Ақылдың ісі емес, тілдің ұшы

Амангелді СЕЙІТХАН

19.01.2021, 11:59

3241

       Өткен аптадағы өткір мәселе екеу болды, соның бірі – жетінші шақырылым депутаттарының ант қабылдау рәсімі. Өткірленгені сол –  рәсімнің өзі емес, әлгі ант берушілердің қылығы. Ата заңға қол қойып тұрып, сөйлеуді ұмытқан мандат иелерін қоя беріңіз. Кейбіреуінің мәтінді оқып беруге сауаты жетпей, опық жеп жатты. Соншалықты оптимист адамдар әлгілерді ақтап алуға кірісті. Қалың ел қал-қадерінше сөкті. Сөгетіндей бар еді, сенетіндей іс атқарды дегендер ант беретін күнді антұрғандар кейпін көз алдымызға әкелді. Сайқымазақ болатындай, бастарына не күн туды? Сол сұраққа жауап тапқан пендені әлі кездестірмедік.

       Ант бергендердің аңтарылғаны мен қаңтарылғаны кісі ашуланатын жағдай ма? Олардың ішіне үңілуден гөрі ісінен түңілгендердің басым болатыны түсінікті. Бес жыл бойы ел тағдырын шешетін тетік ұстатқан соң, әлгілерден қандай да бір жауапкершілік күткені жасырын емес қой. Сабаққа салғырт қарап, ежіктеп оқыған екінші сынып оқушысына да ұстазы көзін алартады. Үшінші сыныптағы солай оқыса, оқытушы дұрыс баға қоймайды. Төртінші сыныптағының әлгі сауатсыздығына кесілетін жаза тым қатал. Ал тұтас мемлекет сенім артатын серкелердің ел сеніміне селкеу түсіретін, тіпті, де жөні жоқ. Басқаны былай қоялық. Өзіміз пионер атанар кезде қалай толқыдық, антты жаттап алу бір бөлек. Мәнерлеп оқуымызды да қатаң талап ететін және тілдің ұшымен емес, жүректің сұсымен, ақылдың күшімен оқу керек болатын. Әрі апыл-құпыл қабылдай салмайды. Алдымен, сыныпта әбден сынайды. Кейін жоғары класс оқушысы келіп пысықтайды. Кемеліңе келді-ау дегенде, комиссия алдына барасың. Қан қысымың көтеріліп, жүзің алабұртып, әлгі антты қабылдағанша, ерекше бір сезімде болатын едік қой. Сонда бар болғаны пионер қатарына қабылданасың. Комсомол билеті қолға оңай тиетін ба еді? Жоқ! Неге? Өйткені жауапкершілікті әбден сезіндіру үшін әбден шыңдайды. Коммунистік партия қатарына өтудің қаншалықты қиын болғанын айтудың өзі әбестік.

       Сол идеология нені басшылыққа алып еді? Жауапкершіліктің не екенін ұқтыру жолы еді. Шартына көнсең, адами жолға түсушілер қатарынан табылатынсың. Ал тұтас бір елдің азаматтары ант қабылдар тұста тайғақ жерде тағасыз тұрғандай, әсер қалдырды. Таудан түсіп келген жабайы емес еді ғой олар. Төрт-бес сөйлемді оқып беруден оңай ештеңе жоқ дерсіз. Келісеміз. Алайда бір кілтипан бар екенін де ескеріңіз. Ант беруге шыққандардың ішкі түйсігі, керек десеңіз, пайым-парасаты сынға түскен сәт еді ол. Қазақтың бір сөзі бар. Қатты айтады, және! Шамалап жеткізсек, шама келмейтін шоқпарды белге байламау туралы  өсиет. Қандай ауыр шешім! Шын түйсінгенге ұсынған жол, көрсетілген бағыт. Антта шатасу кездейсоқтық емес. Шоқпардың салмағы басып кеткен. Біреу ұстатты екен деп байлай салған, бәлкім. Ал не болды? Әлгі мәтелді ұсынған қазақ қандай ақылды. Сын сағатта сүріндіретінін қалай анық айтып берген. Әйтпесе, ежіктегеннің бәрі өмірде өз орнын тапқандар ғой. Шоқпар шіркіннің аяқасты тулап кететінін білмегені, әйтпесе істерінің бәрі дұрыс.

