Билік тәуелсіз партияларды парламентке жібермейді

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

26.11.2020, 09:07

1456

         Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қаншама саяси оқиғалар орын алды, түрлі сайлаулар өтті. Президент сайлауы, парламент сайлауы дейсіз бе, бәріне еліміздегі оппозициялық партиялар қатысты. Сайлау өтеді, бірақ оның артында талайға дейін бітпейтін дауы қалады. Өйткені өткен сайлаулар әділ, таза және еркін болмады.  1999 жылдан бергі өткен сайлаулар еліміздің Конституциясы мен заңына қайшы көптеген заңбұзушылықпен өтіп, әкімшілік жолмен жоғарыдан бақылау арқылы өздеріне керекті нәтижені шығарған сайлаулар болады. Бұл сайлаулар көзқарастардың, ой-жүйенің, дүниетанымдардың қақтығысы емес, биліктің қолындағы қолшоқпар мен демократиялық оппозицияның арасындағы текетірес болды. Биліктегілердің әр сайлауды небір қитұрқы әдістермен өткізіп, қоқан-лоқы жасаудың құралына айналдырып алғанын, оппозиция өкілдеріне қысым, қиянат жасағанын, компартияның екіге бөлінуі, демократиялық таңдау партиясының негізсіз жойылуы, «Алға» т.б. партияларды тіркемеу биліктің іс-әрекеті  екенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

       Шын мәнінде қысымға қарамастан, халық демократиялық күштерге дауыс берді. Халық ол дауыстардың қалай бұрмаланғанын көрді. Халықтың ар-намысына тиді. Сайлаудың әділет ауылынан мүлдем алыс өткенін халық көрді. Әйтсе де қазақстандық әділеттілік, демократия мен халықтық билік туралы идеялар елдің санасына сіңді. Оған оппозиция қатарында болған әрбір тұлғаның қосқан өз үлесі бар. Әр сайлау алдында билік басындағылар елдің заңнамасына сәйкес, «сайлау әділ әрі ашық өтеді» деп кепілдік береді. Одан кейін де қаншама рет «демократиялық жолмен дамуға ұмтыламыз» деп уәде беріп келеміз. Келеміз де, керісінше істемейміз. Содан кейін бұл биліктің халық алдында қадірі бола ма?

         Демократияның мәселесі ашық та әділ сайлауда. Біздің билік үлгі ететін сол демократиялық елдерде біздегідей қасақылықтың бірден-бірі жоқ қой. Демократиялық елдерде не болып жатқанын адамдар көрмей-білмей отыр деп топшылау да ағаттық. Онда сөз бостандығы мен ой еркіндігі өркен жайып тұр. Бүгінде біз демократиялық елдегі тәуелсіз сот, әділетті сайлау, парламенттегі оппозицияның қызу пікірталасы, депутаттардың министрлерді сұрақпен төпелеуі, ой еркіндігіне, сөз бостандығына қысым жасамайтын тәрізді дүниелерді тек теледидардан тамашалап отырмыз. Өркениетті елдерде осындай процестердің барлығы халықтың алдында, жұртқа жария түрде өтеді. Мәселен, оларда партияны тіркеу атымен жоқ. Белсенділер партия құрылғанын жариялайды. Өйткені қандай партияны халық қолдауына ие екенін біздегідей әділет министрлігі емес, сайлаушы шешеді. Халық қолдамайтын партия өздігінен саяси сахнадан кетеді. Осындай демократиясы бар жұрттың тірлігіне  шіркін-ай дейсің.

