«Ауған синдромы» немесе Орталық Азияға төнген қауіп

Әділбек ЖАҚЫП

27.07.2021, 10:03

1915

Ауғанстан тағы да отқа орануда. Ежелгі елдің, бейбіт елдің тыныштығы бұзылды. Тәліптер (Ресейде террорист ұйым ретінде танылған) елдің бірнеше аумағын басып алуда. Халық арасында үрей күшейе түсуде. Босқындар легі күн сайын өсуде. Ауғанстандағы қақтығыстан  әлем және онымен іргелес жатқан Қытай және Орталық Азия елдері де қауіптене бастады. Мұның соңы немен бітетінін ешкім де білмейді.

Жалпы, бұдан 43 жыл бұрын Ауған елінің, оның халқының көрген күнін ешкімнің басына бермесін. Бұл үлкен трагедия еді. Оған Кеңестер Одағының тікелей қатысы болды.1978 жылы Ауғанстанда сәуір революциясының көсемдері Нұр  Мұхаммед Тараки және Хафизулла Амин мемлекеттік төңкеріс жасап, ел билігін қолға алды. Бұл кеңестік биліктің қолдауымен жасалған әрекет еді. Содан соң, бірнеше айдан кейін Хафизулла Амин  Таракиді тұтқындап, атып тастайды. Кеңес билігі, негізінен, Таракиге сенім артқан-ды. Ол нағыз социалистік бағытты жақтаушы, соның қолдаушысы болатын. Неге екені белгісіз, кеңес барлау қызметі президент Хафизулла Аминді америкалық ұстанымдағы адам ретінде таныды. Ал шын мәнінде ол коммунистік жүйенің жақтаушысы болатын. Соған қарамастан,  Кеңестер Одағының саяси бюросы барлау қызметінің Хафизулла Амин батыспен тығыз байланысы бар деген  мәлімдемесі негізінде оны жою  және әскери күшпен ауған жеріне кіру жөнінде шешім қабылдайды.

 Сонымен, 1979 жылдың желтоқсан айында кеңестің арнайы жасағы таң ата Ауғанстан президенті Хафизулла Аминнің сарайына басып кіріп, оны және балаларын, әйелін өлтіреді. Мұның алдында бір күн бұрын ресми кездесуде кеңес барлау қызметінің жасырын агенттері президент Хафизулла Аминнің тамағына у қосқан еді. Өзінің уланғанын сезген ол сенімді жасақтарымен сарайды күзетіп, кеңестің әскери барлау десантымен шайқасады. Ауған халқы ұйқыда жатқанда кеңес десантшылары Кабул және басқа да ірі стратегиялық қалалардағы аэропорттарды түгел басып алады. Сол күні  кеңестің  жалпы әскери бөлімшелері ауған жеріне баса-көктеп кіреді.Кеңес билігі өздерінің сұрқиялық, зұлымдық және дұшпандық іс-әрекеттерін ақтау мақсатында ауған халқының өтінішімен жасалған көмек деп мәлімдеме жасайды. Түптеп келгенде, мұның астарында кеңестік басымдықты байқату, қоқан-лоқы жасау, батысқа қыр көрсету мақсатында әдейі жоспарланған экспансия жатты.

