Ауыл әкімін сайлау: Формасы – демократиялық, мазмұны – авторитарлық

Қайрат БОЛАТҰЛЫ

22.07.2021, 08:54

3188

Осы аптада елімізде ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек. Халықпен күнделікті етене жұмыс істейтін жергілікті билік үшін жауапты саяси науқан жайындағы сұрақтарымызды белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім мырзаға жолдаған едік.    

– Дос аға, бұл сайлау кімге және не үшін керек?

– Әкімдерді сайлау мәселесін алғаш рет ДВК, яғни Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы (ҚДТ) көтерді. Олардың бұл мақсаты биліктің «демократия көрінісі» деген ойынымен тамаша үйлесе кетті де, екі-үш жылдан кейін аудан әкімдерін сайлауға, нақтырақ айтсақ аудан әкімдерін мәслихат депутаттары арқылы тағайындауға кірістік. Мойындауымыз керек, бұл ойыннан не демократияның, не халықтың таңдауын білдіретін әділетті сайлаудың иісі де шықпады. Қазақ еліндегі вертикалды басқару тәсілі мен төменнен – халықтың өзінің өз басшыларын сайлап алуы ешқашан үйлеспейтін, бір-біріне жат құрылым екені анық болатын. Сондықтан «аудан әкімдерін сайлап қою» – кентавр сияқты, формасы – демократиялық (әйтеуір, «сайлау» деген тамаша сөз бар ғой), мазмұны – авторитарлық болып шықты. Осындай шала туған буданның кімге керегі бар дейсіз ғой. Меніңше, халыққа керегі жоқ. Демек, бұл ойын тек билікке қажет болды. Конституциямызға «демократиялық мемлекетпіз» деп жазғаннан кейін, көзі ашық азаматтар демократия институттарын талап ете бергеннен кейін, халықаралық қауымдастық та билікке азаматтық қоғамға қатысты ұсыныстарын тықпалай бергеннен кейін, сол бағытта бірдеме істеген сияқты болдық. Қысқасы, аудан әкімдерін сайлау арқылы (әкімдерге жаутаңдай қарайтын он үш мәслихат депутатының «таңдауы» арқылы ) халық билігінің жүзеге асқанын көрсетеміз деген жасанды ұран үнсіз-түнсіз марқұм болды.

       Бірақ біздің қоғамда аты бар да, заты жоқ демократияны «одан әрі дамытудан» шаршамайтын билік тәуелсіздіктің отызыншы жылында (!) «ауыл әкімдерін сол ауылдың тұрғындары тікелей сайлауы керек» деп, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Бірақ саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоюды да ұмытпады. Бейшара билік «кімді сайлау керек», «кімдерді тіркеуге болады», «оларға қандай талаптар қойылуы керек», «сайланған әкімді кімдер алып тастай алады» деген сияқты ақылға сыймайтын шектеулер арқылы шын мәніндегі сайлауды ит талағандай қылыпты. Бұл жерде биліктің қарапайым қорқынышынан басқа ештеңені көріп тұрған жоқпын. Бірінші қорқыныш – үш жүз үйлік ауыл өздерінің басшыларын өздері сайлап алса, не болар екен деген ой да, екіншісі – сол, халық сайлаған әкім, ертең біздің айтқанымызға көне ме, әлде «мені халық сайлаған, солардың алдында ғана жауаптымын» деп, айдаған жаққа жүрмей қоя ма екен деген үрей. Билік үшін ең басты қауіп – сайлау урнасынан айырылып қалу, сондықтан халық сайлаған ауыл әкімі  биліктің айтқанынан шыға алмайтындай болуы керек. Демек, сайлау, сөз жоқ, халыққа керек, бірақ оның нәтижесін билік көруі керек. Бұл – біздің жүйенің отыз жыл бойы жасап, қолдары әбден машықтанған фокустарының бірі.          

– Бұл сайлау демократияға жетелейтін жол ма, жоқ әлде халықты алдарқату ма?

– Егер  осы сайлау ережесінде «жоғары білімі болу керек», «бұрын кемі екі жыл мемлекеттік қызмет атқаруы шарт» т.т. деген сияқты билікке қажетті талаптар болмаса, демократияға жетелейтін жол деуге болады. Қой бағып жүрген қара бала ертең Аяз би сияқты әкім болса (қарапайым электрик Лех Валенса де марксизм-ленинизм университетін бітірмей-ақ, Польша мемлекетінің президенті болды ғой, сонда бізің қазақтың азаматы алақандай ауылды басқара алмай ма дегенім ғой), оның жұмысына сол қара баланы сайлаған тұрғындар ғана баға берсе, ұнамаса орнынан алып тастап, басқа біреуді қоя алатын болса, сөз жоқ, демократияға жетелейтін жолдардың бірі болар еді.  Бірақ билік бұған жібермеді. «А»-ны айтты да, «Б»-ны айтпады (айтпақшы,  «алдарқату» деген сөз де «А»-дан басталады).

