Ауыл әкімін сайлау: «Партияларды араластырудың қажеті жоқ еді»

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

21.07.2021, 08:40

1018

  Осы аптада өтетін ауыл әкімдерін сайлау туралы әңгіме қозғалғанда  «ең алғаш рет», «тұңғыш рет» деген сөздер жиі айтылады. Рас, елімізде әкімдерді тікелей халық таңдайтын сайлау алғаш рет өткізіліп жатыр. Бірақ бізде ауыл әкімдерін сайлау бұған дейін де болған. 

 2001 жылы республиканың барлық өңірлерінде ауыл әкімдері тәжірибе ретінде сайланған-ды. Бірақ ол тәжірибе күйінде қалды, қолданысқа енгізілген жоқ. Неге? Біз сол 2001 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған екі ауыл әкімінің бірі, қазіргі уақытта зейнеткер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Жетісай ауданының құрметті азаматы Пердеш Есенбековпен осы тақырып төңірегінде тілдескен едік.  

  – Пердеш Есенбекұлы, Қазақстанда осыдан жиырма жыл бұрын ауыл әкімдерінің сайлауы өткенін бүгінде көпшілік ұмытып та қалған болуы мүмкін. Жалпы, сол саяси науқанның ел өмірінде қаншалықты маңызы болды? Ол демократиялық талаптарға сай өтті ме?

  • Сайлау 2001 жылдың 20 қазанына белгіленген-ді. Еліміздегі 14 облыстың әрқайсысынан тәжірибе ретінде  екі ауыл әкімі, барлығы 28 әкім сайланды. Сайлау америкалық модель бойынша өтті. Әр округ аумағындағы елді мекендердегі  150-200 сайлаушы жиналыс жасап, өзара ұйғарыммен бір өкілді, яғни таңдаушыны жіберді. Бір округтегі өкіл-таңдаушылардың саны 10-20 болып қалыптасты. Кейінірек осы таңдаушылар жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімін сайлады.

       Мен 1994 жылдан бастап Мақтаарал ауданы Үлгілі (қазіргі Ә.Қалыбекова) ауыл округінің әкімі қызметін атқарып келген болатынмын. Сайлауда бес үміткер тіркеліп, бақ сынадық. 20 таңдаушының басым көпшілігі маған дауыс беріп, жеңіске жеттім. Сол кездегі белгіленген тәртіп бойынша екі жылға әкім болып сайландым.  Бұл мерзім біткен соң, мені аудан әкімі қайтадан тағайындады, ауыл әкімі лауазымын 2007 жылға дейін үздіксіз атқардым. Осы жылдары президент жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болып тағайындалдым. Екінің бірі кіре бермейтін Ақордадағы президент басқаратын алқалы жиындарда мемлекеттік деңгейдегі  Жер кодексі мен «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануына қатыстым. Бұл менің еңбек жолымдағы жұлдызды жылдарым болды.

        – Сіздің ойыңызша,  сайланған әкім мен тағайындалған әкімнің арасында не айырмашылық болады? Осыдан жиырма жыл бұрынғы ауыл әкімдері мен қазіргілердің өкілеттігінде, қызметінде бір өзгеріс бар ма?

  – Біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі күрделі жылдарда қызмет еттік. Ауыл әкімі ол кезде қара жаяу, қолында қаражаты жоқ, тіпті қиын болатын. Жерден, мүліктен  қармап қалған атқамінерлер ауыл әкімімен қайдан санассын?!  Бірақ соған қарамастан, елдің  ауызбірлігін,  ынтымағын ойлап, ескі мен жаңаны үйлестіруге тырыстық. Халықты бір-біріне қарасуға шақырдық. Асарлатып тұрғын үй, мектеп салуға атсалыстық. Ол кезде әр жылға айдар тағылатын. «Денсаулық», «Мәдениетті қолдау», «Ауыл» жылдарында көптеген іс шаралар өткіздік. Демеушілер іздеп, ауыл, аудан араладық. Ал қазіргі ауыл әкімдерінің қолында азды-көпті бюджеті бар. Біраз мәселелерді біреуге қол жаймай, өзі шеше алады. 

