Бибісара МАТ қойды!

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

30.06.2022, 08:37

2133

Жас шахматшы Бибісара Асаубаеваның қоғамда резонанс туғызған мәлімдемесінің шуы әлі басылар емес. Бір анығы, қоғам Асаубаеванікі асау мінез, бір сәттік эмоциямен айтылған дүние емес, сол салаға жаны ашыған жастың жанайқайы, елінің болашағына алаңдаған жанның сөзі ретінде таныды. Сондықтан әлеуметтік желіде Бибісараны қорғаған халық көп.

Еске салсақ, шахматтан әлем чемпионы, белгілі қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева президентпен кездесуден соң, Қазақстан шахмат федерациясы басшылығын спортшыларды «қайыршы» жасауға тырысып жатқанын айтып, сынға алған болатын.«Мен үшін бұл өте ұят жағдай. Сол үшін кешірім сұраймын. Мен – спортшымын. Спортшы болып қалғым келеді. Мен чемпиондардан «қайыршы» жасауға тырысатын адамдардың әрекетінен ұяламын. Федерация президенті мен вице-президентін мойындаудан бас тартамын. Қазақстан құрамасының мүшесі, шахматшы және жедел шахматтан қазіргі әлем чемпионы ретінде федерацияға 3 миллиард теңге қажет емес екенін мәлімдеймін. Ол қаражат Жаңа Қазақстанға керек екеніне сенімдімін», деген пікірі бүгінде талайлардың шымбайына батып, түсініктеме беріп, ақталуына негіз болып отыр.

Алдымен, Қазақстан шахмат федерациясы президентінің орынбасары Дәрмен Сәдуақасов шахматшының мәлімдемесін жоққа шығарып, федерация «ештеңе сұраған жоқ», деп мәлімдеді. Одан соң, шахматшы Жансая Әбдімәлік те «Мен осы жиынға қатысқан адам, ұлттық құраманың жетекшісі ретінде ол мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді. Ақша туралы сөз болған жоқ. Мысал ретінде Өзбекстан шахмат федерациясын келтірдік, олардың жылдық қаржыландыруы үш миллион доллар екенін, шахматқа сонша сома бөлетінін айттық. Өзбекстан президенті екеуміз шахматты дамытудың 2025 жылға дейінгі жеке жол картасына қол қойыстық. Осындай қолдаудың арқасында, Өзбекстанның әлемдік рейтингте 19-орынға шыққанын үлгі етіп көрсете алдық. Ал Қазақстан 37-орында тұр. Бәлкім, Бибісара сол тұсты шатастырып немесе дұрыс естімей қалған шығар. Қалай дегенмен де, ол айтқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен өзім сонда болдым», – деді.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та пікір білдіріп, ешкімнің еш жерден ақша сұрамағанын айтты. Артынша, Шахмат федерациясы «Мемлекеттен Шахмат федерация қажеттілігі үшін немесе басқа шығындарға байланысты ешқандай да қаражат сұралмады. Мемлекет басшысымен және оның әкімшілігімен кездесулер барысында Қазақстандағы шахматты дамыту тұжырымдамасы ғана қарастырылды. Бұл фактіні Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Федерация президенті Ғалым Құсайынов, ҚШФ вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, әйелдер құрамасының көшбасшысы Жансая Әбдімәлік растап отыр», дей келіп, бірауыздан ақталулар легіне нүкте қойғандай болды. Шенеуніктердің ақталуы түсінікті. Жансаяның да саясаттың «дәмін» татып, мәслихат депутаты болғанын ескерсек, неліктен шенеуніктермен бірсөзді болып отырғанын аңғарамыз. Осы орайда, әлеуметтік желідегі Дина Елгезектің сөзімен жауап берсек, «Бибісара алай дейді, Жансая бұлай дейді. Бір-біріне қарама-қайшы пікірлер. Шахматшы қыздарымызды ақша мен өзара жанжалдарға араластырмаған жөн. Бірақ идеология саласында түрлі жобалардан ақша жеген және әлі жеуін жалғастырып жүрген жебір бикеш пен мырзаларды білеміз. Тоқаев, алдымен, солардың көзін құрту керек».

 Расында да қыздардың мазасын алмай, жөнсіз ақтала да бермей, олардың алдағы Үндістандағы олимпиадаға алаңсыз дайындалуына мүмкіндік берсек екен. Әйтпесе, салада небір миллиардтардың сұраусыз кетіп жатқанын ешкім де жоққа шығармайды.

