«Аспаннан түскен» Сарпеков «Nur Otan»-ды басқаруға келді

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

12.11.2020, 17:10

4581

 Семейдің Мәдениет сарайында «Nur Otan» партиясының қалалық филиалының конференциясында  «Праймериз-2020» партияішілік іріктеуінің ІІ кезеңіне нүкте қойылды. Жай ғана қойылған жоқ, қала әкімі Ермак Сәлімов праймериз додасының қорытындысы бойынша  53 дауыс алған (82 пайыз) Электротехникалық колледж директоры Сарпеков Азат Толқынұлын «Nur Otan»-ның Семей филиалы төрағасының бірінші орынбасары деп жариялады.

     Расына келгенде, бұл таныстыру конференцияға қатысып отырған, осы іріктеуге де «ат қосқан» «нұротандық» депутаттар үшін «тосын сый» болды деуге әбден болады. Өйткені, бірнеше рет қалалық, облыстық мәслихат депутаттары болып сайланып, халыққа танылған азаматтардың алдына түсіп кеткен Азат Сарпеков бұрын- соңды сайлауға қатысып көрген емес. Демек, бұған дейін депутат ретінде ел көзіне түспегені өз алдына, партияның қалалық филиалы төрағасының (анығын айтқанда, қала әкімі Ермак Сәлмовтің) бірінші орынбасары болып шыға келген оның партияға басшылыққа келуі «аспаннан түскендей» әсер қалдырғаны анық.

      Тағы бір түсініксіз әрі көкейге күмән ұялататын жайт, бұрындары мәслихат сессияларында сөз алып, елдің назарын аударып жүрген депутаттардың кейбірінің өкілеттілігі ары қарай жалғасатыны, не тоқтатылғаны белгісіз күйде қалды. Мәселен, Семей қалалық мәслихатының кезекті немесе кезектен тыс сессияларында қала бюджетіне қатысты жайларда үнемі сөз алып, үнсіз отыра алмайтындығын байқататын кәсіпкер, «Спутник» ЖШС басшысы Қайрат Мирашев партияішілік сайлау арқылы Мәжіліс депутаттығына өтуге ниет білдірген болатын. Осы тұрғыда республикалық басылым журналистерінің біріне орыс тілінде сұхбат беріп, оның қазақ тіліндегі нұсқасын, өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады да. Сол сұхбатында ол Семей қаласының болашақтағы дамуына қатысты ойын былайша ортаға салады:

– Праймериз дебаты кезінде сіз Семей аумағында ЖЭО-3 салу мәселесін көтердіңіз? Бұл жоба өңірде он жылдан бері талқыланып келеді, бірақ нақты ештеңе қабылданған жоқ.

— Дұрыс айтасыз. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Сол себепті сөзден іске көшетін уақыт жетті. Тек Семейдің оң жағалауда ғана атмосфералық ауа жұмыс істеп тұрған 16 қазандықты «уландырады». Бірақ олардың қуаты жаңа тұрғын үйлер мен нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Энергетикалық аштық мәселесі тек ЖЭО-3 құрылысы арқылы шешілетін болады.

Шын мәнінде, бастапқыда жылумен жабдықтаудың жаңа көзін салудың басты мақсаты жылу энергиясының жетіспеушілігін азайту болды. Осы жобаны іске асыру үшін ұзақ уақыттан бері техникалық-экономикалық негіздеме жасалған, мемлекеттік сараптамасы бар. Құрылыстың жалпы құны 2015 жылы 164 млрд теңгені құрады. Әрине, бүгінгі инфляцияны ескерсек, жоба құны едәуір өседі. Айналаңызға қараңыз: қала, әсіресе Қарағайлы шағын ауданында белсенді түрде салынып жатыр және де мемлекет тарапынан қолданыстағы қазандықтардың қуаттылығын арттыруға орасан зор қаражат бөлінуде.

