Атағы таудай, азабы көлдей

Жарас КЕМЕЛЖАН

01.07.2022, 06:51

1528

Тағы да Шерағаңның сөзімен бастауға мәжбүрміз. Журналистер туралы Мұртазадан артық мұратты сөз жазған ешкім жоқ қазір. «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ». Мұны қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза, кемі, 50 жыл бұрын айтқан болар. «Елу жылда ел жаңа», дейміз. Бірақ Жаңа Қазақстанда да бұл сөздің қаны жерге тамар емес. Қазіргі тілшілер де алтын арқалап, жантақ жеп жүр...

Өздері Алматыдан қашықта, екі бөлмелі времянкада тұрса да, үлескерлердің баспана дауын қуып, солардың құқығын қорғайтын кім? Журналистер. Өздері қаражаяу жүрсе де шетелден көлік әкелетін алып-сатарлардың мұңын жазатын кім? Тілшілер. Өздері ауылда өзен мен тоған суына түсіп жүрсе де, Түркия мен Дубайға алған жолдамасы күйіп кеткен туристердің қамымен шапқылайтын кім? Журналистер. Өздерінің айлығы шайлығына жетпейді. Бірақ Ұлттық компаниялардағы ай сайын бірнеше миллион теңге айлық алатындардың еңбек дауын көтеретін кім? Тілшілер. Өздерінде 10 сотық жері жоқ. Бірақ бірнеше миллион гектар жері бар латифундистердің жер дауын көтеретін кім? Тағы да журналистер. Сонда өзінде болмаса да, өзгенің жоғы үшін шырылдап, біреудің қайғысын көтергеннен оларға не пайда дейсіз ғой? Еш пайда жоқ. Бұл олардың таңдап алған кәсібі. Азапты болса да жан қалауымен тапқан ләззаты.

Қанша айтсақ та, жыл сайын жазсақ та, Қазақстандағы журналистердің мәртебесі айқындалмай-ақ қойды. Тілшілер не мемлекеттік қызметкер емес, не кейбір әлеуметтік жеңілдік қарастырылған ерекше топ емес. Әлеуметтік жеңілдік демекші, журналистердің әлеуметтік мәселесі шаштан қалың. Еңбекақы да әркімге әртүрлі төленеді. Ұлттық компаниядағы баспасөз хатшылары миллион теңгеден асырып алса, кейбір газеттің тілшілері 100 мың теңгенің өзін қанағат қылуға мәжбүр. Пәтер жалдап, күн кешіп жатқандары қаншама? «Алматы жастары» сияқты тұрғын үй бағдарламасына тілшілерді тыққан болды. Бірақ оның өзі таздың битіндей, санаулы адамға ғана беріліп жүр. Талабына толу, шартына сай болу деген сияқты дүниелері тағы бар. Оны қойшы, кейбір шетелдердегі сияқты Қазақстандағы журналистерге автобуспен, метромен жүру тегін болса, театрға, музейге, мәдени орталықтарға емін-еркін кіре алса, ол да ақпарат айдынында жалаң аяқ жүрген жастарға үлкен көмек болар еді. Бірақ мұның бірі де жоқ...    

 Бұдан бөлек, неге екенін қайдам, қазақ тілді БАҚ өкілдері тоқалдан туғандай. Орыс журналистерінің табысы қомақты. Әлеуметтік мәселесі шешілген. Кез келген мемлекеттік мекеме немесе шенеуніктер орыс журналистерінің алдында құрақ ұшады. Солармен ғана санасады. Ал қазақ тілді баспасөз өкілдерін көзге ілмеу, төмен санау сияқты көзқарас басым. Мұның бәрі биліктің қазақтілді журналистерге деген пиғылынан. Шынтуайтына келгенде, қазақ журналистері орыстардан артық жазбаса, кем жазбайды. Әлеуметтік тақырыптарды, қоғамдық-саяси мәселелерді көтеру жағынан, Қазақстанға, ұлтқа деген жанашырлық тұрғысынан қазақ тілді БАҚ-тың салмағы басым. Бұл, әрине, бөлек әңгіме...

Қазақ «Жыламаған балаға емшек жоқ» дейді. Журналистер жыл сайын үкіметке, билікке тілшілердің басындағы түйткілдерді жазып хат жолдап, біз сияқты баспасөз арқылы да мәселе көтеріп жатады. Бірақ соған қыңқ еткен біреуді байқамадық. Керісінше, журналистерді алалау, мемлекеттік басылымдарда жұмыс істейтіндер мен билікке жақын жүрген тілшілерді көтермелеу белең алып барады. Мәселен, биылғы журналистер күнінде «Хабардың» 17 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. Ал «Жас Алаштың» 1 тілшісі ғана «Ерен еңбегі үшін» еленіпті. Шындықты шырылдатып тұрып жазатын, кіл мақтау мен мадақтаудан ада әріптестеріміз астананың назарынан әлдеқашан сызылып қалған. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды». Қазақ журналистерін бұлай алалау, билікке абырой әпермесі анық. Біздікі сес көрсету емес, есті адам түсінсін деген ескерту.       

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 14:15
Алматы тұрғыны Әл-Фараби бойындағы тұрғын үй құрылысына шағымданды
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 10:38
Смайылов қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 15:56
Назарбаев елордада жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 13:39
Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға әлі жауап берген жоқ
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:37
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:09
Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке сайланды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49