Сонымен, кеңес әскері үшін алғашқы қақтығыстар жеңіл және кедергісіз өтті деуге болады. Ауғандықтар өздеріне қамқоршы елдің бұл әрекеттеріне таңғалыс білдірді. Алғашқыда түсінбеді. Ауған билігі Кеңестер Одағымен дос және ынтымақтастықта болып, олармен тығыз байланыста  социалистік қоғам орнатуға білек сыбана кіріскен-ді. Жастары жүздеп кеңес оқу орындарында білім алды, зауыттар мен фабрикаларда тәжірибе жинақтады. Атымтайжомарт көрінген елдің аяқастынан ауған жеріне алапат әскер күшімен келіп, бейбіт өмірдің тыныштығын бұзғаны ауғандықтар үшін нағыз жауыздық болды. Өз елінің патриоттары жаппай атқа қонып, ерегіскен дұшпандарының еңсесін үзуге бір кісідей жұмылды. Кеңес командованиесі көтерілісшілерді басып тастауды өздері қолдау көрсеткен үкіметтік күштерге тапсырды. Ауғандықтардың бір-біріне көңілі аласа болғанымен, бір Құдайдан басқаға исінбеген олар елге дұшпандық пейілмен келгендерге аяусыз қарсылық көрсете білді. Өзара келіспеушіліктерді, дүрдараздықты ысырып тастап, кеңестік идеологияның ислам еліне жаппай енуіне батыл тойтарыс берді. Алғашқы қарсылықтан беті қайтқан кеңес әскері қышлақтарға еркін кіре алмай, тек көбіне қалаларда тұрды. Кеңес әскері тактикасын өзгерте отырып, тікұшақ және ұшақтардың көмегімен елді мекендерді жермен-жексен етті. Тек қышлақтарды бомбылау және егіс алқаптарын жою өз нәтижесін бермеді. Ауғанның әрбір қышлағы, әрбір тасы олар үшін алынбайтын қамалға айналды.

Кеңес өкіметіне қарсы күштер топтаса бастады. Мұсылман елдерінен көмек қолы жеткізілді. Мәселен, Пәкістан, Иран және бірнеше араб  мемлекеттерінен қару-жарақ, тамақ, басқа да қажетті заттар легі толастамады. Мұның сыртында АҚШ және Қытай тікелей саяси және әскери мәселелерді шешуде басты рөль атқарды. Ауған жері Кеңестер Одағы мен АҚШ арасындағы «қырғи-қабақ соғыстың» соңғы шайқас алаңына айналды. Бұл теке-тірес Кеңестер Одағының  экономикалық құлдырауына, кейбір ұлттық аймақтарда қарсылық ошақтарының бой алуына әкеп соқтырды. АҚШ мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етті. Кеңес билігінің басына қара бұлт төнді. Сол себептен кеңес билігі 1989 жылы Ауғанстаннан өз әскерлерін шығаруға мәжбүр болды. Нәтижесі 10 жыл бойы қантөгіске созылған жеңіліспен аяқталды.

Ауған жерінен кеңес әскерлері кеткеннен кейін олардың орнына АҚШ-тің шектеулі әскери күштері келді. Жиырма жыл бойы Ауғанстан Ислам Республикасының тыныштығын күзетіп, онда  халықтық-демократиялық қоғам орнату жолында миллиардтаған қаржы жұмсаған АҚШ Ауған елінен біржолата кетуге мәжбүр болды. Мұндай қадамға бару, бір жағынан, елдегі радикалды күштердің ел аймағына жаппай ықпалының артуы; екінші жағынан, билік жүйесіндегі коррупцияның басымдығы; үшінші жағы, ел билігіндегі мемлекеттік басқару ісінің нашарлауы, шенеуніктер арасындағы алауыздықтың өрши түсуі және таптық, рушылдық қозғалыстардың етек алу себептерінен туындаған тәрізді. Дегенмен Америка Құрама Штаттары Ауған елінің дамуына, мемлекет болып қалыптасуына, қорғаныс күштерінің нығаюына, әртүрлі этностардың ескілік ғұрыптардан қол үзіп, азаматтық қоғам орнатуға белсене араласуына барынша көмек берді. Бұл шынайы шындық еді. Олар кеңес билігі сияқты елді, халықты қасіретке қалдырған жоқ. Керісінше, гуманистік көзқарас пен демократиялық ұғымдарды жастар санасына енгізе білді. Жиырма жыл ішінде ауған жастарының екі ұрпағы батыстық тәрбие алды. Бұл күнде ішкі және сыртқы жауға қарсы тұра алатын ауған патриоттары өсіп-жетілді.