Бірақ бұл жартылай шешім. Бірнеше жыл өтеді, ал қуаттылық жеткіліксіз болады. ЖЭО-3 құрылысы 43 айға жоспарланған. Бұл 3,6 жыл. Қазандықтардың қуаттылығы барлық тұрғын үйлер мен нысандарды жылытуға әзірге жетіп тұрғанда ЖЭО-3-ті тез және сапалы салуға әлі де біраз уақытымыз бар. Өзіңіз ойлап қарасаңыз, ЖЭО-3 құрылысы 246 МВт электр қуатын, 742 Гкал/сағ жылу қуатын береді және де жыл сайынғы электр қуатын жұмсауды 1 миллионнан 1,3 миллион кВт-қа дейін, жылу энергиясын — 1,661 миллион Гкал дейін қамтамасыз етуге, және ең бастысы, қаланың 16 төмен қуатты және экологиялық қолайсыз қазандықтарын жабуға мүмкіндік береді. Осылай, біз өз қаламыздың экологиялық жағдайын едәуір жақсартамыз».

(https://www.facebook.com/kkmirashev.29.09.2020)

    Осындай қала өміріне қатысты жайларда қарап отыра алмайтындығын байқатқан Қайрат Мирашевтің қалайша қалтарыста қалып қойғаны түсініксіз. Бір анығы, Қайрат Қайырғалиұлы  «Nur Otan» партиясының резервіне енгендер қатарында.

  «Nur Otan» партиясының тағы бір алпауыты, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Омаров үшін бұл дода «өткенінен өтпегені жақсы еді» деген әсер қалдырғаны анық. Өйткені, облыстық мәслихатқа сайланған семейлік санаулы депутаттардың қатарында жүрген оның есімі кезінде екі мәрте Семей қаласының әкімі болғандығымен де белгілі. Қазіргі күні қаладағы «Семеймашзавод» кәсіпорнының бас директоры ретінде «алыстан көрінетін» Омаровтың халықтан алшақтап кеткені ме, әлде биліктегі бәсекелестерінің біріне ұнамай қалды ма, соңғы орындарда қалып, жұмбақ күйде алға жылжи алмай қала берді.

    Электротехникалық колледж директоры Азат Сарпековтің 53 дауыс алуы оның келешекте Мәжіліске баруына жол ашуы да мүмкін. Конференция қорытындысындағы көрсеткіші бойынша, облыстық мәслихат депутаты болып та саналады. Алайда, айтпағымыз бұл емес. «Nur Otan»-ның Семей филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып бұған дейін отырған Айнұр Арғынбекованың бұл лауазымнан неліктен босатылғаны туралы да семейліктер көзқарасында сан түрлі сауал туындаған болатын. Мәселенің нақтысына көз жеткізу үшін өзіне хабарласқанымызда «денсаулығына байланысты өз еркімен өтініш жазғанын» анықтады. «Дегенмен, бұл менің қызметіммен қоса, партия қатарынан кеттім дегенді білдірмейді. Өз өтінішіммен филиал басшылығынан босатылсам да, партия мүшелігінде қала беремін» дейді Айнұр Серікбайқызы.

    Айтпақшы, жоғары нәтижеден көрінген Азат Сарпековтің өзін де сөзге тартқанбыз. Айтуынша, праймеризге қатысу ұсынысы қала әкімінен және партияның орталық аппаратынан түскен. Одан бұрынырақта «Жүз жаңа есім» жобаларына, Президенттің кадрлық резервіне қатысып та белсенділігін арттырып жүрген екен.

– Праймериз жақсы өтті, иә, рас қобалжып отырдық. Бұған дейін басшылықтан ұсыныс түскен. Аппараттың және қала әкімінің ұсынысымен облыс әкімі Нұр-Сұлтан қаласына хат жазып, осы міндетті алып жүре алатын азамат ретінде мені көргендігін айтып өтті. Бұл, әрине, менің мойныма түсетін жүк. Қолымнан келгенше, адал атқаратын боламын,-дейді А. Сарпеков.

 Ол сонымен бірге пандемияның алғашқы толқыны кезінде достарын жұмылдырып дәрігерлерді жатақханаға жатқызып, үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз еткендігін, 250 Боброво аппаратын жасап бергендігін, қаланың алдағы 5 жылдық даму жоспарын бақылауда ұстайтындығын да атап өтті.

Тегтер: партия сайлау таңдау алты партия билік саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?
Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15