Қанша дегенмен де сайланған әкімнің жөні бөлек. Ол қызмет барысында  аз да болса, еркіндеу болады. Халыққа арқа сүйейді, халыққа қызмет етеді. Ұзақ жылдар бойы ауылдың әкімі болатын адамды аудан әкімдері тағайындап келді. Көптеген аудан басшылары ауылдарға айтқанынан шықпайтын, «өз адамдарын» алып келді. Ондайлардың  жарытпағанын несіне жасырамыз.    

        2013 жылдан бері де ауыл әкімдері аудан әкімінің ұсынуымен аудандық маслихат депутаттарының жасырын дауыс беруімен сайланып келеді. Бұл да оң нәтиже бере қоймады. Себебі аудандық мәслихат депутаттары аудан басшысының қас-қабағына қарайды немесе танымаса да, дауысты бере салады.

– Жиырма жыл бұрын қолға алынған ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі неге қолданысқа енгізілмей қалды?

  – Бұл сайлау тәжірибе ретінде өткенімен, көп нәрсені көрсетті. Ең бастысы, бұл мәселенің әлі пісіп-жетілмегені, халықтың бұған дайын еместігі байқалды деп ойлаймын. Оның үстіне америкалық әдіс-тәсіл  халықтың менталитетіне сай келмеді. «10-20 таңдаушыны сатып алуға болады» деген сөздер айтылды. Науқан кезінде рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстық белең алып тұрды. Сондықтан әкім сайлауы кейінге қалдырылды. 

     – Бұл жолы әкім сайлау мәселесі толығымен пісіп-жетілді деп айтуға бола ма?

   – Бұл жолғы сайлауда әкімді тікелей халық сайлайды. Ең маңыздысы –  осы. Елге, жерге, ауылға қызмет етемін деген  нағыз жанашыр патриоттарды таңдауға жол ашылып отыр. Оның үстіне сайланған әкім жоғарыға жалтақтамай, төрт жыл еркін қызмет ете алады. Бұл мерзім аз да емес, көп те емес. Сайлауға ауыл тұрғындары «кезекті науқан» деп емес,  қоғамымыздағы тағдыршешті оқиға деп қарауы керек. Үміткерге дауыс берерде әр тұрғын көңілжықпастыққа, рушылдыққа салынбай, ауылға қызмет ететін азаматты таңдауы керек.  Ауылдағы ел ағалары, ауыл, көше билері, көзі ашық азаматтар елдің бірлігін ойлап, құда-жекжатқа емес,  қолынан нағыз іс келетін азаматқа дауыс беруге тоқтағаны жөн. Жастарға дұрыс тәрбие көрсете білейік. Ауыл әкімі сауатты, іскер, ұйымдастырғыш, істің көзін білетін, әр тұрғынмен тіл табыса алатын,  ниеті таза азамат болса ғана іс жүреді. Басшыға емес, халыққа қызмет ететін азаматқа үміт арту керек.

P.S. Десек те, Пердеш Есенбеков «осы жолғы сайлауға партияларды араластырудың қажеті жоқ еді» дейді.

– Кімнің мықты екенін халық өзі таңдауы керек. Кандидат жеңіске партияның ықпалымен емес, өз беделімен жетуі тиіс, – дейді ол.

Тегтер: сайлау заң саясат билік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 09:03
Қылмыстық істердің 68 пайызы электронды форматта қаралды
Сайт әкімшілігі 08:54
«Құрметті олигархтар» қазақ спортын құртыпты
Еркежан АРЫН 03.08.2021, 16:50
Қазақстан – Еуроодақ: сот саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейі
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:42
Азаматхан Әміртай: ҚазҰУ-дағы дау: студенттер жатақханасыз қалмақ па?
ІІМ ӨҚД бастығы А.Саданов 03.08.2021, 09:14
Түрмеден хат: Тұрғынбаевтың жауабы қысқа болды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:32
Түркиядағы өрт: террористік ұйым жауапкершілікті өз мойнына алды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58