Ауыл әкімдерін сайлау саяси жеңіс пе?

Батыр ЖАСҰЛАН

16.03.2021, 09:17

847

       Биыл Қазақстанның жергілікті саяси басқару тарихында жағымды жаңалық болайын деп тұр. Өйткені жыл соңына қарай кенттердің, ауыл мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Ақорда аталған сайлауды шамамен тамыз-желтоқсан айларына жоспарлап отыр.

     Расын айту керек, биыл 786 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Демек, шамамен айтқанда 800-ге жуық елді мекенді қамтитын жергілікті сайлау науқаны өтеді. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ.  Ақиқатын айту керек, ол үшін ең алдымен сайлау туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл ғана емес,  кенттердің, ауыл мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасып болғаннан кейін

келесі маңызды қадам аудан әкімдерін тікелей сайлауға ұласады. 2024 жылы аудан әкімдерін сайлаймыз. Ақорда зор мән беріп отырған бұл сайлау, олардың өз сөзімен айтқанда, «елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосады және ауыл мен аудан әкімдерін сайлау халық билігін орнатудың айқын көрінісі болмақ».

      Былай қарасаң, бұл айтылған әңгімелердің барлығы да теориялық тұрғыдан қарағанда әдемі. Ал практикалық тұрғыдан, іс жүзінде қалай болмақ? Онда былай деп жорамалдайық: алдағы бір-екі жылда «биліктің қайнар көзі – халық» болады, ауылдағылар өздері таңдаған өкілдерін өздері сайлап алады. Жергілікті билікке сенім көбейеді. Ауыл ажарланады. Ауыздары аққа жетеді. Күлкілі көрінер. Алайда біз Қазақстанның 30 жылдық тарихында мұндай талай эксперименттердің нәтижесіз болғанын ұмытып кете береміз. Нақты айтсақ, бұл бірінші сайлау емес. Біз бұған дейін де ауыл, кент әкімдерін сайлағанбыз. Мысал керек пе?

     Елдің есінде болар, экс-президенттің туған ауылы Шамалғанда 1999 жылы халық үміт артқан жергілікті кәсіпкер ауыл әкімі болып сайланды. Сол халық сайлаған, ауыл болып үміт артқан кәсіпкер әкім жергілікті жерді көркейтті ме? Шамалған ауылының шырайы кірді ме? «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде тұр. Проблемалар шешілмеген күйінде қалды. Ал уәдені үйіп-төгіп берген, Шамалғанға әкім болып сайланған азаматтың есімін де ел ұмытты. Өйткені нормативтік-құқықтық, саяси мәртебесі, қазынасында қаржысы жоқ ауыл әкімі жарытып не істей алсын? Бұл әншейін, халықты көз алдау үшін жасалған, түк пайдасы жоқ эксперимент болды.

       Бұл ғана емес, 2001 жылы Қазақстанның 28 ауылында осындай аты дардай, бірақ саяси мәртебесі нақтыланбаған «эксперимент сайлау» өткенін де халық ұмытты. Тағы да мысал керек пе? 2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында аудан әкімдері эксперимент жағдайында сайланды. Бірақ олар кімдер? Осы уақытқа дейін эксперимент болып келген сайлау өзінің шынайылығын көрсете алды ма? Нәтижесін берді ме? Халық сайлаған әкімдер сол жергілікті жердегі бұқара жұртына есте қаларлықтай бір іс істей алды ма? Бұл эксперименттер елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қосты ма? Әрине, жоқ. Бір қызығы, соның бәрі ұмыт қалды. Ал эксперименттер еш жемісін берген жоқ. Өйткені біз мынаны түсінбедік. Жергілікті басқару туралы заңға өзгерістер енгізбей тұрып, ауыл әкімдерін сайлау еш нәтиже бермейтінін ескермедік. Солай бола тұра, «ауыл әкімдерін халық сайлады» деп ұрандатып жібердік. Жеңіл, жадағай ұранмен әлі күнге дейін өмір сүріп келеміз.

      Нақты айтқанда, Қазақстан эксперимент алаңына айналды. «Ауыл әкімдерін сайлау еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ» деп, қазір де ұрандатып жатырмыз. Бірақ осы күнге дейін сайлау туралы заңнамаға, жергілікті басқару туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жоқ. Заңы, мәртебесі, бюджеті жоқ ауыл әкімі ертең де еш нәрсе істей алмайды. Алақанын жайып, «жасаған жоспарым бюджеттен бекітіле ме» деп, облыс әкіміне жалтақтап отырады. Ең бір қызығы, «1999 жылы сонау Шамалғаннан басталған эксперимент сайлаудың нәтижесі неге жоқ?» деп, оған бас ауыртқан ешкім де болмады. Өйткені бұл көз алдау екенін халық та ұғынған жоқ. Ал ауыл әкімдерін сайлау Шамалғаннан соң, жалғаспай қалды. Соған қарағанда билік те мұның халықты алдарқату тұрғысынан істелгенін өздері де ұғынса керек.

       Ал биыл  тағы да 800-ге жуық әкімді сайлайын деп отырмыз. Алдымыздан тағы да сол сауал көлденеңдеп шығады: ауыл әкімдерін сайлау нәтижелі бола ма? Бұл бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қоса ма? Күмән көп.

Ақиқаты, қазақ үшін ауыл, аудан әкімдерін сайлау оңай емес. Оның әртүрлі себептері бар. Құптауға тұрарлық іс болғанымен, «ауыл әкімдерін сайлау 100 пайыз әділ өтеді» дегенге сену қиын. Ал мұның барлығы ру-тайпалық деңгейде жүзеге асып кетсе, не істей аламыз? Қалаға қарағанда ауылда рулық жүйе күшті дамыған. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Жергілікті жердегі сайлауда «ауылдасының атын оздырмай, ағайынының тайын оздыртып» жіберетіндер табылып жатса, не істей аламыз?

       Расында, тағайындалатын әкім мен сайланатын әкімнің арасында үлкен айырмашылық бар. Ертең халық сайлаған әкімінен көп нәрсені талап етеді. Сондықтан ауыл әкімі еңбекқор болуы қажет. Халықтың талабын табанды түрде жоғары жаққа өткізе алуы қажет. Бұл – бір. Екіншіден, жоғары билік ескеретін тағы бір күрделі мәселе бар. Солтүстік аудандарда басқа этностың өкілдері көп тұрады. Ал олар қазақты сайлай ма? Тағы бір мысал, 95 пайыз дұнған өкілдері тұратын Масанчи жұрты қазақ пен дұнған сайлауға түссе, кімді таңдайды? Дұнғанды ма, қазақты ма? Әрине, бұл жерде «өзіміздің ұлттың жігіті» дейтін мәселе жағдайды шешіп кетеді. Сондықтан мұндай оқиға орын алмау үшін билік «алдымен қай ауылда сайлау өткізу керек?» деген мәселені таразыға салуы қажет.

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24