Әрине, ауған жерінде америкалықтардың болуы Ресей, Қытай мүдделеріне қайшылық туғызды. Әсіресе сыртқы күштердің мол қаржысымен қаржыландырылған радикалды ислам  ұйымдары Ауғанстан ішінде тұрақсыздықты ұйымдастырып, өздерінің билікке келуін қамтамасыз ету үшін жанкешті күрес жүргізуде. Бұған Ауған үкіметі, оның қарулы күштері батыл тойтарыс беруде. Елдегі «Тәлібан» қозғалысының ықпалын бәсеңдету арқылы демократия жолымен олардың да ел өміріне араласуына жол ашып отыр. Алайда «Тәлібанның» сыртқы күштері өкімет билігі үшін ашық күресті басты нысана етуде. Бұл қарапайым ауған халқының мызғымастығына кері әсерін тигізуде. Сонда да ауған халқы соңғы жылдары жақсы жаққа өзгерген тұрмыс-тіршілігін жартылай феодалдық салт-дәстүрге айырбастауға ниетті еместігін, бейбітшілік өмірді сүйетінін, ислам өркениеті мен бүкіл адамзатқа тән мәдениетке бет бұрғанды жүрегімен  қалайтынын ашық білдіруле.

Осындай қиын-қыстау жағдайда Ауған елінің берекесін кетіріп, өзінің ішкі есебін радикалды ислам бағытындағы терроршы топтардың қолымен жүзеге асыруға ұмтылыс жасаушы сыртқы күштер жетерлік. Бұл Америка әскерлерінің ауған жерінен біржолата кетуінен туындап отыр. Көрші Қытайдың елдегі ұйғыр топтарын бақылауға алу және оларды бұлғақтау мақсатында тәлібан күштерімен байланыс жасағаны анықталды. Айдаһар елі үшін Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісе бастағаны  саяси және экономикалық мүдделеріне қауіп төне түсуіне жол ашып отыр.

Қазіргі таңда Қытай өте сақтықпен Ауған үкіметімен және «Тәлібан» қозғалысымен де тығыз байланыс жүргізуде. Пекинде  тәліптердің жоғары лауазымды лидерлері ресми түрде қабылданды. Ең маңызды мәселе – Қытай Ауғанстандағы ұйғыр топтарының «Тәлібан» және басқа да радикалды ислам ұйымдарымен қосылып, Синьцзян аймағында бүлік ұйымдастыруынан сескенеді. Сол себепті қауіпсіздік шараларын күшейту үшін өз шекарасынан алыс емес жерде әскери бригадасын жасақтады және Тәжікстанда ауғандағы ұйғырлардың қозғалысын бақылау мен барлау мақсатында әскери пост орнатты.

Қытай Ауғанстандағы тұрақсыздықты өз пайдасына асыруы да ықтимал. Менің ойымша, Қытайдың әлемдегі орны қазір асқақтап тұрған кезде қытай билігі ауған мәселесінде тысқары қалмайды және батыл қадамдарға баруы әбден ықтимал. Өйткені ол өз аймағында маңызды ойыншы ретінде сезінуі тиіс. Ол қажет ете ме, етпей ме, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық мүдде соны талап етеді. Жалпы алғанда, Ауғанстан – Қытай үшін миллиардтаған инвестиция құятын минералды қазба байлықтың ресурсы мол ел. Және оның «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асырудағы Қытай, Пәкістан, Иран, Түркия, Еуропа арасындағы логистикалық бағыттағы маңызы да орасан. Екінші жағынан, Қытай Орталық Азиядағы ықпалын одан сайын арттыруда Ауғанстанның да  саяси және экономикалық мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бір сөзбен айтқанда, Қытай үшін Ауғанстан – тек стратегиялық әріптес емес, әлемдік саяси сахнадағы және ислам әлеміндегі барометр.  Мұндай жағдайда Қытай Ресейдің Ауғанстан ісіне араласпауына, тіпті Орталық Азиядағы мемлекеттердің Ресей ықпалынан кетуіне  өте мүдделі. Бұл сырт қарағанда білінбейді, ал іштей сезіліп тұр. Өзінің тіршілік аясы үшін Қытай елі Азия кеңістігін өзге мемлекеттердің құрсауынан алып, ықпалды саясат жүргізуге мүдделі және соның жолында керек десе, теке-тіреске дейін баруға әзір.

