Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Батыр ЖАСҰЛАН

15.04.2021, 09:27

2741

Соңғы бір аптадан бері Алматы облысы Кеген ауданы Шырғанақ ауылының тұрғындары бас көтеріп жатыр. Олар тайлы-тұяғымен әкімшілік сайлап әрі тағайындап кеткен жаңа әкімге наразы. Олардың талабы: «Бізге жақсы жұмыс істеп жүрген өз әкіміміз керек». Тұрғындардың айтуына қарағанда, бұл сайлауда «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңының 36-бабы бұзылған.

       «Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы әкім сайлауы жөніндегі №91 жарлығының 36-бабы бойынша ауыл әкімдерін аудан әкімі ұсынады. Ұсынған кандидаттар қоғамдық кеңестің келісімімен бекітіледі. Хаттама толтырылады. Бізде ондай болған жоқ. Әкім ұсынылды. Депутаттар жасырын түрде сайлап жіберді. Ал біз  өз құқығымызды пайдалана алмай қалдық. Ал бұрынғы әкім Оразбай Бекбатыров ауылдың нағыз жанашары, іскер адам еді. Әкімнің атқамінерлері өз адамын сайлап, тағайындап кетті».

       Жалпы, Шырғанақ ауылындағы шудың түп-төркіні осы. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені биыл республика бойынша 800-ге жуық ауыл әкімі сайланады. Жоғарыда Шырғанақ ауылы тұрғындарының дауы бекер емес. Ауылға сырттан келіп сайланатын адамның керегі жоқ. Ауылдың өз адамы қажет. Ал биылғы сайланатын 800 әкімді жоғарыдан ауданнан таңдап, сайлап жіберсе не болмақ? Шудың көкесі сонда болмақ. Жасырып-жасырмайық, ауылда трайбализмнің көрінісі жоқ емес, бар. Айқын көрініп тұрады. Ертең таңдалған тұлғалар сайлау бәсекесіне түскенде ең алдымен ағайын мен руластар арасындағы тартыс бәске түседі. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Бұл мұқият әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуіміз керек. Дегенмен бұл мәселені кейінге шегеруге де болмайды. Менің ойымша, әкімдер сайлауын өткізу керек». Демек, президент айтқандай, биыл 800-ге жуық ауыл әкімін сайлайтын боламыз. Қазір мәжілісте «Сайлау туралы» конституциялық заң мен оған ілеспе заң жобасына түзетулер қарастырылып жатыр.

       – Әкімдерді тікелей сайлауды қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы      жүзеге асады. Алайда бюджет кодексінің жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде жергілікті бюджеттің шығындарын міндетті өтеу туралы нормаларын ескере отырып, таяудағы екі жылда сайлау ОСК арқылы қаржыландырылады. 2023 жылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына енгізіледі және жалпы сипаттағы трансферттерде есептеу кезінде ескеріледі. Бұл – шамамен 17,6 миллиард теңге, оның 4,8 миллиарды биыл 800-ден аса әкімге сайлау өткізуге жұмсалады, – деді ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров. Аз ақша емес.

         Депутаттар қарап жатқан «Сайлау туралы» заң жобасына қазірдің өзінде 67 түзету енгізілген. Алайда мәселе мынада: ауыл әкімдері сайланды дейік, бірақ бұл бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға қосатын елеулі үлес болып табыла ма? Бұл ауыл демократиясы мен таңдау еркі жоғары ауыл тұрғындарының  саяси жеңісі ме? Ол ойланатын дүние. Өйткені алдағы өтетін ауыл әкімдерін сайлау тарихта бірінші рет өтіп отырған жоқ.

       1999 жылы Шамалған ауылында эксперименттік сайлау өткен-ді. Сөйтіп, Назарбаев туған ауылда халық өз кәсіпкерін әкім етіп сайлады.  Содан Шамалғанның шырайы кірді ме?  Әй, қайдам. Ал уақыт өте келе, халық та сол кәсіпкер әкімін ұмытты.

       Сондай-ақ 2001 жылы Қазақстанның 28 ауылында эксперименттік сайлау өткен-ді.  2005 жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында аудан әкімдері эксперимент жағдайында сайланған. Мұның барлығын кезінде мақтап, бүкіл БАҚ «міне, Қазақстандағы билікті орталықсыздандырудың жарқын көрінісі» деп, жапатармағай жарыса жазған. Қане, соның айқын әрі жарқын нәтижелі көрінісі? Ауыл, аудан әкімдерін сайлау туралы жарқын бастама содан кейін мүлде ұмыт қалды. Ашығын айту керек, ауыл әкімдерін сайлау туралы мұндай эксперименттер жалғасын таппады. Өйткені қоржынында соқыр тиын бюджеті жоқ ауыл әкімдері жоғарыға жалтақтап, аудан әкімдерінің айтқанын істеп, бас шұлғып отырды.

         Енді, міне, еш нәтиже бермесе де, 15 жылдан кейін ауыл әкімдерін сайлауға тағы  ұмтылып отырмыз. Егер ауылдың салығы мен қаржысының белгілі бір бөлігі өзінде қалмаса, ертең де сайланған 800 әкім ақша сұрап, жоғарыға алақан жаюмен күні өтеді. Ал мұндай эксперименттік сайлау мен халықтың көзін алдап сайланатын әкім кімге керек? Қайталап айтайық, сайланатын 800-ден аса әкімге 4,8 миллиард теңге жұмсалайын деп отыр. Сұмдық, сұрапыл ақша ғой. Сондықтан «жалпы, сайланған 800 әкім таяу болашақта халықтың жағдайын жақсартып, ауыл ажарын кіргізеді» дегенге сену қиын. Әлде бұл тағы да халықаралық қоғамдастықтың алдында «біз ауыл әкімдерін де сайлаймыз» деген есеп үшін керек пе?

       Күмәнді сауал көп: ауыл әкімдерін сайлау нәтижелі бола ма? Бұл бастама елімізді демократияландыруға және жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қоса ма? Ашығын айту керек, ауыл, аудан әкімдерін сайлау оңай өткізе салатын шаруа емес. Жергілікті жердегі сайлауда «ауылдасының атын оздырмай, рулас ағайынының тайын оздыртып» жіберетіндер табылып жатса, не істей аламыз? Расында, тағайындалатын әкім мен сайланатын әкімнің арасында үлкен айырмашылық бар. Ертең халық сайлаған әкімінен көп нәрсені талап етеді. Ал сол сайланған әкім еш нәрсе істей алмай, аудан әкіміне жалтақтап отырса, халық таңдаған тұлғасы үшін не істей алады? Еш нәрсе істей алмайды. Анығы, бұл тағы да  эксперименттік сайлау болып шығады. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Бұл мұқият әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуіміз керек».

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:47
Қазақстандық Сәуле Омарова АҚШ-тағы жоғары лауазымнан бас тартты
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 07.12.2021, 18:20
Спортшының тамағынан ақша жымқыру
Әділ АҚЫЛБАЙ 07.12.2021, 15:46
Назарбаев дұрыс істеді!
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 13:15
Тоқаев үкіметке жаңа кадрлар даярлау жөнінде тапсырма берді
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 11:35
Алматыда жылу жүйесі жарылып, Рысқұлов даңғылын қалың бу басып қалды
Еңлік АБАҒАН 07.12.2021, 09:16
Ырымшыл Бозымбаев һәм Баталовтан қалған аутсайдер облыс

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00