«Атамекен» кімнің ата мекені?

Жарлы БАЙҒАНИН

18.01.2022, 13:50

3444

Тұңғыш президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы төрағалығынан кетемін деп шешіпті.

Атамекені Алматы мен Астана базарларының айналасынан аспайтын Тимур командасының басты «члені» Сараңахметовтің өлімге қуанған дүмше молдадай осындай жерлерде алдымен төбе көрсетіп қалатынына етіміз әбден өліп кеткен сияқты. Өйткені өртенген жұмыртқаның өзінен жүн қырқып үйренген жүліктердің намазшамда жолығатын орындарын ешқашан өзгертпейтіні де белгілі. Әйтпесе қуаңшылық кезінде шын Атамекенде болып жатқан мал өліміне, емшектегі баласын тастап шөп теріп кеткен қазақ қатыны құрлы қадірі жоқ құрылым қайда қарап қалды екен?

Жоқ, әлде кәсіпкерлік деген аэропорттың буфетінде 150 теңгенің пирожкиін 1500 теңгеге, 200 теңгенің бір құты сырасын құтыртып 2 мың теңгеден сататындар ма? Ал қару-жарақ пен банктер өз шығындарын 100 пайыз өздері көтеруі тиіс. Бұл уақытқа дейін банк саласына халық қазынасынан аз ақша аударылған жоқ! 30 жыл халықты тонағандарын былай қойғанда. Қару-жарақ сататындар да аз пайда тауып келмегені баршаға аян. Керісінше бұларды жауапқа тартатын уақыт келген сияқты. Ал әлгі 500 мың тұратын мынадай 700 ноутбугіміз ұрланды деп тұрған «Сұл-Пағыңның» да сұрқы бұрыннан таныс. Сонда осыншама дүниені осы бағамен үкіметтен өндіріп алмақ па?

Біріншіден бұл тауардың өзіндік құны әрі кетсе 150-200 мыңның айналасында. Екіншіден тауардың бір түрінен ғана 700 данасын қоймасында ұстайтын қандай кәсіпкер? Алматының қақ ортасында қанша ағашты бір түнде тамырымен жұлып тастағанда қарсылық көрсетуге қауқары келмеген қалалық шөпкетышарлар қайда қарап отыр? Олай болса саусағы тұрмақ санасы жетпейтін сандарды сандырақтап отырған Сараңахметов 90 пәленбай миллиардтарды 1500 теңгенің перәшкиі мен құтысы 2 мың теңге тұратын бағамен есептеп отыр ма? Жоқ, «Сұл-Пақ» ноутбугінің сатылу құнымен есептеп отыр ма? Керек десеңіз ол жерлерде дүкен ашатын бағы тайған Базарбаевтар мен бұғып қалғыш Боғынтайыптардың бала-шағасының жақын-жуықтарының бизнесі екенін де ешкімнен жасыра алмайсың. Ал телефон бизнесі сақалдылардың қолына өткелі қашан. Ломбард дегеніңіз тұнып тұрған халықтың көз жасы ғана.

Өз жарасын өзі жалап жазатын көкбөрінің ұрпағындай қысылтаяң сәттерде «Қарекет» атты қайырымдылық қоры елден тиындап жинап 500 ден астам жетім-жесірге баспана алып беріп жатқанда «Атамекен» тұрмақ, үкіметіңнің өзі аузын қу шөппен сүртіп отырған. Ай қарап отырып па?

Ал төлемге келер болсақ, шын мәнінде ешбір саудагер ұтылған жоқ. Ұтылмайды да. Анау Жетісай деген ауданда отырған кәсіпкер «Ел үшін» қорына 500 млн теңге, Ақтаудағы Тимурдай азамат 2 миллиардтап ақша аударып жатқанда бұл түк те емес! 30 жыл өздері тонаған Ел қорына қосқандары болар! Оның үстіне «Малым жанымның садақасы» деген мақал да бар! Жан есен болса болғаны. Осы жолда шейіт болғандардың отбасына көмектесейік. Ал бүлінген нысандарды қалпына келтіру керек. Оған талас жоқ. Атамекеннен ғана емес, атамнан ары кеткірлер атауларыңа артық сөз айтуға да құдайдан қорқады екенсің. Бірақ дүниедегі бар жаманшылықты бейкүнә есіммен бүркемелеп үйренгендер Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбасын «Бөбек» атағанын да ұмытпаған абзал!