Алайда Бибісара қажет болса, өзінің әр сөзін арнайы құрылғы арқылы тексертуге дайын екенін айтып:«Құрметті достар, мен олимпиадалық дайындық процесіне кедергі келтіретіндей шу шығарып, спортқа жат әрекетке барғым келмеп еді. Мен, гроссмейстер, ақыл-ойы бүтін, есте сақтау қабілеті жақсы ересек спортшымын. Ештеңені шатастырып немесе ойдан шығарған емеспін. Спорт министрі айтқандай, эмоцияға салынып, артық қадамға да барған емеспін. Мен Қазақстан мен Өзбекстанды немесе екі елдің федерацияларын шатастырып отырғаным жоқ. Сонымен қатар, өз ұлттық валютасы бар тәуелсіз елде кез келген бюджетті анықтауға АҚШ-тың ұлттық валютасы жарамсыз екенін де білемін. Онда да Қазақстанның жүрегі – Ақордада олай деп жайдан-жай айтпаған шығармын. Ал қалай болғанда да, ел президентінен сұрап алу жоспарланған үш миллиард теңгеге (немесе сіз айтқандай, Құсайынов мырза, 3 миллион доллар-ақ болсын), бұл өте қомақты сома және федерация (соның ішінде біз – ұлттық құрама да) Олимпиадаға бір ай қалған уақытта, лайық емеспіз. Мен жеке пайда мен бос атақ іздемейтін спортшымын. Шахмат маған өзімнің және өзгенің уақытын бағалауды үйретті – уақыттан маңызды ештеңе жоқ. Ел президентінің уақытын қылмыстық зиянды әрі бос өтініштермен ұрлау, ал республикалық бюджеттен бос желеумен ақша алу – этика түгілі, адамгершілікке қайшы әрекет. Бұл ойымнан еш бас тарта алмаймын. Сондықтан ел президентімен кездесу қарсаңында шындық үшін қудаланудан қорықпай, БАҚ өкілдеріне бәрін ашық айттым. Егер «ренжіген» адамдар өзін ренжітті деп есептесе, сотта абыройы мен құқығын қорғаса болады. Ал өтірік айту мәселесіне оралсақ, мен жаттығу арасында бос уақыт тауып, әр сөзімді полиграфиялық тексеруден өткізуге дайынмын. Құсайынов пен Сәдуақасов мырзалар да менімен бірге арнайы детектордан өту үшін уақыт пен орнын белгілесін. Үшеуміз үшін оның ақысын өзім-ақ төлеуге дайынмын, бұл жағынан маған өтініш жасамаса да болады. Енді Олимпиадаға дайындықты жалғастыруға рұқсат етіңіздер», – деп өзінің әлеуметтік желісі арқылы жазба қалдырды. Бибісараның сөзінен қажет болса өз пікірін сот арқылы да, арнайы құрылғы көмегімен де қорғап алуға дайын екені сезіледі.

Атап өтер жайт, еліміздегі қаптаған федерациялардың нәтиже көрсетсе де, көрсетпесе де миллиардтарды бюджеттен сүліктей, сорып отырғаны жасырын емес. Жалпы, бюджеттен мәдениет және спортты дамытуға 2022-2024 жылдарға 412 миллиард теңге бөлінген көрінеді. Соның ішінде биылғы жылға 173 миллиард теңге қарастырылыпты. Спорттағы жетістіктеріміз осы миллиардтарға сай болса сөз басқа. Тіпті, сол миллиардтардың басым бөлігі «қанша бақсақ та орманға қарап ұлыған қасқырлардың» қолында кетіп жатқаны да жасырын емес. Мәселен, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың дерегінше, кәсіби клубтарға 2022 жылы 81 миллиард теңге, ал бұқаралық спортқа небәрі 1 млрд 370 млн теңге бөлінген екен. Яғни, «келімсек легионерлерге өз халқымызға қарағанда, 80 еседей көп ел қаржысы шығындалуда». Өз еліне жаны ашыған Бибісарадай, елін сүйер жастар ол қаржыға жаны ашып, бас тартса, шеттен келген легионерлерге «екі қойың бір сом». Олар Қазақстаннан ішсем, жесем, сосын, кетсем, деп келеді. Сондықтан арты таза болса, шенділер қайта ел бюджетіне жаны ашыған қыздан айналмас па еді?!