Ал біздің елде, керісінше, партия тіркеуде мың-сан кедергі бар. Тіркелуге өтініш берген кез келген партия мың рет сүзгіден өтеді. Яғни биліктің ырқынан тыс дербес, тәуелсіз партияны билік парламенттік сайлауға жібермеудің сан түрлі айла-әрекетін жасап бағады. Бүкіл саясаттың беті жабық, бүркеулі болса, осылай болмағанда қайтеді? Жыл өткен сайын сайлау жүйесін жетілдіру арқылы әділ, еркін сайлау жүйесіне қарай қадам басуға тиісті едік. Алайда «әрбір жүйе айналып келгенде өзін-өзі қайталайды» деген заңдылық бар. Билік жаппай бұрмалаушылықтар  жасап, сайлау нәтижесін өз ыңғайына қарап шығарып, өзіне керек адамды анықтап, соларды қайткенде де «құлағынан сүйреп» шығатыны баршаға аян дүние. Билікке жайлы, қолайлы бұл парламенттің осы қалпынан қайта жасақталмасына кепілдік тағы да жоқ. Өйткені «бәрі демократияға сай болады» деп ант-су ішкен билік уақыт өте әртүрлі себеп-сылтау тауып, уәдесінен айнып шыға келетіні жасырын емес.

 Міне, парламент сайлауының дүбірі де жақындады. Президент Тоқаев «пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибелерге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырaды» деп, дүйім жұртты сендіруге талпынып бағуда. Алайда ақиқаттан алыстық мынадан байқалады. Биыл «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау  туралы» заңдарға өзгерістер енгізілгенімен, саясат сахнасына жаңа партиялар шықпады, дұрысы шығармады. Қанша жеңілдіктер жасалғанымен, жаңа партиялардың тіркелуіне мүмкіндік болмады. Партияға айналсақ деген көптеген ұйым-қозғалыстардың мақсаты орындалмады. Тіркелмеді. Демек, сайлауға баяғы «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол», Халықтық  коммунистік  партиясы, «Бірлік», ЖСДП және «Ауыл» партиясы түспек.                                                 

Осы орайда, еріксіз еске түседі. Қайбір жылдары «Ауыл» партиясының съезі өтіп, партия төрағасы орнынан кеткені белгілі. Тілшіге түсініктеме берген партия төрағасы төрағалықтан кетуін былай деп түсіндіріпті: «Партия төрағалығынан кету мәселесі президент әкімшілігінің келісімімен жүзеге асты». «Ауыл» партиясының бар екені сайлау кезінде ғана еске түседі. Оның үстіне бұрынғы төрағаның өзі президент әкімшілігінен келісім барын айтып отыр. Осыдан кейін партияға деген сенім қайдан болсын. Міне, сол «Ауыл» ұлттық-демократиялық партиясы сайлауға қайта түспек. «Еліміз жаңғыру жолына түсті, саяси күштер осыған сай болуы керек» дейді биліктегілер. Ал билік басындағы партия шын мәнінде жаңғырып, шынайы бәсекеге бейім болуы үшін оның саяси алаңда лайықты «сен тұр, мен атайын» әріптестері болуы шарт.  Алайда «Нұр Отан» өз қолымен жасап алған, билікке  тәуелді әрі санда бар да, санатта жоқ «Ақ жол», Халықтық коммунистік, т.б. партия сияқты «сен ат, мен бұғайын» партиялармен күресіп жүр. Парламентке кімнің, ненің арқасында келгенін жақсы білетін, түсініп-түйсінетін адамдардан асқан батылдық, принципшіл ұстаным күтудің өзі қиянат. Үнемі «біз тарауымыз керек, жаңа парламент қажет» деп мәлімдеме жасап, өздігінен тарап кетіп, артынша қайтып келіп, мәжіліс  төріне жайғасатын партиялар мен  депутаттарға халық не деп сенім артуы қажет?

Дәл осындай жолмен бір емес, бірнеше рет тараған және ұялмай қайтадан додаға түсіп жататындардан әділетті сайлаудың  сиқы аңдала ма? Олардың басты міндеті – сайлау емес, Қазақстанда көппартиялық жүйенің бар екенін көрсету ғана. Ал парламенттік сайлауға әйелдер мен 29 жастан асқан жастардың 30 пайыздық квотасын енгізу талабы сырт көзге демократиялық принциптер талабына сай екенін көрсету үшін жасалған әрекет сияқты. Әйелдер мен жастардың парламентке тартылу нормасы заңмен емес, қоғамның саяси белсенділігімен өлшенуі тиіс. Яғни парламенттегі әйелдер мен жастардың белсенділігіне қарап қоғам өмірінің демократиялық деңгейін анықтауға болады.