Ресей болса сол баяғы кеңестік жүйеде қалыптасқан күш көрсету, қоқан-лоқы жасау, үркіту, ауғандықтардың және Орталық Азиядағы халықтардың арасына жік салуға, бір-бірін жауластыру сияқты іс-әрекеттерге үйренген және тәжірибесі бар ел. Мұны көп жерде халық өз арасынан көріп те жүр. Бұған үстіміздегі жылы Ресейдің Қазақстанға қарсы ақпараттық майдан ұйымдастыруы дәлел. Бұған қазақ қоғамы батыл тойтарыс берді. Солтүстік көршінің халықтың денесіне удай шашқан «шовинистік» пәлесі әбден сабасынан асып, жұрттың бәрін жирендіріп, ашындырып, өзіне қарсы жауын көбейтті. Ақырында Ресей  Қазақ еліне деген қоқан-лоқылық саясатын бәсеңдік күйге көшірді. Дегенмен алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Ал таяуда  екі рет болған тәжік пен қырғыз арасындағы қақтығыс нені меңзейді?

Негізінен, Ресей саяси ұпай жинау және өзінің әскери күштерін Орталық Азия аумағына одан сайын топтастыру мақсатында ауған жеріндегі болып жатқан қақтығыстарды тиімді пайдалануды көздеуде. Орыс әскерлерінің тәліптермен тікелей соғысуы екіталай. Олар мұндай қадамға бармайды. Ресейдің ауған тәліптерімен тікелей қарым-қатынас орнатып, өздері террорист деп есептейтін топтармен ауыз жаласуы да жай нәрсе емес. Бұл саяси ойын болуы да мүмкін. Орыстардың тікелей өтінішімен тәліптер тәжік және өзбек шекарасына топтасып, оны бұзып өтуге дайындалып жатқан  сияқты көріністерді байқатып, шекараның ар жағындағы адамдардың қорқынышы мен үрейін үдете түсуіне келіскен де болар.

Ал шын мәнінде Ауғанстан тәліптері Солтүстік альянс бөлігі бағытында көрші тәжік және өзбек еліне, түптеп келгенде Орталық Азияға, соғыс қаупін төндіруге мүдделі ме? Әрине, тәліптер өз аумағынан тысқары мемлекеттердің шекарасын бұзып, соғыс ашуына мүдделі емес. Және  ежелден бері ауғандармен тұрып келе жатқан түркітілдес халықтар өзінің атақонысынан ауып, көршілеріне қоныс аударуы екіталай. Бұл үлкен қақтығысқа әкеп соқтырады. Мұндай жағдайда ауған жері бөлініске ұшырайды. Ол тәліптер үшін, жалпы, Ауғанстан үшін тиімсіз. Өздерінің ішкі есептерін жүзеге асыру мақсатында Ресей ауған қаупін әлсірету мақсатында деген желеумен  ауған жеріндегі тәжіктер мен өзбектер орналасқан елді мекендерді түгелдей Тәжікстанға және Өзбекстанға қосып алуды қоздырып отыр. Бұдан да сорақысы сол – бұрынғы кеңестік армияның полковнигі Владимир Квачков Орталық Азиядағы елдердің жерлерін қайта бөлшектеу қажеттігін де жасырмайды. Ол «Самарқанд – ежелгі тәжік жері, сондықтан оны да кері қайтару керек» деген тұжырым жасайды. Оның пікірінше, Орталық Азия қайта бөлініске түсетін аймақ. Осындай пікірлердің астарында үлкен бүлік тудыратын геосаяси ойын жатыр. Демек, мұсылмандарды бір-біріне шағыстырып қойып, ауған жерін бөлшектеуге итермелеу мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл Ресей үшін өте тиімді. Біріншіден, олар табыс көзі болып табылатын есірткі жолдарын қолына алады, екіншіден, бүлікті пайдалана отырып, Ауғанстанның тәжік мен өзбек мекендейтін жерлерді әскери күшпен басып алып, сол жерде әскери базасын орнықтыруына әрекет жасайды және Орталық Азияны түгелдей өз ықпалына қаратуға жанталасады.

Әрине, Ресейдің бұл «жоспарларын» АҚШ пен Қытай, Пәкістан мен Ауғанстан, Ұлыбритания мен Түркия жүзеге асыруға жол бермейтіні анық. Ауғанстан, біріншіден, мұсылмандар елі, екіншіден, ол әлемдік сауда бағытындағы мүдделер тоғысқан аймақ, үшіншіден, ислам дінінің радикалды тірегі.