РS.

Осыдан тура үш мүшел бұрын Барыс жылында 1986 жылы КСРО-ның қабырғасын сөккен қазақ, 35 жылдан соң билік басын басыбайлы иемденіп қалғандардың ТМД-сын да теңселтуді бастап кеткен сыңайлы. Бұндай кезде алып-қашпа сөздер көбейетіні ақиқат. Бірнәрсенің байыбына бармай байбалам салмай қоя тұрайық. Не істесек те елге кесірі тимеуі керек. Бүгінгі бүлдірген дүниемізді ертең өз есебімізден өзіміз жөңдейтінімізді ұмытпағанымыз абзал. Бала-шағамызға арамнан нан жегізбейік. Сабыр. Бәріне уақыт төреші.  

Тәмсіл тұздық

«ТОРҒАЙДЫҢ ҮШ ӨСИЕТІ»

Бір торғай жем іздеп жүріп құсшының құрған торына түседі. Қолымен қыса ұстаған құсшыдан құтылудың амалын іздеген торғай:

— «Мені жібер. Кішкентай ғанамын, жегеніңмен бәрібір қарның тоймайды. Одан да мен саған өмірлік азық болар үш ақыл айтайын», — дейді. Құсшы: — «Мейлі, айт. Тыңдайын», — дейді. ⠀

— «Бірінші ақылымды алақаныңды ашып тұрғанда айтамын. Екіншісін ағаштың бұтағында отырып, ал үшінші ақылымды ұшып бара жатып айтамын», — дейді. ⠀

Құсшы келіседі. Ол алақанын ашқанда: -« Өткен іске ешқашан өкінбе, босқа әуре боласың», — дейді де торғай ұшып кетеді. ⠀

Ағаштың бұтағына қонып: — «Енді екінші ақылымды тыңда. Өз көзіңмен көрмеген нәрсеге ешқашан сенуші болма!» — дейді. ⠀

— «Үшінші ақылыңды айт енді», — дейді құсшы.

Торғай: — «Ей, құсшы, менің жемсауымда сенің алақаныңдай гауһар тас бар, сойғаныңда әп-сәтте байып шыға келер едің», — дейді. ⠀

Құсшы отыра қалып: — «Қап, байлықтан айырылып қалдым-ау», — деп санын соғып, өзін-өзі кінәлап өкінеді. Тоқтамай өзін-өзі жазғырып ұзақ жылайды. ⠀

Осы кезде торғай: — «Өткенге өкінбе дедім, ал сен жарты сағат өкініп жыладың. Көзбен көрмегенге сенбе дедім, сен менің өтірік сөзімді сараламай-ақ сене салдың. Сенің алақаныңдай тас менің ішіме қалай сыяды? Тыңдамайтын адамға айтқан сөз бен кеткен уақыт зая», — деп ұшып кетеді. Торғайдың миындай ми жоқ деген сөз осыдан шыққан екен.

Енді ойланып көріңізші, осы торғай құрлы болмай, өткен іске өкініп, көзбен көрмегенге сеніп қалмаңыз!

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ АҚЫЛБАЙ 08:00
Не істеу керек?
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 17:36
ҰҚК төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 16:30
Ораз Жандосов Бағдат Мусиннің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 15:27
Тоқаев Қырғызстанға барады
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:47
«АМANAT» партиясы референдумды қолдау мақсатында Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесті
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 18:08
ШЫҰ мүше мемлекеттер меморандумға қол қойды

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20