Бәсекелестік жоқ «қызық» сайлау

Дос КӨШІМ

07.01.2021, 11:11

2101

       Ұмытпасам, 2000 жылдары халықаралық қорлардан грант алып, «31-канал» арнасында сайлауға байланысты арнайы хабар аштым. Басты мақсатым сайлауға түсетін үміткерлер мен саяси партиялар арасында нақты пікір қайшылығына негізделген дебаттар жүргізу болатын. Хабарымның кезекті бір түсірілімінде сөз арасында сол уақыттағы «Руханият» партиясы төрағасының орынбасарына әзіл-шыны аралас (мүмкін, мысқыл басым болар): «Сіздер осы партияны «Отанға» қарсы құрдыңдар ғой. Егер «Отанның» бағытын қолдасаңдар, партия құрудың не қажеті бар? Демек, сіздер, бүгінгі президенттің бағытын жоққа шығаратын, сол кісі басқаратын партияны ығыстырып шығарып, солардың орнына өздерің бару үшін сайлауға түсіп отырсыңдар ғой», – деп едім, бейшара келіншек шошып кетіп, «Жоқ, жоқ! Біз әрқашан президентті қолдаймыз!» деп айқайлап жіберді.

       Қазақта «Ат баспаймын деген жерін үш рет басады» деген мәтел бар. Мен де «Қызық емес сайлау» деген мақала жазып, енді қайтып осы сайлауға көңіл бөліп, басымды бұрмаймын дегенмен, үшінші рет қолыма қалам алып отырмын. Бүгінгі сөз болатын мәселе – сайлау науқанының басты белгісінің, көрсеткішінің бірі – бәсеке мәселесі.

      Осы сайлауда бәрі бар сияқты: бірнеше саяси партия бар, олардың жаман-жақсы бағдарламалары бар, мәжіліс пен мәслихаттарға баруға ниет білдірген үміткерлердің тізімі де жарияланды, кездесулер мен дебаттар да жүріп жатыр. Бірақ кез келген дебаттың ажырамас белгісі – өзіңнің бәсекелесіңді тұқырту, оның бағдарламасына, мақсат-мүддесіне сын айту, шамаң келсе  жоққа шығару сияқты іс-әрекеттер мүлдем көрінбейді. Әрбір партия қоғамдағы сан түрлі саланы бөліп алып, бір-бірімен сол салаға байланысты пікір жарыстырмай, өз беттерінше айтуға кіріскен сияқты. Классикалық сайлау дебаттарында кандидаттар бір мәселеге байланысты өздерінің пікірлерін айтады да, сайлаушылар сол көзқарастарды салыстыруға мүмкіндік алады. Бұл дебаттардағы басты тәсіл – бәсекелесіңнің көзқарасын, сол мәселені шешу жолын түкке тұрғысыз ету. «Нұр Отан» өзінің экономика не әлеуметтік салаға қатысты бағдарламасын халыққа жеткізген сәтте қалған төрт партияның экономистері білек сыбанып алып, сол бағдарламаны жіліктеп шағып, сау-тамтығын қалдырмайтындай етіп сынға алуы керек емес пе?! Ал егер ол бағдарламаға байланысты сын айта алмаса, «өте тамаша бағдарлама екен, біз де қос қолымызды көтеріп, осы бағдарламаға дауыс береміз» десін. Қысқасы, біздің сайлау науқанында осындай бәсекелестік мүлдем жоқ.

        Меніңше, 26 желтоқсандағы дебатты ұйымдастырушылар осы мен айтқан бәсекелестікті болдырмауға күш салған сияқты. Партия өкілдерінің әрқайсысына түрлі тақырыпты ұсынулары да соның айғағы. Әрине, әр адамға жеке бір тақырып берілсе, не дәлелдеу, не қарсы пікір айту, не қарсыласыңның дәлелді сөздерімен келісудің болмайтыны белгілі, сондықтан да партия өкілдері рахаттана аттың басын жібереді, бірақ… тыңдаушылар оларды салыстыра алмайды. Бұл сайлау кезіндегі пікір жарысынан гөрі арулар сайысына (конкурс красоты) көбірек ұқсайды. Жеңіс тек қана күресте танылмай ма? Ал бұл жерде кілемге шыққан палуандар бір-бірімен ұстасудың орнына киген киімдерін, бұлшық еттері мен айбынды түрлерін көрсетумен шектелетін сияқты.

