Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Мариям МАҚСАТ

20.10.2021, 11:10

737

Павлодар облысында басқа түгіл, осы өңірде өндірілетін өнімдердің бағасын ауыздықтайтын билік те, тетік те жоқ. Көмір мен дизельді отынның үстінде отырған аймақтың тұрғындары қысқы отын мен көлікке құяр жанармай іздеп сандалып жүр. Тапқан күннің өзінде, жергілікті тауардың құны удай қымбат. Ол аздай, енді картоптың бағасы шарықтап кетті. «Жыл соңына дейін келісі 500 теңгеге жетеді» деген әңгіме жұрт арасында желдей есіп жүр.

Павлодар облысы картоптың отаны десек, артық айтқандық емес. Бұл өңірде өсірілетін өнім ел тұрғындары тарапынан жоғары бағаланады. Сондықтан көпшілік сапалы өнімді таласып-тармасып сатып алады. Қысқасы, Павлодардың картобы кәдімгідей брендке айналды.

Биыл өңір шаруалары тағы да рекордтық көлемін жинады. Атап айтқанда, былтыр 505 мың тонна картоп алса, осы жылғы өнім 592 мың тоннаға жетті. Яғни шаруалар 20,4 мың гектардың әрқайсысынан 310 центнерден өнім алды.

Картоптың көлемімен қатар, бағасы да күрт өсті. Әдетте жиын-терім уақытында алқаптан келісі 30-40, тіпті 20 теңгеден сатылатын өнім бүгінде 70-80 теңгеден босатылуда. Сәйкесінше, сауда орындарындағы бағасы да бірден қымбаттады. Бүгінде әлеуметтік дүкендерде картоптың бір келісі 110-130 теңге, кей жерлерде 150 теңге тұрады. Ірі сауда желілеріндегі бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. Алайда өнім мол жиналатын шақта оның бағасы 100 теңгеден әрі аспайтын еді.

– Дүкенге бара қалсаң, бәрі қымбат. Басқа түгіл, осы облыстың төңірегінде өсетін картоп, сәбіздің бағасы аспандап кеткен. Оны шетелден жеткізетін болса бір жөн. Ал аймақтың аумағынан тасымалданатын өнімнің бағасы былтырғыдан не себепті екі есеге қымбат екені түсініксіз. Жұрт онсыз да тиын-тебен санап отырғанда «екінші нанға» баланатын картопты сатып алу оңай болмай тұр. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде келісін 98 теңгеден сатты. Оны алуға жиналған жұрттың санында есеп жоқ. Ұзын-сонар кезекті сағаттап күткенімді қайтейін, сатушылар бір адамға екі-үш келісінен артық бермейді, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Серік Жұмабаев.

Шаруалардың өзі картоптың қымбаттауын техника, жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар бағасының өсуімен байланыстырады. Бұл ретте ірі шаруашылықтардың мемлекет тарапынан арзандатылған дизель отынын, субсидияның түр-түрін алатынын еске салған жөн.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бақыт Баймырзаевтың пайымынша, қазіргі кәсіпкерлер әбден құныққан. Бірінші кезекте қалтасын ойлайтын олар өнімін мейлінше қымбатқа өткізуді ойлайды. Сондықтан қазіргі картопты көктемге дейін сақтап, баға өскен тұста бір-ақ сатуға көшуді жоспарлайды.

– Бүгінде шаруалардың екінің бірінде көкөніс қоймасы бар. Олар жиын-терім кезінде өнімнің аз бөлігін ғана сатып, қалғанын қыс, көктемге дейін сақтауға көшкен. Себебі қазір сауда орындарына арзан бағамен жеткізу тиімсіз. Көктемде нарықтағы баға мен сұраныс өседі, сол кезде олар да өнімін шығара бастайды, – дейді ол.

Павлодар облысының әкімдігі мұндай жағдайды болдырмау үшін қадамдар жасаған сыңай танытты. Өңірдің 33 ірі тауар өндірушісімен маусымаралық кезеңде жергілікті нарықты картоппен қамту туралы меморандум жасады. Оның талабы бойынша кәсіпкерлер өз қоймаларында 30 мың тонна картоп сақтап, көкөністер дәстүрлі түрде қымбаттайтын уақытта олардың келісін 95 теңгеден асырмай, әлеуметтік сауда орындарына жеткізуге тиіс.

Ал мұндай келісім шаруалардың өнімді қазір төмен бағамен босатпауына жақсы уәж болып тұр. Олар картопты көктемге дейін сақтауға міндетті екенін алға тартып, қазір сату көлемін шектеді. Сол себепті тұтынушылар өзімізде өсірілетін өнімді қымбатқа сатып алуға мәжбүр болып отыр. Картоп – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері қатарына кіретін бірде-бір өнім. Яғни оның бағасы билік тарапынан бақылануы тиіс. Алайда бүгінгі күні мемлекет тарапынан ешқандай реттеу болмай тұр.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:15
Сталин өлтірді, Ақсақалов күресінге тастады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:08
30 градус аяз болады

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14