Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау

Әділ АҚЫЛБАЙ

23.09.2022, 08:47

2359

«Қазақ мемлекетінің отыз жылы бекерге кетті. Отыз жыл бойы өзімізге-өзіміз қастандық жасадық. Сол баяғы депутаттар кеше өздері қабылдаған шешімдерін бүгін өзгертіп жатыр. Ертең бәрің жиналып, парламентке жалаңаяқ келіңдер десе – бәрі жалаңаяқ келеді. Көр де тұр. Аяқ киіммен келгені ертең креслосынан айырылуы мүмкін өйткені», – дейді саясаткер, ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев ZonaKZ басылымына берген сұхбатында.Саясаткер ел парламентіне «не кәсіби қабілеті жоқ, не намысы жоқ, өз еліне, халқы мен қоғамына жаны ашымайтын парламент» деген баға беріп отыр.

2019 жылы Нұрлан Нығматулин мен Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен парламенттің бірлескен отырысында Астананың атауын Нұр-Сұлтан етіп бірауыздан өзгертті. Енді бірауыздан қайтадан Астана етті. Нұр-Сұлтан есімін алып тастағыш болса, істі соңына дейін жеткізіп, Назарбаевтың есімін көшелерден, университеттерден неге толық алып тастамайды, деген сауал қойды ол.

– Депутаттарымыз әлем алдында масқара болғанын біле ме? Астана атауын қайта-қайта өзгертіп? Әлгі бір Садықов деген ректор болып еді ғой, жоғарыдан тапсырма алып, Назарбаевтың өкілеттігін созу туралы ұсыныс тастайтын. Содан кейін қызметі өсіп, қазір астанадағы бір университеттің ректоры болып отыр. Мәди Ахметов деген жас бала Назарбаевқа ескерткіш орнатайық деген жағымпаздығы үшін депутат болды. Халықтың жайын, ұлттың болашағы мен мемлекет қамын ойлайтындар емес, кілең қу-жағымпаз ғана депутат болады екен бізде. Енді «сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, астана атауын өзгертуге онша көп ақша кетпейді деп ақталуға тырысып отыр. Шындығында, бұл атау ауыстырудан да біраз жемқор ақша жеп қалады-ау.

Президенттің жеті жылдық мерзімі халыққа емес, президенттің өзіне ыңғайлы, меніңше. Өйткені екі жылдан кейін не болатынын ешкім білмейді. Бәлкім, осы командамен, Смайылов сияқты премьерімен екі жылда ештеңе бітірмей, халыққа мардымды ештеңе ұсына алмайтынын іштері сезіп, осы қадамға амалсыз барған болуы да мүмкін. Тағы бір фактор, тұңғыш президенттің командасынан қалған, не соларға қатысы бар бұрынғы-қазіргі шенеуніктерден тұратын үлкен топтың билікті өзіне қайтарғысы келіп жүруі де әбден мүмкін. Оны біз білмейміз, бірақ президент білуі мүмкін. Қазіргі қатты асығыс қимылдар осындайды меңзейді. 5 маусымдағы референдумда Конституцияға өзгеріс енгізеді, бұдан кейін ештеңе өзгертпейміз деп. Сосын, жаз біте сала күтпеген жерден 1 қыркүйекте Конституцияға жаңа өзгерістер енгізілетінін жариялайды. Бұл асығыстың бәрі ескі биліктің билікті қайтаруға талпынысы барын білдірсе керек.

Ең қынжылтатыны, бұлар қағаз жүзінде қандай керемет реформалар ұсынса да, оның жүзеге асырылу жағы тым күмәнді. Кім жасайды ол реформаны? Сол кабинеттерден шықпай жүріп өскен, терезесінің сыртындағы шын өмірден хабары жоқ статист Смайылов пен оның командасы ма? Смайылов сияқтылар өмірінде таксиге де мінбеген, бір таксистпен сөйлесіп көрмеген адам ғой. Олар халықтың өмірін тек өздерінің қызметтік көлігінің терезесінен ғана көретіндер. Әдемі сөздерменен қағазды былғау ғана қолдарынан келеді. Кез келген шаруаны жүзеге асыру үшін терең ойлай алатын адамдар керек, біздің үкіметтен мен ондай адамды көріп тұрған жоқпын. Қазақстан үкіметі жоспар жазғыш, жиналыстар, кездесулер мен отырыстар өткізе береді, бірақ оның бәрінен еш нәтиже шықпайды. Сөздің емес, істің адамдары керек. Өз қалтасына түсетін нәтиже үшін емес, халық пен елге пайда әкелетін нәтиже үшін жұмыс істейтін адам жоқ.

