқ ұлт мақтаныштарының туған-өлген күндерін көрсеткен күнтізбеге қазақ қауымы құмар-ақ. Табыс дегенің шаш-етектен. Жақсы күндеріміз жұртта қалған сияқты.

          Алтынбек кісі танитын. Кімнің бойында ұшқын болса, лап еткізіп тұтатуға қарманып, шырпы іздеп тұратын. Атқа мініп, үзеңгі тебініп, жүген жасқағандарды ол бір ауыз сөзінен тап басатын. Құрғақ анықтаманың өзіне тізілген құр цифр емес, нәтижеге алып барар талап тұрғысынан қарайтын.

Алтынбек атқа мінгізіп, жүген жасқатқандар жетіп артылады. Самбырлап сөйлеген шешендер осы күні Алтынбекке келгенде, үнсіз қалады. О дүниенің қонағын айналып өте береді. Жылда «Астана» қонақ үйінің фойесіндегі қайтқан күніне орай, еске алуда таяқ сүйенген шал-кемпір мен орыс тілді журналистерді көрем. Қазақ тілділерден Талғат Айтбаевтың төбесі көзге шалынып қалады.

«Оқ» деген хикаят жаздым. Алтынбекке мектепте сабақ берген ұстазы: «Қалай қорықпай жаздыңыз?» – дейді таңырқап.

– Оқ атылады. Өлгендер өліп, тірі қалғандар куә болады. Біз тіріміз. Оққа ұшқандар аз ба? Декабристерден бастап, 37-нің «мишеніне» іліккендер, қазақ «декабрінің» құрбаны болған Қайраттарды көріп тұрып, неге қорқамыз? – деп көңілін орнына түсірдім. – «Қорқақты қуа берсең батыр болады», деп қосып қойдым.

Марқұм Сатыбалды Нарымбетов «Оқ»-ты оқып, «Мынау дайын кино ғой, ақша тапсайшы, түсірейік», – деп, темекісін саусағына әрең іліктіріп тұрып, наз айтқандай болып еді, іргеден келген індет оны да ілгері бастырмады.

Алтынбекті айтсақ, тәуелсіздікті айтқанымыз. «Ақырын жүріп, анық бассақ» та, енді ер-азаматтың есімін қағыс қалдыруға болмас. Қаншама көше мен мектеп сұранып тұр. Мақтаудан бір адамның іші кепсе, жарылатын кезге жеткен шығар. Біреуді мақтап болып, бірден екіншісіне ауыспайық. Ұлт мақтаныштарын мақтайық.

Оқ атылды.

Патронда дәрінің иісі қалды.

Көңірсіген иісті иіскеп, аһ ұрып отыра береміз бе? Оу, бұғы баққан шукшалар да қар жұтып қойған қайманасын іздейді ғой.

Белестен астық.

Енді бәрін де білсек дейміз.

Бізге жаңаша ой, қаһарлы сөз керек.

Оу, «Жаңа Қазақстан» деген атымыз бар емес пе?

Алдымызда Абылай мен Әлихан тұрған жоқ па?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:05
«Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20