Байахметов баспанасы жоқ әкімді енді байқады

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

16.09.2021, 15:00

1756

    Семей қаласының «свежий» әкімі саналатын (себебі жарты жыл толмай жатып екі рет әкім ауыстырған қала) Бақытжан Байахметов жақында келгелі бірінші рет (туғалы десе де болады) қалаға қарасты Абыралы өңірінің ауылдарын аралады. Мақсаты – атқарушы билік атынан шалғайдағы ауылдардың жағдайымен танысу, қолынан келгенінше көмектесіп, мәселелері болса, шешетінін айту.

     Бақытжан әкімнің алғашқы сапары 370 шақырым жердегі Алғабас ауылдық округінен басталды. Ауылды бұған дейін басқарған Шегебай Несіпбаев уақыты жетіп, зейнеткерліккке шыққандықтан, бұл ауылдың тұрғындары мектеп директоры болып үш жыл қызмет атқарған Төлеген Құсайыновты басшылыққа бірауыздан сайлаған екен. Ол Алғабастың бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырумен қатар алдағы шаруаларына кедергі болып тұрған түйткілдері барын да жасырған жоқ. Соның нақтысы – ауылдағы мектеппен жапсарлас салынған ғимараттың әлі күнге дейін қаңырап тұрғандығы. Ауыл тұрғындары оны мүмкіндік болса, алғабастық жастардың уақытын тиімді өтуіне себі тиетін мәдениет ошағына айналдырсақ деген тілегін айтты.

Әкім одан кейін ел ішінде «Доғалаң» аталатын ауылдың ақсақалдарымен кездескенде, атқарушы биліктен шешімін талап ететін көптеген жайларды естіді. Қаладан қашықта жатқан, бір кездері Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының құрамында болған ауылдың айтар назы, жеткізер мәселесі де баршылық. Соның ішінде ауылда электр жарығының жиі өшетіндігі, учаскелік инспектордың жоқтығынан мал ұрлығының көбейгендігі. Дәрігерлік пункттің де жағдайы жетісіп тұрғаны шамалы екені, ветеринарлық емдеу шарасына таңдалған нысанның біреудің үйімен жапсарлас екендігі көрер көзге ерсі болып шыққандығы шындық. Мұндай жерде ешқандай да ветеринарлық талапқа жауап бере алмайтындығы ашық айтылды.

   Ауылдың жалпы жағдайымен асықпай аралай жүріп танысқан қала әкіміне ауыл ақсақалдарының бірі Н.Мәжитов өзгеше жайды айтып қалды. Ол «ауыл әкімінің әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүргені».

   Өзі басқарып отырған қалаға қарайтын ауылдардағы жағдаймен алғаш рет танысқан Байахметов өзімен бірге ерте келген бөлім басшыларына тұрғындардың көзінше тапсырма беріп, «шенеуніктер көшін» ары қарай жалғастырды.

ҚАРАӨЛЕҢНІҢ ДАРАЛЫҒЫ БІР БӨЛЕК

    1998 жылға дейін Абыралы ауданының орталығы (1990 жылы қайта құрылған кезден бастап) саналған Қайнар ауылының (Қараөлең ауылдық округі) сыртқы және ішкі көшелерінің көрінісі көңіл құлазытқанымен, мұнда келешекке үміт сыйлайтын жаңалықтар да аз емес. Өткен жылы облыс әкімі Д. Ахметовтің тапсырмасымен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы жоспарланғаны белгілі. Соның қатарында Қараөлең ауылдық округі де бар. Тиісті жауапкершілік сатылардан өтіп ауыл әкімі қызметін қолына алғанына бірер жыл өткен Дәулет Әсембаевтың атамекенін өркендету жолындағы жоспары да осы мақсатпен үйлеседі.

   Б. Байахметов сапар барысында жергілікті мекемелердің жұмыс барысын қаладан ілесе келген білім, мәдениет саласының басшыларының таныстыруымен түсінгендей болды. Дегенмен, тап осы сәтте ауыл әкімінің өзіне мүмкіндік берілмегені қынжылтқаны шындық. «Жаман үйді қонағы билейдінің» кері де айқын көрініп, Мәдениет үйінің жөнделу барысы кешіккені және жергілікті аурухананың жылуға дайын еместігі қала басшысының көңілінен шыққан жоқ. 

    Бұған дейін осы сала бойынша тәжірибесі бар маман екендігін танытқан Б. Байахметов Абыралы өңірілік ауруханасының бас дәрігері Ә. Шақантаевты қырына алып біраз шүйлікті. Шындығында дәл осы медициналық мекемені жылумен қамтуға қаражат бөлу тек оның қолына қарап тұрмағаны анық еді. Өйткені, тиесілі қаражатқа қатысты жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, жоспардың орындалуы алдағы жылдың облыстық бюджетіне тиесілі болатын.

   Жалпы, Қараөлең ауылдық округінің бүгінгі ахуалына қарамастан, оның ертеңін гүлдендіруге ат салысып жатқан азаматтар баршылық. Ауыл әкімі Дәулет Серікқалиұлының айтуынша, туған жерінің болашағына өз үлесін қосуды қалған жандардың алғашқы легі де көрінген жайы бар.