      Екінші бір ойға келейік. Ант қабылдаған пионер өз жолының жарқын екенін сезініп жаттады. Сеніп жаттады! Ант беру азаматқа лайықты іс екенін біліп тұрды. Санасы соған жетті. Ел пионері атанып, осы мемлекеттің дамуына атсалыса алатынын қапысыз ұқты. Ұқтырған ұстазы, өзі өмір сүретін ортасы. Берген антты орындау ердің салты екенін де жете түсінді олар. Әйтпесе белгілі бір мақсатпен немесе біреудің сүйемелдеуімен пионер атанса, әлгі шоқпар оның да еңсесін басып қалар ма еді. Біз шекаралық ауданда өстік. Бала кезімізден жау қай жақта екенін біліп өстік. Пионерге артылатын жауапкершілікті бір кісідей түйсінетін едік. Демек, біз ант беруге дайын едік. Мүдірмегеніміз, ерекше жалынмен айтқанымыздың бір ұшы сонда байланған. Ғайыптан тайып мандат алып, сыналар тұстың келгенін сол жерде сезінудің машақаты қандай болатынын жұрт енді білген шығар. Айтыскер ақын Бекжан Әшірбаевтың бір сайыста былай дегенін естіп едік:

«Октябряттар орнына,

Ақпақұлақтар келді ғой.

Пионерлер орнына,

Зиянгерлер келді ғой.

Комсомолдар орнына,

Нансоғарлар келді ғой.

Коммунистер орнына,

Коррумпистер келді ғой».

       Ақын сөзін редакциялау әдебімізге жатпайды. Бекжан естігенін емес, көргенін айтқан болар. Еңбегін жоққа шығару дұрыс емес те шығар. Осы жылдары өз ісімен танылғандар да көп. Алайда зияны тиіп жүргендер де аз емес. Коррупция жоқ болса, оған қарсы күресетін органды біздің ел баяғыда таратып жіберетін еді ғой. Бекжанның әлгі шумағындағы бізге керегі сол пионер деген сөз ғана еді ғой. Баланың зеректігін бағалаған, оның осы қоғамға керегін әйгілеген ұйымның ұтқыр тұсын еске алдық. Депутат ант бергенде тіпті сол пионер деңгейіне жете алмағанын тілге тиек еттік. Мектеп директоры алдында жаттағанын айту былай тұрсын, қағаздан қарағанын ежіктеп оқыған үшінші сынып оқушысын мектептің педұжымы түгел айыптар еді-ау.

      Қайран қазақ! Кешегі қазақ! «Итің жаман дегенде өлгенім-ай» дейтін. Депутатың ежіктейді десе де, ештеңе болмағандай түрге енуді үйрендік. Оларға мандат бергендер де үндемейді. Жарыстан жеңілген жігерсіз шәкіртін бапкерлер сабағанын талай көруші едік. Себебін сұрасақ, намысты қолдан бергенін алға тартатын. Тіпті чемпиондардың өзін келесі жарыста жақтан салып қалған жаттықтырушыны білеміз. Көзімізбен көрдік. Бас шайқап едік. «Өзіне де, өзгелерге де сабақ болсын» деп арқамыздан қақты. Депутатты сабайтын күштіні қайдан табамыз. Сабамай-ақ қойсын, ашуланған жұрттың сабасына түсіруді мұрат етіп, «ол кісіні ант жаттауға бұйырдық, жақын арада тікелей эфирде қайта-қайта ант мәтінін жатқа айтатын болады» деп қойса да, мәз болар еді-ау аңғал ел. Авторы белгісіз, алайда ащы әжуаға толы бір өлеңді әлеуметтік желіден көз шалып еді:

«Елім-ау деп, жерім-ау деп жүретін,

Ауырмайтын секілді ғой, түк етің!

