Байлығың кімде байтақ ел?!

Батыр ЖАСҰЛАН

08.04.2021, 08:45

921

       Қазақ қазіргі таңда еліміздегі байлардың есімін білуі тиіс. Әрине, бұл дәулеттілердің барлығы да Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дегеніне жетті. Байыды. Аты елімізге ғана емес, жаһанға мәшһүр болды. Қазақстанның бар дәулетін иемденіп, бауырына басқан, табысқа жеткен олар кімдер?

       Американың  Forbes журналы осыдан бірер күн бұрын ғана төрткіл дүние байларының тізімін жариялады. Қарасаң, аттарынан ат үркетін дәулеттілер. Олар байлыққа қалай жетті, енді ол өз алдына әңгіме. Бірақ қазір, нақты айтқанда, солардың дегені болып тұр. Тіпті, олар әлемдік қаржы нарығына, саясатқа ықпал ете алады. Сөзі өтеді. Дегені жүріп тұр. Өйткені ақша кімнің қолында болса, соның аузы дуалы. Қазақстанда да солай. Қазақ «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін», деп бекер айтпаған. Сонымен, әлемдегі 1500 байдың тізіміне енген қазақстандықтар кімдер? Олар – Kaspi.kz банкінің негізін салушылар Владимир Ким және Михаил Ломтадзе, сондай-ақ Тимур Турлов, Болат Өтемұратов, Тимур және Динара Құлыбаевтар. Міне, осы бес адам Қазақстандағы ең ірі байлар.

       Әлемдік байлардың тізімінде аты-жөні622-орында тұрған Владимир Кимнің бүгінгі байлығы 4,6 миллиард доллар шамасында. Пандемия кезінде кейбір дәулеттілердің бизнесі кері кетіп жатса, Кимнің табысы қайта еселене түскен. Өткен жылы оның қаржылық табысы 3,7 миллиард доллар болған. Бір жылдың ішінде 900 миллион долларға артып, 4,6 миллиард долларға жетті. Қазақстандағы «Қазақмыс» корпорациясының 70 пайызын иеленіп отырған Владимир Кимнің байлығының шарықтайтындай жөні бар. «Қазақмыс» корпорациясына алты кен байыту комбинаты, екі ТЭЦ, бір ГРЭС, екі мыс байыту зауыты мен  бір болат өндіру  зауыты кіреді. «Басқа да салада табысы өрлеп, дегені жүріп тұрған Ким қазақстандықтарға қарайласып тұра ма?» деген сауалдың болуы да заңды. Пандемия кезінде BizBirgemiz қоғамдық қорына Ким тобы 2,2 миллиард теңге аударғанын айта кетейік.

       Ал байлығы жөнінен әлемнің дәулетті 1500 адамының ішінде 891-орында тұрған Болат Өтемұратовтың қаржылық қуаты бүгінгі таңда 3,4 миллиард долларға жетіп отыр. Оның капиталы пандемияға қарамастан, 700 миллион долларға артты. Айта кетейік, өткен жылы оның байлығы 2,7 миллиард доллар шамасында болған. Айта кету керек, Болат Өтемұратов «ForteBank» акционерлік қоғамының 87,27 пайызына ие. Сондай-ақ Қазақстандағы бірқатар ұялы байланыс жүйесі де осы Өтемұратовтың иелегінде. Болат Өтемұратовтың «Верный капитал» тобы, сонымен қатар, RG Gold алтын өндіру кәсіпорнының 65 пайызына ие. Сондай ақ оның Нұр-Сұлтан, Вена, Мәскеу мен Бурабайда атақты  Rixos қонақүйлері бар. Бәрін  жіпке тізу міндетті емес, Өтемұратовтың басқа да салада бизнесі жүріп тұр. 2020 жылдың наурыз айында Өтемұратовтың «Верный капитал» тобы пандемия кезінде BizBirgemiz қоғамдық қорына 1 миллион доллар аударды.

      Forbes журналының тізімінде 956-орында тұрған Kaspi.kz банкінің қожайыны Михаил Ломтадзенің байлығы қазіргі уақытта 2,3 миллиард долларға бағаланады. Михаил Ломтадзе – Грузия азаматы. Алайда бүкіл бизнесі, табысы Қазақстанда болғандықтан, ол әлемдік нарықта қазақстандық болып есептеледі.