— Белгілі меценат-кәсіпкер, «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті Марат Құрманбай арзан бағада Қайнар ауылының халқына қажетті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету үшін керекті техникаларын бөліп, қол ұшын созып жатқанына разымыз. «Мұқанбек» шаруа қожалығының бұл тұрғыдағы жұмыстары баршылық. Қолжетімді бағада рулон шөп жеткізіп берудің өзі мал ұстайтын жандарға үлкен көмек екені белгілі. Жеке кәсіпкер Сыздықов Сұңғат ұсақ мүйізді малға бордақылау алаңын ашып, жұрт көңілінен шығып отыр. Өтей ұрпағы Зәуре апамыз 7,5 млн теңгеге балалар ойын алаңын жасап, қайнарлықтарды қуанышқа кенелтті. Сол сияқты «Батыр боламын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауылымыздың тумасы, жерлесіміз Қабылқақ Қабиденұлы 4 млн теңге мөлшерінде спорттық инвертарлар әкеліп табыстады. Осындай іргелі істер қолға алынып, келешеккке қажетті қадамдар жасалып жатыр,-дейді Д. Әсембаев.

   Бір кездері қазаққа Рымбек Байсейтіов, Шырақбек Қабылбаев сияқты министрлерді, Ахмеди Ысқақов, Жабағы Тәкібаев, Әміре қашаубайұлы, Ораз Әбішев, Сапарғали Бегалин, Рымғали Нұрғали сияқты әдебиет пен мәдениет тарландарын сыйлаған топырақтың әлі де талай да талай таланттарын түлете береріне шүбә жоқ. Белгілі тұлғаларрадың есімдері бұл күнде жаңғырып, жас ұрпақтың болашағына жөн сілтеп қайнар мәдениет үйінің алдында жарқырап көзге түсіп тұр. Санаулы күндерден кейін бұл тұлғалардың қатарына ән мен жыры туған жерінің төсін тербеткен, атақты «Абыралым-Қанарым» әнінің авторы ақын-сазгер Сейітқали Қалыбекұлының бейнесі де көз тартып тұратын болады. Оның алғашқы игілікті ісіне «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының басшысы Марат Серікжанұлы мен басқа да ел ішіндегі айтулы азаматтар үлес қосып отырғандығын атап өткен артық болмас. 

Учаскелік инспектор қажет-ақ...

Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметовтің бұдан кейінгі сапары Абыралы ауылдық округінде жалғасты. Іргетасы қаланғанына 45 жылдың жүзі болған бұл ауылдан да көзге олқы көрінген көріністер аз емес. Халықтың көшуі әсерінен қажетті салаларға мамандар әкелу жергілікті әкімнің жүйкесіне салмақ түсіріп отырған жайы бар. Ауыл әкімі Ұлан Мырзағалиұлының айтуынша, бұл мәселе алаңдатарлық жағдайға жеткен.

-Жақында бір азамат мас күйде туған анасына балта ала жүгіріп, арашаға амалсыз өзім бардым. Себебі, бізде учаскелік инспектор жоқ,-деген ауыл әкімі тұрғын санының аздығына қарамастан бұл мәселеге сергек қарау қажеттігін жасырған жоқ. Белгілі болғанындай, әр ауылға учаскелік инспектор қою үшін тұрғын саны 3000 шамасында болуы керек. Алайда, семейді бетке алып, болашағын қаладан іздегендер артқандықтан, оны түбегейлі шешу оңай еместігі анық.

Бір қуантарлығы ауыл ішінде қазір мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, ауыз су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қала әкімі Бақытжан Байахметовтің жұмыстып орындалу барысына қанағаттанған шырай білдірді.

   Бұдан кейінгі сапары Ақбұлақ және Айнабұлақ ауылдарында жалғасқан қала басшысы Семейден 400 шақырымға жуық қашықтықта жатқан ауылдардың түйткілді проблемаларымен жете танысқандығын БАҚ өкілдеріне айта келіп, аталған ауылдардың тұрғындары тарапынан айтылған мәселелердің біртіндеп шешілуі үшін қажетті жоспар құрып, нақты қадамдар жасайтындығынан хабардар етті. Соқпағы да, тоқпағы да аз емес жолда «бүйрегі түсіп қала жаздағанын» жасырмаған Байахметовтің Абыралыға қаншалықты бүйрегі бұратындығын алдағы уақыт көрсетеді.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.10.2021, 09:08
Халық санағы: «қолбала» мұғалімдерге жұмыс табылды
Олжас ҚЫЛЫШ 21.10.2021, 10:20
«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 21.10.2021, 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Алмас НҮСІП 21.10.2021, 08:56
Нығматулин Тоғжановқа тағы тиісті
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.10.2021, 16:20
6 млрд доллар қайда?
Мариям МАҚСАТ 20.10.2021, 11:10
Арзан картоп арман болып қалар ма екен?

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31