Саясаттанушы Дос  Көшім былай дейді: «Сайлаудың басты қызығы – бәсекелестік. Түрлі саяси көзқарастың, түрлі ұстанымдардың, ел болашағына арналған түрлі бағдарламалардың бәсекелестігі. Өкінішке қарай, саяси бағытта бәсекелестік болмаса, саяси партиялардың санының алтау болғаны да, алпыс болғаны да еш нәрсені өзгерте алмайды. Оның көрінісін бюллетеньнен табасыңдар. Баяғы партиялар, баяғы сайлау жүйесі, баяғы сайлауды өткізушілер». Демек, Дос Көшім айтқандай, нәтижесі де баяғыдай болып шығады. Көп жылдардан бері алғаш рет  әлеуметтің «бұл сайлау бұрынғы сайлаудан басқаша бола ма?» деген үміті оянып, халықтың ерік-жігерін еркіндікке жіберіп, әділ сайлау өткізсек, парламентке еркін ойлы, өзіндік ұстанымы бар, көзқарасы мен пікірін тайсалмай ашық айтатын, көпшілікке жол бастайтын азаматтар  келер еді деген сенімі болды. Оның үстіне президент сайлау әділ өтетінін атап өтті. Алайда жалаулатып мәлімдеме жасау бір бөлек те, оны іс жүзінде жүзеге асыру мүлде бөлек нәрсе.

Тәуелсіздік алған 29 жыл тұсында құрғақ сөзден мезі болған халықтың мұндай ашықтық боларына сенімі аз. Бұл парламент іске қосылғаннан кейін халық бұдан ешқандай әлеуметтік өзгеріс күтпейді. Билікке деген сенімсіздік осындайдан туады. Әділ сайлау өткізбеген биліктен ертең қоғам кез келген мәселеден күдіктенетін болады. Олар осынша бұрмалаумен өткен сайлауды адал, әділ саналмайтынын түсінбей ме? Халық соқыр емес. Елдің бәрінің көзін көлегейлеп жаба алмайсың. Парламент қандай жолмен сайланса – халықтың оған деген сенімі солай болады. Біртектіліктің бірыңғайлылыққа ауысқанынан жерисің. Біздің қазіргі парламентте формалды түрде көпшілік дауысқа ие болып отырған билік партиясы мен оның көлеңкесі іспеттес партиясымақтардан халық шаршады.

Халық ұзақ уақыт көзсүйел болғандарды емес, саяси жүйеге қан жүгіртетін жаңа партияларды, жаңа тұлғаларды көргісі келеді. Сайлау дегеніміздің өзі – халықтың билікке араласуы. Демек, халық үшін сайлаудың бәрі маңызды. Ал әділ, таза сайлау – қоғамның тазалығы, рухани өрлеуі. Сондықтан да халық әділдікті  қалайды, сайлаудың әділ өткенін қалайды. Таңдау жасауда халыққа еркіндік пен ерік бергенін қалайды. Халық бостандық пен әділеттілік орнаған тәуелсіз елде өмір сүруді армандайды. Бұл – миллиондаған халықтың үміті мен сенімі.

Тегтер: партия сайлау таңдау билік саясат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.01.2021, 13:10
Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
Сайт әкімшілігі 21.01.2021, 17:31
Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға қатысты пікір білдірді
Б.БЕКСҰЛТАНОВ 21.01.2021, 16:02
Сайлау өтті, ары қарай не болмақ?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 21.01.2021, 11:26
"Екіншінің" екпіні Едігедей болмады
Батыр ЖАСҰЛАН 21.01.2021, 09:32
Мамин мықты премьер ме?
Досым СӘТБАЕВ 20.01.2021, 09:26
Мамин не үшін әлі отыр?

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30