       Осы жерде «мемлекет тұтқасын ұстап отырғандар билікті халыққа бергісі келеді, бірақ бар білетіндері – осы ауыл әкімдерін сайлау ғана»  деген екінші көзқарас бар. Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ 1995 жылы қабылданған, қазірге дейін қолданыстағы Конституцияның жергілікті өзін-өзі басқару туралы 89-бабын өзгертуге қарағанда, «биліктің қайнар көзі» болып табылатын халықтың қолына ештеңе тимейтін сияқты.  

– Сайлауда ауылдастың тайы оза ма, жоқ әлде ағайынның аты оза ма?

– Мойындауымыз керек, президенттік, парламенттік сайлауда «ауылдастық» та, «ағайындық» та жұмыс істемейді. Бірақ облыстық, аудандық мәслихаттарға депутат сайлағанда трайбализм мәселесі аз да болса көрініс береді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары рулық «бірлік», «бір атаның баласымыз» деген сөздерді жиі естідік. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау кезінде де Қазақ елінің кейбір аймақтарында қандық жақындықтың бой көрсететіні анық.  Бірақ бұл мәселені де жоғары жақтан реттеп отыратын биліктің бар екенін ұмытпалық. Көзі ашық халық «кім болса да, халықтың мұң-мұқтажын түсінетін, білетін адам әкім болсын» деп отыр. Демек, алыстағы ағайынның атынан ауылдастың тайы жақынырақ. Өз басым ғасырлар бойы қалыптасқан трайбалистік бағытты аса бір үлкен кемшілік жергілікті тұрғындарды екіге не үшке бөлетін қара дүлей күш деп ойламаймын. Әңгіме өзінің аталасын ұсынған, өткізген ақсақалдардың өздері әкімдікке отырғызған адамға «біздің руымызға жаман ат әкеліп, барлығымызды масқара қылмай, ертең орныңнан кет» деп айтуға ақылдарның жетуі, руласының, аталасының жұмысын бақылауда ұстай алуы болар.  

– Бұл сайлау аудан, облыс басшыларын сайлауға ұласа ма?

– Тағы да қайталаймын, егер сайлау жүйесі дұрысталмаса, сайлау туралы заңға қажетті (қандай өзгерістер қажет екенін жергілікті азаматтық қоғам өкілдері де, халықаралық қауымдастық та талай көрсеткен, айтқан) өзгерістер мен толықтырулар енгізілмесе, сайлаудың әділ, ерікті, демократиялық деңгейде өтуі қамтамасыз етілмесе – сайлау процесі ештеңе бермейді. Әрине, жанама сайлаудан гөрі тікелей сайлаудың болғаны дұрыс, бұған ешкімнің таласы жоқ, бірақ бүгінгі сайлау жүйесін алсақ, нәтижесінде, ешқандай айырмашылық көрмейміз. Мүмкін, реніш пен ашу-ыза, билікке деген сенімсіздік ғана көбірек болар. Ертең Алматы не Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің тікелей сайлауға түсуі әбден мүмкін, бірақ үміткерді тіркеу шартында «оның аты-жөні Бақытжан Сағынтаев не Бауыржан Байбек болуы керек» деген (бұл, әрине, гипербола, бірақ қазіргі үміткерлерге қойылатын шарттар осымен сабақтас) сөздерді кездестірсек, таңғалмаймыз. Екіншіден, сайлауды өткізетін комиссия мүшелеріне деген сенім де жоғала бастады. Ауылдық жерде олардың жұмыстарын бақылайтын тәуелсіз, бейтарап бақылаушылар болады деп те айта алмаймыз.

Тегтер: сайлау заң саясат билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17.09.2021, 16:00
"Бізге үлкен ойындар қажет емес". Тоқаев ШЫҰ саммитінде не айтты?
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 17.09.2021, 14:00
Цой қайда қарап отыр?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 16.09.2021, 15:00
Байахметов баспанасы жоқ әкімді енді байқады
Батыр ЖАСҰЛАН 16.09.2021, 07:54
Мусин Тәуелсіздігімізді Ресейге сыйлады ма?
Сайт әкімшілігі 15.09.2021, 14:25
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер тіркелуге міндеттелуі мүмкін
Шәріп ИШМҰХАМЕДОВ 14.09.2021, 07:50
Ресейдегі «күзгі асқыну» немесе оның «мәңгілік достарына» деген қамқорлығы

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39