Президенттің кадрлар туралы бір сөзінде «көшенің адамдары» дегені қателік болды. Халыққа бұл сөз ұнаған жоқ. Бірақ қазіргі демократиялық коалиция деп біріккен оппозицияның арасынан мен президент болуға лайық тұлғаны көрмедім. Тәп-тәуір-ақ адамдар бар арасында, Бапи сықылды, бірақ әзірге, аттары аталып жүргендердің ішінде президенттікке сай болатын ешкім жоқ. Бірақ олар ортақ кандидатын шығаруы тиіс. Оның кім болатыны маған қызық.

Президент сайлауына түсу үшін мемлекеттік қызметтегі 5 жылдық өтілін талап ететін норма жабайы Африка елдерінде де жоқ шығар. Бүкіл әлемде бізде ғана бар-ау. Қазақстанда 5 жыл мемлекеттік қызметте болған адам дегенің – қатқан жемқор ғой, әбден қалыптасқан. Бюджеттен ақша жеудің небір схемаларын әбден меңгерген. Менің талай танысым болған. Жап-жақсы, қарапайым адамдар еді. Бірақ шенеунік атанып, Астанаға жоғары мемлекеттік қызметке барғаннан кейін оларды танымай қалдым. Моральдық келбеті өзгеріп кетеді екен. Тіпті, телефонмен сөйлесуден де қорқатын болып алған. Еш нәрсені өз атымен атамай, қарапайым сұраққа жауап беруден жалтарғыш боп кетеді. Табысы туралы тіс жарудан қорқады. Кәдімгі адамдық келбетінен айырылады екен. Осы норма қазір Тоқаевқа жақсы қорған боп тұр. Бірақ ол норманы енгізіп кеткен Назарбаевтың қу командасы еді. Тоқаев ертең өзі сайланып алғаннан кейін бұл норманы алып тастар. Ойлап тапқан ол емес, пайдасын көріп, құрта салады.

Кешегі ұры-қарылар енді бұл сайлауға өз кандидатын жасырын тықпалай алмайды. Өйткені Қазақстан деген халқы аз, есесіне сыбайластық дәстүрі мықты елде кімнің-кім екенін бәрі біліп отырады. Олардың ендігі жалғыз жолы – сайлауды қаралау, оған қолдарынан келгенше кедергі жасау. Тоқаев командасының асығуына себептің бірі осы деп ойлаймын.

Халықтың көп дауысын ала алатын кандидаттар бар. Тоқаевқа негізі, мықты қарсылас керек. Қарсыласың мықты болған сайын – жеңіс тәтті болады. Мысалы, тасада келе жатқан Иманғали Тасмағамбетовтың кандидатурасын алайық. Ол туралы халық көп айтады. Қазақшасында мін жоқ, бес жылдық өтіл деген оған сөз емес. Бірақ мына сайлауалды қарбаласта ол неге екенін, үнсіз отыр. Мен оған айтар едім, «давай Иманғали, түс сайлауға» деп. Шаңырақ оқиғасы, «президенттің өнімі» деген соңынан ерген жаман сөздерге қарамастан, басқа кандидаттардың жанында оның тұлғасы әлдеқайда салмақты көрінер еді. Еліміздің батыс аймақтарында оның жеңетіні анық. Сайлаудың сәнін кіргізері анық. Меніңше, қазір президент әкімшілігі сондай бір «салмағы» бар кандидат іздеп табуға басын қатырып отыр. Лайықты, ұят болмайтын, Қосановты қайталамайтын қарсылас керек. Халық қазір бәріне күмәнмен қарайды. Сенбейді. Ендеше, бізді алда аса қызық спектакль күтіп тұр, – дейді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Смайылов саспайды, елді қайда бастайды?!

Құтырған қымбатшылықты Смайылов «сындыра» ала ма?!

Үкіметтің халықтан жасырған құпиясы болуы мүмкін бе?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 16:22
Қазақстан Абай облысы арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салады
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 12:00
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды
Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 11:45
«Ұлы дала жорығы»: «AMANAT» партиясының қолдауымен бәйге-додасы мәреге жетті
Әділ КЕМЕҢГЕР 30.09.2022, 08:34
Даниалдар «дань» төлемейді!
Жарас КЕМЕЛЖАН 29.09.2022, 08:37
Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
Еркежан АРЫН 28.09.2022, 12:39
Республика күнінің маңызы зор

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37