      Forbes журналының тізімінде 1111-орында тұрған Тимур және Динара Құлыбаевтардың байлығы шамамен 2,8 миллиард доллар шамасында болып отыр. Алайда айта кететін бір жайт, соңғы бір жылда олардың табысы өспеген. Соған қарағанда, пандемия олардың бизнесіне  өзгелер сияқты «пайдасын» тигізбеген сияқты. Динара және Тимур Құлыбаевтарға Қазақстанда Халық банкі тиесілі екенін екінің бірі біледі. Тимур Құлыбаев – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы.  Оның иелігіне сондай-ақ Altyn Bank қаржы банкі кіреді. Динара және Тимур Құлыбаевтардың АЛМЭКС қаржылық тобының Қырғызстан, Грузия, Тәжікстан, Өзбекстанда құрылымдық бөлімшелері бар. Сондай-ақ олар  «Қамқор Менеджмент», «Қамқор Локомотив» ЖШС, «Теміржолэнерго», Jibek joly Cargo, SilkwayTransit және басқа да көптеген компанияларға иелік етіп отыр. Пандемия кезінде төтенше жағдайды ескере отырып, Құлыбаевтардың қаржылық тобы 5,5 миллиард теңге бөлді.  Оның 4,5 миллиард теңгесі  BizBirgemiz қорына аударылғанын айта кетейік.

       Forbes журналының тізімінде рейтинг бойынша 1517-орында тұрған Қазақстандағы бесінші байдың аты-жөні – Тимур Турлов. Бұл дәулеттілердің тізіміне алғаш енген есім. Оның байлығы 2,2 миллиард доллар шамасында. Айта кету керек, жоғарыда аттары аталған байлардың есімі  қазақстандықтарға өте жақсы таныс. Ал жаңадан пайда болған  Тимур Турлов кім? Ұлты – орыс. Оның жасы бар-жоғы 33-те. Ендеше, отызында орда бұзған  жігіт тумысынан қазақстандық па? Нақты айтқанда, осыдан 7-8 жыл бұрын Ресейден көшіп келген. Бизнесін сол жақта жүріп бастаған. Ресей қаржы нарығында бәсекелестік қатты дамығандықтан, кәсібін Қазақстанда жасауды қолайлы көрген азамат. Мәскеуде туған. Ата-бабалары ертеректе қазақ жерінде тұрған. 2012 жылы брокерлік компания құрып, оны Freedom Finance деп атаған. Бірнеше жыл өткен соң, Қазақстандағы ең ірі брокерлік «Асыл инвест» компаниясын сатып алады. Америка нарығында құнды қағаздар сатумен айналысады. Қазір оның иелігіндегі Freedom Finance –  Қазақстан қор биржасындағы  ең ірі компания. Соңғы төрт жылда АҚШ Ресей компанияларына санкция салып жатқанда, Турлов бұл «қара тізімге» ілінген жоқ. Ол ресейлік болғанымен, оның Freedom Holding Corp компаниясының бас офисі Невада штатында. Бизнесінің 40 пайыздық табысын Қазақстан қор биржасы арқылы тауып отыр.

       Бұл – Forbes журналы жариялаған бес қазақстандық байдың дәулеті мен табысы. Айта кету керек, бұл жерде біз бес миллиардердің негізгі бизнесін ғана атап көрсеттік. Ал аты  аталмай қалған кәсібі қаншама? Байлардың көбейгені дұрыс қой. Ұлттың байлығы арқылы олардың дәулеті тасыды. Сондықтан өзбек миллиардері Әлішер Усманов сияқты біздің байлар да өз еліне инвестиция салуы керек. Ауылға  инвестор болып, ел игілігіне қызмет етуі қажет. Сонда ғана қарапайым халық өз миллиардерін бағалайды, көкке көтереді. Онсыз да қазақтың пайдалы қазбаларының басында қытайдың, ағылшын мен орыстың және түрік пен  кәрістің инвесторлары отыр. Ұлттық буржуазия ғана ұлтты ойлайды. «Ұлтқа қызмет етсе», деген тілек қой біздікі. Forbes журналының тізіміне кірген бес қазақстандықтың есімін көргенде, ойға келген орамды пікір осы еді.

Тегтер: байлық тізім қазақстандық есім пікір пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 12:02
«Nur Otan» партиясы Жас депутаттар корпусын құрды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:45
Шпекбаев қызметінен кетіп, сыбайлас жемқорлыққа жаңа басшы келді
Дос КӨШІМ 16.04.2021, 09:40
Табанының бүрі жоқ Қазақстан парламенті
Сайт әкімшілігі 15.04.2021, 15:43
Жемқорлар да тірі жан
Елеусіз МҰРАТ 15.04.2021, 10:35
Қазыларымыз неге жиі қателеседі?
Батыр ЖАСҰЛАН 15.04.2021, 09:27
Ауыл әкімі: Көз алдау сайлау кімге керек?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24