Қазіргі таңда Ауғанстандағы шиеленіс және тәліптердің билікке ұмтылуын, кейбір сыртқы күштердің Таяу Шығыстағы қақтығыстарды Орталық Азияға қарай бұруға деген талпынысын  жоққа шығаруға болмайды.

 АҚШ Түркияға НАТО мүшесі және ислам елі ретінде, оның Пәкістанмен тікелей достық қатынасын ескере отырып, Ауғанстанда үкімет пен тәліптер арасында өзара түсіністікті қалыптастыруға және тұрақтылықты қамтамасыз етеді деген сенім артып отыр. Бұл күндері түрік әскерлері Кабулдың аэропортын күзетіп тұр. Түркияның Ауғанстан және Орталық Азиядағы ықпалының етек алуына Ресей жағы түбірімен қарсы. Сондықтан Ресей Түркияның барлық іс-әрекетіне барынша қарсылық көрсетіп бағады.

АҚШ Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттерінен Америка әскеріне көмектескен 9000 ауғандықты өз жерлеріне уақытша орналастыру туралы өтініш білдірген болатын. Бұған Өзбекстан елдің қауіпсіздігі үшін ауғандарды қабылдай алмайтынын жария етті. Ал тәжік пен қазақ  тарапынан әзірше нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл мәселеде Ресей өзіне қауіп төндіреді деген секемдік танытуда. Ал келіспеген жағдайда АҚШ тарапынан қандай қысым немесе басқа әрекеттер болатынын болжау да қиын.

 Қорыта айтқанда, Ауғанстандағы үкімет пен тәліптер арасындағы шиеленіс соғыс өртіне ұласып отыр.  Тәліптер ең алдымен ауған жерінде билікті толық қолға алуды мақсат етуде. Олар Орталық Азияға тікелей соғыс қаупін  төндірмейді. Тек идеологиялық көзқараспен қарасақ, посткеңестік республикалардағы «ұйқыдағы» «Ислам мемлекеті» мен «Әл-Каида» ұйымдарының оянуын жігерлендіруі әбден мүмкін.

Соңғы күндері Ауғанстанға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың соғыс аймақтарынан терроршылар келуде және радикалды ислам топтары Орталық Азия елдерінің иммигранттарын өз қатарларына белсенді түрде тартуда. Олардың қатарында Сирияда Асад жағында соғысып жүрген шейіт содырлары да бар. Әрине, ауған тәліптері Ауғанстаннан тыс,  алға қойған мақсаттары бар радикалды исламдық терроршылар ұйымы болып табылады. Екінші жағынан, Ресейдің ауған мәселесіне қатысты саясатына өте байыпты түрде назар аудару қажет. АҚШ билігі Ауғанстаннан жай кете салмайды. Тамыз айының соңына дейін кеткенше, Американың қарулы күштері тәліптердің базаларын бомбылап, тас-талқан етеді. Егер Ауғанстанда билік толық тәліптер жағына ауысқан жағдайда немесе Түркияның іс-қимылы нәтиже бермеген жағдайда АҚШ үлкен әскери шешім қабылдауы әбден мүмкін. Бұл Қытай мен Ресей мүдделеріне қарсы бағытталған қатты соққы болуы да ықтимал. Сөздің түйіні: Ауғанстан мәселесі, геосаяси және  әлемдік экономикалық бөліністің басы болып тұр.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:00
Nur Otan өз депутаттарының игі істерімен бөлісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:33
«Көзір» күйді: Маминнің тағы бір өтірігі ашылды
Алып АРСЛАН 08:28
«...Аузы жаман елді былғайды»
Сайт әкімшілігі 17.09.2021, 16:00
"Бізге үлкен ойындар қажет емес". Тоқаев ШЫҰ саммитінде не айтты?
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 17.09.2021, 14:00
Цой қайда қарап отыр?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 16.09.2021, 15:00
Байахметов баспанасы жоқ әкімді енді байқады

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39