Ассамблея жабыла ма деп жүрсек...

Күлтегін БЕК

30.03.2023, 10:31

1010

Соңғы бірер жылда қоғамда жиі айтылып, жазылып жүрген бір тақырып бар. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Әсіресе Назарбаев тұсында «кіші БҰҰ» деп қатты дәріптелген бұл құрылым ол биліктен кетісімен әркімнің бір түртпектеуіне тап болды. Оған үлкен себеп бар. Рас, еліміздегі ұлттардың басын қосып, этностардың береке-бірлігі мен ынтымағының бастауы болуға тырысқан бұл ұйымның әкесі – Назарбаев.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастама көтерілгенімен, тек 1995 жылы ғана жеке шаңырақ болып құрылды. Бұл институттың негізгі мақсаты, этносаралық қатынастарды дамыту, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің дамуына тұрақты серпін беру болатын. Бір қарағанда, өте қажетті мекеме. Алайда сол 1995 жылдан бері бұл құрылым елдің тұтастығына қамсау бола алды ма? Қайдам? Тіпті мемлекеттік тіл – қазақ тілін мансұқтап та жарытпады. «Тәтті өтіріктен, ащы шындық артық» демекші, Қазақстан бостан мемлекет аталғалы бері елде ондаған ұлтаралық қақтығыстар болды. Алайда үміт еткен құрылымның оқиға ортасына барып, басу айтып, ара-ағайын болып, өзге ұлттың алаш баласының маңына ұюына дәнекер бола алмағанын жұрт көрді. Түңілді. Сосын, ойындағысын айтты. Осыдан келіп, жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған қаржы алып отырған құрылымның қажеттілігі шамалы екені айтыла бастады.

Тіпті осы Ассамблеяның белді мүшесі Асылы Осман: «Рас, негізі, бастама дұрыс еді. Ұлтаралық татулықты сақтау, өзге ұлт өкілдерін қазақтың айналасына топтастыру болатын. Бірақ құрылым ол сенімді ақтамады. Қазақтың тілін қажетсінбеді. Олай болса, Ассамблеяны ұстап тұрудың қаншалықты қажеті бар?» – деп салды.

Осы тақылтес әңгіме қоғамда көп.

Мәселен, кешегі өткен мәжіліс сайлауына үміткер болған қоғам белсендісі Арман Шораев: «Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекет бюджетінен миллиардтар алып, бірақ мемлекеттің не ішкі, не сыртқы саясатына пайдасы жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының таратылуын талап етемін! Халықтың ешқандай мәселелеріне мойын бұрмайтын, елдің жоғын жоқтамайтын, бюджеттен қаржыландырылатын ассамблея керек емес!» деді.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының басшысы Дос Көшім былай дейді: «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық ұйым есебіндегі бірлестік пе, әлде мемлекеттік мәртебесі бар құрылым ба? Статусы белгісіздеу. Егер қоғамдық ұйым болса, мемлекеттен бір тиын ақша алуға тиіс емес. Ал мемлекеттік болса, әңгіме басқа. Дегенмен ассамблея мен үшін баяғы кеңес заманынан қалған «халықтар достығы», «достық лабораториясы» деген секілді бірдеңені еске түсіретіндей. Әу баста мемлекеттегі халықтар бірлігін көрсету үшін арнайы ақша бөліп, осындай құрылым жасады. Және оған арнайы конституциялық заң шығарды. Демек, осы жерде бұл құрылымның статусын анықтап алу керек еді. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ ұлтының мәселесіне жұмыс істеуі тиіс-тұғын. Неге дегенге келетін болсақ, біздің елді мекендеп отырған өзге ұлттарға қарағанда, проблемасы ең көп ұлт – қазақтар. Себебі кешегі патшалық отарлау, одан кейінгі кеңестік тоталитарлық заманда қазақ халқы көптеген ұлттық құндылықтардан айырылып қалды. Соны қалпына келтіру үшін өзге ұлт өкілдері де атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Өкініштісі, бұл мекемеде ондай тірлік жасалып жатқан жоқ. Үшінші мәселе, бұл құрылым өзге жұртқа, соның ішінде, Ресейге «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген секілді көз етіп көрсету үшін құрылған. «Орыстың да, өзгенің де тілі, дәстүрі, мәдениеті жаңғырып жатыр. Бәрі окэй», – деген идеологиялық көрсеткіш сияқты дүние.

Әрине, бұл ұйымның саяси астары да жоқ емес. Біздің елде көптеген ұлттың өкілдері өмір сүріп жатыр. Әлдеқандай жағдайда сол ұлттардың бетке ұстар азаматтары, яғни бейресми басшылары шығып, қазаққа қарсы әңгіме айтып, ұлттар арасына сына қақпақ болса, Ассамблея тарапынан басу айтылып, тойтарыс беріліп отырылмақ. Мұның сондай да бір функциясы бар. Алайда құрылым ол талаптан көрініп отыр деп айта алмаймын. Қысқасы, қазіргі күйінде бұл ұйым бізге қажет емес. Егер қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ұйым болса, әрине, қолдар едім. Алайда Ассамблея тарапынан мұндай қадамды көріп отырған жоқпын».

Айтпақшы, сәуірдің 26-27 жұлдызында Ассамблеяның «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты кезекті сессиясы өтпек. Әрине, бірлік, тұрақтылық өте қажет-ақ. Бірақ, бюджетке артық салмақ салып және бастапқы функциясын дұрыс атқара алмай отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді басы артық құрылымға басы артық шығындалудың керегі бар ма еді?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:57
Қазақстанда ауа райы бойынша 53 жыл бұрынғы рекорд жаңарды
Сайт әкімшілігі 14:25
Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары болды
Жарас ШӨКЕ 07.06.2023, 15:40
«Үңгірдегі» Абаев Қақпан қапты
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 13:50
Тоқаев: Асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 10:33
Смайылов қазақстандықтардың шағымына үн қатты
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 15:22
"Әртүрлі Қазақстанда тұратын сияқтымыз". Депутат елдегі жалақы туралы айтты

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00