Ал халық болып жатқан жағдайды өзінше бағамдауда. Солардың бірі әлеуметтік желі қолданушысы Серік Хасенов: «Мына елде не болып жатқанын бағамдау, синтездеу, диагноз қою – білім мен талғамның шаруасы. Оны жасап отырған немесе заманауи үлкен жетістікке жеткен адамның бәріне тамсанамыз ғой… бірақ, мына оқиға бәрін ретке келтірген сияқты. Білім мен талғам адамды биікке жеткізер, табысын молайтар… бірақ ол өзіне тамсандыра алмайды. Шіркін, мінезді айтам. Мына елде не болып жатқанын бағамдау, синтездеу, диагноз қою бір бөлек. Сонымен күресу, болысу, жауапкершілікті сезіну – адамдықтың белгісі. Бибісара Асаубаеваның қазіргі ісіне тамсанып отырмын. Осындай жастарға басымды иемін. Біз кейде мінезді бір асаулыққа теңейміз ғой. Бұл жай ғана асаулық емес, үлкен пайым мен парасаттан, адамдық пен мәдениеттен туған асаулық. Надандыққа бас имеу. Нақұрыстарға жақтаспау. Шіркін…

Мәдениет және спорт министрлігіне не көрінген? Өрімдей ғана қызбен алысып. Басқа проблема жоқ па?

Министр мырза, сіздің проблема Бибісара емес, сол қыздың жазбасындағы шенеуніктер...

Кіп-кішкентай қызға араша түсе алмай отырған Мәдениет министрі деген аттан садаға кеткірлер-ай. Жансая қарындасымдыкі, тіптен, ұят! Істің дұрыстығы кейін анықтала жатар. Бірақ дәл қазір бұлай жасауы кәсіби мәдениетсіздік деп есептеймін. Моральдық тұрғыдан солай ойлаймын. Кәсібилік этикаға жатпайтын шығар. Иә, мен Бибісараның құжатпен ештеңе дәлелдей алмайтынын білемін. Себебі мен 100 млрд долларды құжатпен игеріп тастап, ештеңе жасалмаса да ешкім сотталмайтын, жауапқа тартылмайтын елде тұрып жатқанымды білемін. Бибісараны ресейшіл деп өте төмен деңгейде күйе жақпақ ниеттегі жалдамалы блогерлер, қанша ақша алатындарыңызды да білмедім. Бірақ сіздерде Бибісараға кінә тағатын моральдық құқық жоқ. Себебі сіз жемқорлардың қолынан ас ішіп отырсыз...», депті желідегі парақшасында. Жазбаға желідегі мыңдаған адамның қолдауын көріп, көп нәрсе ұққандай болдық.

Осы орайда, атап өтер жайт, Бибісарадай жастардың тірлігінен жүйеге қарсылығын, наразылығын анық ұғамыз. Олар көзбояушылыққа, жемқорлыққа жанымен қарсы. Былыққан қоғаммен жандарын лайлап алғысы да келмейді. Сондықтан өткір. «Бибісаралардың» әрекетінен жаңа Қазақстан солармен құрылатынына сене түсеміз. Тағы бір мысал…Жақында Назарбаев университетінің түлектері оқу бітіру рәсіміне саяси ұстанымдарын аңғартатын бас киімдермен келді. Түлектердің бірінің салтанатты шараға қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бүлдіршін Айкөркем Мелдеханның бейнесін жапсырып келуі қоғам назарын аудартты. Соның алдында ғана Алматы қаласы әкімдігі «Қай аға маған оқ атқан?» деген жазуы бар қабырғадағы бүлдіршіннің суретін өшіріп тастағаны талайлардың наразылығын туғызған болатын. Сол оқиғаға орай, ішкі үнін жеткізгісі келген түлектің әрекеті қоғамымызда әр адамның ішінде ақиқат жатқанын, шындықты жақсы білетінін, оған қарсылығын да өзінше, жеткізе алатынын көрсеткен еді.

Сондықтан жаны тап-таза жастардың қолдарын жемқорлықпен былғап, жандарын көзбояушылықпен лайлап алмасақ екен. «Бибісаралар» аман болса ғана саналы, таза қоғам құрамыз. «Бибісаралар» ғана еліміздің ертеңіне сеніміңді арттыра түседі. Сондықтан Бибісараның қоғамға қойған «мат жүрісі» шенеуніктерімізге сабақ болғай...

Тегтер: спорт футбол хоккей шахмат ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 14:15
Алматы тұрғыны Әл-Фараби бойындағы тұрғын үй құрылысына шағымданды
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 10:38
Смайылов қант монополисінің қызметін тексеруді тапсырды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 15:56
Назарбаев елордада жаңа мешіттің ашылуына қатысты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 13:39
Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға әлі жауап берген жоқ
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:37
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 09:09
Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке сайланды

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49