Тым болмаса кәндік құрлы болмадың,

Алыстан бір шәуілдеп кеп үретін».

       Ащы өлең, автор  таныс ақынға арнаған, шамасы. Еліндегі бір оқиғаға батыл араласа алмағанын сынайды. Фракция жетекшілерін қайрап отырған жоқпыз. Бірақ әлгі жаңылғыштарды жақсылап бір тәртіпке шақырса дейміз. Тәртіп емес-ау, жауапкершілікке шақырса.

«Бізден өткен сорлы ақын болды ма екен,

Бір сөзі баспа орнынан берілмеген», – деп Әсет Найманбайұлы қайғырғандай, кейде біздің қабақ та түйіліп кетеді. «Бізден басқа елдің депутаты не жеп өседі?» – деп келетін. Шынында, ғажап қой. Антта мүдіру жоқ. Мүдіру қайда! Әр сөзіне терең мән беріп, жан дүниесімен қабылдап әрі мүлтіксіз орындайды ғой. Мыңдаған заңдар қабылданды. Зардабы бар ма, жоқ па, маманға әйгілі. Оны оқып шыққанымыз болмаса, керемет түсіне алдық деп айта алмаймыз. Сауатсыз кісінің тілегіндей ғана пейіліміз бар. Кесапаты тимесе екен дейтін. Ант қабылдауда әбігерге түскен адам том-том заңдарды оқып шығуға қаншалықты қабілетті? Оны түсінуге ше? Ешкім енді олардан емтихан ала алмайды. Жатқа оқығандарынан да! Қазақ бағынан көреді, енді.

      Нобель сыйлығын алған жапон жазушысы бар. Ясунари Кавабата. Оның шығармалары ұлттық дәстүрге негізделген. Арманы асқақ жазушы болса керек. Әсіресе қызмет бабымен есіргендерді суқаны сүймеген. Туындысында әлгілерді сүмірейтіп алыс елді мекендерге алып барады. Сондағы халықтың тұрмысымен зорлық қылып таныстырады. Аймақтардың тартқан азабын көздеріне көрсетеді. Қынжылтады. Кейбіреуін қан жылатады, түбі түсіндіреді. Ясунари кейіпкерлері Отанның не екенін, халықтың кім екенін түсініп қайтады қалаға. Қазақтың қабырғалы жазушыларын оқығысы келмесе, біздің шенеуніктер ақыры шетел құмар ғой. Осы Кавабата кітаптарымен таныссын. «Қарлы елді» аралап, «Тау дауысын» естісін. Ескірген салтқа жүгінер еді. Антты жаттап алуға жүгірер еді. Әрине, елге еңбек сіңірер еді.

       Айтпақшы, жетінші шақырылымдағыларға құлаққағыс! Ұлт жанашыры, мемлекетшіл тұлға деп келетін сөз саптауларға уақытша мораторий жариялауды талап етеміз. Әйтпесе елде сондай сөзден көз сүрінетін болды. Біреу таққа отырса да, баққа шықса да, қардай борап кетеді. Жақсы сөздер ғой. Қазақ «Көп шайған қартаның дәмі кетеді» дейді. Қай мағынада да!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 11:01
Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Күлтегін БЕК 09:33
Айырқалпақтылардың «айрықша» президенті
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:18
Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 15:44
Жомарт Ертаев тағы 9 жылға сотталды
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.03.2021, 12:12
Жақсылықов жақсы әкім бола алмай отыр
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.03.2021, 10:05
«Алтын Орда» кімді қиратпақ?

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51