       Мүмкін, кейбіреулеріңіз менімен келіспейтін шығарсыз, бірақ бұл сайлау  «ниеттер жарысына» ұқсайды. Партиялардың айтатыны – «Біз бүйтеміз!», «Біз сүйтеміз!» Ең болмаса «ал, біз сүйтеміз» деген сөз де жоқ. Оны айтса, «егер сендер бүйтетін болсаңдар» дегенді айту керек қой. Мүмкін, парламенттегі 107 орынға 20-30 адамды ұсына отырып, «біз бүйтеміз» деп айту артық та болар. Ертең халықтың барлығы «Адал» партиясына дауыс берсе де, олар не бір заңды өткізе алмайды, не бірде-бір заң жобасын тоқтата алмайды. Себебі оларда «бүйтетін» депутаттар саны жоқ, жетіспейді. Демек, бүйте алмайды!

      Өз басым 30 желтоқсандағы партия басшыларының дебатынан бір үміт күтіп едім, ол үмітім де ақталмады. Біріншіден, «Нұр Отанның» төрағасы бұрынғы әдетіне басып, дебатқа қатысудан бас тартты. Нұрсұлтан ағамыздың және «Адал» партиясы төрағасының (кешірім сұраймын, елдің алдына шықпаған жанның аты-жөні кімнің есінде қалсын?) бұл әрекеттерін Қазақ елінің сайлаушыларын сыйламау деп бағалар едім. Өркениетті елдерде сайлауға қатысып жатқан саяси партия басшыларының дебаттан қашуы, сөз жоқ, саяси мәдениетсіздік ретінде қабылданады. Халыққа айтатын сөзі жоқ көсем ғана ашық пікірталастан тартынады, қашқақтайды, сондай-ақ бұл қадам  «мен сендермен тең емеспін, сендермен қатар отырып сөз жарыстыру  мен сияқты ұлы адамдарға жараспайды» деген ой тудырады.

      Екіншіден, сайлауға арналған дебаттарда әдетте билікте отырған партия «таяқ жейді». Олардың осы уақытқа дейін жасаған жұмыстары, өткен сайлауда алға қойған жоспарлары т.б. бәсекелестері үшін «жүндеуге дайын» материалдар болып табылады. Сын мен соққының астында қалатын екінші топ – парламенттегі партиялар. Олардың да қабылданған заңдар мен желге ұшқан қаржыларға, орындалмаған жобаларға жауап берулеріне тура келеді. Өкінішке қарай, дебаттан бұларды көре алмадық. Бір баяндаманы бес адам  беске бөліп оқыған сияқты әсер қалдырды. Неге «Ауылдың» төрағасы Әли Бектаев ағамыз «осы уақытқа дейін» ауылды жетістірмеген «Нұр Отанды», соның адамдарынан тұратын үкіметтің, президенттің жұмыстарын тас-талқан етіп сынай алмады?! Ал «Адалдың» саяси кеңес мүшесі Эльдар мырзаның айтуынша, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам  несие төлей алмайды екен, ал барлық тартылған инвестиция тауар алу үшін шетелге кетеді екен. Дәл осы жерде «А»-ны айтқан адамның «Б»-ны да айтып, «осыған әкелген партияның кім екенін білесіңдер ме» деуге шамасы жетпей қалды. Бұл – жамандау емес, өзінің артықшылығы мен өзгенің, бәсекелесіңнің кемшілігін сайлаушыларға жеткізу ғана. Ең қызығы, «елге осыншама инвестиция алып келдік» деуден жалықпайтын «Нұр Отан» партиясының өкілі Байбек мырза да Эльдардың сөзін жоққа шығарып, сөз таластырған жоқ. Қысқасы, әрқайсысы өздерінің дайындаған рөлдеріндегі сөздерді айтып құтылды.

       Бұл жерде мен «Нұр Отанды» немесе басқа партияларды жамандаудан аулақпын. Менің ренішім – сайлаушы есебінде партиялар арасындағы шын мәніндегі бәсекелестікті көре алмағаным. Мүмкін, бұл ең жоғары деңгейдегі «мәдениеттіліктің» белгісі болар немесе жұртшылыққа саяси партиялардың арасындағы пікірталасты өткіздік деген декорациялық көрініс болуы да ғажап емес. Бәлкім, «билік» деген бір шинельдің ішінен шыққан «сан түрлі партиялардың» арасында нағыз бәсеке ешқашан болмайтын шығар.

Тегтер: сайлау саясат партия бірлік мәселе оппозиция ішкі саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 19.01.2021, 13:32
Жағымпаздық үшін қылмыстық жаза керек
Амангелді СЕЙІТХАН 19.01.2021, 11:59
Ақылдың ісі емес, тілдің ұшы
Сайт әкімшілігі 19.01.2021, 10:59
Тоқаев сегіз лауазымды тұлғаны қызметінен босатты
Данияр МАҚСАТ 19.01.2021, 10:00
Қала әкімдігінде қазақтың тағдыры шешілмек
Дос КӨШІМ 19.01.2021, 09:11
Цирк кетті, үміт пен күдік қалды
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 18:24
Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01